МЕДЕУ МЕН ШЫМБҰЛАҚ АЗИЯ ОЙЫНДАРЫНА ДАЙЫНДЫҚ ҮСТІНДЕ

МЕДЕУ МЕН ШЫМБҰЛАҚ АЗИЯ ОЙЫНДАРЫНА ДАЙЫНДЫҚ ҮСТІНДЕ

МЕДЕУ МЕН ШЫМБҰЛАҚ АЗИЯ ОЙЫНДАРЫНА ДАЙЫНДЫҚ ҮСТІНДЕ
ашық дереккөзі
161

Елімізде туризм кластерін дамыту ісі соңғы жылдары ерекше қарқынмен жүргізіліп жатқаны жасырын емес. Екінші Швейцарияға баланатын Медеу мен Шымбұлақ келешекте еуропалық талаптарға сай демалыс орындарының кешеніне айналуы тиіс. Бұл орайда Алматы қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов таяуда журналистерді аталған демалыс орындарының даму жобасымен таныстырды.

Бұл жоба Алматының туристік инфрақұрылымын дамытуды ғана көздемейді, сол сияқты кешенді жобаның жүзеге асуы – 2011 жылы қаламызда өтетін Азияның қыстық ойындарына дайындық. Еуропалық талаптарға сай демалыс орындарының кешенін салуға 1 миллиардтан астам доллар инвестиция тартылып отыр. Жобаны «Capіtal Partners» компаниясы жүзеге асырады. Бүгіннің өзінде аталған компания Медеу сырғанау алаңында шаңғы кешенін салумен қатар, Шымбұлаққа жеткізетін қанат жолының құрылысын жүзеге асырып жатыр. Жол тасымалының бағасы да аса қымбат болмайды деп күтілуде. Қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов: «Аспалы жолдың құны 30 млн. доллардан асады. Осы аспалы жолды пайдаланып, жұмыс істеп тұру үшін, автокөлікті жібермеу үшін 3 мың көлікке паркинг салынбақ. Бірінші ширектегі жұмыстары осы. 2011 жылы Медеу мен Шымбұлақ еуропалық стандарттарға сай керемет туристік орталық болуы тиіс» – дейді. Бір айта кетерлігі, тау бөктерінде бой көтеретін құрылыс нысандары экологияны жақсартуға да бағытталған. Мәселен, қазіргі заман талабына сай салынатын қанат жолы тауға көтерілетін автокөліктердің санын азайтады. Бұл жолдың арқасында демалушылар Медеуден Шымбұлаққа 15 минуттың ішінде жететін болады.

Бұл өте көлемді жоба болғандықтан, оған ірі-ірі компаниялар тартылып отыр. Қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов: «Бұған қаланың бюджетінен бірде бір теңге шықпайды. Бұл – жеке инвестициялар тартылып жатқан жобалар. Құрылыстың жалпы құны 1 млрд. 700 млн. доллар. Құрылыс осы жылы басталып, 2011 жылы толық бітуі тиіс. Ол жерде тұрғын үйлер салынбайды. Салынатын нысандар – қонақ үйлер, дүкендер, асхана – барлығы да туристер мен қонақтардың игілігіне қызмет көрсететін болады» – дейді. Негізінен жобаны еуропалық сәулетшілер дайындапты. Дегенмен, еуропалық талаптарға сай туристік нысандарда демалуға қарапайым азаматтар да қол жеткізе алатын сияқты. Бұл жобаға инвестицияның көптеп тартылып жатқаны да тектен-тек емес. «Мақсатымыз – әсем Алматының келбетін осы шара арқылы әлемге тағы бір паш ету» – дейді қала әкімі.

Бір айта кетерлігі, Алматыдағы демалыс кешенінің жобасын дайындағандар – 2012 жылы өтетін Лондон олимпиадасының жобасын жасаған мамандар екен. Осы жәйттен-ақ шетелдік мамандардың кеңесіне қанша қаржы бөлінгенін түсінуге болады. Шетелдік мамандардың өздері Іле Алатауының табиғат сұлулығына таңдай қағып, таңданып отырса керек. Әйтеуір, шетелдіктер Алатау баурайының әлемге әйгілі туристік орталыққа айналарына сенімді. Десек те, курорттық орталықтың дизайнын жасап жатқан британдық сәулетшілер Іле Алатауының Францияның Куршевель туристік аймағына ұқсастығын алға тартады. Бұл орайда мамандар бұл жобаны еуропалық курорт орындарына ұқсастырып салмақшы көрінеді. Дегенмен, туристік демалыс кешендерін салуда ұлттық ерекшеліктер де ескерілсе жөн болар еді. Шетелдік туристер онсыз да «еркемінезді» емес пе: Куршевельді де, Альпі тауының туристік ауылын да көргендерді таңдандыру қиын. Бұл орайда Медеу мен Шымбұлақтың өз ерекшеліктері болса, шетелдік туристер оған еріксіз тәнті болары сөзсіз.

Шымбұлақ пен Медеуде мемлекеттік маңызы мен туристік мәні жоғары құрылыс нысандары бой көтеретіндіктен, жекеменшік үйлердің салынуына жол берілмейтін сияқты. Дегенмен, тау баурайында кезінде салынған жекеменшік үйлер бұзылмай қалады екен.

Кәмшат ТАСБОЛАТОВА

Серіктес жаңалықтары