ҚАЗАҚЫ ӘУЕН ҚАЙНАРЫНАН ҚАНЫП IШКЕН...

ҚАЗАҚЫ ӘУЕН ҚАЙНАРЫНАН ҚАНЫП IШКЕН...

ҚАЗАҚЫ ӘУЕН ҚАЙНАРЫНАН ҚАНЫП IШКЕН...
ашық дереккөзі
229

Қалдыбек Құрманәлi Астанада ән кешiн өткiздi

Өткен аптада Елордадағы «Конгресс -Холл» сарайында Қазақстан Жастар одағы сыйлығының иегерi, танымал композитор Қалдыбек Құрманәлiнiң «Бiз әлi кездесемiз« атты шығармашылық кешi ұйымдастырылды.

Кейiнгi жылдары негiзiнен «концерт ұйымдастырушы» ретiнде көбiрек таныла бастаған Қ.Құрманәлi бұл жолы қаншама қат-қабат жұмыстармен айналысып жүргенiмен, өз шығармашылығына да жiтi көңiл бөлетiнiн байқатты. Көпшiлiк оның «Қариялар азайып бара жатыр», «Кiрмешi жиi түсiме», «Қиялдағы қалқа», «Телефонмен тiл қатшы маған», «Ән-аға немесе Шәмшiмен сырласу«, «Жайықтың толқындары» сынды осыдан он-он бес жыл бұрын шыққан әндерiн жақсы бiлетiнi рас. Алайда Астана жұртшылығы композитордың қай кезде болсын, естi ән жазудан әсте жаңылмағанына куә болды. Қазақстанның Халық артисi Тұңғышбай әл-Тарази орындаған «Бақыт жайлы ән» мен «Мен күткен махаббат», Қазақстанның Халық артисi Мақпал Жүнiсова шырқаған «Бiз әлi кездесемiз», Қазақстанның еңбек сiңiрген артисi Ақжол Мейiрбеков айтқан «Ұмытпа менi, аяулым», Ералхан Әбiшев бағын ашқан «Арал қызына», Жеңiс Ысқақованың репертуарына енген «Ән-арман», Айгүл Иманбаева құйқылжытып жүрген «Сағыныш әнi», Хадиша Шалабаева танымал еткен «Шәй iшiп кетсең қайтедi?», Ғани Мәтебаев орындайтын «Жаз не деп едi?», «Жiгiттер» квартетiнiң орындауымен белгiлi болған «Ағаларым-ай» және тағы басқалары – Қалдыбектiң кейiнгi бiрнеше жылда жазып, бiрден жарқ еткiзген әндерi – оның композитор ретiнде бұрынғы биiгiнен төмендемегенiн, қайта шыңдала түскенiн паш ететiн дүниелер. Бұлардың ешқайсысын да автордың алдыңғы танымал туындыларынан кем деп айта алмайсыз.

Осыған көзi жеткен болуы керек, «Конгресс-Холлды» лық толтырған халайық та композиторға, оның әндерiне және орындаушыларына арнаған ыстық ықыласын ұзаққа созылған ду қол шапалақтармен бiлдiрiп отырды. Сахнаға шығып, өз лебiзiн айтқан Қазақстанның Халық жазушысы, Парламент Мәжiлiсiнiң депутаты Мұхтар Шаханов та, қазақтың аты аңызға айналған ақын қызы Фариза Оңғарсынова да Қ.Құрманәлiнiң нағыз ұлттық сипатта ән жазып жүрген санаулы сазгерлердiң бiрi екенiн атап көрсеттi. Кешке белгiлi кәсiпкер, қоғам қайраткерi Болат Әбiлов демеушiлiк көрсетсе, Қалдыбектiң тағы бiр досы – танымал спортшы, өнер жанашыры Сабыржан Махметов кеш иесiне «Тойота-Камри» автокөлiгiн сыйға тартты.

Айнұр Тұрғанбайқызы

Серіктес жаңалықтары