300
БАТЫС «ОЙЫНЫ» ҚҰРДЫМҒА БАТЫРАДЫ
БАТЫС «ОЙЫНЫ» ҚҰРДЫМҒА БАТЫРАДЫ
Батыс әлемiн жайлаған христиан дiнi ендi бүкiл дүние жүзiне ықпалын күшейту мақсатымен, жаңадан тәуелсiздiк алған елдерге өз миссионерлерiн жұмсап, жастардың және тұрмыс шатқаяғына ұшырағандардың санасын улап, өз дiнiнiң ағымдарына тартуда. Бұл бай ағымдар АҚШ, Англия, Франция т.б. капиталистiк алпауыт елдердiң саяси, экономикалық құйтұрқы әрекеттерiн жасырын iске асырушылар есебiнде белгiлi.
Қазақстанға қаптап кеткен дiни ағымдардың iшiндегi ең айлакерi де, әдеби-танымдық (жылпос) үгiт-насихат жазбаларымен түгел қамтылғаны да христиандық ұйымдар. Мысалы, Алматы көшелерiндегi қаптап жүрген миссионерлер келедi де: «Құдайдың жалғыз екенiн мойындайсыз ба? Әлемдi сақтап қалуға не iстеу керек? Иса мәсiх елшiмiз», – деген сияқты iрiткi сөздерiн бастырмалата жөнеледi, сiздiң қай дiндi қалайтыныңызда iсi жоқ, әйтеуiр, жолдан бұру, аздыру, өз дiнiне енгiзудiң амалдары. Сол арқылы қазақ отбасына әр дiндi енгiзу, iштен iрiтiп, мемлекеттi «соғыссыз» жаулап алмақ. Белгiлiсi, Мария ананың баласы Исаны өз күйеуi Иосифтен тумағаны, осындай әйелдiң еркiндiгiн демократияның, батыстық ғаламдастырудың негiзi етiп ұстанулары. Шығыс ұстанымында мұны жеңiлтектiк, тiптi сатқындыққа теңейдi. Ал, елiңдi жеңiлтектiк пен сатқындық «баурап» алса, не қасиетiң, қандай елдiгiң қалмақшы? Бiреулер айтуы мүмкiн, «АҚШ сияқты елдер дамып отыр, бiз неге оларға елiктеуiмiз керек?» – деп. Бiз өзiмiздi адамзат дамуынан бөлек қарай алмаймыз, ал формациялар неғұрлым даму шегiне жетсе, сол бойда басқа өзгерiстерге жақын тұрады, тiптi күйрейдi. Ғаламдастыру – батыс күйруiнiң «тал қармауы», әлемдi ордан құлатып, ойран-топыр қылып, құрдымға ала кету. АҚШ-тың болмаған нәрселердiң бәрiн Ислам әлемiне жауып, дүние жүзiн алдап, ислам дiнiндегi елдердi жаулап алуы жоғарыда айтылғандардың бұлтартпас дәлелi. Қазақстан солардың «сойылын соғып» жүрiп, айбайсызда құрдымға кетiп қалмауы жағын ойластыруы керек. Мемлекетiмiз ұлттық бағытты негiздемейiнше тұрақты, тәуелсiз болып қала алмайды. Батыс «ойыны» құрдымға батырады.
Нұрбай МҰСАБЕКҰЛЫ,
Алматы қаласы.