Шырын Өсер Әжiқызы: КӨЗБЕН КӨРДIК, ЖYРЕКПЕН СЕЗДIК

Шырын Өсер Әжiқызы: КӨЗБЕН КӨРДIК, ЖYРЕКПЕН СЕЗДIК

Шырын Өсер Әжiқызы: КӨЗБЕН КӨРДIК, ЖYРЕКПЕН СЕЗДIК
ашық дереккөзі
206

Тәуелсiздiк дегенде Желтоқсан көтерiлiсiн тiлге тиек етпеу мүмкiн емес. Биыл жылдағыдай емес, Желтоқсан көтерiлiсiнiң құрбандарын еске алу мен желтоқсандықтардың ерен ерлiгi туралы көптеп айтыла бастады. Желтоқсандық атына лайық батырдың бiрi – Шырын Өсер. Өзi ер мiнездi батыр апайдың құрқылтайдың ұясындай баспанасын имене аттадым. Бойымда рух сезiмi ерекше бұрқ еттi. Желтоқсан ұлт-азаттық көтерiлiсi зерттеу орталығының директоры Шырын апаймен әңгiмемiз тек Желтоқсан көтерiлiсi жайында өрбiдi.

– Желтоқсан көтерiлiсiне қалай тап болдыңыз?

– Негiзi Алматыға жылдық қорытынды есеп беруге келгенмiн. Сол кездегi Қазақ телерадио комитетiнiң директоры Сағат Әшiмбаев ағаны ұстаз әрi пiр тұтатындықтан, жыл аяғында өзiм келiп, есеп берiп, келер жылға бағыт-бағдар, тапсырма алып қайтатынмын. Ол кiсi өте ұлтжанды азамат едi. Дәл осы қасиет менiң бойымда да болғандықтан бiздiң пiкiрiмiз әрдайым сабақтасып жататын. Партияның қылышынан қан тамып тұрса да, көбiне хабарды, сұхбатты қазақша берiп, қазақтың салт-дәстүрiн насихаттауға тырысып бақтық. Сонымен, ол кiсiнiң қабылдауына 17 желтоқсан күнi сағат 10-ға жазылдым. Өзiм ақпарат құралында iстесем де, соған дейiн ештеңе бiлмеппiн. Таңертең алаңда ешкiм болмады. Жұмысымды бiтiрiп, қайта шықсам, алаңның әр жерiнде топ-топ болып тұрған жастарды көрдiм. Ал жаңағы ғимараттың есiгiнiң алдында әскери киiнгендер қаптап тұр. Өтiп бара жатсам, менi ұстады. Аң-таңмын. «Менi неге ұстайсыздар, жай ма?» деп орыс тiлiнде сұрадым. Маған «Вы кто?» дедi. «Шымкенттен келген журналиспiн!» деп едiм, «онда сен арнайы ұйымдастыруға келгенсiң!» деп бекер ұстамаған екенбiз деген кейпi танытты. Ендi қайтемiн деп тұрғанда бiр топ студент жастар «Тәте, қашыңыз!» деп айғай салды. Iшiм бiр бәленiң болғанын сезсе де, оның үлкен саяси жағдай екенiн түсiнбедiм. Сонымен Желтоқсан көшесiндегi үйлердiң арасымен қашып отырып, кешкi сағат 5-ке таман студияға бардым. Ондағы мақсатым – алып келген материалдар мен жұмыстарды тапсырып, редактордың тiркеуiнен өту. Сөйтiп iшке енсем, бүкiл редакторлар мен техникалық режиссерлердi әскери киiнгендер алдына салып айдап келе жатыр. Мұны көрiп, қайта қашпақ болғанда есiк алдынан маған кiсен салды. Әрiптестерден «Не жағдай?» деп сұрайын десем, ауыз аштырмады. Әрқайсымызға бiр жендет. Айдап алаңға әкелдi. Бiраздан соң бiздi әскерилер көптеп қоршай бастады. Мiнбердiң оң жақ қапталында тұр едiм, бiр милиция жiгiт «Сiзге неге кiсен салған?» деп сұрады да, жауабымды тыңдар-тыңдамас «ешкiмге айтпаңыз» деп қолымды босатып кеттi. Содан не керек, алаңдағылардың айқайынан Д.А.Қонаевты қазақ халқымен санаспай, 18 минөт iшiнде алып тастағанын, орнына бұдан бұрын Грузия республикасында хатшы болған, бiздiң елiмiзде тұрмаған, қызмет етпеген, жағдайды бiлмейтiн, қазақ халқы бетi-жүзiн танымайтын Г.В.Колбиндi республиканың бiрiншi хатшысы етiп тағайындалғанын бiлдiм. Орталықтың мұндай әкiмшiлдiк-әмiршiлдiк өктемдiгiн, әдiлетсiздiкке жандары қас жастар сезiнiп, бiрiншi көтерiлдi. Бұл жағдайдың халықтың намысына тиерлiк, ұлттық кемсiтушiлiкке жататындығын да ұғынды. Алаңдағы жастар қолдарына «Қазақ елiне бостандық!», «Әр ұлттың өз көсемi болуы керек!», «Жасасын Қазақстан!», «Бiз, қазақ, ежелден еркiндiк аңсаған» деген ұрандар мен транспоранттарды көтере бастады. Әлгi құрсауда тұрғанда жап-жас қазақ қызы өтiп бара жатыр едi. Бiр жендет бұрымынан тартып, құлатты да, қолындағы қолшоқпармен ұрып «Қазақ деген халықты жер бетiнен жою керек!» деп тiкелей аналығынан тепкiлеген кезде өзiмдi ұстай алмадым. Дәл осы көрiнiстi көргеннен кейiн төрт қатар құрсауда тұрған мен жендеттерге қарай ұмтылып: «Неге мұндай бассыздыққа жол бересiңдер, қой дейтiн ешкiм жоқ па?» деп араларынан өтiп жоғары баспалдаққа шыға бергенде, бiреуi артымнан қуып кеп қалқанымен дүрс еткiздi де, аяқпен тептi. Сонда құлап жатып байқағаным, солдаттардың етiгi мен киiмi ине жiптен жаңа шыққандай. Сақадай сай. Бiлмеймiн, омыртқама зиян тидi ме, шалқамнан түсiп сұладым. Әйтеуiр есiмдi жиып, көзiмдi ашсам жастардың ортасында талға сүйенiп отыр екенмiн. Бәрi «Сiзге не болды?» деп әр жерден жамырап жатыр. Түсiнбедiм. Сөйтсем, аласапыран басталып кеткендi пайдаланып менi олар Фурманов көшесiне қарай алып келiптi. Кiшкене демiмдi алып, жастармен бiрге Весновкаға қарай жүгiрдiк. Беталысы бiз жақ болған тағы бiр топ жастарды қолдарына сапер күрегiн ұстаған сарбаздар күтiп алып, екi қазақ жiгiтiн соққыға алды. Бетi қан жуып кеттi. Бiз де тоқтай алмадық, қолымызда ештеңе жоқ болса да, төрт-бесеуiмiз бiр солдатты ұруға әрекет жасадық. Алаңдағы ұл-қыздарды мынаның жасы үлкен, кiшi екен деп қарағанымыз жоқ, бәрiне көмектестiк. Тек қазақ болса болды, сүйреп алып шығуға күш салдық.

– Жарақаттанған, медициналық көмекке зәру болған қазақ жастарына еш көмек көрсетiлмедi ме?

– Алаңға жедел-жәрдем келдi, бiрақ әшейiн қолы-басы жырып кеткен, жеңiл жарақат алған шендiлердi ғана әкетедi, соларға жедел-жәрдемiн бередi. Ал жерде домалап, қанға жуылып жатқан қазақ жастарын адам деп қарамады. Әбден күйiнгендiктен қанымыз басымызға шауып, одан да аударып тастағанымыз жақсы деп, екi жедел-жәрдем көлiгiн қаңтарып тастадық. Бұдан кейiн алаңның бас жағында жастар тағы екi автобусты жағып жiбердi. Содан не керек, бiздiң құрсауды бұзуға күштерi жетпей, бiздi алаңнан кетiре алмайтындарына көздерi жеткен соң күшпен тарқату, қамауға алу әрекетi басталды. Көшеге су шашатын жиырма шақты көлiктер алаңға шығып, шерушiлердiң үстерiне атқылатып, қабаған иттердi босата бастады. Есiмде, сол күнi 20 градус аяз болатын. Қалжырап, жаураған жастарға су шашқан кезде судың ағысы 10-15 метрге лақтырып жiбердi. Үстi-басы су болып, дiрiлдеген олар естерiнен айрылып құлап жатты. Тiптi жерде сұлап жатқандардың киiмдерiн шешiп тастап, үстiнен суды боратқан милиция қызметкерлерi көлiктерге малша тиедi. Естуiмiзше, көтерiлiс кезiнде жастарды әл-Фараби даңғылымен Каменка поселкiсiне қарай, екiншi колонна Қаскелең қаласының төңiрегiне,сондай-ақ Райымбек, Путь Ильича поселкiлерiне апарып жұрт көзiнен таса қылып, жартылай жалаңаш күйiнде үлкен шұңқырға топырлатып тастап, тез арада бетiн жауып отырған екен. Мына ТЭЦ-тiң маңында да сондай бар деп естiдiк. Бiрақ оны зерттеп көрген жоқпыз.

БIЗДIҢ МАҚСАТ-МҰРАТЫМЫЗ – ҚАЗIР ЖЕР БАСЫП ЖҮРГЕН ЖЕЛТОҚСАНДЫҚТАРҒА ӨЗ ДЕҢГЕЙIНДЕГI МӘРТЕБЕСIН БЕРУ

– Жаңадан құрылған «Желтоқсан ұлт-азаттық көтерiлiсi зерттеу орталығының» директорысыз. Мұны зерттеуге мүмкiндiк бар ма?

– Өзi аты айтып тұрғандай, бiз зерттеймiз. Әлi де бiздiң бiлмейтiнiмiз көп. Тiрiдей көмiлген жастар туралы мағлұмат жоқ. Ол қай жерде, оның ата-анасы кiм, туған жерi қай ауыл, қайсы оқу орнында оқыды деген сияқты. Алаңға өз еркiмен келген азамат па, әлде келмей тұрып қысым көрдi ме? Соның бәрiн зерттеуiмiз керек. Бiрталайы құрбан болса да, оның ата-анасы, бауырлары, тiптi, артында қалған бала-шағасы бар шығар. Әрине, Үкiмет тарапынан қолдау болып жатса, қыршындай жас кеткен құрбандардың көре алмай кеткен жақсылығын, қалған ұрпағына жасап, рухын көтерсек деген ойымыз бар. Алға қойған жұмыстар өте терең. Әлi де КГБ есiгiн ашпай отырғандықтан, көп құжаттарға қолымыз жетпей жатыр. Бұрынғы шендi мен шекпендiлердiң көбi билiк маңында жүр. Жақында жоғары оқу орындарының бұрынғы архивтерiн ақтарып, қандай студенттер оқығанын, қазiр бар ма, жоқ па деген зерттеу жұмысын бастадық, нәтиже болмады. Ректорларына айтсақ, «Мен бұрын iстеген емеспiн, кейiннен келдiм» анау-мынау деп әйтеуiр жалтарса да, кiргiздi, бiрақ ештеңе табылмады. Мүмкiн, бұлардан бұрын КГБ реттеп, өртеп кеткен шығар. Бiздiң мақсат-мұратымыз – қазiр жер басып аяғымен жүрген желтоқсандықтарға өз деңгейiндегi мәртебесiн беру. Ал осы күнге жетпей ел, жер, ұлт, тәуелсiздiк үшiн күресiп бақыл болған азаматтардың ұрпағына мақтаныш сезiмiн егiп, олардың оқыған мектебiне тақтасын iлiп, туған жерiнен көшелердiң атын берсек те игi бастама. Бiреулер «неге бiз Үкiметке сүйенемiз, неге демеушi iздемеймiз?» дейдi. Бiз демеушiнi не үшiн iздеуiмiз керек? Мұны Үкiмет бағалап, өз тарапынан көмек беруi қажет. Ал демеушiлер берiп жатса, жеке адамдарға бере берсiн.

– Нелiктен Желтоқсан ұлт-азаттық көтерiлiсi деп атадыңыздар?

– Өйткенi, бұған дейiн ұлтымыздың азаттығы болған жоқ, тәуелдi едiк. Қазаққа тәуелсiздiктi алып келген – Желтоқсан көтерiлiсi.

«ҚАЗАҚ ДЕГЕН ҰЛТТЫ ЖЕР БЕТIНЕН ЖОЮ КЕРЕК» ДЕГЕНДI БҮКIЛ ЖАСТАР ЕСТIДI

– Қазiр жоғары билiктiң маңындағылардан қазаққа жаны ашыған қандай азаматтарды байқадыңыз?

– Менiң көргенiм ҚР Парламентi депутаты Нұртай Сабильянов едi. Ол дауыс көтергiшпен Шәмшiнiң «Менiң Қазақстаным» әнiн айтқанда, алаңдағы бүкiл жастар қолдап, демеп, қоршау арқылы оған шендiлердi жiбермей тұрдық. Нұртай: «Ел басына күн туып, мынандай жағдай болып жатыр, артқа шегiнбейiк, қасық қанымыз қалғанша күресейiк!» деп ашық айтты. Жағдайдың насырға шапқанын бiлсе де, қорықпай айтып, рухымызды көтерген сол едi. Көптеген кiтаптарда бұл әшейiн нашақорлар мен маскүнемдердiң көтерiлiсi деп жазды. Керiсiнше, ол жерде сүт бетiндегi қаймағымыз, бетке ұстар азаматтарымыз жүрдi. Ақкүмiс Ықыласова деген қызымыз да сарбаздардың қолына түсiп, күресiп, таяқ жеп, есiнен айрылады. Мәйiтханаға өлдi деп апарып тастаған жерiнен, үшiншi күнi есiн жиып, қайта тiрiлген қыз. Қазiр мектепте қызметкер, сол кезде студент болған Сәуле Сатыбалдиева да көп қорлық пен зорлық көрдi. Жендеттердiң «Қазақ деген ұлтты жер бетiнен жою керек» дегенiн бүкiл жастар естiдi. Әрбiр қазақ ұлты азаматының намысына тиiп сөйледi. Оның үстiне қызбалалардың бұрымын қолдарына орап алып сүйреу деген ешбiр басқа сыймайтын нәрсе. Сол кезде шамамен алты-жетi жасар тұлымшағы желбiреген қызбала анасынан көз жазып қалса керек. Анасын iздеп жүгiрiп келе жатқанда сол баланы көз алдымда әлгi шендiлер ұрып құлатты. Оның сұрауын кiм бередi? Өзiм 30 жастамын, төрт балам бар. Ана болғаннан кейiн, әлгi көрiнiстi көргенде жаным түршiгiп кеттi. Жастарды бастап алып жүргенiме де кiшкентай перiштенiң өлiмi, ұлтымның намысына тиген сөздер себеп болды.

Әрине, мұның бәрi жоғары жақтың бұйрығы. Қазiр билiкте отырған азаматтардың кiнәсi жоқ деп айта алмаймын. Бiздiң намысымызға тиген сөздер олардың намысына қалайша тимедi? Әрине, тидi. Бiрақ елдiң тағдыры шешiлiп жатқанда, олар өздерiнiң мансабын ойлады. Мұндайлар әлi бар. Кезiнде өздерi жендеттердi айдап салып, қазақ жастарын аямай қырған.

– Кейбiреулер жастарымыздың бiразының мерт болғанын айтып жүр. Бiрақ нақты санын ешкiм бiлмейдi…

– Алаңда 100 мыңға жуық жас қырылды десем, өтiрiкшi емеспiн. Көзбен көрдiк, iштей күйiндiк. Амал қанша? Зерттеу орталығының iргетасы қаланғалы берi бiз көптеген деректерге қол жеткiздiк. Оның iшiнде «Азат» радиосының қызметкерi Хасен Оралтай: «Бұл ереуiлге Алматыдан 10 мың, төңiрегiндегi елдiмекендерден 300 мың адам қатысқан. Алғашқы кезде қазақ басшыларынан 1000 адам тұтқынға алынған. Көтерiлiстi басу үшiн 70 мың орыс солдаты жiберiлген. Орыстардың көрсетуiнше, көтерiлiстiң шығуына ұлтшылдық себеп болыпты» деген мәлiмет бердi. Бұл деректер Алмания, Мюнхень қалаларының сол кездегi журналистер жазған материалдардан алынған.

– Сiз жыл сайын желтоқсан айы келгенде, сол бiр ызғарлы күндердi еске аласыз ба?

– (көзiне жас алды). Жылда желтоқсан айында өзiмдi өзгеше сезiнемiн. Неге десеңiз, сол көтерiлiс ерiксiз көз алдыма қайта-қайта келедi. Сосын өзiме-өзiм не iстедiм, не бiтiрдiм, пәленбай желтоқсаншы құрбан болды, солардың қаны мен қыршын кеткен өмiрi үшiн қандай үлес қостым деген сауалдар мазалайды. Әрбiр желтоқсандық үшiн борыштымын. Сол үшiн зерттеу орталығында жұмыс iстеуге келiстiм.

– Мына құрылған зерттеу орталығы тек Желтоқсан көтерiлiсiн ғана зерттейдi ме?

– Бұл орталық тек Желтоқсан көтерiлiсiн ғана емес, бүкiл қазақ жерiндегi ұлт-азаттық көтерiлiстiң барлығын зерттейдi. Оның iшiнде Желтоқсан көтерiлiсi ең ұлы көтерiлiс болып табылады. Сол тұрғыда орталықтың алдағы 5 жылдық бағдарламасын дайындап, Үкiметке талап-тiлек арқылы қойылады. Мұны ұйым, қор, қозғалыс емес, неге Үкiмет, Елбасы бiр жүйеге келтiрiп, желтоқсандықтарға бас болып, тәуелсiздiктi алып берген жастардың әлеуметтiк жағдайына мән берiп, жәрдем көрсетiп немесе арнайы жеңiлдiктер берiп, жағдайын көтермеске?! Онсыз да бұлар батыр халық. Бiрақ батырдың өзiне де рух керек қой. «Батыр көзсiз» дейдi, бiрақ ол батырдың қарны аш болса, үйi-күйi болмаса одан батырлық қалады. Оны баптау керек. Елiмiздiң, халқымыздың рухының жоғары болғандығынан тәуелсiздiкке қол жеттi. Өте қымбат бағамен келдi. Ал сондай батырларымыздың көбi бiрiншi, екiншi топтағы мүгедек, көбiнiң бас сүйектерi сынып, зақым алып, сал болып қалды. Осыған Үкiмет көзiн жұма қарайды. Ал тәуелсiздiк дегенде үлкен мiнберден ұялмай сөйлейдi.

АТА-БАБАМЫЗ КҮРЕСIП КЕЛГЕН ЗҰЛМАТ СОҒЫС ПЕН КӨТЕРIЛIСТIҢ ЕҢ СОҢҒЫСЫ ДА, ЖЕҢIСI ДЕ – ЖЕЛТОҚСАН КӨТЕРIЛIСI

– Демек, желтоқсандықтарға ешқандай көмек қарастырылмаған ба?

– Биыл 20 жыл толды. Барлық БАҚ мұны дәрiптеп, дабыл қағып жатыр. Шындықтың көбi тек үкiметтiк емес БАҚ-та айтылып келедi. Елiмiздiң қай облысында, ауданында болмасын желтоқсандықтар бар. Мәселен, облыс, аудан әкiмi осы кiсiлерге тым болмаса рухани демеу берiп, қызмет орындарына алғыс хаттар жазып немесе суреттерi өзi оқыған, баласы оқитын мектепте iлiнсе, ұрпағы: «Менiң әкем немесе анам тәуелсiздiк үшiн күрескен!» деп айтар едi. Әрбiр желтоқсандық батыр атына лайық. Бұл қазақ елiндегi көтерiлiс арқылы келген бiрiншi тәуелсiздiк.

– Желтоқсандықтардың атынан айтатын уәжiңiз қайсы?

– Айттым ғой, осындай батырларымен қуанып, көкке көтерiп, рухани жағдайын ойлаудың орнына, саяси баға берiлмей отыр.

– Неге?

– Бiлмеймiн. Бәлкiм басшыларды, егер саяси бағасын берсек, қаржы бөлiп, жағдайын жасау керек деген мәселе толғандыратын шығар. Онсыз да талай ақша тектен-текке шашылып жатыр. Өзiнiң елiндегi батырларын сыйласа, құрметтесе не кедергi? Қазақта «Өзiңдi өзiң сыйла, жат бойынан түңiлсiн» деген мақал бар. Өз батырларын көтермей, басқаны жарылқап жүрген бiздiң ел ғана. Үнемi бәзбiреулерге жалпақшешейлiк көрсетiп жүрген де бiздiң ел. Сонша жыл ата-бабамыз аңсаған тәуелсiздiктi жалаңаш қолмен алған көзсiз батырларына бүгiн саяси баға берiлмей отыр. Олар қайта желтоқсандықтармен қуануы керек емес пе?! 1941-45 жылдары соғысқа қатысқан әкелерiмiз тәуелсiздiк әпермесе де, жердi қорғады. Ал желтоқсандықтар Тәуелсiздiк үшiн күрестi. Осы уақытқа дейiн ата-бабамыз күресiп келген зұлмат соғыс пен көтерiлiстiң ең соңғысы да, жеңiсi де – Желтоқсан көтерiлiсi. Сондықтан билiк басындағыларға, Үкiметке бүкiл желтоқсандықтардың атынан өкпе үлкен. Қанша жерден билiк саяси бағамызды бермей, рухымызды түсiргiсi келсе де, қазақ халқы бәрiбiр төмендемейдi. Бұрын Сұлтанбек Қожановтан Ленин: «Қазақ деген қандай халық?» деп сұраған екен. Сонда ол: «Қазақ деген халық асау аттай халық, бабын бiлсең мiнесiң, бабын бiлмесең, шаңында қалып кетесiң» деп жауап берiптi дейдi. Сол сияқты қазiргi билiк жалғыз желтоқсандықтардың ғана емес, бүкiл халықтың бабын бiлмей отыр.

– Әлi де желтоқсаншымын деп айтуға қорқатындар бар ма екен?

– Ондайлар бар. Оның желтоқсаншы екенiн бiлсем де, әлi де «менi айтпай-ақ қойшы, соның керегi жоқ, тiптi, сол көтерiлiстiң пленкасын миымнан өшiрiп тастағам» дейдi. Ал кезiнде баласын iздеп Алматыға келген ата-ананың көбi жоқ болып кеттi. Соны көрген, бiлгендер қалай қатыстым деп айта алады. Егер қатыстым деп айтқан адам болса, ол – батыр. КГБ жақында құдай жарылқап, бұрынғы құрсаудың iшiнде қалған кездегi түсiрген кинопленкаларын бердi. Содан бiз көп жастарды тауып алдық. Бүкiл желтоқсандықтар барып көрдi. Бiрiмiздi-бiрiмiз танып, сол жерде қайтадан табыстық. Оның бәрi көрiнiп тұр ғой, қалайша мен қатыстым немесе қатысқан жоқпын деп айта алады. Осындай бiр негiзге сүйенiп, тiркеуге аламыз. Желтоқсандықтардың сол кезде түрмеге түскен, партиядан, оқу орнынан, жұмыс орындарынан шығарылған құжаттары да бар.

МЕНI ҚҰТҚАРҒАНЫ ДА «ЕУРОПАЛЫҚ НӘСIЛДI» ДЕГЕН СӨЗ БОЛДЫ

Өзiңiз қуғын-сүргiн сүрлеуiне ұшыраған жоқсыз ба?

– 1991 жылға дейiн қуғында болдым. Қысымның көкесiн кейiн көрдiм. Осы жылға дейiн менiң желтоқсаншы екенiмдi ешкiм бiлмедi. Өйткенi, Шымкент өңiрiнен келдiм де, Алматыдан 27 желтоқсан күнi шығып кеттiм. Себебi, басымнан 9 жерден зақым алып, бас көтеруге мұршам болмады. Қала шетiнен уақытша пәтер жалдадым. Оның үстiне жолдың бәрi айдың аяғында ғана ашылды. Олардың аласапыранда пленкаға түсiрiп алғанын қайдан бiлейiн, әйтеуiр шекпендiлердiң қолына түспедiм, түрмеге жабылмадым, менi ендi қайдан iздеп тауып алады дедiм. Шымкентке келгеннен кейiн газет редакторы Барамысов маған хабарласып: «Әй, қызым келдiң бе, дұрыссың ба?» деп жұмбақтап сөйледi. «Иә, аға келдiм, бiрақ мен жұмысқа шыға алмаймын» дедiм. Содан редакторым да: «Жата бер, әбден дұрысталғаннан кейiн шығасың, демалысыңның есебiнен жазамын» деп менi жасырған едi. «Қазақ тiлi» қоғамы ашылды. Мүше болдым. Бiрде милиция мекемесiнiң қасынан өтiп бара жатсам, менiң суретiм iлiнiп тұр. Астына «журналист-ақын, саяси өте сауатты, жасы 30-32 шамасында, қаруды күштi қолдана алады, спортсмен» деп керемет жазып келiп, соңына келгенде «еуропалық нәсiл» деп қателесiптi. Аты-жөнiм жоқ. Өйткенi, суреттен ғана жобалаған ғой. Негiзi бет-пiшiнiмнiң қазаққа ұқсамайтындығы да бар. Менi құтқарғаны да «еуропалық нәсiлдi» деген сөз болды. Күнде сол жерден өтемiн, iшiмнен Құдайдың қаққаны шығар деп қоямын. Осы жақында кинопленканы көргенде, өзiмдi көрiп қалдым. Бiр ғана эпизодқа түсiп қалыппын. Өзiме-өзiм қалай қуғынға түстiм, менi кiм таниды десем, осы пленкадан iздеген екен. Сонымен не керек, 1991 жылы көпшiлiкпен бiрге ақталдым. Бiрақ 1990 жылы желтоқсандықтар әлi ақталмай жатып, «Қазақ тiлi» қоғамында iстеп жүргенде ұзындығы 3 км. Чкалов деген көшенiң атын алып тастап, Қайрат Рысқұлбеков атына берiп, оның тақтасын, мүсiнiн жасап, әкiмшiлiкке айтпай, Жамбылдан анасын шақырып ендi сөз бере бергенде әкiм-қаралар кеп қалды. Маған әкiмшiлiкке кел деген бұйрық бердi. Жақсы нәрсе болмайтынын iштей бiлдiм. Содан барсам, «партбилетiңдi мында қой, халық жауының атын көшеге беруiңе қандай қақың бар, сен кiмсiң?» деп дүрсе қойды. «Кешiрiңiз маған партбилеттi сiз берген жоқсыз, сiз ала алмайсыз. Бiр батыр Қайраттай-ақ болсын, оның кiм екенiн бiлмей тұрып, халық жауы деп неге айтасыз?» деп айқасып қалдым. Құдайдың қаққаны көп, бұл да өттi. Бiраз уақыттан соң, жинаған жарна, демеушiлердiң арқасында (олар қазақ емес, орыс, кәрiс болды) Кентау қаласындағы Ленин даңғылын алып тастап Дiнмұхамед Қонаев атамыздың атына бердiк. Мiне, содан кейiн қуғынға қайта ұшырадым. Барлық ұлт жанашырларының бiрлiгi арқасында бiр жылда 101 көшенiң атын ауыстырған екенбiз. Теледидарда қызмет iстеп жүргенмiн одан алды, газеттен шығарды, «Қазақ тiлi» қоғамынан, тiл басқармасынан аластатты. Соңында қуғынмен қаңғалақтап Алматыдан қайта шықтым. Ондағы мақсат – балаларымды асырап, аяғымен тұрғызу.

– Қазiргi тұрмыс- жағдайыңыз да аса мәз емес сияқты. Алматыға келгелi осы бiр бөлмеде тұрып келесiз бе?

– Алматыға келгенiме 11 жыл. Құдайға шүкiр, осы бiр кiшкене күркеде тұрып, бала-шағамды асырадым. Бәрi қазақ мектебiнде бiлiм алды. Ұлтжандылықты балаларымның да бойына үнемi егiп отырамын. Басқаны қайдам, өзiмнiң желтоқсандықпын деп айтқаныма екi-ақ жыл болды. Өйткенi, қайда барсам да, «Қорқыттың көрi». Мына ауылда 70 шақты үй бар. Бәрi қазақ отбасы. Қысқасы, осы жердiң қорғанымын. Өйткенi, анау келiп «шығарып тастаймын, мынауысы келiп алып қоямын» деп қоқан-лоққы көрсетiп, қорқытады. Дәл осы жер бiр шенеунiкке аса қажет екен. Мына баспанамның өзi 14 кв.м. Таза анайы тiлмен айтқанда үңгiрде тұрам. Оны мiндет қылып отырғаным жоқ. 70 отбасы оңай емес, 200 бала оқушы, 90 бала мектепке дейiнгi бүлдiршiн, не жарық жоқ, не ауыз су жоқ. Осындай жерде тып-тыныш өмiр сүрiп жатқан қазаққа мұны да көптiк көрдi. Демографиямызды көтерейiк деп үлкен мiнберлерден сөйлейдi кеп, ол қалай жүзеге асады, егер өз қазағын өзi аяқпен таптап жатса. Үкiметке, Елбасының атына, қала, облыс әкiмiне мұның алдын-алайық деп хат жаздым. Бұрын ата-бабамыз елiн, жерiн қорғаса, бүгiнгi әрбiр қазақ өзiнiң баспанасын ғана қорғайтын жағдайға жеттi. Ал егер төтеден жау келе қалса, рухани байлығы, патриоттық сезiмi жоқ халық берiле салады. Мұқағали ақын: «Мен өлсем өлейiн, сен аман бол» деп айтпақшы, өзiм өлсем де, халқым аман болсын деген қыздардың бiрiмiн. Дегенмен, ұлтжандылығым көп жерде пайдасын тигiзсе, көп жерде зиянын да бердi.

АЛМАТЫ ХАЛҚЫ КИНОТЕАТРДАН КӨРСЕ, БАСҚА ОБЛЫСТАРДАҒЫ АУЫЛ ХАЛҚЫ ҚАЙДАН КӨРЕДI?

– Желтоқсан көтерiлiсiне – 20 жыл. Сiздi не қуантады немесе не жабырқатады?

– Бұрын осы ай келе бастағанда көптеген шараларды жүзеге асыратын едiк. Мақсатымыз – желтоқсандықтардың рухын көтеру, халыққа таныстыру, тәуелсiздiк қалай келдi соны ұрпаққа жеткiзу. «Аллажар-қолдау қоғамдық қоры «Аллажар» фильмiн «Қазақстан» кинотеатрында халыққа көрсетiп, тiзiмдегi әрбiр желтоқсаншыны киноны көрсетер алдында жұртқа: «Мына кiсi осынша жыл түрмеде отырды, мынандай қуғын-сүргiн көрдi» деп батырларын таныстырайық деген мәселе келiсiлiп қойған кезiнде түлкiбұлаңға салынды да, жалт бұрылды. Өзiмiздiң батырларды халыққа паш етуге, өзiмiздiң азаматтарымыз кедергi болды. Әйтсе де, «Аллажар» фильмi «Қазақстан» кинотеатрынан әр жексенбiде берiлiп жатыр.

– Желтоқсан көтерiлiсiне қатысты түсiрiлген бiр ғана «Аллажар» фильмiн бүкiл халық көре алмай отыр…

– Оған шектеу қойылып жатыр. Бiз «неге бұл фильмдi телеарналардан көрсетпеймiз?!» деген сауал қойдық. Бұл жайында айтылып та, жазылып та жатыр. Талап қойылғанмен, тыңдап жатқан кiм бар? Жалғыз «Қазақстан» кинотеатрынан ғана емес, мемлекеттiк арналардан берiлсе деймiз. Жарайды, Алматы халқы кинотеатрдан көрсе, басқа облыстағы ауыл халқы қайдан көредi? Ал сол кинопрокатын Үкiмет мойнына алып, әр облысқа таратып, қала бердi әр мектебiнде, мәдениет ошақтарында көрсетсе, сонда елiмiздiң, ұлтымыздың рухы көтерiлер едi. Осы фильм арқылы, желтоқсандықтармен кездесу өткiзу нәтижесiнде ұрпақ патриоттық сезiмнiң не екенiн iштей сезiнедi.

– Жуырда зерттеу жұмысыңызбен бiраз жердi араладым дедiңiз. 20 жылдыққа байланысты не жасалып жатыр екен?

– Оңтүстiк өңiрде керемет жұмыстар жасалынып жатыр. Облыстың iшкi саясат бөлiмiне барып, желтоқсандықтарды тауып алып, танысып, сөйлестiк. Тiптi, «араларыңда ауқатты тұратындарың болса, «Аллажар» фильмiн сатып алып, жергiлiктi мектептерде көрсетсеңiздер» деп бағыт-бағдарлама бердiм. Әр жерде желтоқсандықтардың өздерiнiң комитетi болуы керек. Сызып айтатын нәрсе, тәуелсiз газеттер кәдiмгiдей «Желтоқсан көтерiлiсiне – 20 жыл» деп айдар тағып, батыл жазып келедi. Айталық, «Қаратау тәжi» газетiнде желтоқсандықтардың өзi жазған бiраз мақалалары жарияланыпты.

– Сiз әңгiме арасында ақындығым да бар дедiңiз. Неге осы Желтоқсандықтардың әнұраны ретiнде бiр өлең жазып, композиторларға ұсынбасқа?

– Оны да ойладым. Расында да, осы уақытқа дейiн бiр белгiлi ақын немесе композитор желтоқсандықтардың рухына арнап тамаша бiр өлең не ән жазбады. Тек кезiнде М.Шаханов ағамыз патриоттық өлеңiмен жастардың рухын көтердi. «Лаула, лаула Желтоқсанның мұзға жанған алауы!» дейтiн мәтiн жолы бар өлең желтоқсандықтардың әнұраны iспеттес. Десек те, бiр тамаша әуезбен өрнектелген ән жоқ. Бiр кәсiби ақын немесе композитор мұны қолға алмады. Жақында Әдiлбек Төлегенұлы Нысанбай деген композитордан желтоқсандықтардың ерлiгiне тән ән-тұмар жазып беруiн өтiндiм. Ол Желтоқсан көтерiлiсiне қатыспасаған, бiрақ мен сол кездегi желтоқсандықтардың көрген қайғы-қасiретiн бойына еге бiлдiм. Ендi оны әнұран деп айта алмаймын, әзiрше ән-тұмар ретiнде ғана. Қазiр музыкалық өңдеу жасап жатыр. Осы үшiн Әдiлбек менен ешбiр ақы алмастан, «бұл менiң желтоқсандықтарға қосқан үлесiм, олар жанын қиып бiзге тәуелсiздiк алып бергенде бiр ән жазудан неге қашамын?» деп сөзiмдi екi етпедi. Бұйырса, әндi келешекте осы тақырыптағы шығармалардың, әнтұмардың бәйгесiне қосып, мемлекет тарапынан өз бағасын алсақ деген ойымыз бар. Осындай ұлы көтерiлiстiң өзiнiң бiр әнтұмары болса көптiк етпейтiн едi. Бұл зерттеу орталығының 5 жылдық консепциясының бағдарламасына енiп отыр.

Әңгімелескен Динара Мыңжасарқызы

Серіктес жаңалықтары