Ескiрмеген сөз

Ескiрмеген сөз

Ескiрмеген сөз
ашық дереккөзі

ҰЛТШЫЛДЫҚ

Қазiргi үстiмiздегi заманда пiкiр көбейiп, түрлi партиялар туғызып, ол партиялар майданға түсiп, жарысып-тартысып отырғанын көрiп отырмыз. Партиялардың барлығының көздеген мақсаты терiс емес, әрқайсысы өзiнше жоба жасап, iске кiрiсiп отыр. Қай партия болсын, «дүниенi түзетемiз, бақыт таңын туғызамыз, шын адамшылық жолы – бiздiң тұтынған жолымыз», – дейдi.

Дүниедегi кiсiнiң тұрмысын жақсы жолға салу туралы бұрынғы ғалымдар көп ойланған, көп қызмет қылған.

Ғайса пайғамбар тумастан төрт ғасыр (ғасыр – жүз жыл) бұрынғы ғалымдардан Платон деген бiлiмдi кiсi тұрмысын бiр түзу жолға салу туралы ойланып, түрлi ережелер шығарған. «Адамның санасы – адамдардың ойыншығы болды», – деген едi.

Одан берi де Ғайса, Мұхамед пайғамбарлар да тұрмыс туралы жалпылық жол үйретiп, жөн сiлтеген. Бiздiң пайғамбардың адам баласын бiр санайтындығына дәлел қылып, көрсетемiн, «Құран Кәрiмдегi» аяттар алғы кiсiге арналып «Палиа ан-нас!» (Ей, кiсi) деп айтылған. Мысалы, «Ей, ғарып» – деп, бiр қауымға арнап келген емес, Иран, Рома сияқты мәдени халықтардан талай бiлiмдiлер шығып, жалпы адам баласының халқына қайғырған, кiсiнiң тұрмысын түзетемiн деп зарлаған. Осы жалпының қамын ойлаушыларды «кiсiшiлдер» деймiз.

Кiсiшiлерге қырын көзбен қарайтын бiртүрлi адамдар бар: олардың тұтынған жолы, өз жұртының жетiлiп, қатарға кiрiп, басқа қауымдардың табанына түспеу жағы. Ол адамдар дүниедегi барлық адам баласы үшiн қайғырмайды. Өзiнiң тар ауданды ел-жұрты үшiн қайғырады. Мiне, мұндай адамдарды «ұлтшылдар» деп атаймыз. Кiсiшiлдердiң ұлтшылдарға қарсы айтатыны: «Дүниенi ұлтшылдар бүлдiредi, бiр ұлтты екiншi ұлтқа дұшпан қылып өсiредi. Ұлтшылдар құрыса, дүниедегi жалпы жұрт бiр ауыл, бiр бауыр болып кетедi едi», – дейдi. Ұлтшылдар айтады: «Ұлтшылдықтың кiсiшiлдiкке ереуiлдiгi жоқ: әр ұлт тегiс мәдениеттi болып теңелсе, кiсiшiлдiк өзi де өркендейдi, ұлшылдардың мақсаты басқа ұлттарға қастық ету емес, өз ұлтын қатарға қосу. Кiсiшiлердiң өзi де мәдени жұрттан шықпақ. Ұлтшылдық намысын бiлмеген жұрттан кiсiшiлдiк қандай шықсын?!» – дейдi. Осы көрсетiлген екi пiкiр қай қауымда болса да бар. Ең болмайды деген мәдениетсiз елдiң бiрi, бiздiң қазақ болса, бұл пiкiрлер кiре бастаған көрiнедi. Адам баласында «өзiмшiлдiк» деген нәрсе бар. Бұл өзiмшiлдiк кiсiнiң табиғатына тәңiрiнiң орнықтырып жаратқан нәрсесi. Кiсi өзiмшiлдiктен құтылам дегенiмен оңай құтылуы мүмкiн емес. Әке мен бала суға бата бастаса, ортасында жалғыз тақтай болса, екеуi су бетiнде сол тақтайға таласады.

Теңiз жүзiнде адасып, азықтары таусылып, аштан өлiп бара жатқан адамдар бiрiн-бiрi пiсiрiп жейдi, кiсiде өзiмшiлдiк қандай күштi екенiн осы мысалдар көрсетедi. Дұрыс кiсiде өзiмшiлдiк күштi дедiк. Дүниедегi кiсiнiң бәрi алғы өзiмшiл болса, бас пайдасынан басқаны ойламаса, бiрiгiп жұрт болып жасау мүмкiн емес қой. Олай болса өзiмшiлдiктен құтқарып, көпшiл қылатын нәрсе болуға тиiс. Ол бар нәрсе – тәрбие деп бiлемiн. Тәрбиенi ғалымдар мойындаған. Тәрбиенiң жалпы ережелерi бар: жақыннан алысқа, аздан көпке, оңайдан қиынға, жеңiлден ауырға қарай бару керек деген. Сол сияқты кiсi ең әуелi баға берiп өзiн сүйсiн, онан соң жаны ашып ағайын-туғанына күйсiн. Онан кейiн ел-жұртын сүйсiн. Ел үшiн құбан болсын, жанын қисын. Сонан соң бар адамды бауыр тұтып, пайдасы көпке тисiн. Мiне, әуелi өзiн, онан кейiн жақынын, онан Отанын, онан кейiн барып бар адам баласын сүю боп табылу керек. Жақынын, ұлтын сүймеген адам салғаннан барлық адамды жақсы көредi дегенге сенбеймiн.

Ендi осы айтылған сөздерiмiздiң жобасын ұстап қазақ жұртына келейiк. Қазақ жұрты бұл күнге шейiн көпшiлiкке үйренбеген жұрт. Бұрынғы заманда ел қамын жеген ерлер көп шығып, көпшiлдiк мiнездерi болса да, Россияға қарағаннан кейiн ол мiнезден айрылды. Қазақ баласын оқытқанда, бiлiп шықса мал тауып бередi, төре болып, беделiмдi күшейтiп биiк болады, дұшпанымды мұқатып кек алып бередi деген ойда болады. Бiлiм алып көпке пайдасы тисiн деген ой хабарында болмайды. Жақындарына мiнерге көлiк, сауарға сауын берсе, өзiне қоғам, күш қылу үшiн бередi, көмегi тиген адамын бiр жолата иемденiп алады. Не күшiнен, не еңбегiнен пайда тимейтiн кiсiге (бiрдеменi көздемей) қайрылысқан қазақ болмайды. Газет, журнал ал, серiктiкке жазыл десең әуелi өзiңнен: тиетiн пайдасы бар ма? – деп сұрайды. Жан пайдасын, көпшiлiк пайдасын ұғындырсаң: жұрт жұмылса көрермiз. Я жазылған терiс емес, бәрi де жазылсын, пәленше неге алмайды. Бiз пәлендерден естiрмiз. Бiр маған деп арналған нәрсе емес шығар, – деп аяқсыз қалдырады. Мұқтаждарға жәрдем, игiлiк жұмыс деген нәрселерге жүре қарайды. Шариғатқа мойындаймыз десе де, бұл күнге шейiн шариғатты тыңдап неке, талақ, сират, зекет сияқтыларды орнына келтiрiп отырған жерi жоқ. Жаумен алысатын күн туса, неше есе көп болып, жеңулерiн анық бiлiп тұрса да, қолға түскендерiн құтқармақ түгiл, тастай қашып, өздерi жан сауға қылып тозып кетедi, осы айтылғандардың бәрi қазақтың бас пайдасын көп пайдасы үшiн құрбан қылмайтындығын, ұлтын анық сүймейтiндiгiн, сүйсе де жанын қимайтындығын, көп көгерсiн демейтiндiгiн көрсетедi.

Қазақ қатарға кiрiп жұрт болсын деген кiсi тәрбиенiң жолынан айрылмасқа керек, әуелi қазаққа өзiнiң кiм екенiн, адамшылық құқығын бiлдiруге, онан соң жақын ағайын, туғандарын сүйгiзiп, мiндетсiз қызмет қылдыруға, онан соң Отанын танытып, жақсы көргiзуге, ұлт жұмысы, жұрт намысы деген сөздi тоқып көңiлiне кiргiзуге, сонан соң дүниедегi барлық адам баласы бауыр екенiн бiлдiрiп, көпшiл адамды сүйгiш қылуға тырысу керек. Ұлтшылдық(ты), кiсiшiлдiктi айыра бiлмеген, бас пайдасынан басқаны ойына алмаған, дiн хұқымi шариғатқа бас иiп iске асырмаған, мәдениеттен жырақ жатқан қазақ секiлдi жұртты салғаннан көпшiл қылам демей, әуелi ұлтшыл қылу керек. Қысқасы: ұлтшылдардың мақсаты әрбiр ұлттарға мәдениет кiргiзiп, бақыт таңының атуына себепшi болмақ. Мәдениет күшейген соң өздерi-ақ кiсiшiлдiк пiкiрiн тауып алады. Ұлтшылдар әр жұртты шиеленiстiрiп, қырылыстыру, өз ұлты үшiн басқаларды құрбан қылу деген ойдан жырақ.

Ұлтшылдар мақсат жүзiнде кiсiшiлердiң пiкiрiне қарсы келмейдi, тұтынған жолдарын жұртты кiсiшiлдiкке басқыштап жеткiзу деп ойлайды. Ұлтшылдар тәрбиенiң ережесiн көз алдынан кетiрмейдi. Үйрету секiлдi ғып қазақ арасына адамшылық пiкiрiн танытуға ұлтшылдардың ешбiр қарсылығы жоқ. Бiрақ: ұлтшыл болу қата, адамшылыққа ылайық емес–(деген) iлгерi басқыштағы жұрттардың терең пәлсапасын қазаққа қазiр кiргiземiн деушiлерге қарсы болады. Жас балаға дүниедегi ләззат нәрселердiң бәрiн дайындап жасап қойған дастарханнан пайда жоқ. Ең пайдалы нәрсе анасының сүтi.

Мәнән ТҰРҒАНБАЙ

«Абай» журналы, № 2, 1918 жыл.