ҰЛТ МАҚТАНЫШЫНА АЙНАЛҒАН ТҰЛҒА

ҰЛТ МАҚТАНЫШЫНА АЙНАЛҒАН ТҰЛҒА

ҰЛТ МАҚТАНЫШЫНА АЙНАЛҒАН ТҰЛҒА
ашық дереккөзі
429

Аса көрнектi мемлекет және қоғам қайраткерi, тарихшы, этнограф-ғалым Өзбекәлi Жәнiбековтiң 75 жасқа толуына орай оңтүстiкте айтулы iс-шара өттi.

Ұлттың рухани ұстазы болған бiр туар азаматты еске алу, рухына тағзым ету естi ұрпақтың парызы едi. Осы парыз орындалғандай болды. Оңтүстiк өлкесiнде «Өзбекәлi Жәнiбеков ел есiнде» атты ғылыми-конференция басталмай тұрып-ақ мемлекет және қоғам қайраткерi Өзағаң туралы тартымды, тағылымы мол естелiк дүниелер баспасөз беттерiнде жиi жарық көрдi. Осы мақалалар арқылы Өзағамен қайта қауышқандай, сырласқандай болдық. Оның кiсiлiк тұлғасын, мiнезiн, iшкi дүниесi мен арман-тiлегiн бiлгендей күй кештiк.

Ұлттық мүдденiң ұраншысына айналған азаматқа Шымкент қаласынан көше атын беру, Өзбекәлi Жәнiбеков атындағы орта мектептiң алдына ескерткiш орнату, облыстық өлкетану мұражайына, Алматыдағы республикалық мәдениет және өнер ғылыми-зерттеу институтына есiмi берiлсе деген құнды ұсыныстар да айтылмай қалған жоқ. Мұның бәрi қазақтың салт-дәстүрiн, тарихын дәрiптеген бiртуар азаматтың рухын асқақтату едi.

Ұлттық рухтың ұраншысына айналған Өзекең қазақ халқы мәдениетiнiң, ана тiлiнiң, салт-дәстүрi мен әдеп-ғұрпының жаңарып дамуына сүбелi үлес қосты. Шымкенттегi Шығыс жастарының көсемi Ғани Мұратбаев ескерткiшiнiң орнатылуына, Отырардағы Арыстанбаб, рухани астанамыз – Түркiстандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенелерiнiң қалпына келiтiрiлуiне, Ленинградтағы Эрмитаждан Тайқазанды алдыруға, Батпақдаланы игеруге, Шардара су қоймасын салуға, Арыс–Түркiстан каналын қазуға ұйтқы болды. Ұлтымыздың таланттарына да қамқоршы бола бiлдi. Жез тандай әншi, Италияның әйгiлi «Ла Скала» сахнасында өнер көрсеткен А.Сембинге отбасылық және шығармашылық қиыншылықтарға тап болғанда қол ұшын созды. Өзағаң өнер адамдарына осылай қаншама қамқорлықтар жасады. Оның бастамасымен елiмiздiң көптеген жерiнде, мәселен, Отырар, Әзiрет Сұлтан, Тараз, Үстiрт секiлдi этнографиялық мұражайлар ашылып, «Адырна», «Алтынай», «Сазген», «Сырнай», «Шертер», басқа да фольклорлық өнер ансамбльдерi, Арқалық қазақ сазды драма театры дүниеге келген. Қазақстанның және мәдени ескеркiштерiн сақтау мен қалпына келтiру мақсатын көздеген «Арқас» және шет елдерiнде тұратын отандастарымен мәдени байланыс жасайтын «Отан» («Қазақстан») қоғамдары құрылды. Наурыз мейрамының, қазақтың бес арысы – Жүсiпбек Аймауытов, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Мiржақып Дулатов, Шәкәрiм Құдайбергенов есiмдерiнiң туған халқына қайта оралуына белсене ат салысқан. Ана тiлiн дамыту бағдарламасының мемлекеттiк тұжырымдамасын жасауға қатысты. «Қазақ ұлттық қолөнерiнiң мәдениетi», «Эхо…», «Жаңғырық», «Уақыт керуенi», «Жолайрықта», «Қазақ киiмi», «Ежелгi Отырар», «Тағдыр тағылымы» атты еңбектерi жарық көрген.

Алаштың ардақты азаматының 75 жылдық мерейтойына орай өткен «Өзбекәлi Жәнiбеков – ел есiнде» атты iс-шараның жоғарғы деңгейде өтуiне, ұйымдастыру жұмыстарының басқасында Оңтүстiк Қазақстан облысы әкiмнiң орынбасары Дархан Мыңбай мырза болды. Астана мен Алматыдан, Арқалық пен Ташкенттен ат арылтып келген қадiрмендi қонақтар ғұлама ғалымның туған жерiндегi Арыстанбаб әулие мен Өзекеңнiң өзiнiң кесенелерiне барып, олардың әруақтарына Құран бағыштады. Шәуiлдiр ауылындағы «Жұлдыз» дәмханасында Ө.Жәнiбековтiң әруағына арнап берiлген асқа қатысты.

Шымкенттегi Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстiк Қазақстан мемлекеттiк университетiнiң үлкен мәжiлiс залында өткен конференцияны облыс әкiмiнiң орынбасары Дархан Мыңбай ашты.

– Ол кiсiнiң замандастарын тыңдаған сайын, тәуелсiз елiмiздiң тамырын тереңге тартқан тарихына үңiлген сайын мемлекет және қоғам қайраткерi, тарихшы, этнограф-ғалым Өзбекәлi Жәнiбековтiң адамдық қасиетпен астасқан азаматтың тұлғасы айбарлана асқақтай түседi – дедi конференцияда алғаш боп сөз алған облыс әкiмi Өмiрзақ Шөкеев.

Иә, дарияның суын қанша iшсең де тауыса алмайтының сияқты ұлт мақтанышына айналған Өзбекәлi Жәнiбековтың елге еткен өлшеусiз еңбегiн сарқа таусып айта алмайсыз.

Конференцияда баяндама жасаған Мырзатай Жолдасбеков бiртуар азамат туралы ойын былай өрбiттi:

– «…Бiз Өзекең дүниеден өттi деп жылап жатырмыз. Менiңше, Өзағаның мәңгi өлмейтiн өзгеше өмiрi жаңа басталды. Ылғи әулие мен қасиеттiң тұнып тұрған өлкесiнде туған, бұл фәниден дүние жимаған, иман жиған, өле-өлгенше халқына адал еңбек еткен, артына байтақ дәстүр, өшпес өнеге, мол мұра қалдырған, сөнбес шырақ жағып кеткен, талай жұмбақ тастап кеткен ағамыз ендi бiрте-бiрте Фараби, Арыстанбаб, Әзiрет Сұлтан секiлдi әулиге, сыйынатын пiрге, табынатын құдiретке айнала бередi. Табиғаттың тылсым сыры сияқты Өзбекәлiнiң де тайниктерi бiрте-бiрте ашылатын болады. Осы киелi топырақта ағамыздың мәңгi бағы қайта жанатын болады. Тәнiн жерге берермiз, бiрақ елiне оның рухы қалады. Ендiгi жерде баршамыз көңiлге осыны медет тұтамыз».

Академик Өмiрзақ Айтбайұлы Өзекеңнiң қазақ тiлiне қамқорлығын, архаизмге айналған сөздердi тiрiлткенiн, «Тiл туралы» Заңға қалай көмектескенi мен Ахмет, Мiржақып, Мағжан, Шәкәрiм, Жүсiпбек сынды арыстарымызды ақтау барысында еткен еңбектерiн нақтылы баяндап өттi.

Халық қаһарманы, академик Мұхтар Әлиев тағдырлас ағасы туралы елдiң бәрi бiле бермейтiн Өзағаның адами қасиеттерi жайлы тартымды әңгiме айтты.

«Адам ұрпағымен ұзақ жасайды» демекшi, аталмыш басқосуға Өзекеңнiң перзенттерi мен немерелерi де қатысты. Сөз орайы келгенде, Әзел есiмдi немересi атасы жайлы көптомдық кiтап шығатынын, интернет жүйесiнде арнайы сайт ашылғанын айтты. Облыс пен Отырар ауданының әкiмдiктерi, Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрiк университетi Өзекеңе арнап көлемi 30 баспа табақтық «Рух сардары» атты кiрпiш кiтап шығарса, «Қазақ музейлерi» (дұрысы «Қазақ мұражайлары» болса керек) журналының түгелдей бiр нөмiрi де мерейтой иесiне бағышталыпты. Шымкенттегi көшелерiнiң бiрiне Ө.Жәнiбековтiң аяулы есiмi берiлетiндiгi жөнiндегi iзгi хабар да бәрiмiздi айрықша қуантты.

Өзағаң өлмес сапарға аттаныпты.

Балтабек ТҮЙЕТАЕВ

Оңтүстiк Қазақстан облысы.

Серіктес жаңалықтары