«ШЕВРОН» ҚОЛӨНЕР КӘСIБIН ЖАНДАНДЫРУҒА БЕТ БҰРЫПТЫ
«ШЕВРОН» ҚОЛӨНЕР КӘСIБIН ЖАНДАНДЫРУҒА БЕТ БҰРЫПТЫ
Кеше Алматыдағы Қастеев атындағы өнер мұражайында «Қазақстанда қолөнершiлердi дамыту және халық көркем кәсiбiн жандандыру» бағдарламасының негiзiнде қорытынды жиын өттi. Аталмыш бағдарламаны жүзеге асырушы, яғни ұйымдастырушылар «Шеврон» корпорациясы мен Орталық Азияның Еуразия қоры, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлiгi. Қолөнершiлердi дамыту бағдарламасы 2006 жылдың мамыр айынан басталыпты.
Қолөнер кәсiбi қазаққа таңсық емес. Тiптi, атамзаманнан берi қалыптасқан үрдiс десек те болады. Бүгiнгi таңда қолөнерлiк дәстүр ұмытылып бара жатыр десек те, кейбiр елдi мекендерден бiрлi жарым қолөнер шеберлерiн кездестiруге болады. Кәсiби шеберлердi iздестiрiп, қолөнерлiк кәсiптi қайта жандандыру үшiн САНДЖ зерттеу орталығы Қазақстан бойынша арнайы зерттеу жұмыстарын жүргiзiптi. Аталмыш орталықтың берген мәлiметiне қарағанда, Қазақстанда қазiр 700-ге жуық қолөнершi бар екен. Бұл санақ елiмiздегi iрi он сегiз қала мен соның маңайындағы аймақтарды зерттеу нәтижесiнде белгiлi болыпты.
Мұндай ауқымды зерттеу республикамызда тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр. Зерттеу нәтижесiнде елдегi қолөнершiлер кәсiбiн дамытудағы бiрқатар проблемалары жайлы да бiрқатар мәлiметтер жинапты. Солардың iшiнде — шеберханалардың, құрал-жабдықтардың сапалы және арзан шикiзаттардың жетiспеушiлiгi, сонымен қатар ақпарат жетiспеушiлiгi, кәсiби оқыту қажеттiлiгi, мемлекет тарапынан арнайы қолдаудың болмағандығы, аталмыш өнерге өз кесiрiн тигiзiп келедi.
Қолөнершiлер өнiмi нарығын сараптау арқылы қазақстандық өнершiлдер өнiмiнiң үлесi жергiлiктi нарықта 20-30 пайыздан аспайтындығын да аталмыш зерттеу орталығы дәлелдеп отыр. Жалпы, халық өнерi саласындағы сараптаушылардың мәлiметiне қарасақ, республикамызда жоғары сапалы қолөнер бұйымдарын жасайтын өнершiлдер аз емес. Ендiгi мақсат, елiмiздегi айтулы қолөнер шеберлерiнiң арасында арнайы байқаулар өткiзiп, олардың кәсiби шеберлiгiн арттыру үшiн де жұмыстар жасалатындығын мәлiмдедi.
«Шеврон» корпорациясы бұдан өзге де бiрқатар игiлiктi iстердi атқаруды жоспарлап отыр. Аталмыш корпорацияның қоғаммен байланыс бөлiмiнiң үйлестiрушiсi Роза Күзембаеваның айтуынша, корпорация алдағы уақытта жетiм-жесiрлерге, тастанды балаларға жәрдемдесу аясында арнайы бағдарламалар түзiптi. Сондай-ақ, корпорация экология мәселесiнен айналып кетпейтiндiгiн де жасырмады.
Гүлзина Бектасова