ӘЛЕУМЕТ ТЕҢДIКТI ТАЛАП ЕТЕДI

ӘЛЕУМЕТ ТЕҢДIКТI ТАЛАП ЕТЕДI

ӘЛЕУМЕТ ТЕҢДIКТI ТАЛАП ЕТЕДI
ашық дереккөзі
244

Ал, бiздiң билiк оған көз жұмғысы келедi

Кезiнде пролетариат көсемi атанған Лениннiң революцияның алғышарты ретiнде айтқан мына бiр сөзiнiң маңызы әлi де жойылған жоқ. «Революция – төмендегiлер бұдан әрi бұлай өмiр сүргiсi келмесе, жоғарыдағылар әрi қарай басқара алмаса орын алады» деген едi «күн көсем». Қазақстан қоғамындағы соңғы уақытта жиi орын алып жатқан бас көтерулердi бұған теңеуге бола ма? Егер болмаса, халық неге жиi наразылық акциясын ұйымдастыруда?

Айталық, алдымен Қарағанды шахтерлары бас көтердi, әйтеуiр, азын-аулақ нәпақамен олардың наразылығын басқандай болып едiк, ендi Атырау ойран боп жатыр. Әрине, Қарағандыда да, Атырауда да халықтың наразылығы шетел инвесторларына деген ызадан өршiп отыр. Екi облыстағы жағдай екi түрлi сипат алғанымен оның түпкi мәнiсi бiреу. Инвесторлардың шектен тыс алшаңдауы, жергiлiктi жұмысшылар мен шетелдiк жұмысшылар арасындағы әлеуметтiк теңсiздiк, тiптi ұсақ-түйек тұрмыстық жағдайдың өзi бұндай оқиғалардың орын алуына түрткi болуда. Қарағандылық шахтерлар тегi үндiлiк ағылшын миллиардерiнен жалақыны өсiрудi талап етсе, атыраулық «Тенгизшевройл» ЖШС-нiң SGI жобасы бойынша екiншi буынның зауытының құрылысын салушы «Сенiмдi құрылыс» кәсiпорнының жұмысшылары ашу-ызасын түрiк жұмысшыларына шығарған екен.

Қазанның 20-сында аталған кәсiпорында жұмыс iстейтiн 400-ге жуық қазақ-түрiк жұмысшылары арасында кәдiмгi қызыл қол төбелес болған. Төбелес түскi асқа келген қазақ жұмысшысының кезексiз ас алу ниетiнен туындаған. Оның бұл мақсаты көңiлiнен шықпаған түрiк жұмысшысының наразылығының соңы қазақтың таяқ жеуiмен аяқталған. Түркиялықтардың астам қылығы намысын жаныса керек, ол қалған жұмысшыларды ертiп келiп төбелестi одан әрi қыздырып жiберген. Сөйтiп, қазiр Атырау облыстық ауруханасында он шақты түрiк азаматы ауыр жағдайда емделiп жатса, 115 түрiк жұмысшысы түрлi жарақат алған көрiнедi.

Қазанның 21-iнде Атырау облысы әкiмшiлiгiнде осы оқиғаға байланысты шұғыл кеңес өткен. Облыс әкiмi жетекшiлiк еткен бұл жиынға облыстық прокуратура, Ұлттық қауiпсiздiк комитетi департаментi, Iшкi iстер департаменттерiнiң өкiлдерi қатысқан. Облыс әкiмi Бергей Рысқалиев осы мәселеге орай екi түрлi баппен қылмыстық iс қозғалғанын мәлiм еттi. Ол – «басбұзарлық» және «мүлiктi әдейi бүлдiру». Облыс әкiмi де, оқиға болған Атырау облысы Жылыой ауданының прокуроры да бұл оқиғаны әшейiн басбұзарлық деп бағалап отыр. Демек, оның түпкi мәнiсiн қазбалап, оқиғаның себебiн ашуға келгенде құлықсыз. Қазақстан билiгi бұл жолғы оқиғаға қазақ жұмысшыларын айыптау ниетiнде екендiгiн төбелес болғаннан кейiнгi түрлi ресми мәлiмдемелерден айқындауға болады.

23-қазанда Сыртқы iстер министрлiгiнiң өкiлi Ержан Ашықбаев қазiргi уақытта Қазақстандағы Түрiк елшiлiгiмен арнайы келiссөздер жүргiзiлiп жатқанын жариялады.

— 11 адам Құлсары қаласындағы ауруханада. Ауыр жарақаттанғандар екеу. Олардың жағдайлары жақсы. Ешқандай адам шығыны жоқ. Төбелестi бастады деген адамдар анықталды. Түрiк азаматтары тарапынан да, Қазақстан азаматтары тарапынан да кiнәлiлер табылды, — дей келе арнайы елшi бұл оқиғаның негiзгi себебi тұрмыстық деңгейдегi керiстен болғандығын айтады.

Жалпы, мәселенiң мәнiсi – тым тереңдеп бара жатқан жоқ па? Мұндай оқиға – қазақ жұмысшылары мен шетел жұмысшылары арасындағы өзара қақтығыс бiр бүгiн орын алып отырған жоқ. Бұған дейiн бұндай жайттардың бiрнешеуi тiркел¬ген. Айталық, осы мұнайлы өлкенiң қытай инвесторлары әкелген жұмысшылары мен жергiлiктi халық арасындағы инцидент, 2005 жылғы дәл осы «Тенгизде» орын алған түрiк-қазақ жұмысшылары арасындағы жанжал, бүгiнгi төбелес. Санамаласаңыз жетiп артылады. Бұның себебi не? Әрине, өз жерiңде өзгенi тайраңдатып, өзгеге артық билiк пен басым жағдай жасаудан туындап отырғаны анық. Қазiр болған оқиғаға ресми билiкпен қоса, түрлi саясаткерлер мен депутаттар да өз бағасын бере бастады. Айталық, Мәжiлiс депутаты Нұрпейiс Мақашев: «Бұл әлеуметтiк теңсiздiктен орын алып отыр» дейдi «31 канал» арнасына берген сұхбатында.

— Бұған дейiн бұндай жағдайлардың бiрнеше рет қайталанғаны белгiлi.

Бұның бәрi әлеуметтiк теңсiздiктiң салдары. Еңбекақы көлемi жағынан болсын, арнайы киiмдермен қамтамасыз ету жағынан болсын… бiздiң жұмысшыларға деген көзқарас үнемi оң ниетте емес, — дейдi депутат.

Ал, «Азаттық» радиосына сұхбат берген саясат¬танушы Досым Сәтбаев:

— Билiк ұзақ уақыт бойы шетелдiк компаниялардың заң бұзушылық әрекеттерiне көз жұмып келдi. Есесiне, компания мен жергiлiктi жұмысшылар арасындағы араздық та көбейiп, бой көрсете бастады. Себебi, мұндай бас көтерулердiң тамыры терең әлеуметтiк жағдайда жатыр, — дегендi айтады.

Шетел инвесторларымен арадағы келiссөздердiң тым асығыс жүргiзiлгендiгiнiң салдарынан, олар Қазақстан байлығын мейлiнше сорып отырғанына қарамастан, жергiлiктi кедей жұртқа тым асқақ көз тастаудан тайынар емес. Экономикалық дағдарыс орын алған 90-жылдардың басымен бүгiнгi уақытты салыстыруға мүлдем болмайды. Ендеше, жыры бiтпеген шетелдiк инвесторлармен арадағы келiсiм шартты қайта қарауды қолға алатын кез жеттi. Бұрынғыдай олардың мүддесiне емес, ендi ел мүддесiне, халық мұңына орай қадам жасау керек. Әсiресе, жақында ғана қабылданған Еңбек кодексiндегi кейбiр оң өзгертулердi жүзеге асырған жөн. Онда шетелдiк компаниялардағы жұмыс iстейтiн жергiлiктi халықтың саны мен оларға төленетiн жалақы көлемi туралы арнайы бап енгiзiлген. Яғни, шетелдiк компанияларда жергiлiктi жұмысшыларға бөлiнетiн еңбек квотасы артып, жалақы көлемi шетелдiк жұмысшымен теңестiрiлуi қажет едi. Бiрақ, аталған кәсiпорында шыққан төбелестiң негiзгi себебi – осы жалақының төмендiгi, түрiк басшыларының жергiлiктi жұмысшыларға тiзесiн тым батырып жiберуi салдарынан болған. «Мегаполис» газетiнiң 23-қазандағы санында кәсiпорын басшыларының ұсақ-түйектiң өзiн сылтау етiп, қазақ жұмысшыларын үнемi жұмыстан босатамын деп қорқытып-үркiтiп келгендiгi, түрiк жұмысшысына төленетiн жалақының қазақ жұмысшысына оннан бiрi ғана берiлетiндiгi, т.т. мәселелердiң үйiлiп қалғандығы айтылған.

P.S. Дәл осы компанияның жұмысшылары осыдан бiр жыл бұрын Атырау мұнай өңдеу зауытының реконструкциясын жасап жатқан кезде де қазақ жұмысшыларымен арада жанжал болған екен. Бұған да 500-дей адам қатысып, оншақты адам жарақат алған. Осы оқиғадан кейiн тергеу жұмыстарын жүргiзген қазақстандық құқық қорғау органдары Қазақстанда заңсыз жүрген 230 түрiк азаматын елден шығарған болатын. Ал, қазақ жұмысшыларын ол жолы ешкiм жұмыстан қумаған едi. Биылғы жылғы 21-қазанда Iшкi iстер департаментiнiң мәлiметi бойынша бүгiнде Қазақстанда 40-тан астам түрiк жұмысшысының заңсыз жүргенi анықталған. Ал, бұл жолғы ұрыс-керiс соңы немен аяқталары белгiсiз.

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары