Әдiлғазы Кiшкенебаев: ЖЕЛТОҚСАН – ХАЛЫҚ КӨТЕРIЛIСI

Әдiлғазы Кiшкенебаев: ЖЕЛТОҚСАН – ХАЛЫҚ КӨТЕРIЛIСI

Әдiлғазы Кiшкенебаев: ЖЕЛТОҚСАН – ХАЛЫҚ КӨТЕРIЛIСI
ашық дереккөзі
317

Желтоқсан көтерiлiсiне – 20 жыл. Былай қарағанда бiраз уақыт. Сол кездегi 20 жастағы боздақ бүгiн 40 жасқа келер едi. Күнi кеше ғана көз алдымызда қаншама жастар қыршынынан қиылды ғой деп iштен тынған аға-әпкелердiң әңгiмесiн тыңдағанда небiр сұмдық көрiнiстердi көз алдыңа ерiксiз әкелесiң. 1986 жылы қалалық Iшкi iстер басқармасының қоғамдық тәртiптi сақтау бөлiмiнiң бастығы болған, қазiр «Ел болашағы» халық қозғалысы қоғамдық бiрлестiгiнiң басқарма мүшесi, республика бойынша ұйымдастырушысы Әдiлғазы Кiшкенебаевпен болған әңгiме желiсi де Желтоқсан көтерiлiсiне арналды.

– Желтоқсан көтерiлiсi кезiнде сiз Алматы қалалық Iшкi iстер басқармасының қоғамдық тәртiптi сақтау бөлiмiнiң бастығы болыпсыз…

– Бұл осы уақытқа дейiн барлық дерек көздерiнде айтылып жүрген секiлдi Колбиндi сырттан әкелiп тағайындаудан басталды. Әуелгi кезде оны елге басшы етiп алып келгенде елiмiзде ұлтшылдық аса байқала қоймады. Өйткенi, Қазақстанда көпұлтты халық тұрып келдi, қазiр де өмiр сүрiп жатыр. Соның салдары тидi, әрине. Сонда да жастар «бiздiң тiлiмiздi, дiнiмiздi, мәдениетiмiздi бiлетiн адам табылмады ма, неге шеттен алып келуi керек» деген наразылығын тудырды. Себебiн бiлгiсi келдi. «Мұндай адам қалай келдi, қазақ елiн неге орыс басқарады» деген сұраққа Орталық комитет жауап берсiн, халық алдында неге ашық айтпайды?»,– деп дүрлiктi. Мiне, бәрi тек осы сұраққа жауап берсiн деген жастардың толқуынан басталып-ақ кеттi. Мұны естiген жоғары жақтың адамдары ештеңеге құлақ аспай, тыңдамады да. Тiптi, «жауап беретiн бұлар кiмдер едi өзi!»,– деп мұрнын шүйiре қарағандары да болды.

– Сол кезде алаңға жиналған жастар тек осы сұраққа жауап берудi ғана өтiндi дейсiз. Сонда Орталық комитет тiл қатса, сiздiңше, көтерiлiс болмайтын ба едi?

– Әу баста алаңға шамамен 40-қа жуық жастар келдi. Олардың аузынан не жаман, бейауыз былапыт сөздер шыққан жоқ. Бар болғаны өздерiн толғандырған жоғарыдағы сұраққа жауап алу болатын. Содан бiр кезде министрдiң бiрiншi орынбасары қабағынан қар жауып, алаңға келдi. Оған: «Жастардың тiлегi осындай, Орталық комитеттен жауапты қызметкерлер азды-кем жауап берсе. Мен сiз келген соң, сiзден асып ештеңе айта алмаймын» дедiм. Осыдан кейiн Эрнест Басаровтың маған берген бұйрығы мынау: «Сен бұл жастарды алаңнан тап қазiр кетiр!» дедi. Мен бетiне қарадым да «қуа алмаймын» дедiм. Бiр кезде қазiргi Желтоқсан, Темирязев көшесiнен бiр топ толқын ағылып келе жатты. Кiлең жастар. Бәрiнiң алған бағыты осы алаң. Оларды тоқтату немесе алаңнан кетiру әсте мүмкiн емес едi. Ешкiм тiл қатып жауап бермеген соң, толқып көшеден-көшеге қарай жүре бердi.

– Осы бiр оқиғаның көтерiлiске ушығып кететiнiн бiлдiңiз бе?

– Жоқ. Алдын-ала да бiлген де, сезген де жоқпын. Бар болғаны Iшкi iстер басқарма кезекшiсiнен «Алаңға халық жиналып жатыр екен, соны сiзге бiлсiн дейдi» деген тапсырма келдi. Содан соң алаңға келдiм.

– Жоғары жақ берген бұйрықтың ығына жығылған жоқпын демекпiсiз…

– Қанша жерден Iшкi iстер мекемесiнде қызмет iстесем де, қазақтың қара көз жастарына қарап, жаным қатты ашыды. Әрине, олардың айтып тұрған сөздерi нақ, дәл болды. Қолдадым. Олар тұрмақ, өзiм де неге Колбин мырзаны қазақ елiне басшы етiп тағайындады екен деген сұраққа iштей жауап iздедiм. Бiзге де айтқан жоқ қой. Тiптi, Д.А.Қонаев басшылықтан алынғанын, Колбиннiң: «Қалғанын бiз өзiмiз шешемiз, сiз демалысқа кете берiңiз» дегенiнен кейiн ғана бiлдiк. Негiзi Д.А.Қонаевқа: «Сiз дереу келiңiзшi, жастарды ақылмен тоқтату керек» деген пиғылмен шақырған екен. Бiрақ оны келгеннен кейiн қабылдамай да қойып, «бiз бәрiн өзiмiз шештiк» дептi. Бұл деген бұйрық берiлiп қойды деген сөз екен. Мәселен, жастар толқынын күшпен басу үшiн Мәскеуден қанша әскери адам әкелу керектiгiн алдын-ала жоспарлаған. Дәл сол күнi Мәскеуден Елисев деген генерал келiп штабты өзi басқарып, ешкiмнiң нұсқауын тыңдаған жоқ. Оның қасында генерал Қалматаев болды. Сонымен не керек, бiр уақытта айқай-шу басталып-ақ кеттi. Алаңға жиналғандар «Менiң Қазақстанымды» айтып, өз елiнiң нағыз патриоты екендiгiн бiлдiрдi. Жауап алмаған толқыған халық қиын ғой. Сол кезде КГБ-дан келгендер жастарды «нашақорлар», «маскүнемдер» деп айып тағып, жұртқа басқаша түсiндiргiсi келдi. Қазақта «Танымасын сыйламас» деген бар емес пе?! Колбин қазақтың менталитетiн қайдан бiледi? Қазақтың қандай халық, ел екендiгiн түсiнбедi де. Ол тек бұйрықты iштей берiп қана отырды. Оның бәрi қағаз жүзiнде жазылмады. Қасына бүкiл орыстың басшысымақ, атқамiнерлерiн жинап алды. Қазақстанның Iшкi iстер министрiнiң орынбасары, генерал Коряковцев, қоғамдық тәртiп сақтау басқармасының бастығы Зюбан болды. Шынын айтқанда, қазақтар бiр бөлек, орыстар өзiнше бөлiнiп жүрдi. Ал қала бойынша қоғамдық тәртiпке жауапты болсам да, менi ешнәрсеге араластырмады, бас сұққызбады.

– Айтқан тапсырманы орындамағаныңыз үшiн қысым көрдiңiз бе?

– Алаңның әр жерiнен жаңғырық пен айғайдың дауысы естiле бастаған. Тура мiнбердiң жанында екi орыс шабарманы қазақтың қызын бас салып тепкiлеп жатыр екен. Қарап тұрып шыдай алмаған соң: «Ол қарғадай қызда нелерiң бар?» дедiм де, екеуiн тоқтаттым. Сөйтсем, тап сол көрiнiстi генерал Коряковцев көрiп қойыпты. Оның үстiне алаңдағы белсендi жастардың қазақша ән айтып, қарсы бағыттан таймай алға қарай ұмтылыстарын суретке түсiрiп алған. Сол бойынша қандай жаза беру керектiгiн алдын-ала анықтаған. Iле-шала менi бiрiншi Алматы жаққа ауыстырып жiбердi. «Мен қалаға жауап беремiн ғой» деп едiм, «Жоқ, сол жаққа Шымкенттен, Жамбылдан адамдар келiп жатыр, бар!» деп тапсырма бердi. Амал жоқ, бұйрықтың адамы болған соң, көндiм де, кете бардым.

Бiр күнi менi шақырып алды. Сөйтсем, менiң қолыммен бiраз қызметкерлердi орнынан алып тастапты. Содан мұндай оспадарлыққа келiспей, ол азамат өз қызметiн дұрыс атқарып келдi, әлi де шамасы жетедi деп едiм, артынан өзiмдi де орнымнан босатты. Қараңыз, «Сендердi құртқан мынау» деп екi ортада менi арандатушы етпек ойы болған. Арым таза. Әдетте қызметтi болған адамда қате қашан да кездеседi. Онсыз мүмкiн емес. Ол қандай қате? Егер ары қарай қызметiмдi жалғастырамын, мансабымды сақтап қаламын дегендер, мұны да пайдаланып кетедi. Бiрақ мен оған көнбедiм.

– Сiз жаңа қазақ қызын бас салып тепкiлеп жатыр дедiңiз. Мұндай сұмдық көрiнiстi жиi кездестiрдiңiз бе?

– Иә. Көбiнесе қазақ қыздарын ұрып-соғып жатқанын, бұрымынан тартып, сүйреп жатқанын көзiм шалды. Айттым ғой, ондай кезде бей-жай қарап тұруың мүмкiн емес. Тура өрiмдей қызбаланы керзi етiкпен аямай тепкiлеп, жатқызып тұрып жон арқасынан ұрғылағанда, ендi масқара! Әйелiм әскери академияда жұмыс iстедi. Дереу оларға да хабар берiп, тез қашыңдар деп айтып үлгердiм. Қолдарына темiр қадауларды, сапер күректерiн ұстаған әскерилердi көрiп, тұра кеп жүгiрiп, жасырынып қалыпты. Бұйрықты орындаушы шабармандар әуелi қыздар мен келiншектерге көрсетпеген қорлықты көрсеттi ғой. Қазақ деген халықтың өсiп-өнбеуi үшiн, ұлт ретiнде жойылуы үшiн бар айла-амалын жүзеге асырып қалды.

– Бұл көтерiлiстiң басталғанын бiлген қазақ жастары Алматыға ағылды дейдi…

– Жан-жақтан келгендердiң санында шек болмады. Шымкент, Жамбыл облысынан көлiкпен, пойызбен жастар келiп жатты. Ешқайсысына да тиiспей, қалаға дейiн шығарып салдық. Олардың бәрi бiрiншi Алматыдан алаңға қарай бет алып, жаяулатып жүрдi. Арасында кiшiсi де, орта жасы да, үлкенi де бар. Кейбiрi осы қаланың өзiнен қосылып жатты. Халық өте көп болды.

– Демек бұл көтерiлiс жалпыелдiк сипат алды ғой…

– Қазiр көтерiлiске қатысқандарды желтоқсаншылар деп жүрмiз. Бұл бүкiл қазақ халқының көтерiлiсi. Неге десеңiз, бұл тек Алматыда ғана емес, Жезқазған, Қарағанды, Семей т.б. көптеген қала орталықтарында да болды. Дереу естiп, себебiн бiлгеннен кейiн ешбiр қазақ қарап қалған жоқ, жер-жердiң бәрi көтерiлiске шықты. Осы жөнiнде кейде бұрмалаушылықтар болып жатады. Оған түбегейлi қарсымын. Сондықтан бұл тек желтоқсандықтардың ғана көтерiлiсi емес, қазақтың көтерiлiсi деп ұғуымыз қажет.

– Желтоқсан көтерiлiсiне қатысты тексеру комиссиясына қатыстырылдыңыз ба?

– Қатыстым. Ол кезде қызметiмдi iстеп жүргенмiн. Бiрақ көтерiлiстен кейiн, бiздi де тексере бастады. Өйткенi, алаңда қазақ қызына жаным ашығаны бар, сосынғы себеп туған жерiм сол кездегi Жамбыл облысының Шу өңiрi болғандығы. Жастардың iшiнен жарқ етiп көрiнген Қайрат та Жамбыл облысының Мойынқұм ауылынан болды ғой. Осы өңiрден шыққанның бәрiн «нашақорлар» деп айыптады. Сонымен не керек, бәрiн жұмыстан, оқу орындарынан босатуға шешiм шығарды. Колбин мырза Грузиядан Романовты шақыртып, қалалық компартияның бiрiншi секретары етiп қойды. Содан қызу тексеру басталды да, менi де жұмыстан шығарды. Үш ай бос жүрдiм. Бұрын бiрге қызмет iстеген азаматтарға «ең болмаса аға көмекшi етiп алыңыздаршы, қызметiмдi iстеп, отставкаға кетейiн» деп едiм, бәрi терiс айналды. Ақырында Iшкi iстер бөлiмiнде бөлiмше бастығы болдым. 1989 жылы М.Шаханов бастаған комиссия құрылды да, менi шақырып: «Сен қорықпайсың ба?» дедi. «Қорықпаймын» дедiм. «Осы жұмысшы топтың мүшесi болсаң қалай қарайсың, тексерсек қалай болады?» – дегенде, «қатысамын»– деп құлшына кеттiм. Бiрақ аяқ-астынан комиссияны жауып тастады. Жабулы қазан жабулы күйiнде қалды. Жоғары жақтан бұйрық келдi ме, әйтеуiр, бiттi, комиссия жабылды дедi. Бiз де аң-таң болдық. Тым болмағанда кiмнiң бұйрығы екендiгiн де айтпады.

– Себебiн екшеп, сұрап-бiлдiңiздер ме?

– Сұрадық. «Болды, бiттi» деумен ғана шектелдi. Сол кезде қолымда куәлiк болды. Соның арқасында Шахановқа кезiнде көптеген құжаттарды алып бердiм.

– Азды-кем болса да, тексерiп үлгермедiңiздер ме сонда?

– Қайдан үлгерейiк. Ол кезде КГБ өте күштi жұмыс iстедi. Кез келген iс-әрекетiмiзге тұсау болды. Әу баста комиссия жұмысын бастаған кезде, өз басым өз жалақым мен қаражатыма Шығыс Қазақстан, Жамбыл облысын, талай жерлердi аралап, шендi мен шекпендiнiң жаналарлығына қарамай осы комиссияны құрған едiк: «Бiзге сiздердiң көмектерiңiз аса қажет, айналайын ағайын айтыңдаршы, балаларыңыз Желтоқсан көтерiлiсiне қатысты ма, жоқ па, қатты соққыдан жарақат алды ма, аман ба?» деп сұрағанымда, ешқайсысы жақ ашпады. «Жоқ, менiң балам қатысқан жоқ, тiптi бiлмейдi де немесе баламыз баяғыда-ақ жоғалып кеткен» деп ешқандай ақпарат бермей қойды. Ал қазiр Желтоқсан көтерiлiсiне – 20 жыл толған кезде жан-жақтан, Жамбыл облысынан, Семейден, Жезқазғаннан жәбiрленгендер хабарласып жатыр.

Қателiк әркiмде де болуы ғажап емес. Қазақ «екi аяқты адам түгiл, төрт аяқты жылқы да сүрiнедi» дейдi.

– Бұл сол кездегi саяси бағыттан қорыққандықтың әсерi болар…

– Әлбетте. Көбi пендешiлiкке салынып, кеселi мен зардабы күндердiң бiр күнiнде тиiп кете ме дедi. Әлi күнге дейiн сол қорқыныш үрейi билеп алған бiздi. Тәуелсiздiкке қол жеткiзiп, дербес мемлекет болсақ та, сол баяғы содыр саясаттың қалдығы көп арамызда. Мемлекеттiк тiл – қазақ тiлiнiң де хал-ахуалы мәз емес. Жоғары басшылықтың лауазымды бетке ұстар тұлғалары әлi де орыс тiлiнде сайрап келедi. Лауазымдылар неден қорқады? Қарсы шықсам, ертең далада қалып қалам деп сескенедi. «Аш бәледен қаш бәлем» деген аталы сөздi берiк ұстанады.

– Комиссияның жұмысы сол күйi аяқсыз қалды ма, әлде қайта ашылды ма?

– Қайтадан ашылды. Жақында Сабыр Қасымов, Төлеген Әлжан бастаған топ тексеру жүредi деп бұл жұмысты бастап едi, бiрақ ашылмай жатып қайта жабылып қалды.

– Бiз бiрде Желтоқсан оқиғасы, бiрде Желтоқсан көтерiлiсi деп жүрмiз. Қайсысы дұрыс?

– Қазiр осыны бәрi шатастыра бастады. Оқиға деп айтуға келмейдi. Егер екi көлiк қақтығысса, сол – оқиға. Бұл – көтерiлiс, халық көтерiлiсi. Тек алаңның өзiнде 20 мыңға жуық халық болды. Ал басқа облыс, қала аймақтарын қайда қалдырамыз? Сондықтан бұл жаппай көтерiлiс.

– Мiне, Желтоқсан көтерiлiсiне – 20 жыл толып отыр. Сiздiңше, тарихи тұрғыдан нақты баға берiлдi ме?

– Менi де қатты күйiндiретiн осы. Ең алдымен Желтоқсан көтерiлiсiне – қазақ халқының көтерiлiсi деп лайықты баға берiлсе екен. Қазақта «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан»деген бар. Жаңармай өзгерiс болмайды. Саяси тұрғыда баға берiледi дегенге сенiмсiзбiн. Жалғыз менiң емес, желтоқсандықтардың өзi солай айтады. Өйткенi, кезiнде бұған қарсы болғандар әлi күнге дейiн жоғары билiктiң барлық тармағында жүр.

– Солардың iшiнен кiмдердi баса айтар едiңiз?

– …

… Сiз осыны ұйымдастырған адам бар екендiгiне сенесiз бе, әлде сенбейсiз бе? Мен сенемiн. Қазiр екеумiз көтерiлiстi бастасақ, көп болса он, жиырма адам ғана жинаймыз. Көрдiңiз бе, бұған тек саясаттың өзi жеткiлiксiз. Бұл кәдiмгi халықтың алдында сол кездегi әжептәуiр тәрбиесi бар, үлкен құқы бар жалғыз бiр адам ғана емес, тек топтасып, ұйымдасып жасайтын нәрсе. Мiне, кенеттен Д.А.Қонаевты орнынан алып тастап, қазақтың өзiн де, тiлiн де менсiнбейтiн Колбиндi тағайындау алдын ала кесiп-пiшiлген шаруа. Сондықтан да шындық ашыла қояды дегенге күмәнiм бар. Жауаптылардың аты аталғанымен осы күнге дейiн еш болмаса бiреуi жауапқа тартылды ма? Жоқ. Бәрi өз қызметiнде, мансабын сақтап қана жүр. Қазiрдiң өзiнде көп адамдар шикiлiгiн көрсетiп -ақ келедi. Көптiң iшiнде небiр пенде болған соң аласы да, қарасы да iшiнде.

– Сiз кiмдер туралы айтып отырсыз, анығын бiлуге болмай ма?

– Осында «Ойбай мен Желтоқсан көтерiлiсiне қатыстым» деп қайта-қайта жер сұрап, үй алып жатқан бiлектiлер бар. Оны анық бiлмегеннен кейiн ештеңе айта алмаймын. Бiрақ бiз депутаттық сауалдар қойып, құжаттарын қарап, бiр басына қанша үй алды, кiмге заңды түрде алып бердi деген сияқты жайттарды тексерiп, әшкерелеп, бәрiн су бетiне шығарып, содан кейiн ұйымдардың басын қосып, «алға бастырамыз» ғой.

– «Ел болашағы» халық қозғалысы қоғамдық бiрлестiгi Желтоқсан көтерiлiсiнiң 20 жылдығына орай нендей шараларға мұрындық болуда?

– Бiздiң алға қойған мақсатымыз – Қазақстанның түкпiр-түкпiрiнен Желтоқсан көтерiлiсiне қатысып жәбiр көрiп немесе мүгедек болып қалғандарға, отбасының әлеуметтiк жағдайы сын көтермейтiндерге 20 жыл деп қарап қалмай, әр уақытта қолұшын беремiз. Олардың басын бiрiктiрiп әкiмшiлiк атынан не өз тарапымыздан болсын, желтоқсандықтарға жан-жақты көмек көрсетуге тырысамыз. Сондай-ақ, «Бiз, бiз!» деп кеудесiн қағып, пайдасын көрiп жүрген 15-20 адамды тәртiпке келтiремiз.

– Өзiңiз айтқандай, «Ел болашағы» халық қозғалысы қоғамдық бiрлестiгi де желтоқсандықтарды ұмытпайды. Осы секiлдi бiрнеше ұйым, қозғалыс бар. Олардың жасап жатқан тiршiлiктерi айқын ба?

– Қателеспесем, Желтоқсан көтерiлiсiне қатысты 7 ұйым бар. Ашығын айтсам, айналасына 5-6 адамды жинап алып, өздерiнiң жағдайын жасаумен шұғылданады. Басқа түк те емес.

– Желтоқсан көтерiлiсi кезiнде жастардың ар-намысының биiк болғанын жас ұрпаққа кеңiнен насихаттауға байланысты не атқарылып жатыр деп ойлайсыз?

— «Аллажар» фильмiн түсiруге де қатыстым. Талантты режиссер – Қалдыбай Әбенов түсiрген бұл фильм әзiрге дейiн Үкiмет тарапынан қолдау таппады. Сондай-ақ фильмдi сыртқа шығармақ түгiл, елiмiздегi мемлекеттiк арналардан көрсетуге қолұшын бермегенi тағы бар. Ал ендi 20 жылдыққа деректi фильм түсiремiз дедi де, оны Қалдыбайға емес, басқа режиссерге табыс етiптi. Неге мұны Желтоқсан жайында хабары жетiк, оның үстiне мұның алдында «Аллажарды» тәп-тәуiр түсiрген Әбеновке тапсырмасқа?! Менiңше, бұл деректi фильмдi де Қалдыбай жарыққа шығарса, басқаша болар едi.

– Ал оқулықтарда ше?

– Ешбiр оқулықта немесе әдеби шығармада Желтоқсан көтерiлiсi айқын көрiнiс таппаған. Байқауымша, Желтоқсан көтерiлiсi туралы жазып жатқандар көп. Бiрақ қандай құжаттарды негiзге алып жатқандарын ешкiм бiлмейдi. Әйтеуiр жазып үйренгендер өзiнiң қиялымен сыдыртып жазып шығады. Ендiгi бiреулерi ана жерден бiр, мына жерден бiр жұлып алады да, құрастырады. Сосын күнi бүгiнге дейiн бұл көтерiлiске аса мән берiлмеген. Кейбiр оқулықты қарап шықсам, түсiнiксiз, әр жерден жұлып жалғай салған. Мұндайдан оқушы не ұғады? Олар тұрмақ, бiлiмдi адамның өзi не оқып отырғанын түсiнбей қалады. Сол себептен бiздегi оқулықтарды қайтадан қарап, тексеру керек. Бұл үлкен мәселе. Егер Шаханов «Желтоқсан» эпопеясын жазып шықса, оқулыққа осыны пайдаланса болады ғой деп ойлаймын. Өйткенi, бүкiл құжаттың бәрi осы кiсiде. Сондықтан оқиғаны нақтылы рет-ретiмен баяндайтынына күмән жоқ.

– Сол кездегi жастардың бойындағы рух пен намыс жаңа ғасырдың жастарында бар ма?

– Өз басым қай уақытта болмасын, жастарға сенемiн. «Аға, былай жасасақ қалай болады, бүйтсек ше?» деп ашық пiкiрiн ортаға салып жатады. Iшiнара кездеседi. Ондайлар таза қаланың баласы. Не орыс емес, не қазақ емес. Олардың түсiнiгi де басқаша. Құдайға шүкiр, күннен-күнге қазақтың рухы көтерiлiп келе жатыр. Қазақтан Бауыржандай батыр, әл-Фарабидей ғұлама, Абайдай ұлы ақын, Әлия мен Мәншүктей қос батыр қызымыз, күнi кеше Қайрат пен Ләззаттай ержүрек ұл-қыз туылса, бүгiн де, ертең де туыла бермек.

Әңгімелескен Динара Мыңжасарқызы

Серіктес жаңалықтары