«FАСЫР IНДЕТIНЕ» НЕ ДАУА БАР?

«FАСЫР IНДЕТIНЕ» НЕ ДАУА БАР?

«FАСЫР IНДЕТIНЕ» НЕ ДАУА БАР?
ашық дереккөзі
418

Бұрын-соңды ВИЧ, СПИД деген жаман iндеттiң атымен тек шетелдiк ақпарат жүйелерiнен ғана таныс болсақ, кейiнгi кезде бұл қауiптi iндет өзiмiздiң нағыз қазақы жұртымыз шоғырланған Оңтүстiк Қазақстан өңiрiн жаулап алды. Олай айтпағанда немiз қалды? Әу баста iндеттiң алғашқы «құрбандары» пайда бола бастағанда елең қылған бiр басшылық көрiндi ме? Олар мұның одан ары қарай үдей түсетiнiн алдын-ала сезсе де, сезбеген кейпi танытты. Ақыр аяғында әрбiр отбасының қуанышы, әрбiрден соң елiмiздiң келешегi жас сәбилердiң тағдыры тәлкекке ұшырады. Дәл бүгiнгi көрсеткiш төбе шашыңызды тiк тұрғызады. Өйткенi, ВИЧ инфекциясын жұқтырған балалардың саны 81-ден асып жығылса, (оның сегiзi көз жұмды) оның бiреуi Түркiстан қаласында тұратын сәбиден анықталған. Демек, бара-бара өршiп бара жатқан «ғасыр iндетiнiң» таралу жолына мол еркiндiктi бергенiмiз былай тұрсын, ендi бас ауырмақ түгiлi, жан ауыратын халге жеттiк…

Соңғы кезде дәрiгерлердiң өз iсiне жауапкершiлiкпен қарамайтындығын жиi ауызға алатын болдық. Мұның себебi неде? Рас, мемлекеттiк бюджет қазанынан қоректенетiн дәрiгер, мұғалiм секiлдi маман иелерiнiң жалақысы азына аз. Әйтеуiр бюджеттi жоспарлау жөнiндегi мамандар жыл сайын жалақыны өсiрiп жатырмыз десе де, қолына тиетiн маңдымайтын азын-аулақ ақшаны ары тартса берi, берi тартса ары жеткiзе алмайтын да осы мамандық иелерi. Содан ба екен, ақ халатты жандардың ақшаға деген құлқыны мен араны ашылып барады деген әңгiме құлаққа жиi шалынады. Егер де Үкiмет осы қызметкерлердiң жалақысын күнкөрiске жетерлiктей етiп едәуiр көбейткен болса, мұндай жағдай орын алмас па едi, кiм бiлсiн?! Жақында Парламентте, Үкiметте келер жылдың бюджетi жан-жақты тезге салынып, қарастырылды. Құдай қаласа, бюджет қазанындағы қомақты қаржының шамамен 34 пайызы әлеуметтiк сала мамандарына бұйыратын түрi бар.

Айтып айтпай не керек, Шымкенттегi шулы оқиғаның дүбiрi әлi басылар емес. Тiптi, жағдай одан ары ушығып барады. Оның үстiне Оңтүстiк Қазақстан облысының қалаларына да аузын сала бастаған дертке тосқауылды қайдан iздерiн бiлмей дал болып, «есiн жаңа жия бастаған» дәрiгерлер сасып-пысуда. Ал осы әрекеттiң үстiнен жiтi бақылап отырған Денсаулық сақтау министрлiгi мамандары жұмған ауыздарын ашар емес. Мәселенiң мән-жайын, комиссияның қандай қорытындыға келгенiн бiлгiмiз келiп, министрлiкке хабарлассақ болды, жақауратқан әдеттерiне салынып,«әлi ешқандай толық шешiм шыққан жоқ, бiз бәрiн қадағалап отырмыз. Бiр хабар болса, өзiмiз жария етемiз. Қазiр осы ВИЧ-пен ауырған балалардың отбасына арнайы көмек қарастырылып жатыр» деп баяғыдан қанық болған ақпараттарды тiзбектей жөнеледi. Бiздiң бiлмегiмiз бұл емес, комиссияның арнайы кесiп-пiшкен соңғы толыққанды шешiмi. Алайда, БАҚ өкiлдерi жедел әрi жүйелi ақпараттың нәтижесiнде iндет алғаш 15 баладан табылған кезде-ақ, мұның себебiн дәрiгерлердiң өз iсiне салғырттығынан iздеген болатын. Шындығында да, солай болды. Жақында мамандар ВИЧ жұқтырушы бiр ғана донор болуы мүмкiн деген тоқтамға келiптi. Демек, iндеттiң кең етек алуына қан ауыстыру себеп болған. Орталық Азия жөнiндегi СДС бағдарламасының қызметкерлерi республикалық СПИД орталығының мамандарымен бiрге молекулалық-биологиялық зерттеу жүргiзудiң барысында ВИЧ-тi жұқтырған балалардың көбiнiң вирусы бiрдей екендiгiн анықтаған. Соны бiле тұра, кез келген ақ халатты маман иесi осы күнге дейiн «алдымен комиссияның қорытындысы шықсын, сендер неге бiзге күйе жағасыңдар?» деп тайсақтай жөнеледi. Сонда бұлардiкi қай сасқандық? Қай жерде болсын, бәрiнен де «дәрiгерлiк мафия» мықты дейдi. Расында, солай-ау. Ал, статистикалық көрсеткiшке көз жүгiртсек, көршi жатқан елдер арасында СПИД-ке шалдыққандар саны жағынан бiрiншi орынды– Өзбекстан, екiншi орынды – Қазақстан, үшiншi – Қырғызстан, ал төртiншi орынды Тәжiкстан иемденедi екен.

Экс-министр Е.Досаев ВИЧ инфекциясын жұқтырған сәбилер жағдайына арнап өткiзген баспасөз мәслихатында БАҚ өкiлдерi небiр сұрақтарды төтесiнен қойып, оны бiраз әбiгерге түсiрген едi. Алғашында Досаев та бiраз қоқаңдап, дәрiгер қауымын ақтап шығуға тырысқан-ды. Алайда, ақиқаттың арты әманда ашыларын сезген ол Оңтүстiк Қазақстан облысының бiрнеше қаласы мен ауданының ауруханасы мен емханасын аралап, көзi жеткен соң ғана өз пiкiрiн өзгерттi. Өзгерткенi сол, жергiлiктi басшылардың бiразына килiккенмен, ешқандай нақты шешiм қабылдай алмады. Өз iсiнiң маманы болмағандықтан да болар, ол бұл жан ауыртарлық жайттың бүге-шiгесiне дейiн үңiле алмады. Оған дәрменi де жетпеген сыңайлы. Алдын-ала сын сағаты туғанын бiлген ол өзiнiң орындалуы қиын, оның үстiне талай сынға iлiккен реформасымен бiрге Денсаулық сақтау министрлiгiнiң орнын бiржола босатты. Әрине, ел басына қауiп-қатер төнген уақытта, iндеттiң бетiн қайтару үшiн дер кезiнде күреспеген министрдiң қажетсiздiгiн қоғам түсiндi. Әуелгiде Досаевты мықты қаржыгер-маман ретiнде санап, бұдан былай күрделi жөндеудi қажет ететiн медициналық мекемелерге жан бiтедi, жаңа технология мен құрал-жабдықтарға қомақты қаржы бөлiнетiн болды деген сенiмiмiз де әп-сәтте тоқырауға ұшырады. Есесiне, Шымкенттегi облыстық қан құю орталығының құрал-жабдықтары ескiрiп, тозығы жеткен. Тiптi, бiр ауырған адамға қолданған катетердi екiншi, үшiншi науқасқа да пайдалана берген. Мiне, қаржыны осы сынды ең қажеттi, зәру жабдықтарға бөлмесе, қайда бөледi? Егер де Шымкенттегi осы оқиға елiмiздi дүрлiктiрмеген болса, экс-министр Досаев та, жаңа министр Анатолий Дерновой да әдейi келiп, облыстың ақсаған медицинасымен танысып, оның көзге түрпiдей көрiнген ахауларын көрмес те, бiлмес те едi. Ендiгi бар үмiт соңғы тағайындалған министр мен облыс әкiмi Өмiрзақ Шүкеевтiң еншiсiнде. Әйтеуiр, дертке шалдыққан балалардың ата-анасымен кездескен әкiм де, министр Дерновой да үнемi көмек берудi, науқас балаларды бақылауда ұстайтындықтарын бiлдiрiп бақты. Дегенмен, бұл жылы сөз жүрегi жаралы ата-ананы сабасына түсiре алмайды. Өйткенi, кез-келген ата-ананы бауыр етiнен жаралған сәбиiнiң болашағы, оның ертеңгi денсаулығы алаңдатпай қоймайды. Бүгiнде «Балаларды СПИД-тен қорғау» қорының есепшотына 108 млн. теңге түскен. Бұл қаржы ВИЧ жұқтырған сәбиi бар отбасыларға 500 мың теңгеден таратылып берiлмек.

Р.S. Не десек те, бұл қазақтың сүйегiне басылған таңба. Демографиямыз бiршама iлгерi қадам басты деп бөркiмiздi аспанға атып жатқанда, алдымызды орағытқан «ғасыр iндетiне» не дауа бар?! Бәрiнен де өмiрдiң қызығы мен тәттiсiнiң дәмiн тата қоймаған бейкүнә сәби мен бүлдiршiндi ойласаң жүрегiң езiлiп-ақ кетедi. Амал нешiк?

Жақында Елбасының өзi ВИЧ дертiн жұқтыруға ерiк пен жол берген кiнәлiлер өз жазасын алуы керек деп қадап айтқан едi. Сондай-ақ, ол тез арада денсаулық сақтау саласында iндеттiң алдын-алу шараларына байланысты қауiпсiз амалдарын ұйымдастыруды және мән-жайды анықтау, зерттеу жұмыстарын аяғына дейiн апару қажеттiгiн де нақты тапсырмамен сабақтады. Бiрақ әзiрге тексеру амалдары толыққанды бiтер емес…

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары