ЕҢКЕЙГЕН САЙЫН МОЙЫНFА МIНЕ ТYСЕДI
ЕҢКЕЙГЕН САЙЫН МОЙЫНFА МIНЕ ТYСЕДI
Жақында Қазақстандағы «Орыс, казак, славян ұйымдарының үйлестiру кеңесi» Ресей Президентi В.Путинге хат жазыпты. Бұл хатта арандатушы ұйым Қазақстанның тәуелсiздiгiне осы күнге дейiн күмән келтiретiндiгiн, яғни, өткен жүйенi көксейтiндiгiн еш жасырмайды. Осы және бүгiнгi күйiп тұрған мәселе – жаңа банкноттың айналымға енгiзiлмеуi жөнiнде Қазақстан дипломатия қызметiнiң еңбек сiңiрген қайраткерi, Астана қаласындағы «Мемлекеттiк тiл» қозғалысының төрағасы Сайлау Батыршаұлымен әңгiмелескен едiк.
– Сайлау аға, Сiз белгiлi дипломатсыз. Сонымен қоса Астана қаласындағы «Мемлекеттiк тiл» қозғалысының төрағасысыз. Жалпы, Астанада қазақ тiлiнiң жағдайы қалай?
– Қазақстан да тәуелсiздiк алғаннан кейiн басқа одақтас республикалар секiлдi өз Конституциясын қабылдап, «Қазақ тiлiн – мемлекеттiк тiл» деп қайта бекiттi. Мiне, содан берi аттай 15 жыл өте шықты. Өкiнiшке қарай, нәтиже көңiл көншiтпейдi. Осы күнге дейiн мемлекеттiк жүйеде қызмет iстеп жүрген орыс, украин, еврей, т.б. ұлт өкiлдерi қазақтың тiлiн, Конституциясын сыйламайды. Яғни, елiмiздегi «Тiлдер туралы» Заң мен Конституциядағы: «Қазақстанда мемлекеттiк тiл – қазақ тiлi» деген 7-бап мүлдем орындалмай келедi. Ал Астана қаласындағы әкiмшiлiк, мемлекеттiк мекемелер арнайы курстар ашып, қазақ тiлiн оқып жатырмыз, жыл сайын Тiлдер мерекесiн, байқауын өткiземiз деп мақтана жөнеледi. Мұның бәрi баяғы есеп беру үшiн. Әкiмшiлiктегi мамандардың көпшiлiгi қазақшадан жұрдай. Арнайы басқосу мен кеңестерi үнемi орыс тiлiнде өтедi. Керек болса, қоғамдық ұйымдар, жастармен байланыс бөлiм бастығы Бекзат Рахимов қазақша бiлмейдi. «Қоғаммен, халықпен қалай жұмыс iстейсiң?» десең, «я научусь» дейдi. Айналайын-ау, әкiмшiлiк тiл үйрететiн балабақша, мектеп емес қой. Қалалық Тiлдердi дамыту басқармасы жыл сайын өткiзетiн Тiлдер мерекесiнде тақпақ оқып, өлең оқитын басқа ұлт балалары болғанмен, кiлең қазақ ауылында туып-өскен, қазақ мектебiн бiтiрген ұл мен қыз. Бар болғаны соларды айтулы мерекеде қазақша сөйлеткенiне мәз. Ал зерттеу жұмысының қорытындысында, орыстардың 3-4 пайызы ғана қазақша бiлемiн десе, басқа ұлт өкiлдерiнiң 7-8 пайызы «бiлем» дептi. Шындығында, Мемлекеттiк тiлдiң жағдайы Астанада төмен, тiптi, нашар. Мәселен, Iшкi iстер министрлiгi, Әдiлет министрлiгiнiң қалалық департаменттерi, т.б. толып жатқан министрлiктер беретiн төлқұжат, туу туралы куәлiк, көлiк айдау куәлiгi секiлдi құжат пен анықтаманы осы уақытқа дейiн қазақ тiлiнде емес, орысша толтырып келедi. «Мемлекеттiк тiл» қозғалысы қала бойынша тексеру жүргiзген-дi. Нәтижесiнде жаңағы сияқты мекемелер құжатты 90 пайыз орыс тiлiнде жазатындығын бiлдiк. Қайта Кеңес дәуiрiнде жақсырақ болған сияқты. Сол тұста құжат толтыру үшiн екi жол болатын. Оның бiрiншi жолы – қазақша (аты-жөнi, әкесiнiң аты) жазылса, астында орысша, яғни, бос қалмас үшiн екеуiн де лажсыз толтыратынбыз. Қазiр өте зәлiмдiк жасағаны былай тұрсын, бiр ғана сызық (қазақша мен орысша) берiлген де, қаласаң қазақша, қаламасаң орысша жазуыңа болады. Әйтеуiр, мемлекеттiк мекемеде отырғанның көбi қазақ бола тұра орысшаға мойнын бұрып тұрады ғой.
– Ал орыстiлдi немесе аралас мектепте қазақ тiлiнiң хал-ахуалы қалай екен? Тексеру жүргiздiңiздер ме?
– Орыстiлдi мектепте 9-сыныпқа дейiн қазақ тiлi оқытылса, жыл аяғында осы пәннен мiндеттi түрде емтихан тапсыруы керек. Биыл жазда бiздiң комиссия Астанадағы осындай төрт мектептi тексерген едi. Сонда 9 жыл бойы қазақ тiлiн оқыған оқушылар қазақ тiлiнде аты-жөнiн, отбасы жайлы әңгiмесiн жаза да, айта да алмады. Бiрақ бағалары тек 4 пен 5. Неге десеңiз, орыс мектебiнiң директорлары мектепаралық бәсекеге сәйкес, мұғалiмдерге кiлең «4 пен 5 қойыңдар!» дейтiн көрiнедi. Демек, олар қазақ тiлiнiң мемлекеттiк тiл болатынына әлi сенбейдi. Олардың ойынша, бұл әншейiн уақытша науқан. Яки «Ит үредi, керуен көшедi». «Қазақстанда орыс тiлi бiрiншi орында қала бередi» деп ойлайды. Сөйтедi де, баласын ағылшынша, түрiкше, орысша оқытып, тек сонымен шектеледi. Бiр қынжытарлық жәйт, Үкiметте, Парламентте, әкiмшiлiкте, мемлекеттiк мекемелерде жұмыс iстейтiндер баласын орыс мектебiне бередi. Көрдiңiз бе, бұлардың жартысынан көбi қазақ бола тұра, әлi өзiмiздiң Конституциямызға сенбей отыр. Өздерi Заңды қабылдайды да, соны орындамайды. «Балық басынан шiридi» демекшi, алдымен билiктегi басшылардың (әрине, қазақтардың) өзiнен басталуы керек. Сол секiлдi ата-ананың қазақ мектебiнде бiлiм нашар, мұғалiмнiң кәсiби бiлiктiлiгi төмен дегенi шындыққа жанаспайды. Керiсiнше, қазақ мектебiнде оқыған балалардың бiлiмi де, көзқарасы да, қазақшылығы да жоғары деңгейде. Олар халық жазушы-классиктерiнiң шығармасын, әдеби тiл мен мәдениетiн, көне тарихты толық меңгерiп шығуымен қатар, орыс тiлiн де игередi. Ал орыс мектебiндегiлер мұның бiреуiн де оқымайды. Бар болғаны грамматиканы ғана бiледi, онда да баға үшiн. Қазақ мектебiнде қанша сағат орыс тiлi жүрсе, орыстiлдi мектепте сонша сағат қазақ тiлi жүредi. Демек, балам қазақ мектебiне барып, орысша бiлмей қалады деген қауiп жоқ қазiр. Құдайға шүкiр, қазақтар орыс тiлiн керектi мөлшерде меңгердi. Бұл шындық. Мектептердегi былық жөнiнде Астана қаласының бұрынғы әкiмi Ө.Шөкеевке 4 рет хат жаздық. Өкiнiшке қарай, әкiмшiлiк бiрде-бiр хатымызға жауап қатпады. Осыдан бiр жарым жыл бұрын «Мемлекеттiк тiл» қозғалысын құрғанда әкiмнiң өзi қатысып, «Астана қаласында құжаттарды бұдан былай қазақ тiлiнде жүргiземiз, әкiмшiлiк қазақ тiлiне көшедi» деп айтқанына 2 жыл толды. Бұл тағы да тек сөз жүзiнде, айтқан жерде қалып қойды.
– Сонда елiмiздiң бас қаласы – Астана қаласы қазақ тiлiне ендi қашан көшпек?
– Тағы айтам, қала бойынша iс-қағаздарды қазақ тiлiне көшiрiп жатырмыз деген бос сөз. Кез келген банкке барсаңыз, бланкiнiң бәрi орыс тiлiнде жасалған. Бiр жолы «ТұранӘлемБанкiне» барып ақша салайын десем, қазақша бланкi таба алмады. Мен де қасарысып, «Қазақша бланкi таппасаң, ақша салмаймын» деп тұрып алдым. Көз алдымда компьютер арқылы қазақша бланкi жасатып, ақша салдым. Мiне, осыған қарап Астанадағы банктерде қазақ тiлi мүлдем қолданылмайды деуге болады.
– Мемлекеттiк тiлге көшуге байланысты Президент 2001-2010 бағдарламасын бекiттi ғой. Нәтиже байқала ма?
– Қазiргi қағида бойынша, қазақ тiлiнде алдымен ауыл, қала, облыс, одан кейiн республикалық билiк сөйлейдi деп сылтауратады. Демек, қазақтар көп тұратын бiр ауыл немесе аудан, содан кейiн ғана 6 облыс көшедi дегенге тоқтайды. Бұл қате пiкiр. Ал, қазақ тiлiне көшкен облыстардың департаментiне Астанадан, жоғары билiктен, Президент әкiмшiлiгiнен, Үкiметтен, министрлiктен хат, нұсқау, талап орыс тiлiнде келсе, әрине, олар да орысша жауап берiп, соның ығына көнедi. Олар сонда қалай көшпек? Сондықтан бүгiнде 6 облысымыз қазақ тiлiне көштi деген де жаңсақ пiкiр. Бәрi тек қазақша жүргiзiлсе, аудандық, облыстық мекемелер әлдеқашан қазақшаға бет бұрар едi. Бұл басында тура қойылмаған мәселе.
Оның үстiне Мемлекеттiк тiлге көшуге байланысты әр министрлiктi бөлiп, мына министрлiк 2006-2007 жылдары, анау министрлiк 2008 жылы, ал Үкiмет 2009 жылы көшедi дейдi. Сонда бұл не? Негiзi жоғарыдан төменге қарай бойлау керек емес пе? Ал екi министрлiк екеуi екi жылда көшетiн болса, қазақша хат алыса ма? Жарайды, сол қазақ тiлiне көшкен министрлiктiң «Бiз қазақ тiлiне көштiк!» деп басқаларға қазақша тiл қатып жатқаны бар ма? Қысқасы, министрлiктiң барлығы қазақ тiлiне бiр уақытта бет бұруы қажет. Бiр сорақылығы, Үкiмет ең соңында, 2009 жылы ғана көшедi екен. Маңызды қаулы-қарар, нұсқаудың бәрi осы Үкiметтен шықпай ма? Егер Премьер-министр бiр қаулысын қазақша қабылдамаса, бiр отырысын қазақша жүргiзбесе, қай министрлiкке үлгi болады? Үкiмет, Парламент мәжiлiсiнiң отырысында бiрен-саран басқа ұлт өкiлi болса, мiндеттi түрде орысша сайрап кетедi. Керек болса, жанына аудармашы отырғызып қойсын! Қазақстанда басқа ұлт өкiлдерi мен диаспорасы өмiр бойы өмiр сүрiп келедi. Олар Парламентте де, Үкiметте де, барлық мекемеде бар. Сонда өмiр бойы солар қазақша түсiнбей қалады деп, тағы да 10-20 жыл орысша сөйлеуiмiз керек пе?! Оларға қазақ тiлiн үйренудiң қажеттiлiгi қанша?! Бұның бәрi «Өгiз де өлмесiн, арба да сынбасын» деген жәй сылтау. Францияда, Алжирде, Өзбекстанда, Араб елдерiнде дипломат қызметiн атқарып жүрген кезде маған қазақша-орысша аударып берсе, тiлiн оқымас та едiм. Жергiлiктi халықпен тiлдесуiм, араласуым керек болғандықтан амалсыз үйрендiм.
Бiз негiзi 2000 жылға дейiн қазақ тiлiне толық көшуiмiз керек едi. Ендi келiп 2001-2010 жылға дейiн арнайы бағдарлама бекiтiп, тағы да он жылға созды. Бұдан былай, яғни, 2010 жылға дейiн Үкiмет те, Парламент те министрлiк те қазақ тiлiне көшедi деп мәзбiз. Бұған күмән мен күдiк басым. Айталық, Парламентте отырған басқа ұлт өкiлдерiнiң қазақ тiлiн қолдаймыз дегенi болмаса, қазақша үйренiп, қазақша сөйлеп, мiнберден ойын қазақша айтқанын көрген жоқпыз. Тағы да алданыш, халықты жұбату ғой. Министрлiктер есеп бергенде iс-қағаздар қазақ тiлiне 60 пайыз көштi деп өтiрiк санды көрсетедi. Мемлекеттiк тiл – қазақ тiлi – жоғары билiктiң барлық жүйесiнде 50 пайызға да жеткен жоқ. 15 жыл iшiнде қол жеткiзгенiмiз осы болса, қалған 3-4 жылда орындалуы неғайбыл. Бұл үшiн нақты бетбұрыс керек. Билiк қазақша сөйлесе, басқа ұлт өкiлдерi де қазақшаға дайын.
Мысалы, осыдан екi жыл бұрын Сыртқы iстер министрлiгiне Үкiметтен орыс тiлiнде бланк келдi. Мен оны қазақша толтырып жiбердiм. Сол кездегi Премьер-министрдiң бiрiншi орынбасары Павловтың көмекшiсi маған қоңырау шалып, «Сiз, неге қазақша жауап бересiз?» дедi. «Кешiрiңiз, Конституцияға сәйкес, қай тiлде жауап берсем де, өз хақым. Үкiмет үйiнде отырып, қазақ бола тұра мемлекеттiк тiлдi бiлмесең орныңды босат» дедiм. «Сiздi Павловқа айтамын, жұмыстан кетесiң! Орысша жазасыз ба, жазбайсыз ба? Сiз үшiн бүкiл программа жүрмей отыр». Өйткенi, әлгi «программасымағы» орыс тiлiнде жасалған екен. Сөйтiп, менiң Заңды бiлетiнiмдi мiсе тұтпай Үкiмет қызметкерлерi қорқытуға дейiн барды. Кiм бiлсiн, орнымда жас маман отырса, солардың айтқанына көнер ме едi.
– Қазақстандағы «Орыс, казак және славян ұйымдары үйлестiру кеңесiнiң» Ресей Президентi В.Путинге жазған хатымен танысқан боларсыз. Бұған не дейсiз?
– Қазақстандағы бұл ұйымның үйлестiру кеңесiнiң Ресейдiң басшысы Путинге жазған хатын оқып, өте қапа болдым. Бiрiншiден, мұның бәрi Қазақстан Республикасының азаматтары. Осы елдiң Заңымен өмiр сүрiп, осы елде туып-өсiп, тамағын тауып, ауасын жұтса да басқа мемлекеттiң Президентiне шағым айтады. Мәселен, хатты мынадан бастайды: «Бұрынғы күштi, дәуiрлi Совет Одағының тарағаны, қирағаны тура болмады» дейдi. Бүкiл одақтас республикалар, оның iшiнде қазақ халқы Кремльдiң қол астынан шығып, тәуелсiздiк жариялағынына, мiне, 15 жыл толып отырса да, жаңағылар өткен кеңестiк империяны көксеп отыр. Бұны бiрiншi, бiздiң Конституциямызға, мемлекетiмiзге қарсы ұйымдастырылған шара деп түсiну керек. Ары қарай В.Путиндi мақтап: «Сiз, Ресейдiң қайта күшеюiне, дамуына, орыс халқының шет елден өз Отанына оралуына үлкен күш жұмсап жатырсыз. Бiз оны қоштаймыз!» дейдi. Құп делiк. Содан кейiн орыс халқы – Ресейдiң негiзiн қалаушы халық болғандықтан, халықты басқару күшi орыс халқында болу керек» деп бiр айтады. Ал жақсы, оған ешкiм қарсы емес. Ресейдi орыс, Әзiрбайжанды әзiрбайжан басқарса, неге Қазақстанға келгенде қазақты шектеп, бiз Қазақстанда Ресей империясын қорғаушы күшпiз дейдi. Сонда қазақ халқы орыс халқына тәуелдi ме? Неге қазақ өз жерiнде тұрып, билiктi ұстауға қақысы жоқ?!
– Конституция бойынша Қазақстанда тұратын кез келген азаматтың бiр-ақ азаматтығы болу керек емес пе? Ал бұлар….
– Соны айтам. Хатта: «Бiзге, яғни, Қазақстанда тұратын орыстарға екiншi азаматтық берiлсiн» дейдi. Қазақстанда «Азаматтық туралы» Заң бойынша бiр адам екi елдiң азаматы бола алмайды. Кiмде-кiм Қазақстанда тұрып, оның заңын сыйламаса, мемлекет ретiнде мойындамаса, тiлiн құрметтемесе есiк әне, ашық. Онсыз да Ресейде халық жетiспей жатыр. Уақытында орыстар қасындағы елдер мен жерлердi жаулап алса да, өз ұлты азайып кеттi. Демек, империялық саясат Ресейдiң өзiн шаршатып, әлсiрете бастады…
– Осы тұрғыда Путин демографияға ендi ғана көңiл бөле бастаған сыңайлы…
– Әрине, Путиннiң отандастарына: «Өз Отаныңа оралыңдар!» дегенiн қолдаймын. «Адам туған жерiне, ит тойған жерiне» деген сөз бар ғой. Бiрақ олар Ресейде, Қазақстанда басқа халық өкiлдерiнен гөрi орыс халқына барлық түрде жағдай жасалу керек дейдi. Хатта: «…большинство граждан этих государств, за редким исключением, не принадлежали к титульной нации. Они как бы подсказывают Вам, что в самое ближайшее время Россия тоже должна обрести своего исконного хозяина, стать государством самоопределившегося русского народа, русской нации…» дейдi. Яғни, Ресейдегi басшылардың көбi орыс ұлтынан болуы керек дейдi, ал Қазақстанға келсек, қазақ халқы өзiн-өзi басқарамын десе, «тоқтай тұр, қазақтан басқа да ұлттар бар» деп шовинистер кiрiсе кетедi.
– Жалпы, казак деген ұлт, тiл, мемлекет жоқ қой…
– Әрине жоқ. Болған да емес. Казактар « 500 жыл бойы Ресей бiз арқылы өмiр сүрдi. Бүкiл Ресейдi казактар ғана ұстап тұрған» деп өздерiн бөле жарып, лепiредi. Олай емес қой. Тарихтан белгiлi казактар әр халықтың өкiлiнен құралған әскери қауым. Кезiнде оларды Петербургтiк патшалар шығыс елдерiн, маңайындағы мемлекеттердi жаулап алуға, баскесер, агрессор ретiнде жiберетiн болған. Бұрынғы үстемдiкке оралып, мылтығымен, қылыш, тапаншасымен жүрсек деген ой ғой бұлардiкi. Бiз мұндай сорақылыққа жiбере алмаймыз. Себебi, бұлардың түпкi мақсаты – Қазақстанды Ресейге бағындыру ғана. Мұны тiптi ашық айтады: «…Россииская малая толика – десятая часть этих средств – могла бы укрепить русские диаспоры по всему периметру границ России так, что правительства этих стран (Оның iшiнде Қазақстан бар) стали бы придерживаться пророссийской ориентации…» дейдi. Олар тек ұйымның атынан ғана мәлiмдеме жасай алады, ал, орыс, украин, чех, поляк, тағы басқа славяндардың атынан сөйлеуiне қандай құқы бар? Мiне, бұларды да ұлт ретiнде мойындамай отыр. Сосын олардың ойынша, Қазақстанның шекарасын казактар ұстап тұруы керек екен. Бiздегi Үкiмет, Ұлттық қауiпсiздiк комитетi, Iшкi iстер министрлiгi және басқа мемлекеттiк мекемелер арандатушы ұйымдарға ойына келгенiн iстетiп, тайраңдатқызып, босаңсытып жiбердi. Осыдан кейiн, яғни, қазақ елiнiң тәуелсiздiгiне күмән келтiргенi үшiн қылмыстық iс ашу керек едi. Тым болмаса, тәртiпке шақыра ма деп едiк, сең қозғалмады.
– Ең қызығы, В. Путин мен Н.Назарбаевтың арасынан ши шығарып отырған жоқ па?
– Хатта: «Қазақстандағы 3 миллион орыстарды (бұл диаспораның жартысы ғана дейдi. Д.М) қоныстандыруға, жұмыспен қамтамасыз етуге 150 млрд. АҚШ доллары қажет, әрине бұл қаржы Ресейде жоқ. Сондықтан бұдан 100 есе кем, яғни, 1,5 млрд. АҚШ долларын берсеңiз, бiз Қазақстанда жүрiп Ресейдiң үстемдiгiн көтерiп, билiгiн күшейтемiз» – дейдi. Сонда олар Қазақстаннан бiр айлық алып, Қазақстан халықтарының Ассамблеясына мүше бола тұрып, есiргенi ме?! Ары қарай, «әр 1,5 млрд. долларыңыздың рублiне дейiн үгiт-насихат жүргiзуге дайынбыз» – дейдi. Конституция бойынша Қазақстандағы ұйымдар мен қозғалыстарға шетелдiң ақшасына жұмыс iстеп, насихат жүргiзуге тыйым салынған. Бұл тағы да Заңға қайшылық тудырады. Тағы бiр айта кететiн жерi – бiз, казактар, Ресейдiң христиан дiнiн Орталық Азияға таратып, мүддесiн қорғап отырмыз. Бiзде атомдық қару-жарақ бар дей келе, Қазақстанды күшпен қол астымызға алуға болады дегендi айтады. Ал бiздiң Үкiмет қайта оларға көмек берiп тыраштануда. Айта берсеңiз, Қазақстандағы халық пен ұлт өкiлдерiн бiр-бiрiне қарсы қойғаны былай тұрсын, елдiң шекарасына да қол сұғады. Тiптi, тату-тәттi көршi тұрған Қытайды да бiзге қарсы қойып, «10 жылдан соң Қазақстан-Ресей шекарасы «Ресей-Қытай шекарасы» болып, ал Қазақстан Қытайдың автономдық облысына да татымай қалады» деп тұжырым жасауға қандай қақысы бар олардың? Қазақстан Қытаймен де, Ресеймен де қарым-қатынасы жақсы, бiр-бiрiнiң шекарасына көз сүзiп отырған жоқ. Бұл да болса, бiздiң Қытай елiне деген көзқарасымызды өзгерту арқылы, «Олар ертең сендердi жаулап алады, одан да Ресейдiң қоластына қайта кiрiңдер!» деген арам пиғыл ғой. Ешкiмнiң ешқашан басқа мемлекетке жала жабуына құқы жоқ.
– Қазақстанның Конституциясына қарсы шығып жатқан осындай ұйымдарды қадағалайтын мемлекетiмiз қайда қарап отыр?
– Дұрыс айтасыз. Елдегi тыныштық пен бейбiт өмiрге билiк, Үкiмет, Қауiпсiздiк мекемелер, Прокуратура жауап беруi керек. Ал солар осы хатты бiле тұра, жазған ұйымды шақырып, шара қолданбады. Кезiнде билiктiң маңайында жүрген С.Терещенко да қазақ халқына, тiлiне қарсы шығып отыр. Ол бiрде «Айды аспанға бiр-ақ шығарып», «Қазақстанда орыс тiлi мәселесi бар» деген едi. Қайта Қазақстандағы басқа ұлт өкiлерiнiң жағдайы әлдеқайда жақсы, тiптi артық деуге болады. Елiмiздегi басылымдардың 70 пайызы – орыс тiлiнде шығады, орыс театры да жұмыс iстеп, концертi де дамылсыз берiлiп жатыр. Осының өзiн қанағат тұтпай, ел мен елдi, халық пен халықты достастырудың орнына екi ел арасына арандатушылықты тудырмақ болып, кереғар әрекет жасаған мұндай бәлеқорлар орнынан кетуi керек.
– Жалпы, Қазақстанда 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкiлдерi бар дейдi. Бұл жаңсақ статистика деп жүрмiз. Сiз не дейсiз?
– Бiз конфедерациялы ел емеспiз. Қазақстанда бiр ғана халық тұрады, ол – қазақ халқы. Ал қалғандары тек диаспора өкiлдерi. Мәселен, өзбектiң Отаны – Өзбекстан, тәжiктiң Отаны – Тәжiкстан, сол сияқты орыстың да өз Отаны бар, ол – Ресей. Демек, орыс, өзбек, тәжiк, украин тағы басқа диаспоралар Қазақстанда жаңа ұлт құра алмайды. Неге екенi түсiнiксiз, Үкiмет те, жоғары билiктегiлер де «ұлт», «халық», «диаспора» деген ұғымдарды әлi ажырата алмай келедi. Рас, бұрын Мәскеу Кеңес одағы ыдырамас үшiн халқын әр ұлтпен араластырды. Бiз өткен Совет идеологиясын неге ұстанамыз? Ендi келiп елiмiзде 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкiлдерi тұрады деп дабырайтып көрсетедi. Мұндай сан жоқ. Сонда олар аспаннан жауып жатыр ма? Кезiнде КСРО ЦСУ-дiң (Центральное статистическое управление) мәлiметтерiнде бүкiл Қазақстан бойынша 82-орында 13 голлондық, 98-орында 1 чукча бар деп жазылыпты. Ал бiздегi бiлiмсiз экономистер, статистика қызметкерлерi сол бiрнеше адамды «ұлт» деп көрсеткен. Олар әйтеуiр аннан-мыннан қашып, бас сауғалап күнiн көру үшiн келiп, қалып қойғандар. Қазiр шекара ашық, басқа елден келiп, сiңiсiп, тiптi, қазақ қыздарына азаматтық алу үшiн ғана үйленiп жатқан ауғандық, қытайлық азаматтар көп екен. Қазақтың «Көптiң бiрi – қолдың кiрi» деген мақалды айта келiп, Ресейдiң ықпалынан шыға алмайсыңдар деп қорқытты. Жарайды, бұл пiкiр совет кезiнде керек болды. Ал тәуелсiздiк алғаннан кейiн 2 жыл өткен соң, Президенттiң өзi Қазақстанда 56 ұлт пен ұлыс өкiлдерi тұрады десе, кейiн 86, одан ары 94, бiр күнi 101 десе, ендi келiп 130 болыпты. Бұл қате. Аз болсын, көп болсын, барлық келiмсектер ұлт ретiнде қабылданбайды. Қазақстан көпұлтты боларлықтай Ресей секiлдi басқа елдi жаулап алған жоқ. Сондықтан Қазақстан – қазақтың ғана Отаны. Қане, айтыңызшы, бiр ғана ұлт өкiлiнен тұратын мемлекет бар ма дүние жүзiнде. Жоқ. Оның үстiне, мына жоғары жақтың әу баста жiберген бiр қателiгi бар. Айталық, Конституцияда қазақ елi, қазақ мемлекетi, қазақ халқы деген сөз жоқ. Оның орнына ойдан шығарылған «қазақстандық халық» деген ұғымды енгiзген. Сондықтан Конституцияға өзгерiс енгiзетiн уақыт жеттi. Қазақстан – қазақ елi, қазақ жерi, қазақ халқы, қазақ мемлекетi деп ашықтан-ашық қайта жариялауымыз қажет.
– Бұл елiмiздегi басқаның мүддесiн көздеп отырған ұйымның әрекетi десек, Қазақстандағы Ұлттық Банкiмiздiң теңгеде жiберген басты қателiгiне не дау бар. Жалпы, 1993 жылы айналымға енген төл теңгемiздi ауыстыруға қандай қажеттiлiк туды?
– Қазақстандағы «Орыс, казак, славян», «Лад» қозғалысы, «Русская община» секiлдi ұйымдар қашан да байбалам жасаудан жақтары жабылмай, қоқан-лоққы көрсетiп бақса да, бiздiң Үкiмет солардан қорқып, айтқанына көне бастады. Көрдiңiз бе, бұлар басынды. Үкiмет, билiк осыларды тыныштандырамыз деп мемлекетiмiздiң рәмiзiн, оның iшiнде қазақ ұлтының мемлекеттiлiгiн бiлдiретiн төл теңгемiздi басқа елдiң тiлiмен шұбарлап, үлкен саяси қателiк жасады. Тәуелсiздiк алғаннан кейiн екi жылдан соң енгiзiлген тәп-тәуiр төл теңгемiздi ел мен жер, 140-тан астам мемлекет танып-бiлiп қалғанда, ауыстырудың не қажетi бар? Ең сорақалығы сол, қазақшасы қате жазылды. Бұл қателiктi тез арада тоқтату керек. Екiншiден, Конституцияға қайшы. Онда айтылғандай теңгемiз мемлекеттiк тiл – қазақ тiлiнде, яғни, бiр-ақ тiлде жазылуы тиiс едi. Егер бiз кейбiр ұлттар секiлдi халық боп қалыптаспасақ, әңгiме басқаша. Өзiмiздiң елдiгiмiз, мың жылдан аса тарихымыз барын бiле тұра, мына Ұлттық банктiң теңгеге орыс тiлiн араластырғанына қарным қатты ашты. ҚР Ұлттық банкiнiң терiс iсiн қолдап отырған бiр қазақты көрсетiңiзшi. Бәрi қарсы. Сондықтан халықтың наразылығын тудырмасын десек, қателiктi дереу түзету қажет. Мұны кейде жаңағыдай арандатушы ұйымдардың көңiлiн ауламақшы боп, әдейi жасады ма деп те ойлайсың. Бұл да мүмкiн. Одан ешқандай тыныштық орнамайды. Керiсiнше, «бұққанды сұға берiп», одан ары қам-қарекетiн жасай бередi. Жағдай осы күйiнде қалып, яғни, теңгеге орыс тiлi енгiзiлсе, жаңағы айтқан ұйымдар бiр күнi «Неге орыс тiлi – мемлекеттiк тiл болмайды» деуден тайынбайды.
– Ұлттық банкте қазақ тiлiн бiлетiн бiр жан болмағаны ма?
– Сорақылығы сонда болып тұр. Банктiң басшысы Сайденовтен бастап қызметкерлерiне дейiн қазақша бiрауыз сөз бiлмейдi. Ұлтжанды бiреуi болса, көзге шұқып көрсетер едi.
Дәл қазiр Парламент депутаттары, қоғамдық ұйымдар теңгеге байланысты наразылық бiлдiрiп жатыр. М.Шаханов та бiрнеше мәлiмдеме жасады. Өкiнiшке қарай, депутаттардың қолында тұрған ештеңе жоқ. Бәрi Үкiметтiң иек астында шешiледi. Бiрақ олар халықтың пiкiрiмен санасып жатқан жоқ. Елiмiздегi зиялы қауым өкiлдерi, газет-журнал редакторлары, бiр топ қоғамдық қызметкерлер Президентке «Жаңа, қате банкноттар айналымға енгiзiлмесiн» деп ашық хат жазды. Бұған Президент жол бермейдi деген үмiтiмiз бар. Қалтамыздағы ақша тозған да жоқ, жыртылған да жоқ. Сондықтан ақша айырбастайтындай, не қаржылық, не экономикалық себеп жоқ. 1993 жылы ұлттық валютамыз – тұңғыш теңгемiз айналымға енгiзiлген кезде жоғары қорғаныштық белгiсiнiң саны 15 екендiгiн естiдiк. Сол айтқандары қайда? Қыруар шығын шығарып, оның жаңа нұсқасын жасап, шетелде бастыру Үкiметтiң ақшасын желге ұшыру. Бар болғаны осы. Бiздiң бабаларымыз бейнеленген, ұлттың бейнесi, мемлекеттiгi бар төл теңгемiздi ауыстырудың қажетi жоқ! Қазiргi жаңа банкноттың үлгiсiн қарасаңыз, кiмдiкi екенi белгiсiз. Қазiргi Ұлттық банктiң басшысы осы қателiгi үшiн орнын босату керек. Егер А.Сайденов басшылық етiп жасатқан жаңа банкноттар айналымға шығатын болса, мемлекетiмiздiң беделiне зор нұқсан келетiнi, халықтың ренiшiн тудыратыны сөзсiз.
– Демек өз төл теңгемiз қалсын демекшiсiз ғой…
– Дәл солай. Өз тiлiмiзде емес, оның үстiне қате жазылған сауатсыз ақшаның қажетi жоқ. Қарасаңыз, «Банкi» дегендi «Банқi» деп бадырайтып қойыпты. Сұмдық-ай, бiр қазақтың жаны ашымағаны ғой…
Әңгімелескен Динара Мыңжасарқызы