ОБАЛЫ КIМГЕ?

ОБАЛЫ КIМГЕ?

ОБАЛЫ КIМГЕ?
ашық дереккөзі
308

«Гиппократқа берген анттарына берiк бола алмаған, өз қызметтерiне жауапкершiлiксiз қараған 21 ақ халаттының үстiнен қылмыстық iс қозғалды. Бұл жолы да «әдеттегiдей» «айран iшкен құтылып, шелек жалаған тұтылды» ма, әлде қылмыскерлер лауазымы мен шен-шекпенiне қарамай, барлығы бiрдей Ата Заң алдында жауапқа тартылды ма? Бұл сауалға нақты жауап беру әлi ертерек. Бiр анығы: жаны қиналғанда ақ халатты абзал жандардан ем күткен бейкүнә балалар мен аналарға үй-жайы жоқ қаңғыбастардың, СПИД-ке шалдыққан нашақорлар мен қан тапсыруды нан табудың көзiне айналдырған сарттардың қанын құйып, тағдырларын тәлкекке салған, қаншама бүр жармаған жауқазынды көктей солдырған — дәрiгерлер…

Апта басында Астанада өткiзiлген баспасөз мәслихатында ҚР Бас прокуратурасының жанындағы Арнайы прокурорлар басқармасының бастығы Әсет Әдiлхан Оңтүстiк Қазақстан облысындағы балаларға жаппай ВИЧ iндетiн жұқтыру оқиғасына байланысты қозғалған қылмыстық iске байланысты тергеу жұмыстарының аяқталғанын және iстiң сотқа жолданғанын мәлiмдедi. Тергеу қорытындысында анықталғаны: қайғылы оқиғаға тiкелей кiнәлi — дәрiгерлер. Ал тағылған айыптар: «қызмет барысында жiберген қателiктермен бiрге немқұрайдылық, емделушiлерден бопсалау жолымен пара талап ету, алаяқтық, аса iрi көлемде мемлекет қаржысын жымқыру»… Заңды түрде қылмыстық жауапкершiлiкке тартылғандар арасында Оңтүстiк Қазақстан облыстық денсаулық сақтау департаментi, ҚР Денсаулық сақтау министрлiгiндегi медициналық қызметтiң сапасын қадағалау комитетi, ОҚО және Шымкент қалалық балалар ауруханасының түрлi лауазым иелерi бар.

Оқырмандарымыздың естерiне сала кетейiк, былтыр, яғни, 2006 жылдың соңында берiлген ресми деректер бойынша, Оңтүстiк Қазақстан облысында 84 бала мен 12 ананың ВИЧ iндетiн жұқтырғаны анықталған. Ғасыр iндетiн жұқтырған сегiз сәби ендiгi көз жұмса, бiр баланы америкалықтар асырап әкетiптi.

Айтпақшы, кейбiр қандастың «құлағына алтын сырға», Қазақстанды 10 жылдан берi ойрандап жүрген СПИД-ке елiмiзде ай сайын 140-150-ге жуық адам шалдығады екен. Бiреулер бар «бақытын» есiрткiден табам деп опық жесе, ендi бiреулер «ұшарын жел, қонарын сай бiлетiн» «қаңбақ» – қыздардың кесiрiнен жер құшып қалады. Сондықтан әр азамат өз тағдырына жауапкершiлiкпен қарауы керек.

Абай болыңыз, ағайын.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары