«ҰЛЫТАУ» "ЖҰМЫР ҚЫЛЫШПЕН" ТАҒЫ БIР БАЙҚАУДЫ БАҒЫНДЫРДЫ!

«ҰЛЫТАУ» "ЖҰМЫР ҚЫЛЫШПЕН" ТАҒЫ БIР БАЙҚАУДЫ БАҒЫНДЫРДЫ!

«ҰЛЫТАУ» "ЖҰМЫР ҚЫЛЫШПЕН" ТАҒЫ БIР БАЙҚАУДЫ БАҒЫНДЫРДЫ!
ашық дереккөзі
363

"Ұлытау" ерледi. "Жұмыр қылыш" күйi домбыра шегiнен төгiле жөнелгенде Республика сарайы дүр сiлкiндi. Сахнаның төрiнде – "Жұмыр қылыштың" бейнеклипi. Бер жағында арқанға мiнiп-ап қыз бен жiгiт қалықтап ұшып жүр. Үстерiнде – ұлттық нақыштағы киiм. Қолдарында – жұмыр қылыш… Әсерлi көрiнiс. Күй дэкко бағытында әрленсе де, гитар мен скрипканы баса озып, домбыра алға жетелейдi. Адамды ерiксiз тебiрентiп, рухты көтерiп домбыра үнi құлақты жарып, бойды шымырлатып барады… "Ұлытаудың" көптеген музыкалық байқауларда жеңiмпаз атанып жүргенi де тектен-тек емес. Бар мәселе – рухта. Қазақ рухын домбыра асқақтатады!

Таяуда Республика сарайында "Сеймар Social found" компаниясының демеушiлiгiмен "Музыкальная фишка" атты Ұлттық премияның тапсыру рәсiмi болып өттi. "Ұлттық" деген аты болмаса, заты орысша байқаулардың бiрi. Әйтеуiр, концертте Қарақат, "Ұлытау", Батырхан Шүкеновтер өнер көрсетпегенде, мұны "ресейлiк байқау" деп атауға толықтай негiз болар ма едi дейсiң iштей. Байқауды теле-жүргiзушiлер басынан аяғына дейiн орысша жүргiздi. Кiм бiледi, көрермендер болмағанда, бәлкiм, "Ұлттық премияның" басы-қасында жүргендер орысша ғана ән шырқайтын әншiлердi таңдап отыра берер ме едi… Әйтеуiр, байқау қожайындарының мемлекеттiк тiлге деген немқұрайлы көзқарасы осындай ойға жетелейдi. Айтпақшы, заң бойынша мемлекеттiк тiлде шығатын көрсетiлiмдер өзге тiлде шығатын көрсетiлiмдердiң жиынтық көлемiнен кем болмауы тиiс. Бiрақ бұл заңға пысқырып жатқан кiм бар?! Әйтеуiр, "31 телеарнадан" түлеп ұшқан байқау қазiрше орысша ғана шүлдiрлейдi.

Қазақстан көрерменi қазақ әнiне тәнтi. Қазақ әнi мен қазақ күйiне – тыңдарманның сұранысы жоғары. "Музыкальная фишка" байқауының талабы бойынша, көрермендер Қазақстанның Үздiк он әнiн таңдауы керек едi. Байқау қорытындысы бойынша, Үздiк әндердiң алғашқы сапында қазақ ән-күйлерi тұрды. Олар – "Ұлытау" тобының "Жұмыр қылыш" күйi, Батырхан Шүкеновтiң – "Сағым дүние", Қарақат пен Қыдырәлi Болмановтың – "Айналайын" әнi мен Мақпал Исабекованың "Аяла менi" әндерi. Сондай-ақ, үздiк ондыққа "Мюзикола" тобының – "Шаги у порога", "JCS"-тiң – "Мой дом", "Тринидад" тобының – "Мой путь", Батырхан Шүкеновтiң – "Твои шаги", Парвиз Назаровтың – "Мерси" әнi мен "Аномалия" тобының – "Желтая" әндерi кiрдi. Бiр айта кетерлiгi, аталған байқауда жеңiмпаз атанған топ немесе әншi бейнеклип түсiрiп, Ресей телеарналарында насихатталуына қол жеткiзуi тиiс. Осы орайда Қазақстан атынан орысша ән айтып, орыс әндерiнiң Отанын бiздiң әншiлер немен таңдандырғысы келген екен?! Әрине, Ресейдi қазақ әнiмен таңдандыру мүмкiн. Бiрақ орысша әндер оларда бiзсiз-ақ жетiп артылады. Жетiп артылғанда, нағыз сапалы да орысша әндердiң бесiгi – Ресей эстрадасы. Сондықтан "Ұлытаудың" жеңiсi өте әдiл де әдемi жеңiс болды?! Егерде концертке өзге топқа дауыс берем деп келгендер болса, бұл райынан қайтып, "Ұлытауға" дауыс бере бастады. Себебi нағыз сапалы да үздiк жобаға дауыс бермеу – өнерге деген қиянатпен пара-пар емес пе?! "Ұлытау" күй тартқанда, қазақ түгiлi өзге ұлт өкiлдерi бiр орында отыра алмай, тебiренiп, толқып кеттi. Әйтеуiр көпшiлiк "Ұлытауды" қолдады. "Жұмыр қылышқа" тәнтi болды, өнерлерiне бас идi. Осылайша, Қыдырәлi Болмановтың жобасы үздiктердiң қатарынан топ жарып, жеңiске қол жеткiздi.

Байқау шарты бойынша, жалпы сыйақы қоры 320 мың доллар қаржыны құрайды екен. Оның iшiнде Бас жүлде жеңiмпазы клип түсiрiп, оны Ресей телеарналарына шығаруға 270 мың доллар сыйақы мен "Музыкальная фишка" деген медальға ие болды. Әрине, "Ұлытау" тобы Ресей эстрадасын бағындырумен шектелiп қалмақ емес. Жобаның бұдан да асқан мақсаттары бар: Қазақ күйiн әлемдiк деңгейде насихаттап, домбыра үнiн төрткүл дүниеге тарату. Содан болар, аталған байқауда Үздiк атанған "Ұлытаудың" жеңiсiн бiз қазақ ән-күйiнiң жеңiсi деп бағаладық.

Серіктес жаңалықтары