Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: ТIЛ – КЕЗ-КЕЛГЕН МЕМЛЕКЕТТIҢ ҰЛТТЫҚ САЯСАТЫНЫҢ ӨЗЕГI

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: ТIЛ – КЕЗ-КЕЛГЕН МЕМЛЕКЕТТIҢ ҰЛТТЫҚ САЯСАТЫНЫҢ ӨЗЕГI

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: ТIЛ – КЕЗ-КЕЛГЕН МЕМЛЕКЕТТIҢ ҰЛТТЫҚ САЯСАТЫНЫҢ ӨЗЕГI
ашық дереккөзі
244

«15 жылда аю да тiл үйренетiн болды ғой» деп шегеледi өткен аптада Астанада өткен Қазақстан халықтары ассамблеясының ХII сессиясында сөйлеген сөзiнде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Тәуелсiздiгiмiздiң 15 жылдығы тұсында, тiл десе тiлiмiздi тiстеп келгенiмiз де барша әлемге аян. Кез-келген мемлекеттiң түп қазығы – байырғы халқы десек, оның ұлттық тiлi түп қағазы болатыны шындық. Түп қазықсыз алысқа бармайтынымыз да, ұлттық тiлдi меңгермей, космополит мемлекет ретiнде мәңгiге орнықпайтынымыз да анық едi. Бiрақ, осы бiр дәлелдеудi қажет етпейтiн аксиоманы «дәлелдеймiз» деп қанша жұрт шырылдады. Қанша бастың жарғақ құлағы жастыққа тимедi. Алайда, селт еткен шенеунiк немесе әкiм-қара байқалмайтын.

Үлкен де, кiшi де үмiтiн үзiп, ата-бабаларымыздың қанымен жеткен тәуелсiздiгiмiздiң құны тiлсiз бiр-ақ тиын деп пұшайман бола бастаған тұста, былайша айтқанда, жуанның жiңiшкерiп, жiңiшкенiң үзiлер шағында ұлттық дiлiмiзге қайтадан қан жүгiргендей.

ЖЫРТЫҚ ҮЙДIҢ ҚҰДАЙЫ БАР…

Дәл осы сөз бүгiнгi таңда қазақ үшiн айтылғандай болады да тұрады. Шынымен-ақ, ең алдымен Патшалық Ресейдiң қол астында ұлт ретiнде жойылып кетудiң аз-ақ алдында тұрғанда, Алаш арыстарының «ұлт» деп белдi бекем бууының арқасында Автономияға қол жеткiздiк. Автономия – жеке мемлекеттiк дәреже болмаса да, ұлтты сақтап қалудың сол кездегi басты мүмкiндiгi болатын. Сосын пролетариат жеңiсiнiң арқасында жеке-жеке шаңырақ көтерген 15 республиканың бiрi болдық. Бұл да қазаққа құдайдың бергенi едi. Егер сол кезде республика дәргейiне жете алмасақ, бұл тәуелсiздiкке де қол жеткiзу екiталай-тұғын. Сосын Кеңестер Одағы ұлттар лабораториясы атаған Қазақстанның ұлттық бет-бейнесi мүлдем өшуге жақындағанда, Желтоқсан көтерiлiсi бұрқ еттi. Бұның соңы әлемдi тiтiренткен екi державаның бiрi – КСРО-ның жер бетiнен жойылуына әкеп соғатынын сол кезде ешкiм аңғармаған-тын. Қазақ жастарының ұлттық намысының жалғыз күнде бұрқ етуi – бабаларымыз арман еткен, Алаш арыстары осы жолда басын бәйгеге тiккен тәуелсiздiкке бастаған жол едi.

Шүкiр, тәуелсiз ел болдық. Бодандық қамытынан құтылдық деп бөркiмiздi аспанға атқанымызбен, ұлттың ұлт ретiнде сақталуы жолында алдымыз бұлыңғыр, артымыз жар болатын. 15 жыл алаулатып-жалаулатқанымызбен, тiлiмiз босағадағы кейпiнен оза алмады. Кейбiр пессимист саясаттанушылар: «Болашақта Қазақстан деген ұлы мемлекет болуы мүмкiн, бiрақ «қазақ» деген ұлттың болуы неғайбыл» деп дабылдатты. Әрине, бұндай дабыл көтеруге Қазақстандағы ұлттық саясаттың беталысы жол бергенi де ақиқат едi. Өйткенi, қазақ елiнде мемлекеттiк тiл – қазақ тiлi бiрнеше қазақ ұлтының патриотымыз дейтiн қоғамдық ұйымға, ұлтшыл депутаттар мен саясаткерлерге және қазақтiлдi басылымдарға ғана қажет сияқты болып көрiнетiн. Елдегi өзге ұлт өкiлдерi түгiлi өзiмiздiң «өгей балаларымыз» әлi күнге дейiн өз тiлiнен жерiнiп келген жоқ па. Мұхтар Шахановтың есебiне сенсек, елiмiзде өзгенi былай қойғанда, 2 миллион қазақ ана тiлiнде оқып, жаза алмайды екен. Бұл, әрине, ұлттық апат. Өзгенi былай қойып, өзiң кеудесiнен итергеннен кейiн, тiлдi үйренудi басқа ұлт өкiлдерiне мәжбүрлей алмағанымыз да ақиқат. Иә, түңiлу мен торығуға жол бере бастаған осы тұста ұлт саясаты ойламаған жерден басқа арнаға ауысты.

Сөйтiп, Қазақстан халықтары ассамблеясының ХII сессиясында Елбасы мемлекеттiк тiлдi төрге оздырудың нақты жолдарын ұсынды. Бұған дейiн «орыс тiлiне – екiншi мемлекеттiк тiл статусын» сұрап келген елiмiздегi казак-орыс-славян ұйымдарының үнi өштi. Ассамблея мүшелерiнiң ешқайсысы Елбасына қарсы келiп, «бұл олай болуға тиiс емес» дей алмады. Сессияға қатысқандардың барлығы бұндағы айтылған әңгiменiң оңтайлы сәтте, оңынан болғандығын мойындады. Бұған дейiн Қазақстан халықтары ассамблеясына жетекшiлiк етiп, Ресейдегi жарылқаушыларының нұсқауымен талай арандатушылық мәлiмделемелерге жол берген Сергей Терещенко орнынан алынып, оның орнын Мәжiлiс спикерiнiң орынбасары Сергей Дъяченко басты.

ҰЛЫҚ АЙТСА БОЛДЫ ДЕП…

Бiр қызығы, бұған дейiн ұлттық саясатты екiншi арнаға ысырып тастап, әлемдiк мәселелерге көбiрек назар аударып келген қоғамдық пiкiр жалғыз күнде тонын айналдырып кие қойды. Елбасының ассамблеяда сөйлеген сөзiнен кейiн көптеген телеарна мен өзге де басылымдар «Мемлекетттiк тiлдi үйренетiн уақыттың жеткенiн, жағдайдың пiсiп-жетiлгенiн» майын тамыза әңгiмелеп бердi. Сөйтiп, бiздiң қоғамдағы қазiргi жүйе баяғы стереотиптен арылмағанын, әлi де тоталитаризмнiң көлеңкесiнен құтыла алмай отырғандығын танытты. Яғни, мемлекеттiк тiлдi жүзеге асыру үшiн жұртқа Елбасының емеуiрiнi ғана жетпей тұрғандай. Бұған дейiн мемлекеттiк тiлдiң мәселесi мемлекеттiк аренада Мемлекеттiк хатшылардың араласуымен, Парламент депутаттарының бастамасымен және қоғамдық ұйымдардың ұйытқы болуымен ғана сөз болатын. Былайғы жұртқа осының өзi де жеткiлiктi сияқты. Ең бастысы – Конституцияда «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi – қазақ тiлi» деген тайға таңба басқандай бап болғанына қарамастан, жоғары мәртебелi шенеунiктердiң қай-қайсысы да оны iс жүзiне енгiзуге құлықтылық таныта бермейтiн. Дәлел үшiн, Елбасының өз сөзiне жүгiнейiк: «Егер тiл туралы алғашқы заң бұдан 17 жыл бұрын, 1989 жылы қабылданғанын, ал мемлекеттiк тiлде iс жүргiзуге 16 өңiрдiң, тiптi, жартысы да көшiрiлмегенiн еске түсiрсек, бiздiң елдегi қазақ тiлiнiң шынайы жағдайы айқын бола түседi».Ал, мемлекеттiк тiлге iс-қағаздарын көшiрген 5 облыстағы жағдай да оңып тұрған жоқ. Өйткенi, ешкiм ешкiмнен ештеңе талап етпейдi. «Өгiздi өлтiрмей, арбаны сындырмай» күн кешуде.

Егер мемлекеттiк тiлдi игерудi мектептен бастайтын болсақ, бiлiм саласының шенеунiктерi де бұл мәселеге көзжұмбайлықпен қарап келгенi белгiлi. Бұған Мәжiлiстiң бiрнеше депутатының бастамасымен ұсынылған Бiлiм туралы Заңның әлi күнге қабылданбай отырғаны дәлел. Ал, Елбасы мектептегi жағдайды былай баян еттi: «…1992 жылы 1-сыныпқа барғандар 21 жасқа келдi. Егер олар осы кезге дейiн iс жүзiнде қазақ тiлiн бiлмесе, оларды қалай оқытыпты және мемлекеттiк тiлдi бiлуге деген талап қандай болған?»

Сондай-ақ, Елбасы ендi мемлекеттiк тiлдi игермеген жастың болашағы бұлыңғыр екенiн қадап айтты. Егер, мемлекеттiк қызметтен дәмелi болсаң, мемлекеттiк тiлдi еркiн меңгер. Бұл бүкiл әлемдегi өркениеттi елдердiң барлығының талабы. Бұл тұрғыдан қазақстандықтарға аз уақыт берiлген жоқ. Он бес жыл бiр буын ұрпақтың ауысып, келесi буынның өмiрге қадам басатын сәтi. Осы 15 жыл өзгенi былай қойғанда аюдың да тiл үйренетiн уақыты: «Мен аға ұрпақтың адамдарына тiлдi күштеп үйретуге мәжбүрлеуге болмайтыны туралы талай айттым. Қазiр де сол пiкiрiмде қаламын. Алайда, Қазақстандағы жастар мынаны бiлуге тиiс: мемлекеттiк тiлдi бiлмейiнше, мемлекеттiк органдарда, қызмет көрсету саласында, құқық қорғау органдарында немесе сот саласында жұмыс iстеуге мүмкiн болмайды!»Демек, мемлекеттiк тiл қажеттiлiкке айнала бастады. Бұл заман талабы.

Дегенмен, бiз бұл салада әлi де либералды жолдан таймай отырмыз. Ең алдымен, өзге емес қазақтардың тiл бiлуiн мәжбүрлейтiн болдық. Ал, өзге ұлт өкiлдерi мемлекеттiк тiлдi меңгергендерi үшiн сыйақы алады. Бұл жұртты мәжбүрлеу емес, ынталандыру жолы.

ТҮЙIН: Сөйтiп, Қазақстандағы 15 миллион халық бiр атаның баласындай бiр тiлде сөйлеп, бiр елдiң сойылын соғып, бiр елдiң намысын жыртатын болады. Елбасы: «Мемлекеттiк тiл – кез-келген мемлекеттiң ұлт саясатының өзегi болып табылатыны жақсы мәлiм. Қазақ тiлi – Қазақстан халықтарының басын бiрiктiрушi бiрден-бiр фактор» дегенге баса назар аударды. Демек, ешкiмнiң де солқылдақтық танытуына жол жоқ. Сең қозғалды, iс жүруi тиiс. Ендiгi мәселе – Елбасының бастап берген бұл iсiн Үкiметтiң қалай жүзеге асыруына келiп тiрелмек. Үкiмет ендi етек-жеңiн жинайтын кез жеттi.

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары