ҚАЗАҚҚА ЕНДI ҚАЛҒАНЫ БУДДИЗМ БЕ ЕДI?

ҚАЗАҚҚА ЕНДI ҚАЛҒАНЫ БУДДИЗМ БЕ ЕДI?

ҚАЗАҚҚА ЕНДI ҚАЛҒАНЫ БУДДИЗМ БЕ ЕДI?
ашық дереккөзі
435

Бүгiнгi қазақтың тағы бiр таңқаларлық iсi бар. Кеңес Одағы ыдырап кеткеннен кейiн iлiнiп-салынып отау құрған өзге ұлттардың қазақтар секiлдi бiресе тенгризмге (тәңiршiлiкке) қайтайық деп, бiресе бурханизм деген бiзге келiңкiрейтiн дiн бар екен деп, ғасырлар бойы арманы мен мұратын, бүкiл тағдырын сенiп тапсырған Құдайын өзгертiп, басқа бiр Құдай табайық деп алжаса бастаған бiрде-бiрiн көрмедiк. Тек қазақтар ғана iшкi-сыртқы саясатын, экономикасын, бүкiл салт-дәстүрiн, тарихын реформалап, өздерi аузынан тастамайтын «өркениетке» жетiп болып, ендi жаңа Құдай iздеуге шықты. Ол үшiн бiз әуелi басқа дiндерге төзiмдi болуымыз керек екен. Сондықтан сол төзiмдiлiк дегеннiң өзiн «толерантность» деп сөйлеуге үйрендiк. Бiз сөйтiп, дiн атаулының өкiлдерiн шақырып алып, той-думандатып, ал Израильден келген еврей дiндарлары бiздi төзiмдiлiкке үйретiп жатқанда, ана жақтағы (Израильдегi) еврейлер мұсылмандарды өз мешiтiне – әл-Ақсаға кiргiзбей, қиғылық салып жатты. Бұл кезде бiздiң бiр газетiмiз еврейлердiң Торасын тауып алдық деп, бұл өте құнды дүние деп, құлаш-құлаш мақала жазып, күмпiлге басты. Осы кезде жоғары оқу орнындағы бiр декан шәкiрттерiнiң ораза ұстауына тыйым салыпты деген тағы бiр хабар шықты. Тағы бiр таңғаларлығы, егер әлемдегi дiндердiң iшiнде өзге дiнге ең төзiмсiздерi — католиктер мен еврейлер дiнi болса, бiзге сол төзiмдi үйретушiлер католиктер болып шықты. Обалына не керек, елiмiздегi орыс дiнбасы Анатолий әкей оларға: «Мен медициналық толеранттық, яғни, төзiмдiлiк дегендi түсiнемiн, ол араққа мас болып қалмау, көтеруге байланысты айтылады. Ал дiни төзiмдiлiк дегенге түсiнбеймiн», – деп осы бiр тым күмiлжi ұсыныстың бетiн қайтарғандай болды. Ал, қазақтың кейбiр басшыларының айтқанын тыңдасаң, толеранттық немесе төзiмдiлiк дегенiңiз егер қазақтың мал бағып, егiн егетiн жерiне өзге бiр дiн өкiлдерi келiп шiркеу, синагога салып жатса да үндемеу керек екен.

Қарап отырсаңыз, мұндай «төзiмдiлiктiң» аржағында қазақ сияқты тұтас бiр ұлттың намысын жою,ұлтсыздандыру деген сайқалдықтың құлағы қылтиятын секiлдi. Шынында да егер қазақ өз елiнiң орталық қаласы Астананың қақ ортасына – Дәуiт жұлдызын салып қойса, Тораны елiмiздiң құнды қазынасы деп көш-құлаш мақала жазып, оны бiр газетiне жариялап жатса, бұған не деуге болады? Бұл да төзiмдiлiк, өзгеге iзгiлiк болып па? Француз Жан-Жак Руссо сонау XVIII ғасырда-ақ айтып кеткендей, адам әуелi «Құдайдың ақиқат екенiн танып алмай, адамгершiлiкке, iзгiлiкке жете алмайды» ғой. Сондықтан бiздiң жәй қазақтың да, шұбартөс шонжар қазақтың да ең әуелi өз Құдайын жүрегiне орнықтырып алғаннан соң ғана өзгенiң жоғын жоқтағаны жөн болар едi-ау!

Амал не, бiздiң қазақ оның орнына бүгiнде бiзге қай дiн керек, бастапқы дiнiмiз қандай едi деп бiр-бiрiмен айтысқа шыққан сыңайлы. Бiз қасиеттi ислам дiнiн VII-VIII ғғ. қабылдадық… Ал, христиан дiнiн Х ғасырда ғана қабылдаған орыстар да,басқалар да мұндай әңгiменi аузына алмайды. Әрине, қазiр қазақтарды ислам дiнiнен оқшалау үшiн сырттан келгендер де, iште жүрiп iрiтушiлер де толып жатыр. Әрi-берiдесiн, бiздiң лауазымды орындарда жоғарғы жақта отырғандардың iшiнде басқа дiндi қабылдағандар, соның кең таралуына оң қабақ байқататындар да баршылық дейдi.

Қазақ қазiр басқа iлiм-бiлiмнiң түбiне жетiп, ендi аңыз-әңгiмелерден, қиссалар мен лирэпостардан ата-бабасын таратып, олардың өлiмiнiң себебiне қарап, қандай дiндi ұстағанын анықтауға кiрiстi. Әшейiнде мынау пәлен деген нағашысына тартқан, мынау атасына, жетiншi атасына тартқан деп жатқандарды еститiнбiз. Қазiр жетiншi ата дегенiңiз осыдан 7 жыл ғана бұрын өзiңмен бiрге хотдог жеген замандасың сияқты болып қалды. Сөйтiп, бiреулер өзiнiң көңiлiне жақын екiншi бiреудiң «ғажап ерекшелiктерiн» дәлелдеу үшiн қай заманда, қай ғасырда өмiр сүргенi дәлелденбеген бiр батырдың әкесiне тартқан дегенiн де көрдiк. Мысалы, Бақытжан Алдияр деген азамат «Қазақ әдебитетiнде» жариялаған «Қасқыр, қасқа құлын, Қасым һәм Қасымхан» деген мақаласында Қасымхан Бегмановтың ақындығы туралы теңiздей толқып тебiренiп келiп, шарықтау шегiне жеткен кезде ендi оны «Алпамысқа теңей салсам, төмендетiп алармын» – деп қорықты ма қайдам, Алпамысты белiнен бiр-ақ аттап, оның әкесi Байбөрiге ұқсатпақ болады. Әрi-берiдесiн Алпамыс туралы жыр өзге де түркi халықтарында бар едi ғой. Сонда Бақытжан Алдиярдың Қасымхан Бегмановы солардың қайсысы екен? – деп дал болғанымызды айтсайшы.

«Жас қазақ» газетiнде «Будда бiрде дүниеге келгенде…» деген не ғылыми, не дiни, не болжам деуге келмейтiн бiр мақала шықты. Авторы Әмiрхан Балқыбек. Мақаланың «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырын алғаш тудырған ақын» деген бiрiншi сөйлемiн одан әрi «Ал, Будда бұл туылулардың (?) бәрiнен өткен…», «батыл болжам жорамал» деген жолдарды оқығаннан-ақ «тудырған», «туылулары» несi, «болжам жорамалы» несi, мынау сөз саптай алатын, тiл бiлетiн адамның сөзi ме деп тiксiнiп қалсақ та оқып шығуға тура келдi. Бүкiл көш-құлаш мақаланың тiлге тиек болып отырғаны осы жырдың соңында Баян сұлудың өзiн-өзi өлтiргенi. Автордың бар айтпағы бiз сол заманда будда дiнiне қатысымыз болған сияқты, өйткенi,өзiне-өзi қол көтерушiлерге тек будда iлiмi ғана кешiрiммен қарайтыны екен. Яғни, автордың айтуынша, жырды «тудырған ақын» екi ғашықтың хиқаясы «түбi сәттi, қуанышпен аяқталатынына ешқандай күмәны болмаған десе де болады» екен. Сонымен, «асқақ махаббат сезiмiнiң халықтық эталонына айналған», «ғасырлар қойнауында кемелiне келiп, толысқан» (?) «ата-бабаларымыз «Ұлы Дала төсiнде алғаш тыңдау бақытына ие болған» (?) бұл жыр туралы айта келiп, Әмiрхан бауырымыз кенет «Олай болса, бiз iздеп отырған дiн қандай дiн болуы мүмкiн? Дала төсiндегi дәстүрлi Тәңiршiлдiк пе? Манихейшiлдiк пе? Мүмкiн Заратустраның iлiмi болар? Мақалада одан әрi Қыз Жiбектiң сүйгенi Төлеген мерт болғанын, кейiн Баяншылап өзiн-өзi өлтiрмей, Сансызбайға тигенi, егер ол өзiн өлтiрсе «дала төсiне емiн-еркiн енiп орныққан» (?) исламның шариғаты көтермейтiнi, яғни, Жiбек мұсылман болғанын айтады. Ал Баян сұлудың күнәсiн тек осы дiн (буддизм. – М.К.) ғана кешiредi-мiс. Не көп, асылып, атылып өлген қазақ көп. Бiзге ендi қалғаны солардың жаназасын шығаруға Қытайдан, Жапоннан лама мен монах шақырттыру ма едi?

Сонымен, Әмiрхан Балқыбек осындай нәрселердi дәлел-дәйек немесе өзi айтқандай болжам жорамал (?) ретiнде ұсынып келiп: «Олай болса, бiздiң жыр кейiпкерлерi мен оны алғашқы жырлаған ақын буддашылар болған деген пiкiрлердiң де әбден жаны бар болуы мүмкiн» – дейдi. Ащылау да болса айта кетейiк, белгiлi бiр шығарманы тiл шұрайлылығы жағынан болсын, тарихи қырынан болсын зерттеп мақала жазатын адам нағыз ғалым болмаса да, ең болмағанда дұрыс сөз саптай алатын, тiлi жатық адам болуы керек. Ал, Әмiрхан бауырымыздың басқасын айтпағанда манадан берi бiз сұрақ қойып, астын сызып көрсеткен сөздерiне орынсыз қолданған «дала төсi», «ғасырлар қойнауы» «алғаш таңдау бақыты», «келесi өмiрлерi» деген жауыр сөздерiне айтып отырған дәлелдерiнiң құр долбарлығына қарап редакция басшыларынан «Осыны қоя тұршы» дейтiн бiреу табылмағанына да ренжисiң. Сонда деймiз-ау, осыдан пәленбай ғасыр бұрын өзiн-өзi өлтiрген бiр қыз не жiгiт туралы аңыз-әңгiме, жыр-қисса оқысақ, соның бәрiн буддист едi деуiмiз керек пе? Сонда осы күнi де өздерiн мұсылманбыз деп тұрып-ақ пойыздың астына түсiп, асылып, атылып жатқан қазақтарды да, өзiн-өзi жарып жiберiп жатқан палестиналық арабтарды да, ана жолы алаңда өртенген жiгiттi де, Л.Толстойдың Анна Каренинасын да буддашыл едi деймiз бе? Бұл қандай ғылыми жаңалық? Әлде әдебиет зерттеудiң жаңа бiр әдiсi ме? «Қозы-Көрпеш–Баян сұлу» жыры исламның құрығынан аман қалды деп долбарлауға болады» деген не сөз? Ислам бiр елдiң мәдениетiн, әдебиетiн өртедi, қиратты дегендi еуропалықтар да айтпайтын едi ғой. Ал Баян сұлу өзiн-өзi жарып өлтiрсе, ол әрi-берiдесiн Қарабайдай алпауыт байдың жалғыз ерке қызы болатын. Қозы-Көрпеш те кiндiктен жалғыз, Сансызбай сияқты әмеңгер бола қоятын iнiсi де жоқ едi. Әмiрхан айтқандай, анау жылдары бұл мәселемен Әлкей Марғұлан «бас қатырса», ол кезде екi күннiң бiрiнде басына қатер төнiп жүрген ғалымның Қозы мен Баянның қай дiндi ұстанғанына «бас ауыртқаны» да күмәндi. Жалпы, жыр-қиссаларымызды, оның iшiнде «Қозы-Көрпеш–Баян сұлуды» ислам келгенге дейiнгi, не кейiнгi деп тағы «бас қатырудың» Әмiрханға неге сонша қажет болып отырғаны да түсiнiксiз. Ал, Баян сұлу «Жаратқан Иеден келесi өмiрлерiнде (?) екеуiн қайтадан бiрге, тағы да ғашықтар ретiнде (?) дүниеге келтiруiн сұрады да өзiне-өзi қол салды» – деген сөз тым күмәндi деп бiлемiз. Баян ешқандай «ғашықтар ретiнде», және «келесi өмiрлер» сұраған жоқ. Әлде ешкiм бетiне жел боп тимеген байдың ерке қызы, жалғыз қызы өзiнiң тентек мiнезiн тоқтата алмады, әлде қасында басу айтатын адам болмай, Қозысыз өмiр сүре алмайтындай көрiндi. Тiптi, медицинада мұны ешқандай буддизм демей-ақ, кез-келген мұсылманда да, христианда да екiнiң бiрiнде кездесетiн «депрессивное состояние», «агония» деген атаулары толып жатыр. Ондайда адам өзiнiң не iстеп, не қойғанына есеп берiп жатпайды. Айтпақшы, Қозы-Көрпеш — Баян-сұлу» жыры татарларда да бар ғой. Ендеше…

Ал Әмiрхан Балқыбектiң осының бәрiн әдеби шығармадағы буддизмге телiмек болып, қазақтың қазiргi ең дарынды ақынының бiрi Есенғали Раушановтың «Еркiн дүние-ай» деген, өзi «Жас перi» деп ат қойған Алмас Темiрбай деген ақынының «Аруақ» деген өлеңiнен «буддизм элементтерiн еркiн қолдану» (?) тәсiлдерiн iздеуi де ойға қона бермейдi. Тiптi, кез-келген ақынның өмiрге қайта келсем, не iстер едiм немесе осы мен бұрын да өмiр сүрген сияқтымын деген қиялынан туған жолдарды буддизмге тели берсек, бәрiмiз де не Будда, не Әмiрхан болып кетуiмiз хақ. Ал, Алмас ақынның «Дөнен қымыздың қуаты желiк бiтiрiп, Дұшпанының бетiн құбыла жаққа қаратқан» деген жолдарының өзiнен, айналайын, киелi исламның исi бұрқырап тұрған жоқ па? Не тiлесе де құбылаға қарап тiлейтiн буддашылар емес, мұсылмандар емес пе? Әмiрхан қыза-қыза келе осыны да есiнен шығарып алғаны ма?

Қой, ағайын! Тәуелсiздiк алған екенсiң, етегiңдi жауып, есiңдi жина! Жан-жағыңнан жау анталаса да тiлiңе, дiнiңе, салт-дәстүрiңе берiк бол, қазақ дейтiн жанашырың жоқ екенiн көрiп отырсың ғой. Бұрын пұтқа табындық, язычник болдық, тағы бiрнәрселердi пiр тұттық, христиан дiнiн Х ғасырда ғана қабылдадық, баяғы таз қалпымызға қайта барайық демей-ақ отыр ғой, әне, ормандай қалың орыс. Мына тұрған өзбек, түркiмен, әзiрбайжан т.б. ағайындар да өйтiп жатқан жоқ. Бiресе тәңiр дiнiне оралайық, бiресе бүкiл дiнге толерантты болайық, бiресе ислам дiнi мен арабтардан кiнә табайық деп, сөйтiп Америкадағы, Еуропадағы тағы басқа жақтағы мықтылардың көңiлiн таппақ боп, қазақты қасиеттi исламнан алшақтатпақ болып жүргендердiң аранына түсiп қалмайық! Қазаққа ендi қалғаны буддизмге бет бұру емес!

Мырзан КЕНЖЕБАЙ

Серіктес жаңалықтары