МЕКТЕПТЕ ҮЙРЕНБЕСЕ, ҚАЙДА ҮЙРЕНЕДI?

МЕКТЕПТЕ ҮЙРЕНБЕСЕ, ҚАЙДА ҮЙРЕНЕДI?

МЕКТЕПТЕ ҮЙРЕНБЕСЕ, ҚАЙДА ҮЙРЕНЕДI?
ашық дереккөзі
293

11 жыл бойы қазақ тiлi пәнiн оқитын балалар тiл бiлмейдi… Нелiктен?

Қызық, Қазақстанда мемлекеттiк тiл – қазақ тiлiн өзге ұлт өкiлдерi мектептегi бiрiншi кластан бастап, жоғары оқу орнының бастапқы курстарына дейiн оқыса да, нәтиже жоқ, кейде өзге диаспора балалары қазақша амандасуға да жарамай жатады. Демек, өзге ұлт жастарын мемлекеттiк тiлге баулу – уақыт күттiрмес мәселе, ел болашағын айқындайтын нышана. Бiрақ амал қанша… Тәуелсiздiк жылдары орыс мектептерiнде қазақ тiлi мен әдебиетi пәндерiнiң сабақ уақыты көбейтiлiптi. Соған қарамастан, әсiресе, орыс мектептерiнде оқитын оқушылар мемлекеттiк тiлдi бiлмек түгiлi, оған мұрнын шүйiре қарайды. Себебi мемлекеттiң ұстанымы солай болып келдi…

Кезiнде «Түркiстан» газетiне сұхбат берген Орыс-славян ұйымының төрағасы Юрий Бунаковтың бұл мәселедегi пiкiрi «орыстың аға ұрпағына тиiспе, бiрақ жастарды мемлекеттiк тiлге үйретсең – өз еркiң» дегенге сайған едi. Бiрақ Юрий Захаровичтiң айтуынша, ол немересiн қазақ бала-бақшасына берсе де, баланы онда қазақша сөйлете қоймапты. Сонда бұл ненi аңғартады: қазақ тiлiн үйрету жүйесiнiң бiр жолға түспегендiгiн бе, әлде орыстың жас ұрпағының қазақ тiлiне деген ықыласының жоқтығын ба? Оның үстiне Қазақстанда тұратын диаспора өкiлдерi өз отбасыларында балаларын мемлекеттiк тiлдi бiлуге үндей бiлсе, қанеки… Расымен-ақ, Қазақстанда қазiрше қазақ тiлiне деген сұраныс шамалы. Қазақстан азаматтарын «қоршаған орта» көбiне орысша сөйлейдi: үйдегi теледидардан бастап даладағы дүкеншiге дейiн… Мемлекеттiк тiлге деген мемлекеттiк қамқорлықтың жоқтығы бiрден байқалады. Орысқа бауырлас славян елi – Украина ел аумағындағы ақпараттық кеңiстiктен бастап мемлекеттiк органдарды да орыс тiлiнен «тазартып», украин тiлiне көшiрiп жатыр. Ал, Қазақстан халықтары ассамблеясының жиынында мәлiм болғанындай, елiмiзде орыс тiлiнiң деңгейi бүгiнгiдей жоғары деңгейде қалуы тиiс екен. Бұл – Елбасының сөзi. Десек те, Президент Н.Назарбаев мемлекеттiк тiлдi бiлмейтiн азаматтардың мемлекеттiк органдарда жұмыс iстемеуге тиiс екендiгiн тағы да екшеп айтты. Бұл, әрине, көңiлге үмiт ұялататындай уәде.

Бүгiнде ТМД аумағындағы күллi орыс-славян ұйымдары орыс тiлiнiң сойылын соғып, байбалам салып келедi. Десек те, орыс тiлiнiң тынысының әбден тарылғаны тек қана ТМД аумағы бойынша емес, күллi әлемде өзiндiк үрдiске айналды. Яки, орыс тiлiнiң халықаралық қатынас тiлiнен де шығып қалмасына неғайбыл… Десек те, қазаққа маңыздысы – қазақ тiлiнiң дiн аман сақталуы. Тiл сақталу үшiн елiмiздегi өзге ұлт өкiлдерiнiң балаларын мемлекеттiк тiлге жастайынан баулу керек. Бұған ешкiм де қарсы бола алмайды. Бұл орайда мектепалды мекемелер мен мектептердiң идеологиялық құрал ретiнде пайдаланылғаны жөн. Бiрақ қазiрше елiмiзде мұндай дәстүр байқалмайды. Орыс мектептерiн қазақ тiлi пәнi арқылы қазақыландырып жiберсек, бұл әлемдiк тәжiрибеден алынған үлгi болар едi. Бiрақ өзге тiлдi мектептерде орыс – орыс болып, немiс – немiс болып тәрбиеленiп жатқан соң, қазақ тiлiне кiмнiң жаны ашиды?

Бiрқатар орыс мектептерiндегi қазақ тiлi пәнiнiң ахуалымен танысып, оқушы, мұғалiмдермен кездесiп, түйген ойымыз төмендегiдей. Өзге ұлт өкiлдерiнiң мектепте 11 жыл бойы қазақ тiлi пәнiн өтсе де, тiлдi бiлмеуiне басты себептер, бiздiң ойымызша, төмендегiдей:

Бiрiншiден, мемлекеттiк тiлдi бiлуге қатысты мемлекеттiк саясат босаң. Жоғарыдан талап болмаған соң, мектеп директорлары балалардың тiлдi толыққанды бiлуiн талап ете алмайды.

Екiншiден, орыс мектептерiндегi қазақ тiлi мен әдебиетi пәндерiнiң оқулықтары қиын тiлмен жазылған. Тәуелсiздiк жылдары шыққан кiтаптардың да тiлi – қиын, iшi – толған тарих, өмiрбаян. Баланы ауызекi сөйлететiндей методология жоқ сияқты. Мәселен, ағылшын тiлiнiң оқулықтары, ең алдымен, ауызекi сөйлеуге негiзделген: оңай жаттығулар, диалог, сұхбаттар, иллюстрация басым. Яки, орыс мектептерiнде оқытылатын қазақ тiлi пәнiнiң оқулықтары жеңiл тiлмен жазылып, баланы ауызекi сөйлетуге бағытталуы керек.

Үшiншiден, қай мектеп болмасын, ауданның, не ары кетсе, қаланың үздiк мектебi атануға деген ұмтылыс бар. Былайша айтсақ, «бiздiң мектепте үлгерiмi төмен балалар жоқ» деген саясат бар. Бұл науқаншылдықтың дәл өзi. Кеңес Одағынан қалған үрдiс. Үздiк мектептердiң қатарына қосылу үшiн қазақ тiлiнен «үшке» де жауап бермейтiн балаларға оң бағаны мұғалiмнiң, тiптi директордың өзi-ақ қойып беретiн сияқты. Жасыратын несi бар, орыс мектептерiнен «қазақ тiлiнiң вундеркиндтерi» шығып жатқан жоқ. Бiрақ ұстаздар мен мектеп меңгерушiлерi баламен жұмыс iстеудiң орнына, жыл соңында өтiрiк баға қоя салады. Мұны бiлген бала келесi жылы да қазақ тiлiн оқуға ынталы болмайды. Себебi оның дайын бағасы бар…

Төртiншiден, орыс балалары Қазақстанда мемлекеттiк тiлге деген сұранысты сезiп жатқан жоқ. Мектепте – орысша тәрбие алады, үйде – орысша кино-бағдарламалар көредi, дүкенде – орысша сөйлеп, зат сатып алады, тағысын тағылары… Мемлекеттегi iшкi жағдай өзгермейiнше, қазақ тiлiне деген сұраныс та жоғары болмайды.

Бесiншiден, «қазақ тiлiн бiлудi материалдық көмек арқылы ынталандыру керек» немесе «орыс-славян ұйымдарындағы қазақ тiлi курстарына қаржылай көмек көрсету керек» деген бос әңгiме. Өзге ұлт өкiлдерi тiлдi курстардан емес, бала-бақша, мектеп, университеттен жүйелi түрде, зор талаптың арқасында үйренiп шығуы керек. Өзге ұлт өкiлдерi – мемлекеттiк тiлдi бiлуге мiндеттi. Мұны олар мәжбүрлiк ретiнде қабылдайды. Десек те, әсiресе мектептерде қазақ тiлiн бiлуге қатаң талап қажет. Қазақ тiлiне қатысты сыныптан сыныпқа өту емтихандары мен мемлекеттiк емтихандарда бағаны баланың тiлдi бiлу деңгейiне қарай қою керек. Сонда ғана тiл құрметтеледi. Ал, «для галочки» деген баға тiлдiң дамуына кедергi.

Әлбетте, мемлекеттiк тiлдiң дамуына кедергi болып тұрған өзге де себептер бар. Десек те, бiз олардың бiрқатарын мысалға келтiрiп, жоғары жаққа құлаққағыс еткiмiз келедi. Себебi Қазақстанда билiк төменнен емес, жоғарыдан жүргiзiледi. Билiктiң қатаң талабы болмайынша, өзге ұлт өкiлдерi өздерiн Ресейде жүргендей сезiнiп, қазақ тiлiн ешқашан да меңгерiп алмайды.

Болатхан ТАЙЖАН, саясаттанушы:

– Ең алдымен айтарым, орыс мектептерiндегi қазақ тiлi пәнiнiң сағаттары аз. Бiрақ, мәселенi сабақтың мөлшерiне қарай тiреуге болмайды. Қазiр ел Президентi Назарбаев дұрыс әңгiменi бастап отыр. Үкiмет, қызмет көрсету, банк саласында, мемлекеттiк органдарда iстейтiн қызметкерлер мiндеттi түрде мемлекеттiк тiлдi бiлуi керек деген шарт болса және жұмысқа қазақ тiлiн бiлетiндердi қабылдап отырса, олар үш-ақ жылда тiлдi меңгерiп алар едi. Бiрақ ондай талап болмады. Ендi бұл талап қолға алынып, шынайы түрде iске асып жатса, олар мемлекеттiк тiлдi үйренедi. Екiншi айтарым, жалпы «қазақ еместерге қазақ тiлiн бiлсеңдер, ақша төлеймiз» деп шарт қою мiндет емес. Осы орайда мен Президент Назарбаевтың сөзiне кiшкене түзетулер енгiзер едiм. Өйткенi мен бұндай мәселенi көптен берi қарастырып жүргенiмдi бiлерсiздер. Әлемнiң тәжiрибесiне сүйенсек, сiз қай мемлекетке барып, жұмыс iстеймiн десеңiз, онда ақша төлеп тiлдi меңгеруiңiз керек. Сонда ақшаны көп төлемеу үшiн оқитын мезгiлдi жақсы пайдаланып, адамның өзi-ақ тiлдi меңгерiп алады. Бұдан да асқан тәсiлдер бар. Мәселен, қазақ тiлiн оқимын дегендерге курс ұйымдастырсаңыз жөн. Олар курсты оқып бiтiрiп, қазақ тiлiнен емтиханды дұрыс тапсырып, қазақ тiлiн бiледi деген куәлiк алса, оның курс үшiн төлеген ақшасын қайтарып беруге болады. Мiне, ең ұтымды және тиiмдi жолдар осындай.

– Өзге ұлт өкiлдерiн 11 жыл бойы мемлекеттiк тiлге үйрете алмай келе жатқан мектептер мен оқу орындары болып отыр ғой. Бұл бiлiм беру саласының осал тұстарын аңғартпай ма? Мүмкiн, тiлдi үйрету саласында реформалар керек шығар: оқулықты, сабақ беру жүйесiн өзгерту деген сияқты…

– Әрине, методологиясы, оқу құралдары мен тәсiлдемелерi жетiлсе, бұл тiлдi оқытуды жеңiлдетедi. Бұл даусыз. Әу бастан мемлекет қазақ тiлiн оқытып, үйрету мәселесiне зер қоймады. Әйтпесе қазақ тiлi мұғалiмдерiн көбiрек дайындау керек едi. Оқулықтарды жетiлдiрiп, тәсiлдемелердi, сөздiктердi көбiрек шығару керек едi. Мiне, осындай мәселелердiң түбi жоқ болды. Қазақ тiлiн оқытатын мұғалiмдер жеткiлiксiз. Оқу құралдары мен тәсiлдемелерi мүлдем жоқтың қасы. Әрине, оқуға бұл да әсер етедi.

Егер бiз қазақ тiлiн Қазақстан азаматы бiлсiн десек, «Тiлдер туралы» Заң мен «Ата Заңдағы» мемлекеттiк тiлге байланысты баптарына «Қазақстанның барлық азаматы ұлтына, нәсiлiне қарамай, қазақ тiлiн бiлуi керек» деген бiр сөйлемдi кiргiзу керекпiз. Сонда ғана бәрi өз орнына келедi. Мұны орындату жолдары мен тәсiлдерi жетiлiп, дамуы керек. Ал, бiрақ басты талап – әр адам қазақ тiлiн бiлуi қажет деген мәселе.

Зәуреш НӘСКЕНҚЫЗЫ, № 28 техникалық орыс лицейiнiң ұстазы:

– Мен орыс мектебiнде қазақ тiлiнен 23 жыл бойы сабақ берем. Шынын айтсам, былтыр жыл бойы көп балалардың оқулығы да болған жоқ. Оқулық сатып алған да жоқ. Бұл олардың қазақ тiлiне деген көзқарасын бiлдiредi. Оқушылардың бiрен-сараны ғана қазақ тiлi оқулығын алып, оқиды. Қалғанында тiлдi бiлуге деген ықылас та жоқ.

Өткен жылы мен үш орыс баласына қазақ тiлi пәнiнiң жылдық қорытындысы бойынша екi қойдым. Оларды күзге қалдырдым. Мұны балалардың сынып жетекшiлерiне де ескерттiм. Бiрақ күзде маған емтихан тапсыруға ешкiм келмейдi. Тек бiр баланың ғана ата-анасы келдi. Ал, қалған екi балаға емтихан тапсырды деп, протоколға баға қойып жiберiптi. Мектептiң оқу меңгерушiсi – қазақ тiлiнiң пән мұғалiмi. Одан сұрасам: «Балалар жазда келiп тапсырды» – дейдi, балалардың бiрiн ұстап алып, сұрасам: «Емтихан тапсыруға уақыт болмады, мен колхозда дем алдым» – дедi. Сонда әлгiлердiң «балалар 28 июльде емтихан тапсырды» дегенi өтiрiк болып шықты. Табельдi көрсетсем: «Решением педагогического совета переведен в 5-й класс» – деп жазып қойыпты. Мектеп директорына барып, мән-жағдайды сұрасам, ол да тапсырғанын айтып отыр. Сөйтiп менiң атымнан баға қойғызып жiберген. Басқа кластарда да солай. Қазақ тiлiн толық меңгерiп, бiлiмi бойынша емтихан тапсырсын десем, оқу меңгерушiсi артымыздан екi алған балаларға баға қойып қояды. Бұған қашанға дейiн шыдауға болады? Бұл менiң мұғалiм ретiндегi авторитетiмдi түсiрiп тұр ғой. Ертең ол балалар менi қалай сыйлайды? Жағдай осылай болып тұрғанда, қалайша мемлекеттiк тiлдi меңгередi? Осы жағдайдан-ақ елдiң тiлге деген көзқарасын бiлуге болады.

Ұстаз ретiндегi пiкiрiм, қос тiл жүрген жерде ешбiр баланың қазақ тiлiне ынтасы болмайды. Мәселен, көлiкте әр аялдаманы екi тiлде хабарлайды. Бәрi екi тiлде болған соң, балалар қазақ тiлiн не үшiн оқиды? Бұл мәселе жоғары жақта қаралуы керек.

Қазақ тiлiнiң бiрiншi сыныптан бастап, оқылып жатқанына да 10 жыл болды. Бұрын мемлекеттiк тiл аптасына екi рет үйретiлетiн, қазiр аптасына үш рет қазақ тiлi пәнi жүргiзiледi. Қазақ Әдебиетi – бiр сағат. Оның үстiне Иманғали Тасмағамбетов әкiм болғалы берi, мектептерде қазақ тiлi пәнiнiң уақыты көбейдi. Жоғары сыныптарда қазақ тiлi бес сағат жүргiзiледi. Тағы бiр мәселе – оқулық тiлiнiң қиындығы. Бәрi тарихи жолмен, әдеби тiлмен жазылған. Ауызекi сөйлеуге негiзделген материал оқулықтың iшiнде өте аз. Әрине, ағылшын тiлiн балалар өте тез үйренедi. Өйткенi кiтаптың iшiнде бәрi бар: аудиотаспа, диалог, т.б. Мұғалiмге де сабақ үйрету жеңiл. Қазақ тiлiнде мұндай жоқ. Кiтаптар өте күрделi. Өмiрбаяндар өте көп. Ғұламалардың өмiрбаянын балалар тарихтан не әдебиеттен өтедi ғой, оны қазақ тiлi пәнiне неге кiргiзедi?

Бiздiң мектепте 1000-нан аса бала оқиды. Көбiне өзге ұлт өкiлдерiнiң балалары. Мен сiзге барлық мектептерге тән проблеманы айтайын. «Мектепте артта қалушылар мен жаман оқитындар жоқ» деген атақ үшiн балаларға екi қоймауға тырысады. Екi қойсаңыз сiзге кiнә тағады: «Сiз жоғары сапалы мұғалiмсiз, баланы неге оқыта алмайсыз» дейдi. Мен балалардың бәрiне бiлiмдi бiрдей беремiн. Бiрақ бұның бәрi баланың ынтасы мен күнделiктi өмiрдегi сұранысына байланысты ғой. Бұл мемлекеттiк тiлге деген сұраныстың жоқтығын аңғартады. Бала қазақ тiлi менiң болашағыма керек деп бiлсе – оқиды. Кезiнде бiздi, тiптi, екiншi жылға да қалдыратын. Осыдан қорыққан соң, бала қорқып оқитын. Қазiр бастықтар бағаны өздерi қойып бередi. Өйткенi ертең олар жоғары жаққа есеп бередi ғой. Оларға керегi – үлгерiмi төмен балалары жоқ мектеп деген даңқ қана…

Қанат ИБРАГИМОВ, Қазақ-түрiк лицейлерiнiң қазақ тiлi бойынша бас маманы:

– Бұл заманның даналары: «Американы екiншi рет ашудың қажетi жоқ» деп, тектен-текке айтпаса керек. Бiз ағылшын тiлi, түрiк немесе орыс тiлi дамыған елдердiң, сондай-ақ отандық оқулықтардың әдiстемелерiне қарап, жаңадан тiл үйрететiн оқулықтар шығардық. Бiздiң мақсатымыз – аз уақыт iшiнде жеңiл түрде оқушыларымызға қазақ тiлiн меңгерту. Оқулықтар тiл бiлiмiне көп көңiл бөлмейдi, керiсiнше балалардың сөйлеу тiлiне қызмет етедi. Сол үшiн әртүрлi дидактикалық кестелер мен суреттер, мәтiндер мен сұхбаттар беру керек. Мәтiндер мен сұхбаттарды түсiнуге жетелейтiн түрлi-түстi суреттер де бердiк. Оқулықтардың түрлi-түстi дизайны оқушылардың кiтапқа деген қызығушылығын арттырып отыр.

Жалпы, оқулық Бiрiншi деңгей, Екiншi деңгей, Үшiншi деңгей деп жалғасып кетедi. Бiрiншi деңгей оқушылардың күнделiктi қарым-қатынаста қолданылатын тiлiне үйретедi. Екiншi деңгейден бастап күрделi мәтiндер, сұхбаттар ене бастайды, балаларымыз көркем әдебиет шығармаларын оқуға үйренедi. Репортаж, сұхбат жасауға дағдыланады. Яғни, оңайдан күрделiге қарай дамып отырады.

– Яғни, орыстiлдi мектептердiң қазақ тiлi пәнi бойынша беретiн оқулықтарында мұндай әдiстеме жоқ дейсiз ғой. Баланы тiлге деңгейлiк жүйе бойынша үйрету керек пе?

– Ағылшын тiлiн үйрететiн кiтаптардың негiзгi ерекшелiгi – олар тiлдi оңайдан күрделi деңгейге дейiн үйретедi. Мәселен, жiктiк жалғауының оңай түрiн бiз 5 сыныпта үйретсек, 6 сыныпта жалғаудың күрделi жағы айтылады. Ал, 7 сыныпта жiктiк жалғауының тәуелдi жалғауынан кейiн жалғануы үйретiледi. Бiр дыбысты бесiншi сыныпта өтiп қоймаймыз. Оның ерекшелiктерi мен өзгешелiктерiн жоғарғы сыныптарға дейiн үйретемiз. Яғни, оңайдан күрделiге бiртiндеп өту жүйесi бар.

Кәмшат ТАСБОЛАТОВА

Серіктес жаңалықтары