АҚЫН ЕСЛӘМ ЗIКIБАЕВТЫҢ 70 ЖЫЛДЫҒЫ АТАП ӨТIЛДI

АҚЫН ЕСЛӘМ ЗIКIБАЕВТЫҢ 70 ЖЫЛДЫҒЫ АТАП ӨТIЛДI

АҚЫН ЕСЛӘМ ЗIКIБАЕВТЫҢ 70 ЖЫЛДЫҒЫ АТАП ӨТIЛДI
ашық дереккөзі
295

Өткен аптаның қасиеттi жұма күнi Қазақстан Жазушылар одағының мәжiлiс залында танымал ақын, марқұм Есләм Зiкiбаевтың 70 жылдығына орай еске алу кешi болып өттi. Кешке аттары елiмiзге кеңiнен танымал ақын-жазушылар, кiтапсүйерлер, Алматы қаласындағы жоғары оқу орындарының студенттерi қатысты.

Қолына қалам алып, ақ қағазға шуақты сезiм селiн ақтарған алғашқы күндерiнен-ақ елдiктi, еркiндiктi, парасатты марапаттайтын терең мазмұнды тектi жырлар жазған арқалы ақынды еске алу әуелi ол туған өлке – Солтүстiк Қазақстан облысында бастау алған. Өмiрде қарапайым, елгезек болған, адамдары шынайы жақсы көре бiлген көрнектi ақын өз шығармашылығында да туған елге, өскен жерге деген шынайы махаббатын паш етуден талған емес. Сондай-ақ осы еске алу кешiнде ақынның «Армандай ғұмыр» өлеңдер жинағының тұсау-кесерi де болып, «РИИЦ Азия» баспасынан әсем безендiрiлiп шыққан кiтабы кiтапсүйер қауыммен табысып, осы кешке жиналғандардың ыстық ықыласына бөлендi.

Еске алу кешiн Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин сөз сөйлеп ашып, белгiлi қаламгер Сарбас Ақтаев ақынның өмiрi, творчестволық iзденiстерi мен өсу жолдары жайында жиналған көпшiлiкке қызықты етiп әңгiмелеп бердi. Көпшiлiктiң көңiлiнен шыққан еске алу кешiнде белгiлi әншiлер мен өнер қайраткерлерi, өнерпаздар өз өнерлерiн ортаға салып, жұрттың ыстық ықыласына бөлендi. Ақын көзi тiрiсiнде:

«Сақтағандай көздiң ақ, қарашығын…

Танытатын Дүниеге бар асылын.

Халықтың қасиетi үш бөлiнбей,

Үш гүлдей тапса-ау, шiркiн, жарасымын!» – деп жазғанындай ақын творчествосы оқырман жүрегiмен түсiнiстiк, жарасым тапқан кеш жиналғандардың есiнде ұзаққа сақталары сөзсiз

АҚЫН ҒҰМЫРЫ «АРМАНДАЙ ҒҰМЫРҒА» ҰЛАСТЫ

Жуырда Алматы қаласындағы «РИИЦ Азия» баспасынан қазақтың белгiлi ақыны, марқұм Есләм Зiкiбаевтың «Армандай ғұмыр» жинағы жарық көрдi. Әсем безендiрiлiп шыққан аталмыш жыр жинағына ақынның әр жылдарда жарық көрген жырларымен қатар, өмiрiнiң соңғы кезiнде жазылған өлеңдерi жинақталған.

Көзi тiрiсiнде «Самала жырдың шеберi» атанған белгiлi ақынның туған жерi – Солтүстiк Қазақстанның ақ қайыңды далалары, гүл көмкерген жазиралары қандай, көркем табиғаты қайталанбас сұлу болса, өз творчествосының да ерекше даралығымен қазақ әдебиетiнен өз орнын тапқан Есләм Зiкiбаевтың өлең-жырлары да сондайлық сұлу.

«..Орным бар,

Төрде емен, есiкте емен,

Тағдырдың телегейiн кешiп терең.

Елмен бiрге малтығып өткелекте,

Елмен бiрге талпынып өсiп келем», – деп жазған ақынның жастық жырлары жалындаған қуатымен жануы баураса, естияр тартып, ақыл тоқтатқан шағындағы өлеңдерi тұңғиық тереңдiгi, астарлы ой, күрделi мазмұнымен көңiл аудартады. Ол қамығып жазса да, қамығып жұбанып жазса да – бәрi де шынайы. Жүрек тереңiнен қайнап шығады.

Ақынның өлмек жырлары осы жинақ арқылы оқырмандарымен қайта қауышуға қанат қақты. 20 баспа табақтық, әсем өрнектелген «Армандай ғұмыр» кiтабы бес бөлiмнен тұрады және әрбiр бөлiм беташарына ақын өлеңдерiнiң қайталанбас шумақтары берiлген.

Белгiлi ақын Есләм Зiкiбаевтың «Армандай ғұмыр» кiтабы оқырмандар қауымының көңiлiнен шығары даусыз.

Ж.Баққондыұлы

Серіктес жаңалықтары