ҒЫЛЫМИ ЖАҢАЛЫҚҚА ЖОЛ АШЫҚ
ҒЫЛЫМИ ЖАҢАЛЫҚҚА ЖОЛ АШЫҚ
«Мақсат — әлемнiң өркениеттi елу елiнiң қатарынан орын алу». Елбасының биылғы Жолдауындағы осы тезис бүгiнде ұранға айналған. Ал, өркениетке жету үшiн – ең бастысы ғылым мен бiлiмге назар аудару қажет. КСРО құлағаннан кейiн Қазақстан ғылымы мен бiлiмi де өзге салалар секiлдi дағдарысқа ұшырағаны белгiлi. Оның үстiне Ұлттық ғылым академиясының таратылып, қоғамдық негiзде қайта құрылуы – отқа май құйғандай, жағдайды одан бетер ушықтырып жiбердi.
Өз күнiн өзi көруге кiрiскен ғылым соңғы жылдары тұралап кеттi десе де болғандай. Ғалым болуға талпынған адамға берiлетiн жалақының аздығы мен баспананың жоқтығы салдарынан жастар арасынан өз бетiмен ғылымға бет бұрғандар азайды. Жас кадрлардың ғылымнан алшақтауы, ғылым ақсақалдарының бiр iздi шиырлауына бастады. Сөйтiп, Қазақстан ғылымы тоқырау кезеңiн бастан өткердi. 180 академигi бар Ұлттық ғылым академиясы Қонаев салып берген iрi ғимаратқа ие бола алмайтындай деңгейге жеттi. Жұрт арасында Ғылым академиясының ғимараты сатылады екен-мыс деген гу-гу өсек көбейдi. Бiрақ, Қаныш Сәтбаев негiзiн қалаған осы бiр қасиеттi орданың сатылмайтындығы және Ғылым академиясының қоғамдық негiзде болса да ғұмыры ұзақ болатындығы оның 60 жылдық мерейтойында белгiлi болды.
Дәл осы тұста, жуанның жiңiшкерiп, жiңiшкенiң үзiлер шағында Елбасы ұлттық ғылымның тамырына қан жүгiрттi. өткен аптада ҰҒА-ның 60 жылдық мерейтойына арнайы атбасын бұрған Елбасы алдағы бес жылда ғылымға бөлiнетiн қаржының 25 есеге өсетiндiгiн айтты. Яғни, 2012 жылға қарай Қазақстан ғылымына бөлiнетiн қаржы 350 миллиард теңгеге жетпек. Бұл көрсеткiш елiмiздiң жалпы iшкi өнiмiнiң 5%-ын құрайды екен. Мемлекет басшысы Н. Назарбаев келесi жылы Қазақстанда ғылыми жобаларды қаржыландырумен айналысатын арнайы қор құрылатындығын жеткiздi. Оған келесi жылы 2 миллиард теңге аударылмақ. Бұл отандық ғылымды дамытуға арналған қаржының оннан бiрi ғана. Демек, бүгiнде мемлекеттiң қолдауынан ажырап, құлдырауға шақ тұрған ғылым қайта жанданып, ғылыми жобаларды мемлекет қаржыландыруды өз мойнына алмақ. Яғни, ендi ғылыми жаңалық ашатын адамға мүмкiндiк молынан жасалып отыр. Тек еңбектену ғана қалды.
Жалпы, әлемдiк тәжiрибе дәлелдегенiндей, ғылыммен айналысатын адам материалдық проблемаларға бас ауыртпауы қажет. Ғылымға шынайы берiлген фанаттан ғана шын ғалым туады. Сол себептi де оған төленетiн жалақы көлемi ұлғайып, баспана мәселесi өзiнен-өзi шешiлуi керек. Бiр қызығы мерейтой салтанатына Елбасы келерден бұрын бас қосып, ғалымдардың әлеуметтiк жағдайының төмендiгi жайында мәселе қозғаған академиктер Елбасымен кездесу барысында бұл проблеманы қозғамады. Бәлкiм ұсақ-түйекпен президенттiң басын ауыртпай-ақ қояйық деген болар. Қазақстан ғылымының болашағы – жас ғалымдардың айлық жалақысы бүгiнде 20-30 мың теңгенiң көлемiнде. Көбi баспана тауқыметiн тартып жүр. Ғылым Академиясына қарасты жалғыз жатақхана жекешеленiп кеткен. Бұл ғылымға әуес жас буынның жолына кедергi. Демек жоғарыда аталған сома жас ғалымдардың әлеуметтiк жағдайын жақсарту мақсатына да жұмсалатын болар.
Қалай дегенмен де, өркениеттi 50 елдiң қатарына қосылу үшiн мемлекет ғылым-бiлiмi жағынан бәсекеге қабiлеттi деңгейге жетуi керек. 2005-2012 жылдарға арналған ғылымды дамытудың мемлекеттiк бағдарламасы қабылданбақ. «Бiз қазiрдiң өзiнде инновациялық экономика базасын құру үшiн алғашқы нақты қадамдар жасадық. өздерiңiз бiлетiндей, 2005-2015 жылдарға арналған ұлттық инновациялық жүйенi қалыптастыру мен дамыту жөнiндегi бағдарлама жасалып, Елiмiздi 2015 жылға дейiнгi дамытудың индустриялық-инновациялық стратегиясы қабылданды. Аталған бағдарламалар осы жолдан өткен көптеген елдердiң тәжiрибелерi ескерiле отырып және әлемдiк ғалым-сарапшылардың қатысуымен жасалды. Барлық бағдарламалар кадрлармен, қаржыландырумен толықтай қамтамасыз етiлдi. Осының арқасында даму институттарының туы астында құны 2,5 миллилард долларға жететiн 130 жобаны қаржыландыру басталды» дедi ел президентi сөйлеген сөзiнде.
Демек, сең қозғалды. Ендi Қазақстан ғылымында үлкен-үлкен, ауыз толтырып айтарлық жаңалықтар болады деген үмiттемiз.
Есенгүл Кәпқызы