ҚЫТАЙДАҒЫ ҚАЗАҚТАН АЙРЫЛЫП ҚАЛМАЙЫҚ ДЕСЕК...

ҚЫТАЙДАҒЫ ҚАЗАҚТАН АЙРЫЛЫП ҚАЛМАЙЫҚ ДЕСЕК...

ҚЫТАЙДАҒЫ ҚАЗАҚТАН АЙРЫЛЫП ҚАЛМАЙЫҚ ДЕСЕК...
ашық дереккөзі
250

Жан саны жағынан дүние жүзінде бірінші орынды алатын Қытайдың көздегені өз еліне сыймай жатқан халқын бүкіл әлемге шашып жіберіп, солар арқылы жер шарын иелену. Бірақ, бұл саясатын олар Америка сияқты ашық емес, жымысқы түрде жүзеге асырып келеді. Ақсия күліп отырып, Қытай бір кезде өздерін бодан қылған елді енді өздері бағындырып алғаны белгілі.

Көп векторлық саясат ұстанған Қазақстан ойдағы орыс, қырдағы қытайдың тілін табамын деп жанталасып бағуда. Экономикалық ұлы келісімдер мен келіссөздерде ұлы империялар өздерінің мүддесі үшін табан тіреп, табандылық танытса, Қазақстан олардың ығына жығылуға бейіл. Қалай дегенмен де, ұлы көршілерінің қытығына тиіп, үркітіп алмауы керек. Сол себепті де, әзірге өзгелердің әмірінен тым аса алмай отырған жағдайымыз бар. Әсіресе, жымысқы саясатпен, жүз жылдық жоспармен қимылдайтын көршіміз Қытайдың жыл өткен сайын дендеп еніп бара жатуы кім-кімді де секемдендіреді. Қазір көптеген басылымдар Қытай экспансиясы жайлы жиі жазып кетті. Біреу біліп айтады, біреу бұрып айтады, кім білсін, әйтеуір, Қытайдан сақтанған жөн дегенді күнде еститін болдық.

Қытай инвестициясы Қазақстанда әсіресе мұнай саласына молдап тартылды. Ана бір жылдары Ақтөбедегі СНПС-Қытай мұнай компаниясы басшылары мен жергілікті жұмысшылар арасындағы кикілжіңді де ұмыта қойған жоқпыз. Бірақ, онымен тұрмады екі ел арасында Атасу-Алашанькоу мұнай құбыры тартылды. Сөйтіп, еліміздегі қазба байлықты Қытайға құбырмен айдайтын болдық. Қытай басшылары соңғы жылдары елімізге жиі келетін болды. Біздің Сыртқы саясат ведомствосы да, Елбасы да Қытайға сапарын жиілетті.

Осы Қытайда ресми дерек көздеріне сүйенсек, 1,5 миллион, ресми емес дерек көздері бойынша 2,5 миллион қазақ тұрады. Демек, біздің бас байлығымыз – адам ресурсы бар. Бірақ, Қазақстан өзге мемлекеттер секілді шеттегі бауырларын саяси көзір ретінде пайдалануға келгенде тым жалтақ. Қытайдағы 1,5 миллион қазақтың да, Ресейдегі 1 миллион қазақтың да тағдыры бізді алаңдатқан емес. Мемлекетаралық маңызды келіссөздер барысында бұл елдердегі қазақтарға ұлттық бет-бейнесін сақтау тұрғысынан болсын, көші-қон тұрғысынан болсын пайда әкелетіндей келісімге барған емеспіз. Ресейдегі 1 миллион қазақтың Қазақстанға келуіне бөгет жоқ. Жол ашық, бірақ, олардың ұлттық бет-бейнесін сақтап қалу үшін ешқандай жағдай жасалмаған. Қазақ тілінде бірде-бір мектеп, бірде-бір оқу орны жоқ. Мерзімді басылымдар мен электронды БАҚ жетпейді. Ал, Қытайдағы қазақтар әзірге ұлттық менталитетін сақтап отырғанымен, жыл өткен сайын қытайландыру саясатының құрбанына айналып барады. Бізге жеткен соңғы деректерге сүйенсек, Қытайдағы қазақ мектептерінің бәрі жабылу алдында. Өйткені, қазақ тіліндегі кадрларға деген сұраныстың жоқтығы салдарынан, ондағы қазақ зиялылары балаларын амалсыздан қытай мектептерінде оқытуда. Демек, енді бір 5-6 жылда дүбара ұрпақ тәрбиеленіп шықпақ.

Қытаймен арадағы түрлі келіссөздердің жүзеге асып жатқаны барша әлемге аян. Тіпті, күні бүгінге дейін таласты болып келген шекара мәселесіне де нүкте қойылды. Алайда, бұл келіссөздердің ешқайсысында Қытайдағы қандастар жағдайы сөз болған жоқ. Сол себептен де Қытаймен арада мемлекеттік көші-қон және білім беру келісімі әлі күнге дейін жасалмаған. Бұның салдарынан Қытайдағы қандастарымыз атамекенге ошарылып көшіп келе алмайды. Қазақ диаспорасының ең ірі шоғыры орналасқан Қытаймен жасалатын кез-келген келісім-шарт ондағы қазақтардың мүддесі тұрғысынан жүзеге асатын болса, Қазақстан демографиялық мәселесін біржақты етер еді.

Оптимистік көзқарастарға сенсек, 2015 жылы Қазақстан халқының саны 20 миллионға жетуі мүмкін. Бірақ, бұған керісінше болжамдар да бар. БҰҰ-ның арнайы жүргізген зерттеуі бойынша Қазақстан халқының саны 2015 жылы 13 миллионға дейін құлдырауы мүмкін. Мәжіліс депутаты Амангелді Айталы бізге берген бір сұхбатында «Оптимистік көзқарастағы адамдардың қашан да жеңілетіндігін, сол себепті де пессимистік көзқараспен өмір сүріп, үнемі дабыл қағып отыру» қажеттігін айтқан еді. Ендеше 2015 жылы 20 миллионға жету үшін біздің арқа сүйер диаспорамыз бар. Оптимистік көзқарастағылардың да алдымен кесе көлденең тартатыны осы. Өйткені, Қазақстандағы табиғи өсіммен көздеген межені бағындыруымыз мүмкін емес. Бірақ, біздегі көші-қон саясатының әрқилы жағдайда жүргізілуі салдарынан шеттегі байлығымызды елімізге әкелуде әлі де ақсап жатқан тұстарымыз көп. Жыл сайын көші-қонға арнайы бөлінген 11 миллиард теңгенің біразы игерілмей қалады. Биыл да солай. Бірақ, Қазақстанға келіп алып, квотаға енуге ниет етіп жүргендердің саны жыртылып айрылады. Көші-қон комитетінің өз деректеріне сүйенсек, қазір көші-қон квотасына енуге құлшыныс білдіріп, өтініш бергендердің саны 30-35 мың отбасыға жетеді екен. Осы отбасылардың барлығы квотаға ену үшін Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға асығар емес. Егер әр отбасында 5 адамнан деп есептесек, онда 150-мыңдай адамның Қазақстан азаматы атануына кедергі келтіріп отырмыз. Әр адамға бөлінетін квота 1000 доллардың айналасында ғана. Демек, Көші-қон комитетіне өтініш берген 30-35 мың отбасының өтінішін бір жолда қанағаттандырсақ, 150 миллион доллар шығын кетеді екен. Ал, егер бұл қаржыны көші-қон саласына бөліп жіберсек, қаншама пайда келтірер едік. Алайда біз ұлттық құндылықтардан гөрі, жеке басымыздың пайдасын көбірек ойлаймыз. Сол үшін де ұлттық мүдде кейінге ысырылып қала береді.

Қазақстан мен Қытай арасында арнайы көші-қон келісімінің болмауы салдарынан Қытайдағы қазақтар өз еркімен немесе квотамен көшіп келу мүмкіндігіне ие емес. Олар көбінесе туысшылап немесе оқуға келу арқылы Қазақстанда қалып қойып жатады. Содан кейін ғана квота мәселесін ойлана бастайды. Бізге мәлім болғанындай Елбасы биылғы жылдың соңына дейін Қытайға ресми сапармен бармақ көрінеді. Осы сапар барысында екіжақты келіссөздер аясында мемлекеттік көші-қон келісіміне қол жеткізетін болсақ, бұл нағыз ғасыр келісімі аталар еді. Сыртқы саясат ведомствосы мен Президент әкімшілігіндегі адамдардың назарында ең бірінші осы мәселе болуы тиіс. Сонда ғана біз Қытайдағы қандастарымызды жаппай көшіріп алу мүмкіндігіне ие боламыз. Сөйтіп, ондағы 1,5 миллион қазақты өзге ұлтқа сіңіп жойылуынан сақтаймыз. Әрі Қазақстанның халқының санын өзге ұлт есебінен емес, өзіміздің қазақтар есебінен арттыратын боламыз. Осылай жасау арқылы біз 2015 жылы ойлаған межеге жете аламыз. Онсыз оптимистік пікір таныту бекер.

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары