IЗДЕГЕНI ҚАЙ ӨМIР?!

IЗДЕГЕНI ҚАЙ ӨМIР?!

IЗДЕГЕНI ҚАЙ ӨМIР?!
ашық дереккөзі
454

Аялдамада автобусты тағатсыздана күтiп тұрмын. Әлгiнде ғана адамға лық толы жолаушы көлiгi қол бұлғағаныма қарамастан, жанымнан зуылдай жөнелдi. Екi қолын көтерiп «қайда отырасың?» деген көлiк жүргiзушiнiң де ымын түсiне қойдым. Қап-ай, күн де ұясына батып барады екен, тым болмаса келесiсi ала кетсе жақсы болар едi деп меңiреу қараңғылықтың түспеуiн тiлеп тұрған мен ендi алаңдай бастадым. Өз ойыммен iштей күбiрлесiп тұрсам, қас-қағым сәтте жаныма бiр әйел келдi де, «Қызым, қарашы, түрiм ауру адамға ұқсамай ма, күн салқын болғалы берi шашымды да жумап едiм» деп өзiнiң үстi-басы жайлы егжей-тегжейлi сұрай бастады. Аяқ-астынан қойылған тосын сұраққа аңтарылып тұрып қалдым. Қой, тiл қатпағаным тағы жарамас… «Ештеңе де бiлiнбейтiн сияқты» деп қысқа қайырып, бiраз уақыт үнсiздiк орнаттым. Аялдамада басқа жан жоқ. Әйтеуiр автобус келгенше әңгiмелесе тұрайын дедi ме, өзiн қызықтырған көп сұрақтарға жауап алғысы келдi. Сосын өзiнiң барар жерi «Алатау» санаторийi, қысқасы соның жанынан отау тiккен «Иегова куәгерлерiнiң» үйi екенiн де сырғыта әкеттi. Әп-сәтте-ақ iшi-бауырыма кiрiп кетiп, сол сектаға кiргелi берi өмiрге деген құштарлығым күннен-күнге артып келедi деп әдеттегiдей жаттанды уағыздарын жүргiзе бастады. Өзi шамасы 50 жастан асқан, шашына ақ түскен, екi баланың анасы екен. Мен де өз кезегiмде қарап қалмай, қарсы алдымда басқа дiндi, қай-қайдағы ағым-сектаны бұлбұлша мадақтай жөнелген әйелдi әңгiмеге тартып, көкейiмдегi бiраз сұрақтарымды жаудырдым кеп. Бiрақ ол кiсi ешқандай да ұялған жоқ, қайта өзiн ең бақытты жан сезiнетiндiгiн жасырмады…

– Қазақсыз ба?

– Әрине, қазақпын!

– Онда мұсылман дiнiн ұстануыңыз керек емес пе?!

– Кезiнде ұстандым. Қазiр шамамен 5-6 жыл болды «Иегова куәгерлерiне» кiрдiм. Құдайыма мың да бiр рахмет! Менiң өмiр бойы iздегенiм осында екен.

– Сiз өмiрден не iздеп едiңiз?

– Бiрiншi – тыныштық, екiншi – Құдайға шын пейiлмен берiлiп сенгiм келдi.

– Бәрiмiз де бiр Құдайға сыйынамыз. Бiрақ күллi мұсылман пендесi Ислам дiнiн ұстанады. Мешiтке барып, бес уақыт намазын оқиды… Бұл не сенуге жатпай ма?

– Әрине. Құдай жалғыз, оған серiк қосуға болмайды дейдi. Бiрақ та сiздер, мұсылмандар мешiтке, қасиеттi орындарға барып, Құран оқытып, Ораза ұстап, пiтiр-садақа бересiздер де, небiр жамандық iс, қастандық жасайсыздар. Ұл-қыздарыңыз арақ iшедi, темекi тартады, тiптi қылмыстық iстерге барып жатады. Ал «Иегова куәгерлерiне» кiрген жан тек бiр Құдайдың таза жолымен жүредi. Жаман пиғыл мен әдеттен әрдайым бойын аулақ ұстайды.

– Мұсылман пендесiнiң бәрiне күйе жағуға болмайды ғой…

– …

– Қысқасы, басқа дiндi қабылдағыңыз келедi?..

– Мен қазiр сол жолға дайындық үстiндемiн. Құдай қаласа, жақында шоқынайын деп жүрмiн.

– Бұл шешiмiңiзге бала-шағаңыз қарсы емес пе?

– Алғашқы кезде жиналыстарына бiрде барып, кейде бармай жүрдiм. Сол кезде қызым ренжiп, «үйде отырмайсың ба, бармай-ақ қойшы?» деп намыстанатын. Қазiр екеуi де түсiнген сияқты. Оларды да сол сектаға кiргiзудi ойлап жүрмiн. Әйтеуiр пәле-жаладан сақ болады.

– Балаңыздың болашағын осы сектаға кiрумен ғана байланыстыра аласыз ба?

– Сiз сенбейсiз, өйткенi, мұндай қасиеттi орынға барған жоқсыз. Айттым ғой, сектаға қалай кiрдiм, менiң өмiрiм солай өзгерiп сала бердi. Сондықтан балаларымның өмiрi мен келешегi жарқын болуын тiлеймiн. Егер менiң жолымды қуса, мына жастар секiлдi небiр кесапатқа жолығып жүрмес едi.

– Сонда менi де үгiттеп тұрсыз ба? Әлде қазақтың баласын көрсеңiз, осында әкелуге тырысып бақ деген тапсырма бар ма?

– Қызым, саған өмiрдiң шындығын айтқаным ғой. Айтшы, сен мына өмiрде не қызық көрiп жүрсiң? Айналаңның бәрi ұрыс-қарғыс, жаман пиғылды жандар. Ал бiзде, бәрi керiсiнше… Аптасына 4 рет болатын басқосуда отырып алып, Iнжiлдi оқимыз, Иса пайғамбарды мадақтап, өлең айтамыз. Содан кейiн жаным тазарып, перiште секiлдi күй кешемiн. Кенет бәрi де тамаша боп кетедi.

– Сiз қалай болғанда да мұсылмансыз. Әке-шешеңiз де осы жолмен өмiр сүрген болар. Ендi келiп бәрiн жоққа шығарғыңыз келедi. Құдайға шүкiр, бiз де бiр Алланың ақ жолымен жүруге ұмтыламыз. Оның үстiне күллi мұсылманның бес парызының бiрi – Оразаға кейiнгi кезде жастар көп бет бұратын болды… Ал, сiз қасиеттi Құранды оқып, сүре мен аятты жаттап жүрмiн деудiң орнына, үлкен басыңызбен бiздi де Iнжiлдi оқуға шақырып тұрсыз… Бұл шашыңызға ақ түскен жасыңызға лайық iс емес секiлдi…

– Маған басында бәрi сен секiлдi қатты айтқан болатын. Балаларым да, көршi-қолаң да бұл iсiме оң қабақ танытпады. Ал бiрақ солардың өзi қазiр менi түсiндi. Керек болса, маңайдағы бiлiмдi, оқыған, тiптi жоғары оқу орындарында дәрiс беретiн оқытушылар да осы сектаға кiрiп үлгердi. Кейде басымыз қосыла қалса, бiр-бiрiмiзге жақсылық тiлеп, үнемi жақсы сөз айтып, қолдан келсе көмектесiп, басқосуға бiрге барып жүремiз.

– Жалпы, «Иегова куәгерлерi» қала iшiнен қанша отау тiгiп үлгердi?

– Көп қой… Қаладағы бас мекеме жаңағы айтқан «Алатау» санаторийiнiң жанында, ал ең үлкен ордасы – Алматы облысы Есiк қаласында орналасқан. «Орбита» ықшам ауданында басқосу қазақ жастары үшiн қазақ тiлiнде өтедi. Бұдан басқа да үлкендi-кiшiлi орталықтар көп, олар бiрте-бiрте өсiп барады. Қазiр менiмен барсаңыз, қазақ жастарының Иса пайғамбарға айтқан мадақтау өлеңiн тыңдап, шын сенетiндiгiне куә болар едiңiз.

– Сiз осы үгiт-насихатыңыз үшiн ақша аласыз ба?

– Бiр тиын да алмаймын. Мен де әу баста сектаға кiру үшiн көшедегi кiтапша таратып жүргендер секiлдi бiраз уақыт жүрдiм. Уақыт өте келе артымнан жастарды тартып, үгiт жүргiзу жолымды соларға тапсырдым. Бiрақ «ауру қалса да, әдет қалмайды» демекшi, қазақ жастарын көрсем, сол өзiм таңдаған жолды сiлтегiм келедi де тұрады…

Бұдан әрi өзi де сектаға басын байқаусыз сұғып алған әйелмен әңгiме күрт үзiлдi. Сол екi арада көптен күткен автобусым да келе қалды. Ығы-жығы жолаушыға толы көлiкке күнде бiр жеккөрушiлiк сезiммен отыратын болсам, дәл қазiр анадай жерден қарасы бiлiнгеннен-ақ, бейне бiр жақынымды көргендей қуанып кеттiм. Бар ойым әлгi әйелден тезiрек құтылу. Автобуста да баяғы жаттанды үгiтiн айтып, басымды ауыртар ма екен деген ой менiкi. Жаңа ғана әңгiме арасында «Бұл жиыннан қалуыма болмайды, Иса пайғамбар маған ренжiп қалады» деп шарқ ұрса да, автобустың кешiгiп келгенiнен бе екен, «Мен бәрiбiр қалдым, бармаймын» деп керi қайтты. Бiрақ қандай күш-қайрат екенi белгiсiз, абтобусқа мiнер-мiнгенше өз жұмысын «адал» атқарып қалды. Қысқасы, менi де өз отауына тартқысы келдi бiлем. Бiреулер оның ырқына көнiп, арбалып,өз басын саудаға салғанын кеш бiлiп қалса, ендi бiреулер «Не сандалып тұрсың, менiң табынатын өз дiнiм бар, ол – Ислам дiнi» дейдi батылданып. Алайда, соңғы сөздi шiмiрiкпестен айтатын жастар азайып кеткен бе, әйтеуiр көшеде «Дертiңiзге шипаны Иса Мәсiхтен сұраңыз! Бар мұқтаж, тiлегiңiздi орындайды!» деп кiтап таратып жүрген де бiздiң қазақ жастары…

Кезiнде Д.Қонаев санаторий салуға лайық мекен деп, қазiргi «Алатау» санаторийiнiң негiзi қалануына түрткi болған екен. Ал, қазiр сол керемет жердiң 7 гектары жастардың санасын жаулап алған «Иегова куәгерлерiне» берiлген. Сонда небәрi 6 сотық жерге ие бола алмай жүрген қазақ жұрты олардың жанында жат болғаны ма? Тiптi, 7 гектардың жанында 6 сотық деген не тәйiрi?! Әрине, көлдей жерге иелiк етiп алған тек бұл бiр дiни ағым емес, 47,7 гектар жер мен 66 саяжайды заңсыз басып алған кришнаиттер жайында да газетiмiзде көптен берi жазылып келедi. Бiрақ құлағына iлiп жатқан ешкiм жоқ. «Баяғы жартас сол жартас…»

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары