ПУТИННIҢ ШЕШIМI ШЫНАЙЫ МА?

ПУТИННIҢ ШЕШIМI ШЫНАЙЫ МА?

ПУТИННIҢ ШЕШIМI ШЫНАЙЫ МА?
ашық дереккөзі
239

Қазан айының соңғы аптасында Ресей қоғамы өзiн талайдан мазасыздандырған аса маңызды сұрақтардың бiрқатарына ақыры нақты әрi түбегейлi жауап алғандай болды. 25 қазан күнi Ресей Федерациясының президентi Владимир Путин «Тiкелей линия» телесеансы арқылы 2 сағат 54 минут бойы мемлекеттi мекендейтiн тұрғындар мен алыс, жақын шет елдердегi миллиондаған отандастарының көкейiндегi сандаған сауалдарға жауап бердi. Бұл кеште В.Путин атына 2 млн. 3 мың сұрақ келiп түскен болатын. Бiр ғажабы, соңғы жылдары экономикалық өсу байқалады, адамдар алаңсыз өмiр сүре бастады делiнсе де, президентке қойылар сұрақтар мен айтылар өтiнiштер жыл өткен сайын үстемелей өсiп келедi. Бұл өсудiң динамикасы төмендегiдей:

2001 жыл: 500 мың адам телефон шалды. Әрбiр секунд сайын 20 адам Путинмен тiл қатысқысы келген-дi.

2002 жыл: 1 млн. 400 мың қоңырау шалынған. Әр секунд сайын 81 адам.

2003 жыл: 1 млн. 533 мың. Секундына 250 қоңырау.

2005 жыл: 1 млн.-нан астам қоңырау.

Орынбор облысынан қоңырау соққан жүргiзушi А.Кокаевтiң «2008 жылдан соң бiздiң және елiмiздiң жағдайы нешiк болады?» деген сұрағына В.Путин : «Өз басыма келетiн болсам – тiптi, маған өз жұмысым ұнайтындығына қарамастан – Конституция маған қатарынан үшiншi рет сайлауға түсуiме құқық бермейдi», – деп кесiмдi жауап бердi. Әрине, Конституцияны бұлжытпай сақтауға алып елдiң соңғы кезеңдегi ең беделдi басшысы мұрындық болуына ресейлiктердiң ризашылықтары шексiз. Өйткенi, батыс елдерiндегi: «Бұл нашар заң, бәрiбiр ол заң!» дейтiн бұлжымайтын догма посткеңестiк елдерде айтарлықтай мәнге ие еместiгi белгiлi. Түрлi революциялар мен трагедиялы оқиғалар тоғысының нәтижесiнде Украинада үш-төрт президент (Кравчук, Кучма, Янукович, Ющенко) билiк басына келсе, Грузияда Гамсахурдиа, Шеварднадзе, Саакашвили ел тiзгiнiне ие болды. Азербайджанда марқұм Ельчибейден басқа, әкелi-балалы қос Алиев тақтан айрылған емес. Орта Азияның жаңа тәуелсiз елдерiнiң барлығы дерлiк – Қырғызстанды қоспағанда – ХХ ғасырдың соңғы он жылдығында сайланған басшыларын қанағат тұтуда. Сонымен 2008 жылы В.Путин кезектi президент сайлауына үмiткер болып қатыспайды, бiрақ Аркадий Кокаевқа өзi айтқандай: «…Мұны пайдалана отырып сiз бен бiз елiмiздегi өмiрге айтарлықтай ықпал ете аламыз». Яғни, жеке басы 2008 жылдан кейiн ұзақ жылдарға Кремль кiлтiн басқа адам, өзге, жаңа топтарға тапсырып, каникулға шықса да саяси көкжиектен кетпекшi емес. Айтпақшы, «каникул» сөзi латын тiлiнде «иттiң күнi» («канис» – ит) деген мағына бередi. Қызметтен, жұмыстан қалжыраған, рухани шаршаған адамдардың сүйiктi иттерiн қыдыртар уақыты. Владимир Путин де лабрадор тұқымды сүйiктi итiн қыдыртуға көп уақыт таппақшы. Дегенмен, оның үшiншi мерзiмге президент болуын қалаушылар мен қолдайтындар, «елдiң еңсесi көтерiлiп, Ресейдiң халықаралық беделi нығайып келе жатқанда», яғни, аса жауапты кезең, жолайрықта билiктен кетуге қақысы жоқ деп санайтындар да қарақұрым. Осындай өтiнiш-талаптармен ашық хат жазушыларда сан жоқ дейдi Ресей БАҚ-тары. Ол ол ма, Путинге бұл тұрғыдан өте күштi қоғамдық қысым да жасалып жатқан сыңайлы. Осыдан тұп-тура 442 жыл бұрын, 1564 жылы 3 желтоқсанда Иван IV Грозный патшалықтан бас тартып, Мәскеу Кремлiн тастап шығып, Александров слободасына барып үн-түнсiз жатып алған күндерi ойға оралады. Астананы үрей буып, жұрттың бәрiне басшысыз қалу тираниядан да қауiптi көрiнген сонда. Атақты Н.М.Карамзиннiң «Об истории государства Российского» кiтабында бұл туралы: «Государь нас оставил! – вопил народ. – Мы гибнем! Кто будет нашим защитником в войнах с иноплеменными! Как могут быть овцы без пастыря?» – деп суреттелген болатын. Жалынып-жалбарынудан, дәргейiне құлдық ұрудан соң билiкке қайта келген Иван Грозный Ресейдi қанға бөктiрген. Бiр ғажабы, арада өткен төрт жарым ғасырда Ресей қоғамы, орыс ой-санасы онша өзгере қоймаған сынды. Сол қорқыныш, дәп сондағыдай жалынып-жалбарыну. Болашақтан, белгiсiздiктен шошынған жұрттың бойын билеген шексiз үрей мен шарасыздық. Қалай болғанда да қазiр өз елiнде табаны жерге тимей тұрған В.Путиннiң 2012 жылы Ресей билiгiне қайтып оралуға мүмкiндiгi аса жоғары. Тiптi, күрделi жағдайлар мен тосын оқиғалардың нәтижесiнде оған дейiн де жеңiмпаз ретiнде ақбоз атпен Кремль қақпасынан қайта кiрсе бүгiнгi Ресейде оған «Ай дер ажа, қой дер қожа» табыла қоймайтын сыңайы бар. Британ аралдарынан саяси баспана тапқан байғұс Борис Березовский «Ресей билiгiн күшпен өзге қолға берудiң қажеттiгi және осыдан басқа жол, амалдың жоқтығы» туралы қанша мәлiмдегенiмен де, бұл ұмтылыстар ешқандай шешушi әрi түбегейлi мәнге ие бола алмайтын сияқты. Өз үйiнiң алдында атып өлтiрiлген журналист Анна Политковская кезiнде Англияда басылып шыққан «Путиннiң Ресейi» атты кiтабында Ресей президентiн «Акакий Акакиевич Путин» деп жиi атап, билiк Олимпiне оны Березовскийдiң алып келгенiн ашықтан-ашық жазған екен. Әрине, бұл тың жаңалық емес, әмбе жұртқа аян жайт қой, бiрақ алып елдегi қоғамдық сана мен ойға тың серпiн әкелген марқұм Анна Политковская өмiрiнiң соңғы кезеңiнде израильдiк журналист Наталья Мозговаяға берген сұхбатында: «Алғашында ол көзге шалынбайтын елеусiз адам болатын. Бiрақ келе-келе император болуды қалады. Және оның қолынан басқа ешнәрсе келмейдi», – деп Путинге кесiмдi баға берген көрiнедi.

Бұрынғы озық ойлы демократтың императорға, жаны жұмсақ адамның өзгелердiң еркi мен құқығын табанға аяусыз таптайтын тиранға айналуы онша қиын да емес. Әсiресе, әрбiр ел басшысы қолына скипетр ұстап, жеке дара билеушiге айналуға құмар, тiптi, сарай маңындағылардың белгiлi бiр топтары осыған мәжбүрлейтiн дәстүрлi Ресейде бұл таңқаларлықтай шетiн оқиға деуге болмас. Ал қазiргi Ресейде I-Петрден бастау алатын ежелгi дәстүрлерге құмарлық, оны қайта тiрiлтуге ұмтылушылық күн өткен сайын бой бермей өрiстеп бара жатқаны белгiлi. Өзiн Ресейдiң құпия қызметiндегiлер ертелi-кеш өлтiруi мүмкiн екендiгiн жақсы бiлген әрi тағдырдың жазуынан қашып-пыспаған Аннан Политковская әлгi сұхбатында: «Бұрын Путиннiң қандай да бiр стратегиясы бар дегеннен үмiттенетiнбiз. Ал бары барынша билiктi өз қолында ұстау, өкiмет басында тұрғанда аямай қарпып қалу болып шықты. Бiздiң дәстүрiмiз бойынша олигарх кiм? Басты олигарх – бұл президенттiң әкiмшiлiгi… Бәрiнiң мақсаты ұзағынан билiкте болу, ұрпағын бiрнеше ондаған жылдарға байлықпен қамтамасыз ету ғана», – деп елдегi жағдайға мейлiнше дәл әрi айқын жауап берген.

Ресейде қалыптасып отырған ахуал Батыс елдерiндегi мемлекеттiк, қоғамдық, саяси қайраткерлердi ғана емес, тiптi, осы елдегi жағдайды қалт жiбермей бақылап, бағалап отырған сансыз сарапшыларды да тығырыққа тiреген iспеттi. Өйткенi,90-шы жылдарда аты ауызға iлiккен орыс демократиясының оты әлсiреп, бiртiндеп өшiп бара жатқаны айқын аңғарылуда. Әсiресе, алып державаның көршi мемлекеттермен қарым-қатынасындағы ұрдажық өрескел ұстанымдар, қоқан-лоққы жасау, империяшылдық, шовинизм, ксенофобия мен күш көрсету саясатының тоқталмауы, тiптi, күн өткен сайын өрши түсуi жағдайдың күрделi екендiгiн бiлдiретiнi аян. Батыс елдерiн Кремльдiң «Ресейге төтенше қауiп төндiрген елдер территорияларындағы қауiп ошақтарын алдын-ала соққыға алу» туралы шешiмi қатты қобалжытуда. Ресей құқық қорғау органдары Борис Березовский елдегi Конституциялық құрылысқа айрықша қауiп төндiрiп отыр деп, Англиядан оны қайтарып берудi ылғи талап етiп жүргенi мәлiм. Англия соты бұрынғы олигархты қайтарар түрi көрiнбейдi. Ендi Ресей Лондонды бомбаның астына ала ма?.. Берлин, Париж, Рим, тiптi Токио мен Вашингтон да өздерiне мұндай қауiп төнбейтiндiгiне еш кепiлдiк бере алмайтын секiлдi қалыптасқан жағдайда. Әрине, Ресей Батыстың алпауыт елдерiне мұндай шектен шыққан шараны ешқашан қолдана алмайтыны сөзсiз. Бiрақ, маңайда ұсақ көршiлер, күнi кеше КСРО шекпенiнен шыққан тәуелсiз мемлекеттер де бар ғой. Былтырдан берi ең жақын бауырлас славян елi – Украинамен жағаласқан, газ арқылы Киевке толассыз қысым жасаған Ресей биыл жаз, күз маусымдарында ауызды Грузияға мен Молдаваға салды-ай. «Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» демекшi, үстiрт қарағанда кикiлжiң осы екi елден Ресейге әкелiнетiн арақ-шарап, минеральды сулардан басталған сияқты. Бiрақ, әңгiменiң мәнiсi мүлдем тереңде жатыр. Аталмыш мемлекеттердiң Мәскеуге тәуелсiз саясат жүргiзуiнде, өздерiн бұрынғы метрополиямен тең санап, Кремльге құлдық ұрмауында. Сол сол-ақ екен, Ресейде грузиндерге қарсы «аңшылық» маусымы басталып та кеттi. Жақында Израильдiң Хайфа қаласындағы университетте кездесуде сөз сөйлеген Михаил Саакашвили Ресейде жүргiзiлiп отырған өрескел саясатқа баға бере келiп: «Қазiр Ресейде грузиндерге қатты қысым көрсету жүргiзiлуде. 1727 жылы I-Петрдiң жесiрi – императрица Екатерина сұмдық жарлық шығарды. Осы жарлық бойынша еврейлер православие дiнiн қабылдауға тиiс болатын немесе Ресей империясынан бiржола аласталуы керек. Дiнiне берiктердiң алтындары мен ақшаларын күшпен тартып алып, өздерiн елден қуды. Қазiр дәп осындай шаралар грузиндерге қарсы жүргiзiлуде», – дедi.

Беу, «Менiң де күнiм күн емес», деп ұлы Абайдың күңiренгенi секiлдi, В.Путиннiң де күнi күн емес-ау. Өйткенi, бiреу оның әрекеттерiн императорға теңесе, ендi бiреу императордың жесiрiне апарып жығады. Әу баста, билiкке бiр табан жақындаған сәтiнде-ақ Чешен жасақшыларына қарсы «мочить в сортире» деп әйгiлi ұран тастаған В.Путин өз қаталдығын, Ресейдiң жаулары деп есептейтiндердi аямайтынын, күш қолдану саясатын қолдайтынын ешқашан жасырған емес. Бiрақ соның өзiнде сырт көзге елеусiз, өзгелерге беймәлiм құпиялар да шаш-етектен. Анна Политковскаяның айтуына сенсек, «Путиннiң мақсаты – сырт көзге бәрiн тамаша етiп көрсету ғана, елде терроризммен күрес жүрiп жатыр, бiздiң арнайы қызметтердiң жұмысы жемiстi – бiрақ осының 99 пайызы шылғи өтiрiк екенiн кiм бiледi?»

Ал шындық үшiн өз өмiрiн оққа қиған, Ресейдiң iшкi жағдайын, Кремль саясатының барша астарын мейлiнше жақсы бiлетiн әрi жетiк хабардар болған журналистiң айтқанына сенбеуге еш қақымыз жоқ. Бұдан шығар қорытынды бiреу – елдi қазiр өтiрiк пен жалғандық, тыңшылық пен бiрiн-бiрi аңду жайлаған сынды.

Ресейде құпия қауiпсiздiк қызметiне, тыңшы болуға құмартушылар соңғы кезде жаңбырдан соңғы саңырауқұлақтай күрт өсiп келедi емес пе? 2005 жылы ғана құпия қызметтегi 5 адам (3-i қаза тапқан соң) Ресей Батыры атағын алып, 1200 адам жоғары дәрежелi орден-медалдармен марапатталған. Ресей Федерациясы қауiпсiздiк қызметiнiң (ФСБ) директоры Николай Патрушевтiң мәлiмдеуiнше, Ресей қауiпсiздiк қызметi елдегi 67 балалар үйiн, 20 мектеп-интернат, 90 жалпы бiлiм беру мектептерi, 4 СПТУ, 6 кадет корпустары, 1 шекара лицейi, 23 лицей және кадет сыныптарын қанатының астына алған және шекара қорғау органдары 3 мыңнан астам жастарды бiрiктiретiн 50 әскери-патриоттық клубтармен қоян-қолтық жұмыс iстеуде. Елдегi ең таңдаулы ондаған жоғары оқу орындары құпия қызметтерге маман кадрлар дайындауда («Известия» газетi, 25.04.2006ж.).

Мамандар мен зерттеушiлер қазiр Ресейдегi милиционерлердiң саны бұрынғы КСРО-дағы елдердiң жалпы құқық қорғау орындарындағы адамдардың санынан асып түсетiнiн айтып жүр. Сонда Путин тұсында алып Ресей шынымен бiртiндеп полицейлiк мемлекетке айналғаны ма? Егер олай болса, елде нелiктен жылына 60 мың адам маскүнемдiктен өледi, тапсырыс бойынша кiсi өлтiру неге асқынып барады, нашақорлардың саны үздiксiз өсуi қалай?

Путиндi жақтайтындар да, оған қарсылар да бiр мәселеде ортақ пiкiрге келерi күмәнсiз.

В.В. Путин өзi туралы, Ресейдiң дамуы туралы әдемi аңыздар туғызуға шебер.

Бiрiншi аңыз: Ресейдiң экономикалық жағдайы жақсара түсуде. Рас, өткен жазда Ресей Батыс елдерiне КСРО кезiнен қалған және 90-шы жылдардағы өз қарызын қайтарды. Әрине, толығымен емес, өйткенi, М. Касьянов дер уағында келiссөздер арқылы Ресейдiң Париж және Лондон клубтары алдындағы қарыздарын айтарлықтай қысқартуға қол жеткiзген болатын.

Дегенмен, елдегi өнеркәсiп өндiрiсiнiң өсу қарқыны соңғы жылдары айтарлықтай төмендедi. Биылғы жылы небары 4,2 пайыз болып қана отыр. Ресейдегi авиация өндiрiсiнiң жағдайы мүлдем адам төзгiсiз, тiптi бiржола күйредi деуге болады. Мұны Ресейде шығарылған азаматтық және әскери ұшақтардың жиi апатқа ұшырауынан аңғаруға болады. Тiптi, жағдайдың аса ауыр екенiн Үкiмет отырысында үкiмет басшысы Михаил Фрадковтың өзi ерiксiз мойындады.

Сауда флоты да күйреудiң қарсаңында. Ресей өзiне қажеттi сауда кемелерi мен құрал-жабдықтарының 4-ақ пайызын өндiредi.

Екiншi аңыз: Ресей жанталса қарулануды доғарып, халықаралық саясатта бейбiт келiссөздердi қолдайды. Қазiр Ресейде 1 млн.131 мың әскери қызметкерлер бар. Егер бұған генерал-полковник Сергей Шойгу басқаратын жартылай әскерилендiрiлген төтенше жағдайлар жөнiндегi министрлiк, сонымен бiрге Қорғаныс министрлiгiнiң құрамынан шығарылған iшкi әскерлердi қоссақ, Ресейде мылтық асынған адамдардың түк те азаймағанын аңғарамыз. Басқа да сыртқа елеусiз, бiрақ соғыс жағдайына әрқашан дайын құрылымдар шаш-етектен. 2000 жылдан 2006 жыл аралығында армияны қаржыландыру үш жарым есе ұлғайтылды. Тiптi, биылғы жылы Ресей қару сатудан 7 млрд.доллар пайда тауып, әлемде бiрiншi орынға шығып отыр. Екiншi орында – Франция, үшiншi орында – АҚШ.

Үшiншi аңыз: Ресейдегi билiк жүйесi өз мiндеттерiн тиiмдi атқаруда. Экономикасы айтарлықтай дамыған елдерде, билiк апараттары тиiмдi жұмыс iстегенде 2 млн.адам ешқашан жеке бастарының проблемалары мен қиындықтарын айтып президентке телефон соқпайды, одан ғана көмек сұрамайды. Бiр ғажабы, Путиннiң мойындауынша, Президент Карелия губернаторына бiрнеше рет телефон соққан. Губернатор бiресе демалыста екен, бiресе ұшақта ұшып бара жатқан және президент онымен сөйлесе алмаған. Дөрекiлеп айтқанда, тiптi санаулы губернаторлармен үздiксiз байланысы жоқ Кремльдiң қолы мүлдем қысқа болғаны ғой. Мұндай жағдайда ұлттық, мемлекеттiк қауiпсiздiк туралы айту да орынсыз шығар.

Путин Ресейiнде аңыз көп. Орыс демократиясы, Ресей баспасөзiнiң еркiндiгi, адам құқығы, өзге елдердiң территориясына көз алартпау туралы аңыздар. Орыс футболының әлемдiк деңгейде екенi жөнiндегi әфсана. Тағысын тағылар.

Ең басты аңыз: В.В.Путин 2008 жылы президенттiк сайлауға қатыспайды?..

Жаңабек ШАҒАТАЙ

Серіктес жаңалықтары