ЖЕМҚОРЛЫҚ ЖЫЛ САЙЫН БҮКIЛ ӘЛЕМГЕ 400 МИЛЛИАРД АҚШ ДОЛЛАРЫ КӨЛЕМIНДЕ ЗИЯН КЕЛТIРIП ОТЫР

ЖЕМҚОРЛЫҚ ЖЫЛ САЙЫН БҮКIЛ ӘЛЕМГЕ 400 МИЛЛИАРД АҚШ ДОЛЛАРЫ КӨЛЕМIНДЕ ЗИЯН КЕЛТIРIП ОТЫР

ЖЕМҚОРЛЫҚ ЖЫЛ САЙЫН БҮКIЛ ӘЛЕМГЕ 400 МИЛЛИАРД АҚШ ДОЛЛАРЫ КӨЛЕМIНДЕ ЗИЯН КЕЛТIРIП ОТЫР
ашық дереккөзі
573

Қазақстан Президентi жемқорлыққа жол берген шененунiктердiң мемлекеттiк қызметке қайта қабылданбайтынын жиi айтады. Арнайы қабылданған заңымыз, тiптi, мемлекеттiк қызметкерлерге қатысты Ар кодексiмiз бар. Отандық БАҚ-тан пара алған шенеунiктердiң үстiнен қозғалған қылмыстық iстер туралы да жиi естимiз. Президент Жарлығының пәрменiмен коррупцияға қатысты науқан да қызу жүрiп жатыр. Өкiнiшке қарай, бұл шаралардың барлығы да қазақ қоғамын iшiнен iрiткен жемқорлықты түбiрiмен жоюға дәрменсiздiк танытып отыр. Әсiресе, құрылыс пен мұнай бизнесi неғұрлым дамыған сайын қазақ қоғамындағы жемқорлық деңгейi де соғұрлым шарықтап барады. Оның зардабын тартатын — қарапайым халық. Халықаралық сарапшылар егер Қазақстан халқы Финляндия, Исландия және Жаңа зеландияның азаматтары секiлдi пара алу мен пара беруден өз ерiктерiмен бас тартпайынша, мемлекеттiк қауiпсiздiкке қатер төндiретiн коррупцияның «гүлдене» беретiнiн айтады…

ПРЕЗИДЕНТТIҢ ПӘРМЕНI МЕН ЖЕМҚОРЛЫҚ

Апта басында халықаралық «Транспэренси интернэшнл» ұйымы әлемдегi жемқорлық дендеген елдердiң тiзiмiн жариялады. Посткеңестiк елдер арасында Украина мен Грузияны басып озған Қазақстан 160 мемлекеттiң iшiнде 111-орынды иемденiптi. Зерттеу нәтижесiнде Қазақстанда қарапайым халық арасындағы емес, жергiлiктi басқару органдарындағы «әкiмшiлiк» жемқорлықтың кеңiнен етек алғаны белгiлi болған. Яғни, мемлекеттiк қызметкерлердiң кәсiпкерлерге қысым көрсетуi, атқарушы билiктiң отандық кәсiпкерлiктi жасырын түрде бақылауда ұстауы, шенеунiктерге iсi түскен қарапайым халықты пара беруге мәжбүрлеу, т.б. Шымкентте шыққан шудан кейiн арнайы комиссия құрып, тексеруге кiрiскен ҚР Мәжiлiсiнiң депутаттары А.Тшанов, Т.Әубәкiров, С.Әбдiрахманов, Е.Әбiлқасымовтар ОҚО-дағы денсаулық сақтау саласының жемқорлыққа белшеден батқанын мәлiмдеген едi: «Iстiң барлығы жемқорлыққа келiп тiреледi. Тұрмысы төмен азаматтар ауруханаға келсе 3 мың теңге көлемiнде пара беруi керек. 5 мың теңге берсең, сенi қарайды. Аттестация — ақша бердiң, аттестациядан өттiң» (Серiк Әбдiрахманов). «Мұның бәрiне де басынан бақайшағына дейiн жемқорлыққа батқан денсаулық сақтау саласы кiнәлi. Жемқорлық медицина қызметкерлерiнiң жауапкершiлiксiздiгiне, олардың бiлiктiлiгiнiң төмендiгiне, санитарлық қызмет деңгейiнiң ақсауына әкеп соғады» (Ерасыл Әбiлқасымов). Шынында да, пара алу мен пара беру мәселесi қазiр бiзде қалыпты жағдайға айналып кеткенi жасырын емес. Кез келген шаруаңды бiтiру үшiн мiндеттi түрде тиiстi орган қызметкерлерiнiң жұтқыншағын «майлауға» мәжбүрсiң. Керiсiнше болған жағдайда, 5 минуттық шаруаң 5 күн не 5 апта, кейде тiптi 5 айға созылып кетуi, не мүлде бiтпеуi ғажап емес. Негiзi Қазақстан 1998 жылы ТМД аймағында алғашқы болып «Жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңды қабылдады. Ал 2005 жылдың мамырынан бастап, Президент Н.Назарбаевтың Жарлығымен ҚР Мемлекеттiк қызметкерлердiң ар кодексi күшiне ендi. Өкiнiшке қарай, мемлекеттiк тұрғыда қолданылатын шаралар неғұрлым күшейтiле түскенмен, коррупцияны ауыздықтау мүмкiн болмай отыр. Алайда таяуда ғана мемлекеттiк қызметкерлердiң, ең сорақысы, қаржы полициясы қызметкерлерiнiң пара алуға құнығып кеткенiн Президент қатаң сынға алған. Осыдан кейiн-ақ қазақ қоғамындағы жемқорлыққа қарсы күреске қатысты науқан қызып сала бердi. Өткен айдың ортасында Қазақстандағы жемқорлықтың халықаралық деңгейге көтерiлiп кеткенiн айтқан ҚР Экономикалық және коррупциялық қылмысқа қарсы күрес жөнiндегi агенттiк басшысы Сарыбай Қалмырзаев жемқорлықпен күрес шараларын өзге елдермен бiрiге отырып жүргiзу қажеттiгiн мәлiмдедi. Ал қазақстандық құқық қорғау органдарының өкiлдерi бiр ғана Алматы қаласының өзiнен 120-дан астам мемлекеттiк шенеунiктiң жемқорлыққа қатысы барын анықтап бердi. 50-ге жуық iс сотқа жолданды. Қылмыстық iстердiң iшiндегi ең iрiсi — «НаурызБанк» пен «ВалютТранзитБанк» басшыларының үстерiнен қозғалған iстер. Өкiнiшке қарай, әзiрге торға түсiп жатқандар — «шортандар» емес, «шабақтар». Қазаққа тиесiлi ен байлықты қанжығаға байлағандар мен халық қазынасын миллиондап, миллиардтап жеген ашкөздердiң қақпанға түсе қояры екiталай. Оның үстiне, жемқорлықпен күрестi желеу еткен «айқайға аттан қосқыш» «белсендiлердiң» саяси тұрғыда ұпай жинап алуға жанталасқан әрекеттерi халық игiлiгiне қол сұққан қылмыскерлердi бет-жүзiне қарамай, ашық және жария түрде анықтап берсе жақсы.

БАТЫС ПЕН АҚШ-ТЫ ДА ҚАН ҚАҚСАТҚАН ЖЕМҚОРЛЫҚ…

Негiзi дүние жүзiндегi бiрде-бiр ел «Бiзде пара алу және пара беру мүлде жоқ» деп мақтана алмайды. Жемқорлық тарихының тамыры тереңге тартқан кәрi құрлықтың өзiн қан қақсатып келедi. Мысалы, 1994 жылы мемлекеттiк қызметкерлерiнiң «сүттен ақ, судан таза» екендiгiн айтып, кеуде қағатын Швейцария 1994 жылы цюрихтiк ревизор, яғни, мемлекеттiк қызметкер төңiрегiндегi жемқорлыққа қатысты туындаған даудан есеңгiреп қалған болатын. Заңсыз қалтаға басылған 2 миллионға жуық доллардың соңы Швейцария үкiметiнiң құрамында қызмет ететiн бақандай 5 жемқор шенеунiкке қарсы қозғалған тергеу жұмыстарына ұласқан. Аталған шенеунiктер мемлекеттiк тасымалдау барысында кейбiр фирмаларды «жарылқап» отырған. Мемлекеттiк жеңiлдiктер есебiнен, әрине. Коррупцияға қатысты дау мұнымен аяқталған жоқ. Темiр торға тоғытылған 6 шенеунiктiң кебiн кигендер саны арта түстi. Ал Францияда танымал саясаткерлер мен кәсiпкерлер үстiнен жемқорлыққа қатысты қозғалатын қылмыстық iстер тiзiмi уақыт өткен сайын жиi-жиi «жаңартылып» отырады. Осыдан 20 жылдай уақыт бұрын француздар елiнде пара алу мен жемқорлыққа қатысты тексеру жұмыстарын жүргiзуге қатаң тыйым салынатын. Бұл жағдай елдегi заңсыздықтардың шектен шығуына себеп болғаны анық. Сондықтан Францияның премьер-министрi 1993 жылы жемқорлыққа қатысты жүргiзiлетiн тергеу және тексеру жұмыстарына ешқандай кедергi жасамайтынын ресми түрде мәлiмдеуге мәжбүр болды. Ал Италиядағы «пара» мәселесiнiң соңы 700-ден астам жоғарғы шендi мемлекеттiк қызметкерлер мен кәсiпкерлердiң сот алдында жауап берулерiне әкеп соқты. Әлемдi шулатқан бұл оқиға 1992 жылы Миланда мемлекеттiк қызметкерлерге қатысты жүргiзiлген тергеу iстерiнен кейiн басталған едi. Сондай-ақ, Германияның көптеген қалаларының прокурорлары бiрнеше мыңдаған қылмыстық iстермен бас қатырып келедi. Тергеу iстерiнiң барлығы да жемқорлықпен байланысып жатыр. Немiстер жерiндегi коррупция әсiресе, Франкфурт, Мюнхен, Гамбург, Берлин қалаларында кеңiнен етек алған. Оның iшiнде шетелдiк босқындарды тексеру, жаңа көлiктердi тiркеу сияқты салаларда пара алу басым. Осыдан он жылдай уақыт бұрын Германиядан жаңа мейрамхана не казино ашу, жүргiзушi куәлiгiн сатып алу проблемасы тиiстi орын қызметкерлерiне берiлетiн болмашы тиын-тебенмен-ақ оңай шешiлетiн. Тағы бiр «қызығы», немiстердiң құрылыс индустриясы қазiргi қазақ қоғамындағы құрылыс саласы секiлдi былыққа әбден батқан көрiнедi. Айтпақшы, жемқорлықққа қарсы күрес туралы заңды 1977 жылы қабылдаған Америка да зардап шегiп отыр (былтыр Америка жемқорлықты ауыздықтай бiлген елдердiң 17-қатарында тұрған. Германия — 16, Франция 18-орында).

ПАРАДАН ҚАЛАЙ ҚҰТЫЛУҒА БОЛАДЫ?

«Транспэренси интернэшнл» ұйымының тарапынан берiлген деректерге сүйенсек, әлем бойынша мемлекеттiк органдардағы жемқорлық салдарынан 400 миллиард доллар көлемiнде шығын келедi. Елдегi сын көтермейтiн әлеуметтiк ахуал кез келген елде жемқорлықтың «гүлденуiне» жағдай жасаса керек. Пара алу мәселесiнде қазақтардан қалыспайтын орыстардың да шекесi қызып тұрған жоқ. Жемқорлыққа қарсы күреске бағытталған заңдық құжаттарын еуропалық стандарттарға сәйкестендiруге ұмтылған РФ Мемлекеттiк Думасының депутаттары былтыр Еуропалық Кеңес өкiлдерiмен бiрiге отырып, арнайы жоба әзiрлеген болатын. Бiрақ Ресейдiң әлi күнге жемқор мемлекеттер тiзiмiнен түспеуi екiжақты жобаның жүзеге аспағанын дәлелдейдi. Жемқорлық әсiресе, посткеңестiк елдерде қанат жайған. «Транспэренси интернэшнл» өкiлдерi бай және кедей елдердiң барлығында дерлiк жемқорлыққа қарсы күрестi барынша күшейтуге үндейдi. Мемлекеттiк және үкiметтiк емес ұйымдар, жекеменшiк және азаматтық қоғам арасында тығыз байланыс орната отырып, аса қуатты коалиция құруға ұсыныс бiлдiрген халықаралық сарапшылар әсiресе, Шығыс Еуропа мен Орталық Азиядағы коррупцияның түбiрiне балта шабылмаса, осы аймақтардағы мемлекеттiк басқару құрылымдарына қауiп төнумен қатар елдегi әлеуметтiк және саяси тұрақсыздықтың қалыптасатынын мәлiмдедi. Халықаралық сарапшылар қоғам дамуына айтарлықтай зиян тигiзетiн жемқорлықты аяусыз күреспен және реформа жасау жолымен жеңуге болатынын айтады. Ол үшiн шенеунiктер пара алудан, ал қарапайым халық пара беруден саналы түрде бас тартуы тиiс. Жемқорлыққа қатысты арнайы баяндама дайындаған АҚШ Мемлекеттiк хатшысының орынбасары Энтони Уэйн: «Коррпуцияны қалай ауыздықтауға болады? Ең алдымен үкiметтiк бюджеттердi, ресми тұлғалардың кiрiстерiн ашық түрде жариялап отыру керек. Жемқорлыққа жол бергендердi заң жүзiнде қатаң жазаға тарту қажет» деп былтыр кеңес берген. Қазақстандағы шикiзаттарға қатысты келiсiм-шарттардың қарапайым халыққа жария болуы туралы мәселе көтерiлгелi бiрнеше жылдың жүзi болды. Бiрақ бұл мәселе шешiмiн тапқан жоқ.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары