ДИРЕКТОРЛАР КЕҢЕСI… МҮШЕЛIККЕ КIМДI ТАҢДАР ЕДIҢIЗ?

ДИРЕКТОРЛАР КЕҢЕСI… МҮШЕЛIККЕ КIМДI ТАҢДАР ЕДIҢIЗ?

ДИРЕКТОРЛАР КЕҢЕСI… МҮШЕЛIККЕ КIМДI ТАҢДАР ЕДIҢIЗ?
ашық дереккөзі
340

Астанада топ-менеджерлер бас қосты. «Самұрық» холдингi бастап, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы қостап, мұнай-газ, қызмет көрсету салаларының басшылары «Қызметкердiң мотивациясы. Бизнестi жүргiзудiң әлеуметтiк жағы» деген конференцияның өтуiне мұрындық болды. Конференцияның аты айтып тұрғандай-ақ, топ-менеджерлер жиналып, өздерi басқаратын компанияларға қызметкерлердi қалайша жұмысқа тартатыны, әлеумет алдындағы жауапкершiлiгiн қай тұрғыдан орындайтындығы жайлы ойларымен бөлiстi, пiкiр алмасты.

КОМПАНИЯДАҒЫ ЕҢ МАҢЫЗДЫ АДАМДАР…

Конференция қызықты басталды. «Самұрық» холдингiнiң атқарушы директоры Сауат Мыңбаев ортаға шығып, жиналғандар алдында (200-дей кiсi) жиылыстың «пердесiн ашып беруi» тиiс едi. Алайда, ауа-райының қолайсыздығына байланысты Алматыдан Астанаға қарай ұшағы ұшпай қалды ма, жоқ әлде, өзге де себептерi болды ма, әйтеуiр Мыңбаев мырза келмей қалды. Оның келмегенi де дұрыс болды ғой деймiн, өйткенi, ол кiсiнi алмастыру үшiн лауазымы Мыңбаевтан да жоғары, «Самұрық» холдингi Директорлар кеңесiнiң төрағасы Ричард Эванс мiнбеге көтерiлдi. Иә, иә, сол Эванс. Бiз, «Самұрықты» неге шетелдiкке басқартады?»- деп, қызметiне кiрiспей жатып, талқылап тастаған, ағылшын корольдiгiнiң азаматы Ричард Эванс.

Расын айту керек, Эванстiң бойынан батыс тәрбиесiн көргенi айқын аңғарылып-ақ тұрды. Қазақстандағы ең мықты топ-менеджердiң (лауазымы жөнiнен, негiзi, Р.Эванс премьер-министрден еш кем емес десек, қателеспеймiз. Өйткенi, ұлттық компаниялардың бәрi соның қол астында ғой) алдымен киiм киiсiнен бастайық. Бiздiң шенеунiктер секiлдi, үстiндегi жабудай болып көрiнетiн қара костюмдi бұл кiсiнiң үстiнен аңғармадық. Обалы не керек, мойнын қылғындырған, шоқпардай галстуктi Эванс те тағып алыпты. Алайда, жүрiсi, қимылы ширақ. Бiздiң шенеунiктер секiлдi әрең қозғалатындардың қатарынан емес екен. Жиылыстың шымылдығын да Эванс қызықты сөздермен ашты. «Мыңбаевтың келмегенi маған дұрыс болды. Өйткенi, өзiмдi таныстыратын болдым» дейдi ол әзiл араластырып. Конференцияның тақырыбы адами ресурстарға қатысты болғандықтан, былай дейдi: «Мен талай компанияны басқардым. Сонда қызметкерлерiмнен компаниядағы ең маңызды адам кiм деп сұрайтынмын. Барлығы дерлiк, атқарушы директор мен қаржы директорын иегiмен нұсқайтын. Ал мен болсам, ондай пiкiрлерiмен келiсе алмаймын. Компаниядағы ең маңызды адамдар—операторлар, телефонға жауап берiп, қабылдау бөлмесiнде отыратындар және жүргiзушiлер. Өйткенi, сырттан келген адамның көзiне ең алдымен осы қызметкерлер iлiгедi. Сондықтан да, компанияның имиджiн қалыптастыратындар да осылар» — дейдi «Самұрықтың» топ-менеджерi. Әрине, Эванс мырзамен толық келiсер-ақ едiк, бiрақ та… оның бұл пiкiрiн батыс компанияларындағылар дұрыс түсiнбеген болса, бiздегi компаниядағылар қайдан түсiнсiн. Эванс мырза қызметкердiң көңiлiне қарауды да қаперге алады екен. Бiздiң компанияларда қызметкердi адам ретiнде көрушiлердiң аз екенiн назарға алсақ, қателеспеймiз. Компанияда iстейтiн кез келген адамның жеке таңдау мүмкiндiгiнiң үлкен еместiгiн, пiкiр бiлдiрген кезде «оныңды қоя ғой, өзiмiз шешейiк» дейтiн тойтарысқа кезiгетiнiн айтудың өзi артық. Мейлi, тақырыптан ауытқымайық, бiр сөзбен Эванс пiкiрiнiң әзiрше бiздегi компанияларға жетуiне ұзақ уақыт керек секiлдi.

Айтпақшы, конференцияның өн бойында Эванс мырза мiнберге шыққандарға қарап аңырып отырды.

ӘЛЕУМЕТТIК ЖАУАПКЕРШIЛIК: «ҚАЗМҰНАЙГАЗДЫҢ» АЙТАРЫ БАР

Шынын айту керек, бизнес, оның iшiнде де жаһанды жалпағынан кешiп жүрген бизнес өкiлдерiн әлеумет алдындағы қарыздары аса көп алаңдата бермейдi. Бiрақ, «ҚазМұнайГаз» туралы олай айтсақ, асылық болар. Осы компанияның бiрiншi вице-президентi Жақсыбек Құлекеев: «Жыл бойында әлеуметтiк жобалар үшiн бiз 1 млрд. АҚШ долларын жұмсадық» дейдi. Аз ақша емес, әрине. Ол ақшаға мектептер, ауруханалар, мәдениет үйлерi салыныпты. Құлекеев мырза бұған қоса, «ҚазМұнайГаздың» адами ресурстарды қалай пайдаланатындығына да тоқталды. «Компания қызметкердi дамытудың бiрегей орталығын ашты. Әртүрлi оқу орталықтарымен ұйымдаса жұмыс iстеймiз» дейдi ол.

ӘР АДАМ ӨЗ РЕПУТАЦИЯСЫН ОЙЛАСА

Конференцияға қатысушылар адами ресурстар жайлы, компанияның басқару әдiстерi жайлы қызықты ақпараттар да айтты. Мәселен, «Amrop Hever Group» компаниясының өкiлi Андреа Уайн қазiргi кезде компания немесе корпорацияны басқарудың кең таралған түрi «директорлар кеңесi» модулiнiң бүге-шiгесiн ашып бердi.

Сөйтсек, директорлар кеңесi деген модульден өзге форма әлi табыла қоймапты. Бұл форманың өзi әр елде әрқалай қолданылады екен. Немiс және скандинав үлгiсi бойынша, директорлар кеңесi көбiнесе, ақылдасатын орган ретiнде жұмыс iстейдi екен. Әрi, ол орган кәсiподақпен кеңесiп отырады. АҚШ-та, компаниялар осы үлгi бойынша басқарылғанымен, компанияның басшысын бас директор деп атайды. Бiрақ, оның өкiлеттiгi шырқау шегiне жете бермейдi. Яғни, мансап иесiнiң өкiлеттiгi шектеулi. «Қазiргi күнi Ұлыбритания үлгiсi бойынша басқару iсi дамып келе жатыр» – дейдi Андреа Уайн. Уайн ханымның «ТМД елдерi бойынша директорлар кеңесiнiң қалай жұмыс iстейтiнiн» айтқаны тiптi қызықты болды. ТМД рыногiн зерттеушiлер осы үлгiнiң жұмысына «Мұнда көңiлге қонымды да, көңiлдi қалдыратын фактiлер де бар» деп қорытынды жасапты. Ресей мен Қазақстанның бизнесiне директорлар кеңесi деген ұғым ұнап қалған ба, әйтеуiр осы форманы дереу арада өз көрпелерiне сай пiшiп алыпты. Өзге елдер туралы айтудың да қажетi жоқ дейдi ол. Алайда, кеңестегi директорлардың өзiне аса көңiл бөлiнбейдi. Көңiл бөлiнетiн жерлерде директорларға қорқынышпен қарайды. Көрпенi өзiне қарай тартып кетедi деген дүдәмал ой бар екен. Яғни, ең алдымен «олар кiмнiң мүддесiн қорғамақ» деген сауал туындайды. Андреа Уайн ханымға бұл жайт түсiнiксiздеу көрiнгенiмен, бiздiңше, таң қалатындай ешнәрсесi жоқ. Түсiнiктi жайт. Қашанда сезiктене қарау, жан-жағын бүркемелеп алу, айналасына өз мүддесiн қорғайтындарды жинап алу, өз командасындағылардан өзгелердi жатқа балау бiздiң жүйедегi бизнес үшiн қалыпты жағдай. Директорлар кеңесiне өз адамдарын кiргiзу де осы қорқыныштың көлеңкесiнен болар. Сенбесеңiз, Қазақстандағы кез келген iрi компаниялардағы директорлар кеңесi жүйесiн сараптан өткiзiп көрiңiз. Директорлар кеңесiнiң төрағасы отағасы болса, мүшелерi отанасы, баласы, қызы, ағасы, iнiсi, туысқаны, жақын жолдасы тағысын-тағылар болып жалғаса бередi.

Айтпақшы, акциялар пакетiнiң белгiлi бiр бөлшегi шетелдiктердiң үлесiне берiлген компанияларда мұндай жайтты кездестiрмеуiңiз де мүмкiн. Бiрақ, бұл арада да бас ауыртудың қажетi жоқ. Бiздiң бизнесмендер мен топ-менеджерлер оффшорлық зонада компанияны есептен өткiзiп, мұнда инвестор етiп әкеле салудың да әдiстерiн меңгерген. Мiне, осы жайттың бәрi жиналып келгенде, елдегi директорлар кеңесi формасының «аса қызықты» түрде дамып жатқанын көрсетедi.

Андреа Уайн тәуелсiз директорлар кеңесiн құру жөнiндегi мысалдармен де бөлiстi. «ҚазМұнайГаздың» құрамындағы «ҚазМұнайГаз Барлау Өндiру» компаниясы осы бiр формаға, яғни, тәуелсiз директорлар кеңесi деген модульге жүгiнбек секiлдi. Бұл бiздiңше, өте құптарлық жағдай.

Тағы бiр маңызды жайт: осы конференцияда «Кез келген жанның ақпаратқа қолы жететiн қоғамда адам өз репутациясының жаман болмауына көңiл бөледi» деген ой айтылды. Ойдың авторы бiз цитата келтiрiп отырған Андреа Уайн. Бiзге, бұл—ойдың төресi секiлдi болып көрiндi. Айтайын дегенiмiз, қазiргi күнгi ахуалды есепке алғанда… Бiзде, қолында билiгi бар кез келген адамның артынан әйтеуiр бiр сөз жүредi. Ең қызығы, ол адам артынан ерген сөздi құлағына да iлмейдi. Әлде, iлгiсi де келмейдi. Яғни, сол сөзге назар аудармадың-ау деп, оны жауапқа шақыратын қоғамды әлi қалыптастыра алмай отырмыз. Болмаса, мысалға делiк, министрлер кабинетiндегi белгiлi бiр жанның белгiлi бiр топтың сойылын соғатындығынан көп адам хабардар. Бiрақ, ол шендi үн шығармайды. Болмаса, бiр шендiнiң коррупцияға белшесiнен батып қалғанын, қаншама салада дүние жасап тастағандығын көп адам бiледi.

Болмаса, бiр облыстың басшысы, банктiң басшысы, компанияның басшысы, депутат, тағысын-тағылар болып жалғасып кете барады… Алайда, ешкiм үн қатып, «Әй бұл олай емес едi. Бұлай едi» деп жауапқа тартылмайды. Ең қарапайымы, кiсiнiң қаны төгiлiп жатқанда, «Дәу де болса, осы сезiктi» деп басылымдар жазып жатады. Бiрақ, ол сезiктi тiптi, мәлiмдеме жасап, ақталуды да бiлмейдi.

Негiзiнен, «жаным арымның садағасы» деп iлуде өзiне қатысты ақпарат айтылса, оны не жоққа шығаратын, не болмаса мойындайтын бабаларымыздан қалған дәстүр тiптi жойылып кеткен секiлдi. «Еуропалық стандартқа өтемiз» деймiз. Сол Еуропаның өзiнде, намысын қорғау үшiн (немесе өзiне таңылған ақпаратты жоққа шығару үшiн) өмiрiмен қош айтысатын дуэль деген нәрсенiң болғанынан бәрi хабардар. Қазiргi күнi Еуропаның не АҚШ-тың шендiсi өзiнiң кесiрiнен елiнде бiрнәрсе орнай қалса, соңын күтпей не отставкаға шығады, не болмаса, өзiн ақтап алу үшiн үлке-е-е-ен-н-н-н жұмыс iстейдi. Ал бiздiң шендiлердi әлi күнге дейiн «ит үредi, керуен көшедi» дегендей өмiр салты сақтап тұр. Яғни, ашықтық жоқ.

Ақпаратқа кез келген жанның қолы жетiп, әр адам өз репутациясының жаман болмауына көңiл бөлетiн қоғам орната алмай отырмыз. Сол заманды қашан келтiредi екенбiз?

Гүлнәр Мұқанова

Серіктес жаңалықтары