САДДАМНЫҢ АҚЫРҒЫ СӨЗI немесе СYННИТТЕР МЕН ШЕЙТТЕР АРАСЫН ШИЕЛЕНIСТIРГЕН ӨЛIМ
САДДАМНЫҢ АҚЫРҒЫ СӨЗI немесе СYННИТТЕР МЕН ШЕЙТТЕР АРАСЫН ШИЕЛЕНIСТIРГЕН ӨЛIМ
Кездейсоқтық па, әлде американдық билiктiң әдейi таңдалған күнi ме, әйтеуiр Ирактың бұрынғы басшысы Саддам Хусейн барша мұсылмандардың ұлық мерекесi – Құрбан айт қарсаңында дарға асылды. Негiзiнен 2006 жылдың мұсылмандар үшiн шулы да дау-дамайға толы жыл болғанын қалайша жасырайық?! Алдымен, әлемдi Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбарға жасалған карикатуралар дүр сiлкiндiрдi. Бiраз уақыт салып Ватикан басшысы, Папа Бенедикт XVI мұсылмандарға қарсы баяндама жасады. Әсiресе оның ислам дiнiнiң ұстанымдарына қатысты сөздерi әлемнiң түкпiр-түкпiрiнде тұратын мұсылмандардың наразылығын туғызды. Ақыр аяғында мұсылман елдерiнiң бiрiн басқарған диктатор Құрбан айт кезiнде дарға асылды. Әрине, Саддам Хусейн перiште емес едi, бiрақ…
Дарға асу рәсiмiн Ирак телевидениесi тiкелей эфир арқылы таратты. Саддам Хусейннiң үстiнде – қоңырқай костюм-шалбар, көкшiл пальто. Қолында – Құран. Түсi суық. Айналасында – шейттер. Саддам өмiрiнiң соңғы сәттерi Голливуд фильмдерiнiң сценарийi бойынша жазылған қысқаметражды мелодраммадан аумады. Бұл сәттер – фильмнiң соңы едi. Бiрақ бәрi неден басталды?! «Иракта ядролық жаппай қырып-жою қаруы бар» деген желеумен «жақсы кейiпкер» – Буш әкiмшiлiгi Иракқа шүйлiктi. Сосын коалиция әскерiн құрды, сосын елдi басып алды, соғыс жүрдi, елдегi Саддам режимi құлады, сот болды, ендi, мiне, күллi әлемге телевидение, Интернет арқылы диктаторды дарға асу рәсiмi көрсетiлiп жатыр. Осындайда «БАҚ-тың адам өлiмiн трансляциялауға қақы бар ма?» деген сауал ерiксiз туындайды екен. Бiрақ дарға асу рәсiмiн барша жұртқа сабақ ретiнде көрсету дәстүрi адамзаттың көне тарихында болған… Баяғыда, өркениет пен демократия болмаған тұста… Бiрақ адамды дарға асып, оның өлiгiн сабақ ретiнде көпшiлiкке көрсету XXI ғасырдың басына дейiн сақталады деп кiм ойлаған?! «Демократияның отаны» боп отырған АҚШ-та қатыгез қылмыскерлер мен маньяктарды өлтiру рәсiмiн телевидение арқылы көрсету – бұрыннан келе жатқан дәстүр. АҚШ-та адамның өлiмi де шоуға айналған. Бұл да шоу-бизнес… Саддам өлiмiнiң БАҚ арқылы көрсетiлуi де осы АҚШ-тың бастамасымен орын алған жоқ па деген сауал да жоқ емес. Рас, Саддам перiште емес едi. Мемлекет алдындағы қылмыстары да баршылық, қолы да қанға малынған. Бiрақ оның өмiрден қайсарлы ердей өтуi – әлемнiң тағы да АҚШ-тың саясатына тiтiркене қарап, керiсiнше Саддамның алдында бас июiне әкеп соқты. Әлгi трансляциядан кейiн көпшiлiкке Саддамның кiм болғаны – бәрiбiр, ең бастысы – оның өмiрден ердей қайыспай өтуi едi.
Ирак телевидениесi көрсетпеген тұстарды бiреудiң ұялы телефонына жазылған кадрлар аша түстi. Сөйтсе, Саддам, тiптен, батыр болып көрiнедi ол кадрларда… Ұялы телефонның камерасы диктатордың өлiмi алдындағы екi минутты көрсетедi. Саддам дарға асатын бөлмеге кiрiп келедi. Диктатордың кесiрiнен туған-туыстарынан айрылған шейттер оған былапыт сөздер айтып, келеке етедi. Бәрi де: «Мұқтада! Мұқтада! Сенiң жауыңды қарғыс атсын!» – деп, шейттердiң «Махди армиясы» атты қозғалысының төрағасы Мұқтада ас-Садрдың атын ұлықтайды. Саддамның сарказммен шейттердi кемсiтуге дәтi жоқ. Ол жай ғана: «Бұл адамгершiлiкке жата ма? Сендердiң осылайша күштерiңдi көрсетпек ойларың бар ма?!» – дейдi. Күзетшiлер болса: «Диктатура құрысын!», «Тозаққа түскейсiң!», «Мұхаммед Бакр Садр жасасын!» – дейдi. Мұхаммед Бакр Садр – Мұқтада ас-Садрдың үлкен ағасы, «Дауа» партиясының негiзiн қалап, 1980 жылы Саддамның кесiрiнен өлтiрiлген екен. Өлiмге дайындалып Саддам соңғы рет: «Алладан басқа Құдай жоқ, Мұхаммед – Оның елшiсi» – дейдi. Саддамның аяғының астындағы люк ашылады да, ол қараңғылыққа құлайды. Айқай-шу, қуаныш… «Тиран өлдi», «Ол 8 минуттай осылай асылып тұрсын» – дейдi кейбiреулер. Ұялы телефонның камерасы қарая түседi. Бiрақ бұл кадрлар күллi әлемдi шарлап өттi. Тiптен, ұялы телефонның кереметiне тамсанған «CNN» мен «BBC» телеарналары ұялы телефонмен түсiрiлген сенсацияларға байқау жариялады. Әрине, Саддамның өлiмiн түсiргендей «сенсация» ендi көпке дейiн бола қоймас.Ұялы телефонның камерасына түсiрiлген кадрлар жарияланған бойда күллi әлем дүр сiлкiндi. Әсiресе сүнниттер мен шейттер арасындағы жағдай ушыға түстi. Өлiм алдындағы Саддамға шейттердiң дөрекi қылық танытып, өмiрiнiң соңғы сәттерiн қиындатып, қорлап, мазақ еткенiне сүнниттер наразы болып отыр. Тiптен, сүнниттер кек алуға бел байлап отырғанға ұқсайды. «Бөлiп ал да, билей бер» – деген ұстаным басқыншылардың басты қағидасы болса керек. Бұл қағида өзiнiң өмiршеңдiгiн аңғартып-ақ қалды. Қазiр әлемдегi әрбiр үшiншi адам – мұсылман. Мұсылмандықтың кең етек жаюына қарсы елдер ислам әлемiн бөлiп алып, билеуге дайын-ақ. Мұнда дiни мүддемен қатар, экономикалық мүдде – мұнайға деген тартыс та бар. Сондықтан мұсылмандарды шейттер мен сүнниттер ретiнде бөлiп-жарып, бiр-бiрiне қарсы қою – зұлмат саясаттың ықпалын аңғартпай ма?! Иудейлер мен протестанттардың алақанында тұрған АҚШ-тың мақсаты да – мұсылмандар арасына жiк салу емес пе?! Көптеген мұсылман елдерiнiң есiктерi Американың миссионерлерi үшiн әрқашан да жабық. Содан болар, посткеңестiк елдердi түрлi ағым-секталарға бөлiп-жарып, өз ықпалын жүргiзудi көздеген миссионерлiк қаржылық топтардың мұсылмандыққа бекем елдерге тiсi батпайды. Дiни уағызбен алынбаған қамалды олар ендiгi кезекте әскери ықпал арқылы алмақ па деген сауал да көкейдi ерiксiз торлайды… Саддамның өлiмi онсыз да ушығып тұрған сүнниттер мен шейттердiң арасындағы жағдайды қиындата түсерi сөзсiз. Бүгiннiң өзiнде Ирактағы жарылыстар толастаудың орнына күшейiп барады. Әйтеуiр сүнниттер мен шейттердiң және күрдтердiң өзара тартысы Саддамның өлiмiнен кейiн ушығып барады.
Әлем елдерi де Саддамның өлiмiн әрқалай қабылдады. Ресейдiң мемлекеттiк думасының өкiлдерi «Саддамның өлiмiн үлкен қателiк» деп отыр. «Талибан» қозғалысының өкiлдерi: «Саддамның дарға асылып өлтiрiлуi – АҚШ-қа қарсы ислами оппозицияның өршуiне әкеп соғады» – деген мәлiмдеме таратты. Оның үстiне тәлiбтердiң бұрынғы Қорғаныс министрi молда Обейдулло Ахунд: «Ирактың бұрынғы президентiн мұсылмандардың ұлық мерекесi — Құрбан Айттың бiрiншi күнi асып өлтiруi – провакация. Бұл әлем мұсылмандарына қарсы жасалған қиянат» – деп бағалады. Ватикан бұны «мұңды жаңалық» деп бағалаумен қатар, бұдан былай Ирактағы жағдайдың ушыға түсерiне алаңдаушылығын бiлдiрдi. Ресей Мұсылмандарының дiни басқармасы да Саддамның өлiмiне үлкен наразылық танытты. Құрбан-байрамға орай Башқұртстанның Бас мешiтiнде Құран оқып, мұсылмандарды ұлық мерекемен құттықтаған мүфтият басшысы Саддамның өлiмдi нағыз ер азаматтай қабылдап, бақилық болғанын тамсана жеткiздi. Ал, мүфтият таратқан баспасөз-хабарламасында: «Ибрахим пайғамбар баласын құрбандыққа шалайын деп жатқанда Жаратқан Құдай оның қолын тоқтатып, адамды құрбандыққа шалуға тыйым салды. Бiрақ американдық Фемиданың мүддесi үшiн Хусейн Құрбан-байрамның қарсаңында өлтiрiлдi» – делiнген. Саддамның дарға асылуын Қазақстанның Сыртқы iстер министрлiгi де сынмен қабылдады. «2003 жылы өлiм жазасына мораторий жариялау арқылы Қазақстан бұл жаза түрiне қалай қарайтынын аңғартты» – дедi СIМ-нiң арнайы өкiлi Ержан Ашықбаев. Бұл дүниеде бәрi де салыстырмалы түрде ғой. Ондаған жылдар бойы АҚШ-тың қытығына тиiп жүрген христиан-диктаторлар да, буддист-диктаторлар да баршылық. Американың қара тiзiмiне iлiккен Фидель Кастро, Уго Чавес, Ким Чен Ир де Саддамның қасiретiн қайталай ма?! Әрине, соңғы кездерi әлемде қалыптасқан жағдайға тек қана дiни тұрғыдан баға беруге болмас. Мұнда саяси, экономикалық астарлар да баршылық. Дегенмен, Америка бастаған Батыс елдерiнiң соңғы кездерi көбiне мұсылман әлемiне шүйлiгуi саяси-экономикалық факторларды ары ысырып, дiни факторды алға тартуға себеп емес пе?! P.S. Саддамның өлiмiнен кейiн Палестинада жаңа террористiк ұйым пайда болды. «Баас» партиясының бастамасымен құрылған ұйымның аты – «Шейiт болған Саддамның бригадасы». Осыдан кейiн әлем елдерi терроризмнiң неден пайда болатынына таңырқап отырады. Лаңкестiк ұйымдарды – басқыншылық саясат, жергiлiктi халықты басып-жаншу, ондаған жылдар бойы пiр тұтып келген көсемдерiн өлтiру сияқты факторлар тудырып жатқан жоқ па дерсiз?! Ұйым басшылары қазiрдiң өзiнде ата жауларының атын атап, түсiн түстеп отыр. Басты жаулары – АҚШ, екiншi кезекте – Израиль. Үшiншi орында – Иран. Бауырлас Иран. Дiнi бiр Иран. Бiрақ Саддамның өлiмi Иран мен Ирактың арасын тiптен алшақтатып жiбердi. Ендi сүнниттер мен шейттердiң қашан басы бiрiгетiнi бiр Аллаға аян. Бәрiне де бiр Құдай төрешi.Кәмшат ТАСБОЛАТОВА