Депутаттық мәлiмдеме
Депутаттық мәлiмдеме
Мұхтар ШАХАНОВ, Қазақстан Республикасы
Соңғы кездерi республика халқын «Қазақстанда мемлекеттiк тiл бiреу ме, жоқ немесе екеу ме?» деген сұрақ жиi мазалайтын болды.
Егер 17 жыл кейiнге шегiнсек, бiз сонау Кеңес Одағы тоталитарлық жүйесiнiң қылышынан қан тамып тұрған кездiң өзiнде-ақ, 250 жылдан астам Патшалық Ресейдiң, кейiннен Сталиндiк космополитизмнiң қыспағында қалып, бейшара күй кешкен ана тiлiмiздi мемлекеттiк тiл деңгейiне көтерiп едiк. Нақ сол 1989 жылдың 22-қыркүйегi қазақ ұлтының асығы алшысынан тұрған ең бiр бақытты шағы едi. Қазiр бiз бостан босқа шырылдап жүргенiмiз жоқ. Тiлдiң салтанат құруы – ұлттың сақталуы, тiлдiң тұғырдан таюы – ұлттың жойылуы екенi даусыз.
Жуырда белгiлi Алтай ақыны Боронтой Бедюров Қырғызстанда өткен бiр жиында Ресей мемлекетiнiң құрамында өмiр сүрiп жатқан алтай, қалмақ, бурят ұлты өкiлдерiнiң шамамен 80-85 пайызы, кейбiр ұлттардың тiптi 90 пайызы бiр-бiрiмен өз жанұясында, көшеде, жұмыс, оқу орындарында тек орыс тiлiнде әңгiмелесетiнiн айтты. Тiл бiрте-бiрте, мiне осылай жойылады. Бұрын Кеңестер Одағында 93 тiлдiң келмеске кеткенi белгiлi және қазiргi Ресей мемлекетiнiң де аз ұлттардың тiлi төңiрегiнде ұстап отырған саясаты дұрыс емес екенi әлемдiк деңгейде сөз болуда. Осы процесс қазақ ұлтының арасында қалай? Қазiр қазақтардың да тең жарымынан астамы министрлiктерде, банк жүйелерiнде, Үкiмет әкiмшiлiгiнде, өндiрiс, ғылым, техника, бiлiм салаларында, көшелерде, тiптi өз жанұясының iшiнде бiр бiрiмен тек орыс тiлiнде әңгiмелесетiнiн ешкiм жоққа шығара алмайды. «Мемлекеттiк тiл» қоғамдық қозғалысы бұл мәселенi арнайы зерттеуден өткiздi.
Жақында республикамыздың барлық басты телеарналары арқылы «Атамекен» атты кәсiпкерлер партиясы құрылғаны әйгiлендi. Бұл партия үш тiлдi – қазақ, орыс және ағылшын тiлдерiн бiрдей мемлекеттiк тiл жасамақшы екен. Сонда «Атамекен» партиясы Қазақстан Республикасының Конституциясын мойындамайтын болғаны ғой. Оларға мұндай құқықты кiм бердi? Бұл идеяның арғы жағында билiк басындағы кейбiр космополит қазақтардың тұрғанын аңғару қиын емес.
Қазiр бiздiң елiмiз өркениеттi жаңа қарқынмен дамыған 50 мемлекеттiң қатарына ену мақсатын қойып отыр. Елiмiздiң материалдық байлығы төңiрегiнде жұмыстанып жүрген қайраткерлерге рахмет. Өте дұрыс, құптарлық, қолдарлық қадам. Бiрақ, тек қарын мүдде қамымен жүрiп, мемлекеттiк тiл мәртебесiн иеленген ана тiлiмiздi менсiнбей, сорлатып, бiрте-бiрте жоюға апаратын болсақ, онда әлемдегi елуiншi емес, оныншы, бесiншi, тiптi бiрiншi мемлекет болсақ та, ол мемлекеттiң бiз үшiн, қазақ ұлты үшiн құны бiр тиын. Бұл өз ұлтын сүйетiн, қадiрлейтiн сан мыңдаған, миллиондаған адамдардың ортақ пiкiрi.
Алысқа бармай-ақ өз көршiмiз Ресей мемлекетiн мысалға алалық. Ресейде орыс тiлiн сыйламайтын, қадiрлемейтiн, немесе сол Пушкин тiлiнде сөйлемейтiн бiр мемлекеттiк қызметкер табыла ма? Жоқ. Ресейде ондай адамды iздеп табу былай тұрсын, көзге елестету мүмкiн емес. Тiптi Путин «егер кiмде кiм орыс тiлiн бiлмесе Ресей азаматтығына қабылданбасын» деген ұсыныс жасап, оны заңға ендiрдi. Ал бiзде, әсiресе билiк тұғырында жүргендер арасында мемлекеттiк тiлдi менсiнбеу дәстүрге айналған. Өз ана тiлiн қадiрлемеу мен менсiнбеудiң үлкен рухани зардабы, керi жаңғырығы, тiптi киесi болатынын әлемдiк ғылым әлдеқашан дәлелдесе де билiк басында жүрген қазақ ұлтынан шыққан бiр де бiр министр өз перзентiн, ең әрiсi немересiн қазақ мектебiне оқытуды қажет деп таппағанын қалай түсiнемiз? Президенттiң Қазақстан халықтары ассамблеясында тiл туралы берген тапсырмалары елiмiздегi мемлекетiк тiл саясатына жаңа бағыт берер деп сенемiз. Бiрақ бiз бұл салада табаны күректей 10-12 жыл кешiктiк. Қазiр жарты миллионға жуық қазақ балалары мектептерде ана тiлiнсiз тәрбиеленуде. Бала бақшалар жетiспейдi. Оқу құралдары, сөздiктер, балаларға арналған мультфилiмдер жоқтың қасы. Бюджеттен бөлiнетiн қаржы мардымсыз. Тiптi оның едеуiр бөлегiн пәресiз, жең ұшынан жалғасусыз күн көре алмайтын алаяқтар жымқырып кететiн сияқты. Жалпы мемлекеттiк тiл төңiрегiнде үлкен ұтылысқа түскенiмiз айқын. Жанымызға тағы бiр қатты бататынын, Ресейде мемлекеттiк тiлдi қорғаушы, қолдаушы патриот саналса, ал бiзде нақ сондай адамдардың ұлтшыл атанатыны нелiктен? Бiз ешқашанда орыс тiлiне, орыс мәдениетiнiң дамуына қарсы дауыс көтерген емеспiз. Ондай солақайлық бiздiң табиғатымызға жат. Бiрақ өз ана тiлiн сыйламау – өз анасын шетке қағумен бiрдей екенiн ұғынатын кез әлдеқашан жеттi. Президенттiң «қазақ қазақпен қазақша сөйлессiн» деген баяғыда айтқан ұсынысын сол Президент әкiмшiлiгiнен, Үкiмет, Парламент, министрлiк үйлерiнен бастайтын сәт соқты.
Ендi, негiзгi айтар ойымызға оралалық. Осы жылдың 29 қыркүйегiнде мен Парламент Мәжiлiсi қабырғасынан ҚР Конституциялық Кеңесiне 30 депутаттың қолдап, қол қоюымен мына мазмұнда мәлiмдеме жасағанмын. Үзiндi келтiрейiн.
«Ата Заңымызда орыс тiлi қазақ тiлiмен тең қолданады деген жазу бары рас. Бiрақ одан орыс тiлi де мемлекеттiк тiл деген ұғым тумауы тиiс. Елiмiздiң А.Сайденов сияқты космополиттерi өз ыңғайына қарай бұрып жұртты әбден шатастырды. Сондықтан Конституциялық соттың төрағасы Игорь Рогов мырзаға «Қазақстанда мемлекеттiк тiл бiреу ме, екеу ме?», осыны заңды түрде айқындап беруге депутаттық сауал жолдаймын. Конституцияның 7-бабына талдау жасауыңызды және мына сұрақтарға жауап қайтаруыңызды сұраймын. Мемлекеттiк тiл мен ресми тiлдiң теңдiк жағдайында мемлекеттiк шараларда, халықаралық кездесулерде, Парламент отырысында заң мәтiнiнiң үстемдiгi тұрғысында қай тiл басымдыққа ие?»
Рогов мырза Конституциялық Кеңестiң мүшелерi Х.Әбiшев, Қ.Балтабаев, Н.Белоруков, А.Нұрмағамбетов, Ү.Стамқұлов қатысқан құрамда кеңес өткiзiп, бiр топ Парламент депутаттарының «Қазақстан Республикасы Конституциясының 7-бабын ресми түсiндiру туралы өтiнiшiн iс жүргiзуге қабылдаудан бас тарту туралы» яғни қойылған сұраққа жауап бермеу туралы шешiм қабылдатыпты. Егер Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi Қазақстан Республикасы Конституциясын түсiндiрiп бере алмаса, немесе республикамызда мемлекеттiк тiл бiреу ғана екенi туралы шындықты айтудан жалтарса, онда мұндай Конституциялық Кеңестiң бiзге не қажетi бар?
Бiз де белгiлi заңгерлермен, ғалымдармен ақылдастық. Олардың бәрi де Конституциялық Кеңестiң бұл шешiмi жауаптан жалтару екенiн, тiптi мемлекеттiк тiл төңiрегiнде Президент берген тапсырмаларға да керағар келетiнiн айтты. Сондықтан бiз сол ұсыныс хатымызды Конституциялық Кеңеске қайта жолдауға мәжбүрмiз. Ал Конституциялық Кеңес ескi әнiне қайта басса, онда бiз амалсыздан «Мемлекеттiк тiл» қоғамдық қозғалысының, «Ұлт тағдыры» қозғалысының, «Ұлттық конгресс» бiрлестiгiнiң және басқа да қоғамдық ұйымдардың қолдауымен Конституциялық Кеңес төрағасы И.Рогов мырзаның отставкаға кетуiн талап ететiн боламыз.
Астана, ҚР Парламент Мәжiлiсiнiң үйi.