«КӨРIКТI МЕКЕН» ДЕСЕ, КӨРIКТI МЕКЕН

«КӨРIКТI МЕКЕН» ДЕСЕ, КӨРIКТI МЕКЕН

«КӨРIКТI МЕКЕН» ДЕСЕ,  КӨРIКТI МЕКЕН
ашық дереккөзі
227

Тәуелсiздiк күнiне тарту ретiнде телеарналардың көбi арнайы әзiрлiк жасаған сыңайлы. Екi күн қатарынан үздiксiз Желтоқсан қозғалысына байланысты әзiрленген арнайы деректi фильмдермен қатар, (оның өзi көп емес.–Г.Б.) жаңа телефильмдердiң де көрсетiлiмi болды. «Қазақфильм» киностудиясының Алтын қорындағы ескi фильмдердi де сол күндерi тамашалауға тура келдi.

Телеарналардың көбi бiр-бiрiмен келiсiп алғандай, бiрiнен соң, бiрi берiлiп жатты. Олай дейтiнiмiз, «Алпамыс мектепке барады» фильмiн таңертеңгiлiк 9.30-да «Қазақстан» телеарнасы ұсынған, бiршама уақыт өткен соң, әлгi фильмдi өзге арнадан көруiмiзге тура келдi. 17-желтоқсан күнi кешкiлiк «Көшпендiлер» фильмiн де дәл осылай тамашаладық. Екi телеарна «Қазақстан» мен «Хабар» бiр уақытта, бiреуi-қазақша, екiншiсiнде – орысша көрсеттi. Қазақ көрерменi орыстiлiндегiсiн қайтсiн, қазақша көруге ұмтылады ғой. Әуелде «Көшпендiлердi» көруге деген құлшыныстары жақсы едi, кейiнiрек, фильмнiң беталысын байқады ғой, үйдегiлер басқа арнаға ауыстырып жiбердi.

Көрсетiлiмдер демекшi, қолымыздағы телеарна бағдарламаларында жазылған көп дүниелерге ауытқулар болыпты. Өйткенi, 16-желтоқсан күнi кешкiсiн 22.30-да болады деген «Көшпендiлер» мүлдем көрсетiлген жоқ. Сол фильмдi күтiп сарылып, сағат 12-ге дейiн отырғандар да бар. Ал, 17-күнi сағат түнгi он екiде көрсетiледi деген «Көрiктi мекен» фильмiн көру үшiн түн жарымға дейiн тосуға тура келдi. Оның орнына бағдарламада жоқ, «Көшпендiлер» фильмi енiп кеткен. Екi арнада да бiр уақытта көрсетудiң қаншалықты қажеттiлiгi болғанын түсiнбедiк. Әрi коммерциялық арналар болса бiр сәрi, екi бiрдей республикалық телеарнаның бiр уақытта бiр фильмдi ұсынғаны қызық болды.

Бүгiнгi әңгiме «Көшпендiлер» фильмiнiң көрерменге ұсынылуында емес, қытай режиссерi ұсынған «Көрiктi мекен» фильмi хақында. Осыдан екi жыл бұрын аталмыш фильмнiң дүниеге келгендiгiнен қазақ жұртшылығы хабардар болған. Қытайдағы қандастарымыздың өмiрiнен түсiрiлген фильм төңiрегiнде көпшiлiктiң арасында жақсы пiкiрлер де айтылып жүрген едi. Ел аузында жүрген жақсы фильмдi көру, кiмнiң болса да арманы емес пе? Теледидар бағдарламасынан «Көрiктi мекеннiң» көрсетiлiмi болатынын көрiп алған соң, түннiң бiр уағына дейiн әлгi фильмдi көрейiн деп күттiм. Әуелде он екiде болады деген соң, қарасам, оның орнына «Алма-ата – моя первая любовь» деген фестивальдi енгiзiп жiбердi. Бағдарлама бойынша, аталмыш фестиваль сағат онның кезiнде көрсетiлуi керек едi, араға «Көшпендiлер» енiп кеткен соң, кейiнге ысырылып қалыпты. Әуелде «Көрiктi мекен» болмайтын шығар деп ойлағам. Неде болса ақырына дейiн күтейiн деп, бiреулердiң «Алма-атаға» деген махаббатын үздiксiз екi сағат бойы тамашаладық…

«Көрiктi мекен» атына сай фильм болып шықты. Тiлдерiнде кiшкене өзгешелiк болғанымен, таза қазақтың ауылы, салты-дәстүрi. Онда көкпар да бар, онда қазақтың киiз үйi де бар, онда қазақтың айтыс өнерi де бар. Кәдiмгi қыз бен жiгiттiң суырып-салма айтысы. Айтысып отырып, жiгiт өзiнiң қызға деген махаббатын, iңкәрлiгiн сездiредi.

Әсiресе, фильмдегi табиғаттың сұлулығын айтсаңшы… «Көрiктi мекен» десе, көрiктi мекен. Дала қазағының болмыс-бiтiмi. Жастайынан аттың құлағында ойнап өскен жас жiгiт қалада оқитын қызға ессiз ғашық. Есiл-дертi қалада. Ал, әкесi болса, жалғызының елден-жерден ажырап, қалаға кеткенiн құп көрмейдi. Оның үстiне жесiр отырған келiнi Жанардан да айырылғысы келмейдi. Қала деп, үлкен ұлынан айрылған соң, кiшiсi де соның жолын қаба ма деп қорқады. Кәрi жүрегi соған алаңдайды, содан қорқады. Қала дейтiн үлкен жерде елден-жерден ажырап қала ма деген уайымы тағы бар. Жалғызы қалаға кетсе, есiгiнiң алдындағы азын-аулақ малына кiм ие болмақ?! Ошағының түтiнi өшiп, қара шаңырағы иесiз қала ма деп қорқады. Ал, оны түсiнiп жатқан жас бар ма?! Сосын амал-жоқ, бауыр етi баласының көңiлi тек қана Майрада екенiн байқаған соң, ерiксiз баласының айтқанына көнбеске амалы қалмайды. Майра үшiн Аманжол не iстемедi? Майраның сүйiктi аты Қаратөбелдi де емдеп жазуына тура келедi. Пышақтың аузына iлiнудiң аз-ақ алдында қалған атты Майра үшiн сатып алып, емдеп жазады. Қаратөбел арқылы өзiнiң Майраны ессiз сүйетiнiн дәлелдейдi. Ал, Майраның есiл-дертi қалада. Ауылдың құбатөбел тiршiлiгi оны қызықтырмайды. Сиыр сауып, жылқы байлау, ол үшiн мүлдем жат. Бар арманы – әншi болу. Әншi болу үшiн, тек қана қалада тұру керек. Сол үшiн Аманжолды да үгiттейдi. Бiр жағы әкесi мен жеңгесiне алаңдайды, бiр жағы Майраның да көңiлiн қимайды. Сөйтiп, екi ортада әре-сәре боп жүргенiнде, бiр күнi Майра өзге бiреуге тұрмысқа шығып кетедi. Ғашығынан айрылған соң, Аманжолдың дертi одан сайын ұлғаяды. Ауылдағы бар тұрмыс-тiршiлiгiн тастап, қалаға аттанады…

Ауылда қалған қарт әкенi iштегi дерт алмай қоймапты. Қанша қиналса да, қаладағы баласына хабар бергiзбеген әке қасiреттен көз жұмады. Қаладан оқу оқып, шопыр боп оралған Аманжол әкесiнен айрылып қалғанын сезбедi. Тек қана қабiр басында тұрып, көз жасына ерiк бередi. Ал, ол кезде бәрi де кеш едi.

Жол күтiп, талмаусыраған әке үмiтi осылай үзiлдi. Жасыл желекке бөленген ауылынан, мал-жанынан безiп кеткен ұл түбi өз ұясынан алысқа кетпейтiнiн сездi. Қара шаңырақ, отбасына қайта оралатынын да жүрегi сезедi. Тек, оны ендi әкесi көре алмайды.

Фильмнiң режиссерi қытайлық көрiнедi. Қазақ ауылының тыныс-тiршiлiгiмен танысу үшiн, үш жыл бойы сонда тұрады. Қаймағы бұзылмаған қазақы ауылды, қазақы тiршiлiктi көрген соң, солардың өмiрiнен бiр фильмдi түсiрудi ойлаған екен. Көрген-бiлгенiн қаз-қалпында түсiрген қытайлық көздеген межеден шыққан сыңайлы. Таза қазақтың бiтiм-болмысын, таза қазақы үрдiстi, салт-дәстүрдi көрсетуге тырысыпты. Фильмде әкенiң балаға деген мейiрiмiн, келiннiң атаға деген сыйластығын, достың қамқорлығын көрсетуге тырысыпты. Тiптi, мал екеш малдың да иесiне құлай берiлгендiгiн көрсетедi. Иесiнен айрылған Қаратөбелдiң қасiретiн көргенде ерiксiз көзiңе жас ұялайды. Ең бастысы, фильм көрерменiн тәрбиелейдi.

Қытайдағы қазақтардың өмiрi, көп нәрсеге ой салады екен. Дәл сондай қазақы тiршiлiк бiзде, яғни бiздiң ауылдарда сақталған ба?! Өркениет деп өзiмiздiң көп нәрсемiздi жоғалтып алған жоқпыз ба деп қорқам. Әкенiң балаға мейiрiмi қалды ма, қазiр. Дәл фильмдегiдей келiнi атасын, анасын сыйлай ала ма? Туған ауылынан безiнiп, қалада сандалып жүрген жастар ұшқан ұясын, шыққан тегiн, туған табиғатын сағына ма екен, а?!

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары