АЖДАҺА ҚАЛҒУДЫ БIЛМЕЙДI

АЖДАҺА ҚАЛҒУДЫ БIЛМЕЙДI

АЖДАҺА ҚАЛҒУДЫ БIЛМЕЙДI
ашық дереккөзі
213

Қазiр дүние жүзiнде «қытай экспансиясы» туралы мәселе көтерiлмейтiн бiрде-бiр мемлекет жоқ. Өйткенi, 50 жылдан кейiн Жер шарындағы халықтардың жартысын құрағалы отырған қытайлар кез келген елдiң ұлттық қауiпсiздiгiне қатер төндiргелi отыр. Ежелден келе жатқан «бөлiп ал да, билей бер» қағидасын берiк ұстанатын қытайлар жат жұрттағы отарлау саясатын кейде астыртын, кейде тiптi, ашықтан-ашық жүргiзедi. Өкiнiшке қарай, бұл қазақстандық билiкке сабақ болар емес.

ҚЫТАЙЛАР ҚАЛАЙ КӨБЕЮДЕ?

Сарапшылар тарапынан ұсынылған деректерге сүйенсек, 2057 жылға қарай Жер шарының жартысынан астамын аспан асты елiнiң тұрғындары құрамақ. Бала туу қарқынын төмендету мақсатында қытайлық үкiметтiң iстемегенi жоқ. Мысалы, отбасында туылған әрбiр екiншi балаға 3 мың доллар көлемiнде салынатын салық. Айыппұл ретiнде төленетiн үш мың доллар – Қытайдағы орташа деңгейде өмiр сүретiн азаматтың 2 жылдық жалақысы. Сонымен қатар заң жүзiнде тыйым салынса да, адам көп шоғырланған жерлерде, әсiресе, ауылдық аймақтарда әйелдердiң жатырларын медициналық тазалаудан өткiзу, тегiн жасанды түсiк тастату… Бiрақ билiк қанша тырысса да, адамдардың көбеюiне тiптi, Қытай қорғанының өзi тосқауыл бола алмай отыр. Ресми дерек көздерi 2005 жылы қытайлық отбасында 8 миллион бала дүниеге келгенiн айтады. Егер қазiргi үкiмет басында коммунистер отырмаса, қытайлардың өсу қарқыны бұдан әлдеқайда жоғары болар едi. Қытайдағы «Шанхай таймс» басылымы: «Келешегiмiз – күңгiрт. Осы қарқынмен кете берсек, 50 жылдан кейiн кеседегi күрiш сияқты бiр-бiрiмiзге жабысып өмiр сүретiн боламыз» деп дабыл қағады. Аспан асты елiнiң өкiлдерi соншама тосқауыл, кедергiлерге қарамастан, баланы көп табуға мүдделi. Өйткенi, кедейшiлiк жайлаған бұл елде «Егер балаң неғұрлым көп болса, жақсы өмiр сүруге мүмкiндiк соғұрлым көп» деген пiкiр берiк қалыптасқан. Яғни, отбасындағы 8-10 баланың тым болмаса бiреуi байып кетiп, ата-анасын аштық пен жоқшылықтан құтқарады. Үкiмет демографиялық дүмпуге кедергi жасауға тырысқан алғашқы жылдары-ақ адамдар ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрден бас тартпауға нық бекiнген. Олардың түрлi айыппұл мен әкiмшiлiк шаралардан қорықпауы сондықтан. Дегенмен әлеуметтiк ахуал деңгейi төмен жерлерде, әсiресе, орталықтардан шалғай жатқан ауылдарда 3 мың доллар көлемiнде айыппұл төлеуге адамдар құлықсыз. Сондықтан заңсыз туылған екiншi, үшiншi, төртiншi… он бiрiншi баланы тiркеуден өткiзбейдi. Мұндай балалар үшiн өзге құрбы-құрдастары секiлдi мектеп табалдырығынан аттау мұң, жоғары бiлiм алуды армандамайды да. Тiптi, қолдарында «пәленшенiң баласы» деген құжаттары да болмайды. Есесiне, өсiп-жетiлгесiн iрi қалаларға, егер мүмкiндiк болса, көршi мемлекеттерге немесе алыс шет елдерге «баю» мақсатында жол тартады. Алайда, олардың барлығының ауздарынан ақ май аға қоюы екiталай: көпшiлiгi ақша үшiн емес, бiр үзiм нан үшiн еңбек етедi. Соңғы 20 жылда Қытайдан иммиграцияланғандардың саны шамамен 30 миллионға жеткен. Олар әсiресе, туу деңгейi төмендеп кеткен кәрi құрлық пен Ресейдi жағалайды. Көршiлес жатқан Қазақстанға да қытайлардың ағылған легi бiр сәт толастаған емес. Олардың нақты саны әзiр белгiсiз. Айтпақшы, Қиыр Шығысын «қысық көздер» жайлап алады» деп жанығып жатқан орыстардың демографиялық өсiмге игi ықпал етудi көздеген әрекетiнен қытайлар да дәмелi. РФ президентi Путиннiң ресейлiк отбасындағы 2004 жылы туылған әрбiр екiншi балаға 10 мың АҚШ доллары (250 мың рубль) көлемiнде жәрдемақы тағайындауын аспан асты елiнде «ресейлiк азаматтықты қабылдағысы келетiн кез келген адамды орыстар құшақ жая қарсы алады» деп түсiнетiндер көп. Сондай-ақ, «аңқау елге арамза молданың» кебiн кигiзетiндер де жетерлiк. Қазiр Қытайда «Ақшасын төлесең, РФ төлқұжатын алып берем» деп сенгiш жұртты сан соқтыратындар көптеп кездесетiн көрiнедi. Тағы бiр маңызды жайт: баланы баюдың көзi деп бiлетiн қытайлар әйелдерiнiң қыз баладан гөрi ер бала туғанын қалайды. Сондықтан әйелдер аяғы ауырлаған алғашқы айларда-ақ ультрадыбыстық зерттеудiң көмегiмен iшiндегi шарананың ұл-қыз екенiн анықтайды. Егер жарық дүние есiгiн ашуға ұмтылған ер бала емес, қыз болса, баланы жасанды түсiкпен алып тастайды… Осы себептен қазiр аспан асты елiнде әйелдерден гөрi ерлердiң саны басым. Кәмелетке жеткен, тепсе, темiр үзетiн жiгiттерге қалыңдық қат болғандықтан, болашақ жарды өзге елден «тасуға» мәжбүр. Оған ен қазақтан бiр жiгiт таппағандай, қытайлардың етегiнен ұстаған қаншама қазақ қыздары дәлел…

ҰЛТТЫҚ ҚАУIПСIЗДIККЕ ҚАТЕР ТӨНДIРЕДI

Қазақтардың табиғаты тамаша 2 миллион шаршы шақырым жерiне көзiн сүзетiндер көп. Солардың бiрi де бiрiгейi – аспан асты елiнiң тұрғындары. Тiптi, мектеп қабырғаларында Қазақстан территориясы қытайларға тиесiлi. Себебi, ол жер – бiздiкi» деп насихаттайды. Отандық мамандар қазақтар мен қытайлар арасындағы серiктестiк қарым-қатынастар мен бiрiккен жобалардың астарында Қазақ елiнiң тәуелсiздiгiне қатер төндiретiн қауiп жатқанын айтып жиi дабыл қағады. Өкiнiшке қарай, оны құлаққа асқан қазақстандық билiк жоқ. Өйткенi, қытайларға қатысты бiрiккен жобалардың барлығында дерлiк экономикалық мүдде ғана ескерiледi. Ал әлемдiк тәжiрибеде өзге мемлекеттермен болатын екiжақты келiсiмдердiң барлығында тек экономикалық тиiмдiлiк қана емес, ұлттық қауiпсiздiк, мемлекеттiк тұтастықпен бiрге еларалық қарым-қатынастардың саяси, мәдени, экологиялық, дипломатиялық қырлары да басты назарда ұсталады. Алайда дәлелдеудi қажет етпейтiн бұл аксиоманы қазақстандық билiктiң жиi естен шығарып алатыны өкiнiштi. Осыдан сәл ғана уақыт бұрын жазылған бiр мақаламызда («Қазақтың мұнайына кiм иелiк етiп отыр?») Қазақстанның қара алтынына ауыз салған қытайлардың дәмесi «Nations Energy» («Қаражанбасмұнай» акционерлiк қоғамы) компаниясына ауғанын, егер ҚР Үкiметi қытайларға қолдау көрсететiн болса, қазақ мұнайының 30 пайызы қытайлар еншiсiне бұйыратынын жазған болатынбыз. Өкiнiшке қарай, үмiтiмiз ақталмады: «Қаражанбасмұнай» қытайлардың қанжығасында кеттi. Сонымен, әп дегенде Қазақстандағы ең iрi мұнай өндiрушi мекемелердiң бiрi – PetroKazakhstan компаниясын 4,18 миллиард долларға сатып алған қытайлардың екпiнi жуық арада басылатын түрi жоқ. PetroKazakhstan компаниясының қазiргi қожайыны – қытайлардың China National Petroleum Corporation (CNPC) компаниясы. CNPC – Ирак, Судан, Венесуэламен бiрге Қазақстандағы мұнай өндiрумен айналысатын аса iрi компания. Кейiнгi кездерi ол табиғи ресурстарға бай посткеңестiк елдердегi мұнай активтерiмн сатып алумен белсендi түрде айналысып келедi. Қазақтармен арадағы келiссөздер ешқандай кедергiсiз жүргiзiлсе де, орыстарға келгенде, қытайлардың маңдайлары тасқа тиiп келедi. 2002 жылы ресейлiк шенеунiктердiң қысым жасауының кесiрiнен қытайлар «Славнефть» компаниясын жекешелендiру шарасына қатысудан бас тартуға мәжбүр болған. Орыстар мұнымен шектелмедi, CNPC-тi Орынбордағы «Стимул» ЖШС-нiң өте үлкен көлемдегi акция пакетiн сатып алудан қақты. «Стимулдың» тiзгiнi сәл кейiнiрек «Газпромның» қолына көшкен. Одан кейiн қытайлар көз сүзген «Томский нефттi» «Русснефть» қанжығасына байлады. Ақыры орыстардан көңiлi қалған, көңiлi қалса да, үмiтi әлi үзiлмеген қытайлар бар назарын уақытша Қазақстанға аударды. Қазақстаннан бастау алатын мұнай құбыры құрылысына қатысушы – CNPC бұған дейiн «Ақтөбемұнайгазды» сатып алған болатын. PetroKazakhstanды сатып алғанда баспасөз мәлiмдемесiн таратқан қытайлық тарап: «Бұл Қазақстандағы iскерлiк экспансияның бiр бөлiгi болып табылатын табиғи таңдау» деп ағынан жарылыпты… Отарлау мәселесiн ашық айтудан жасқанбаған қытайлардың басты мақсаты айқын. Сондықтан елге топан судай қаптаған иммигранттар легiн арнайы қабылданатын заңмен ғана тоқтатуға болады. Мысалы, Индонезия мен Малайзияда қытайлардың келуiне заң жүзiнде қатаң тыйым салынған. Оның себебi, Индонезия астанасында тұрып жатқан қытайлар саны 6 миллионнан асып жығылады екен. Отандық сарапшылар тәуелсiздiгiмiздi жариялаған алғашқы жылдары Қытаймен арадағы шекараны ашып тастағанымызды басты қателiгiмiз деп бағалайды. Өйткенi, қытайлық иммигранттардың Қазақстанға қарай жосылуы сол кезеңнен басталған. Қазiрдiң өзiнде заңсыз эммигранттарды ауыздықтауға көңiл бөлiнiп жатса да, қазақтар елiндегi қытайлардың саны өте жылдам көбейiп келедi. Мамандар пiкiрiнше, бiздiң үкiмет қытайлардың Қазақстанға ғана емес, бүкiл посткеңестiк кеңiстiкке дендеп ену жолдарын терең зерттеу жүргiзуi тиiс. Айтпақшы, елдiң батыс бөлiгiндегi өндiрiстiк саланы дамытуға ден қойған қытайлар Ертiстiң суын пайдалану туралы мәселе көтерiп отыр. Егер бұл мәселе аспан асты елi үшiн оңтайлы шешiлетiн болса, Қазақстан мен Ресейге экологиялық, экономикалық және саяси тұрғыда айтарлықтай зиян келмек. Өйткенi, қытайлар су ресурстары туралы бекiтiлген заңнамада көрсетiлген 10 пайызды мiсе тұтпай отыр. Есесiне, олардың талабы қанағаттандырылса, қазақтардың өздерi сусыз қалмақ. Қашан да iшкi есебiне мығым қытайлар өздерiне берiлетiн мүмкiндiктi уыстан шығарып алған емес. Қазақтың қара алтынын былай қойғанда, елiмiздегi ойынханаларды салу да қытайлардың бақылауында болмақ. ҚР Үкiметi ойынханаларды қала сыртына көшiру туралы мәселе көтергенде-ақ аспан асты елi Қазақстандағы ойынхана, сауықхана құрылыстарын салуға 23 миллиард доллар бөлуге әзiрлiктерiн мәлiмдеген. Ауыздарының салымы бар қытайлардың тағы да жолы болды: олардың «Shun Tak Holdings Limited» компаниясы Қапшағайдан жалпы құны 10 миллиард долларға бағаланған ойын бизнесiне арналған жаңа қала құрылысының жобасын жасап шықты. Компания басшысы Стэнли Хомен кездескен ҚР Президентi Н.Назарбаев: «Бұл жай ғана ойын орталығы емес, бүкiл әлемнен туристер тартатын қалаға айналмақ. Мұнда өмiр сүруге және демалуға қажеттi алғышарттардың бәрi жасалынбақ. Жаңа халықаралық әуежай, спорт кешендерi мен мектептер салынады» дедi…

ҰЛЫҢДЫ – ҚҰЛ, ҚЫЗЫҢДЫ – КҮҢ…

«Қаражанбасмұнайды» иемденген қытайлардың ендiгi көздейтiнi – «Маңғыстаумұнайгаз». Сондықтан қазақтың қара алтынын қанжығаға байлап беруге тосқауыл қою керек» деп дабыл қаққан отандық сарапшыларға бiздiң билiк тағы да құлақ асар емес. Сол баяғысынша тас керең, меңiреу, бүйрегi бүл кетпейтiн безбүйрек… Осының кесiрiнен, Қазақстандағы стратегиялық маңызы зор бiрнеше компанияның басын қосатын өте үлкен мекеме – «Маңғыстаумұнайгаз» (ММГ) акционерлiк қоғамына ауыз салған қытайлар Қазақ елiндегi «бейбiт түрде отарлау саясаттарын» ешқандай кедергiсiз жүргiзе бермек. Оның үстiне, «ММГ» бiрнеше қытайлық мұнай компаниялары шоғырланған жерге жақын орналасқан. Бұл қытайлардың Қазақстанның батыс бөлiгiн жаулап алу стратегиясын жүзеге асыруларына жағдай жасамақ. Өйткенi, «ММГ» АҚ жылына 5 миллион тонна қара алтын өндiредi. Бұл Қазақстандағы жыл сайын өндiрiлетiн мұнайдың 9 пайызы. Елiмiздiң iрiлi-ұсақты 36 кен орнын қамтитын осы компанияның жалпы қоры 960 миллион тоннаны құрайды. Аталған АҚ акционерлерiнiң құрылымы туралы деректер әзiрге қарама-қайшы. Дерек көздерiнiң бiрi акционерлiк қоғамның 60 пайыз акциясы индонезиялық «Central Asia Petroleum Ltd.» компаниясының еншiсiнде, 30 пайызы оффшорда (британдық-виргиндiк аралдарда) тiркелген «Ansdell Development Ltd.» компаниясы ие. Ал қалған 10 пайызы мекемеде еңбек ететiн ұжымға тиесiлi десе, ендi бiр дерек көздерi «ММГ» АҚ индонезиялық «Central Asia Petroleum Ltd.» компания акциясының 90 пайызына тиесiлi дейдi. Бiр анығы, кез келген жағдайда «Маңғыстаумұнайгаз» акцияларының бақылау пакеттерi индонезиялықтардың қолында. Басы бiр емес, бiрнеше рет дауға қалған «ММГ» туралы алып-қашпа әңгiме көп. Тiптi, компанияның негiзгi қожайындары – индонезиялықтар екендiгiне күмән келтiретiндер де жетерлiк. Айтпақшы, қазақстандық билiктiң қытайларды «жарылқай салған» «Қаражанбасмұнайдың» да иелерi «индонезиялықтар» болатын. Сондықтан Қазақстанның келешегi мен ұлттық қауiпсiздiгi үшiн алңдаған азаматтар арасында «билiк ММГ компаниясын да қытайлардың алдына өңгерiп бере салуы мүмкiн» деген қауiп басым. Мұндайда атам қазақтың «жел тұрмаса, шөптiң басы қимылдамайды» деген сөзi еске түседi. Осы орайда, мамандар пiкiрiнше, Қазақстан халқы Қазақстан мен Қытай арасындағы екiжақты келiсiмдердi, Қазақ елiнде тұрып жатқан қытайлардың нақты санын және Қытаймен келешекте болатын ынтымақтастық жоспарларды ескере отырып, қытайлардың отарлау саясатына терең талдау жасауы керек. Басқаша айтқанда, ата-бабамыз қасықтай қаны қалғанша қорғап кеткен ұлан-ғайыр жерiмiзге қытайлар тарапынан төнiп тұрған қатердi әр қазақ жан-тәнiмен сезiнуi тиiс. Ал әзiрге ұлыңды – құл, қызыңды күң етуден тайынбайтын жатжұрттықтардың iшкi есептерi түгел. Бiздiң билiк басындағы «экономикалық серiктестiк», «екiжақты ынтымақтастық», «ықпалдастық» пен «көршiмен тату-тәттi болу» сияқты басқа да «аса маңызды» мәселелердi желеу еткен кейбiреулердiң де де ұрттары мен мұрттары әлдеқашан майланған. Әйтпесе, бүгiнде бүкiл әлем шырт ұйқыдан шошып оятанатын «қытайлық отарлау саясаты» қазақ билiгiн де алаңдатар едi.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары