ШЕНЕУНIКТЕР ОТАН МЕН «ОТАН»-ДЫ АЙЫРА АЛА МА?
ШЕНЕУНIКТЕР ОТАН МЕН «ОТАН»-ДЫ АЙЫРА АЛА МА?
Қазақстандағы «монополист» партияға айналған «Отан» партиясы әкiм-қаралар мен министрлiк басшыларының көз құртына айналып отыр. 700-мыңнан астам мүшесi бар «монополист-партия» соңғы үш айдың көлемiнде бiр министр, бiр әкiммен толықты. Әдiлет министрi Зағипа Балиева «Отан» — менiң жүрегiме жақын» деп, партиялық билеттi бауырына қысты. Ал бiздiңше, Әдiлет министрлiгiн басқаратын, партияларды тiркеу — қызметiнiң бiр түрi болып есептелiнетiн министрлiк басшысы партияларға бейтарап болуы тиiс едi.
Облыс әкiмдерiнiң көбi тез арада «Отан» партиясының мүшесi болып шыға келдi. Бiздiң назар аударғымыз келгенi, әсте партияның мүшелерiнiң толығуы емес, мейлi, жақтаушыларын тапса, толыға берсiн. Бiрақ, бұған дейiн де «Отанға» қызмет бабына сәйкес iш тартып келген әкiмдер мен министрлердiң ендiгi күнi осы партияның мүшесi екендiгiн жалпақ жұртқа жария етуi қызықты көрiндi. Бұл үрдiстiң онан әрi жалғаса түсетiнiне тiптi, күмәнданбаймыз. Жалпы, қазiргi күнi «Отанның» мүшелiгiне өтуге кiмнiң, қай деңгейде мүдделi екендiгiне тоқталайық:
Бiрiншi: атқарушы билiктiң ортаңғы шебi мен жергiлiктi жерлердегi шенеунiктер үшiн «Отан» партиясы өздерiн билiк лабиринттерiнде адастырмайтын сүрлеу секiлдi.
Президент сайлауы алдында облыс әкiмдерiнiң өз облыстарынан «Отанның» штабын ашып, оларға өздерi басшылық жасағаны есiмiзде. Бiрақ, оның бәрi де тек «мезгiлдiк» реңкке ғана ие едi. Әрi, өз қалауынан бұрын, мiндеттемелiк сипатта болатын. Ал айдың, күннiң аманында, шенеунiктердiң «Отан» мүшелiгiне жария түрде өтуi олардың өз позициясын онан бетер нығайта түсуге деген талпынысын бiлдiретiн секiлдi. Бұрын, «Отан» партиясына мiндеттеме арқылы ғана әкiмшiлiк ресурстарды босататын шенеунiктер ендi партияны жеке өз пайдасына қолдана бастайтын сыңайлы. Бұған дейiн шенеунiктер билiктегiлер арқылы жоғарыға өрмелеп келсе, ендi кеңестiк кезең жолы, партия арқылы өрмелеу жолы қайта жаңғырмақ. «Отанның» арқасында «шыңды бағындырған» мысалдар да шенеунiктер үшiн жетiп артылады. Парламенттiк сайлау науқаны кезiнде түрлi мәлiмдемелерiмен «Отанға» жалғыз өзi қорған болған Ертiсбаев Мәдениет және ақпарат министрлiгiнiң тiзгiнiн қолына алды. Ал күнi кеше «Асарға» тұсау салынып, «Отанға» жүгенделiп берiлуi де шенеунiктерге бiраз ой салуы мүмкiн. Тағы бiр ерекшелiк, Дариға Назарбаева жақында « Отанға қосылатын жалғыз «Асар» ғана емес. Тағы бiр жақсы жаңалықтар осы күзде болатын шығар» дедi. Яғни, тағы бiр партия «Отанға» қосылады. Дариға ханым үшiн бұл жақсы жаңалық болып көрiнгенiмен, Қазақстан қоғамының одан ұтары шамалы секiлдi. Атқарушы билiкке адал партиялардың жасанды жолмен бiрiктiрiп, бiр партияның монополиясын арттыруы қоғамның ойлау еркiн тұншықтырмақ. Әрi «Отанның» мүшелерiнiң көптiгi, оны кейде ұятқа қалдыратын жайттармен жалғасып жатады. Мәселен, «Отан» партиясынан сайлауға түссе әкiмшiлiк ресурстарды барынша пайдаланатынын бiлетiндер, кандидат ретiнде тiркелмес бұрын, «Отанның» құрамына өтiп алады. Соның кесiрiнен, бiр сайлау учаскесiнен бiрнеше «отандық» кандидаттардың есiмiн кездестiретiн, тiптi кiсiнiң езуiн тарттыратын жайттар жиi кездеседi.
Екiншi: кейбiреулер үшiн «Отан» мүмкiндiктерге жетелейтiн жол болса, баз бiреулер үшiн тауып отырған нанынан айырылып қалмай, жұмыстан шығып қалмау үшiн бiр сөзбен, жан сақтау жолындағы қажеттi тетiк. Iрi кәсiпорындар «Миттал Стил» мен «Қазақмыс» жұмысшыларының жалақыларын алмас бұрын, партиялық жарналарын төлейтiнi жайлы ақпараттар тiптi ел кезiп кеткен. Басқаны былай қойғанда, «жас түрiктердi қызанақпен атқылаймыз. Келiп көрсiн» деп кiжiнген дауыстар да осы кенiштер төңiрегiнен шыққан-ды кезiнде.
Яғни, «Отанға» мүше болу тұрғысынан игiлiкке қол жеткiзу мүмкiндiктерiн «бiреудiң жоғын бiреу ән айтып жүрiп iздейдiнiң» кебiмен байланыстыруға болар.
Дариға Назарбаева кезiнде «Отанға» қарата, «Президент «Отанға» емес, «Отан» Президентке арқа сүйейдi» деп айтқан. Ол жағдай «Отанда» әлi өзгермеген, әрi өзгермейтiн де секiлдi.
Демек, «Отан» iрiленген сайын, мұны оның жетiстiгi деп қарастыру орынсыз. Ал әзiрге, партия амалсыздың күнi үшiн әрi, партияны қызмет баспалдағы ретiнде пайдаланатындарды көбiрек маңайына жинап отырған тәрiздi.
Гүлнәр Мұқанова