ӨМІРІН ӨЛЕҢМЕН ӨРНЕКТЕГЕН

ӨМІРІН ӨЛЕҢМЕН ӨРНЕКТЕГЕН

ӨМІРІН ӨЛЕҢМЕН ӨРНЕКТЕГЕН
ашық дереккөзі
652

Тау-кен инженері-маркшейдер Өскенбай Құлатайұлының «Жазушы» баспасынан жарық көрген «Өмір өрнектері» және «Сағым жылдар» атты кітаптары оқырмандарды бей-жай қалдырған жоқ.

Өскенбай Құлатайұлы Байжансай кенішінде инженер-маркшейдер, шахта бастығы, кеніш басқармасының бас инженері, Кентау кенішінің бастығы, Ащысай түсті металл комбинаты акционерлік қоғамының еңбек қорғау және қауіпсіздік техникасы жөніндегі бас техникалық жетекшісі қызметтерін атқарған. Қазір зейнеткер.

«Өмір өрнектері» кітабы естеліктер мен әңгімелерден және бозбала шағында жазған балаң жырлардан тұрады. Қаламгердің есімі оқырманға онша таныс болмағанымен, шығармаларына арқау болған басынан өткерген оқиғалары өмірдің өзінен ойып алынғандықтан өте әсерлі, жеңіл оқылады.

Аталмыш баспадан 2006-шы жылы жарық көрген «Сағым жылдар» кітабы алпыс жасқа толғанда шығарған алғашқы жинағының жалғасы іспетті. Мұнда да әңгімелер, жолжазбалар және соңғы жылдары жазған өлеңдері енгізілген. Сондай-ақ, өзі туралы жолдас-жораларының, жақын-туыстарының ізгі тілектері де топтастырылыпты.

Өскенбай Құлатайұлы барынша ұқыпты, өмірге сергек қарайтын азаматқа ұқсайды. Әсіресе, шетелде – Поляк Халықтық республикасында туристік сапармен болған кездерін қызықты етіп баяндайды. Қаламгердің осы естелігін оқыған адам бұрын-соңды ол елде болмаса да болғандай, көргендей күй кешетіні шындық.

«Клараның күнделігі» бөлімінен өмірден ерте өткен жары Клара Қалмолдақызының жазбалары арқылы ауылдағы қазақы салт-дәстүр туралы, қазақтың келіні болудың қасиеті мен қасіреті төңірегінде ой қозғап, ауыл мұғалімінің көкейкесті мәселелерін жан-жақты әрі шынайылықпен көрсетеді. Қазіргі жастарға, әсіресе, шалғайдағы мекендерге мұғалім боп баратын немесе келін боп түсетін бойжеткен үшін бұл шығарманың берері мол дер едік. Себебі, қазіргі таңда ұлттық әдет-ғұрпымызға, салт-дәстүрімізге бұрынғы қай кездегіден де зор мән беріліп отыр.

Қаламгердің екінші қыры – ақындығы. Әр жылдары жазылса да жырларынан белгілі бір жүйелілік, мақсат-меже байқағандайсың.

Тау-кен инженері Өскенбай Құлатайұлының шығармаларынан шынайылылықты, нақтылықты, дәйектілікті сезінесің. Соңғы кездері «шөп те, шөңге де өлең болды, қолына қалам ұстағанның бәрі жазушы атанды» деген алып қашпа сөздер айтылып жүр. Біздің ойымызша бұл пікірлермен келісуге болмайтын сияқты. Тарихымыз бен әдебиетімізде ақтаңдақ кездердің орын алғаны шындық. Тіпті, елдің жадында сақталған қайсыбір оқиғалардың өзін бұрмалап жазу мысалдары әлі де бар. Сонда шындыққа қалай көз жеткіземіз. Міне, осы тұрғыда көзі қарақты, қолынан жазу келетін азаматтың өз білгенін, көргенін, көңіліне түйгенін қағазға түсіруге неге болмасын. Біз неге оған қарсы болуымыз керек. Жоғарыда айтқан олқылықтардың орны осындай қаламгерлердің жазған дүниелерімен толығып жатса, нұр үстіне нұр емес пе.

«Техникумда оқыған жылдары (1958-1961) Өскенбай өлең жазып жүретін. Менің де ептеп өлең жазып жүретінім бар еді. Екеумізді осы өлеңге деген әуестігіміз де жақындастырып жіберген-ді. Техникумда бірге оқып жүрген курстастарымыздан бөлектеніп, бір-бірімізге қауырсыны қата қоймаған өлеңдерімізді оқып, рахаттанып қалатын едік», — деп еске алады бала кезгі досы Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Шәймерген Әлдибекұлы.

Ия, Өскенбай Құлатайұлы қолынан қаламын бір сәт тастамапты. Өмір жолы оны басқа арнаға бұрып әкеткенімен осылайша өлеңге деген ынта-ықласын суытпай, құрметін кемітпей ұлы Абай сөзімен айтқанда Сөз патшасын барынша аялап келеді.

«Қымбатсың ауылдағы Қасқа бұлақ,

Есіме көп түспейді басқа бұлақ.

Мөлдір су қайнап шыққан жер астынан,

Жатушы ед сылдыр қағып тастан құлап.»

Туған жері, оның тұма бұлағы жайында осылайша толғаған Өскенбай Құлатайұлы қазақтың қанына сіңген қара өлеңнен қара жаяу еместігін дәлелдегендей.

Салия ШАУЛЕНҚЫЗЫ, әдебиет зерттеушісі.

Серіктес жаңалықтары