ШАЛАХМЕТОВ НЕГЕ ШАЛА БҮЛIНДI?
ШАЛАХМЕТОВ НЕГЕ ШАЛА БҮЛIНДI?
Бiр топ әрiптестерiнiң атынан сөз алған депутат Ғадiлбек Шалахметов телеарна операторларының Мәжiлiс залын түсiруiне қарсы екендiгiн жеткiздi. Оның айтуынша, телеоператорлар жұмыс iстеуге кедергi жасайтын көрiнедi. Сонымен қатар қос Палатаның депутаттары қазақстандық журналистер заңдық тұрғыда бiлiм алуы керек деген талап қойып отыр.
Негiзi журналистердiң бiлiктiлiгi мен бiлiмдiлiгiне баға беретiн – олар қызмет жасайтын редакцияларының басшылары. Кiмнiң қай салаға мамандануы керектiгiн де көбiнесе БАҚ басшылары шешедi. Әрине, мамандардың деңгейiне қарай. Сондықтан экс-әрiптесiмiз (Шалахметовтiң негiзгi мамандығы – журналист) бастаған халық қалаулыларының бiзге «қосымша» талап қоюы жөнсiз секiлдi. Оның үстiне, Қазақ қоғамының журналистер қауымын, әсiресе, қазақтiлдiлердi бiресе билiк, бiресе мүдделi топтар жиi мүйiзгектейтiнiн ескерсек, олардың да шекесi қызып жүргенi шамалы. Үлкен халықаралық шараларға, Елбасы мен Үкiметтiң шет елдердегi ресми кездесулерiне қатысу «мәртебесiне» билiктiк телеарналар мен басылымдардың журналистерi мен «тек жүрсең, тоқ жүресiң» қағидасына сүйенетiн кейбiр «пысықайлар» ғана ие. Мұндай алалаушылық тiзе берсеңiз, көп. Кейде тiптi, министрлiктер мен мемлекеттiк мекемелер өкiлдерi қарапайым баспасөз мәслихаттарына шақыруды «ұмытып» кетiп жатады. «Битке өкпелеп, тонымызды отқа жаққан» бiз жоқ. Қоғам үшiн аса маңызды саналатын кез келген оқиға, құбылысты қолда бар деректерге сүйене отырып, бәрiбiр жарыққа шығарамыз. Бәлкiм, бiреулерге ұнар, бiреулерге ұнамас. Бұл өз алдына бөлек әңгiме. «Тойыңа» бiздi неге шақырмадың?» деп бәзбiреуге наз арту әсте болған емес. Билiгi мен халқының арасында түпсiз терең шыңырау орнаған Қазақ қоғамында жүйкенi тоздырмаған абзал…
Естуiмiзше, Мәжiлiстiң қазiргi залында телеоператорларға арналған орын жоқ көрiнедi. Жұмыс жасау барысында олар депутаттарға кәдiмгiдей кедергi келтiредi екен. Бiрақ халық қалаулыларын шынымен-ақ осы жағдай қинап отыр ма? Қазақ қоғамы үшiн, мемлекеттiң болашағы мен келешек ұрпақ үшiн аса маңызды заң жобалары талқыға түсiп жатқанда депутаттардың кейбiрi алаңсыз газет оқып отырса, ендi бiрi мұрнын шұқып, бiрi қалың ойға шомған күйi аспанға тесiлiп, бiрi тiптi, алаңсыз қорылға басып жатады (мұндай «қызық» көрiнiстер кезiнде «Хабардағы» танымал режиссер Серiк Аббас-Шахтың «Жетпiс жетi күн» атты бағдарламасынан жиi берiлетiн). Ендеше операторлардың жұмыс iстеуiне наразылық танытқандар арасында «көгiлдiр экранға» байқаусызда «ыңғайсыз жағдайда» түсiп қалғандар, яғни, журналистер қауымына тiсiн қайрап жүргендер болмасына кiм кепiл?
Депутаттардың «құлақтарына алтын сырға», Халықаралық қауымдастық өкiлдерi Қазақстанда сөз бостандығының шектелетiнiн, БАҚ өкiлдерiнiң қысым көрiп, қуғынға ұшырайтынын, адам құқығының аяққа тапталатынын жиi сынға алады. Сөзбұйдаға салынған, «бағы ашылмаған» «БАҚ туралы» Заңымыз тағы бар. Сондықтан халық қалаулылары телеоператорларды Мәжiлiс залынан түре қуу мәселесiмен емес, «Қазақ қоғамында сөз бостандығы мен ой еркiндiгi ҚР Конституциясында көрсетiлгендей, толық сақтала ма? Қазақстандағы ақпаратқа кез келген отандасымыздың қолы жете ме?» деген сұрақтармен көбiрек бас қатыруы тиiс.
Амалбек ТШАНОВ,
Мәжiлiс депутаты:
– Шалахметовтiң телеоператорларға қатысты неге олай мәлiмдеме жасағанын түсiнбеймiн. Бiз керiсiнше, Қазақстандағы бұқаралық ақпарат құралдарының барлығы Парламенттiң тыныс-тiршiлiгiн ашық түрде көрсетiп отыруын қалаймыз. Өкiнiшке қарай, Парламенттегi журналистер билiктi мақтаған депутаттарды теледидардан жиi көрсетсе, сынағандарды мүлде көрсетпейдi.
Уәлихан ҚАЛИЖАН,
Мәжiлiс депутаты:
– Бiздiң жұмысымыздан халық дер кезiнде хабардар болып отыруы үшiн, әрине, әрбiр iсiмiз бұқаралық ақпарат құралдарынан көрiнiс тауып отыруы керек. Құзырлы орындарға жолдайтын депутаттық сауалдарымызды, заң жобаларын талқылау барысындағы бiлдiретiн ой-пiкiрлерiмiздi қалың көпшiлiкке журналистер мен телеоператорлар жеткiзетiндiктен, олардың жұмысына кедергi келмеуiн қалаймын. Бiрақ бiздiң Мәжiлiс залымызда телеоператорларға арналған орын бөлiнбеген. Соның кесiрiнен кейде депутаттар алдында баяндама жасаушының түрiн көре алмаймыз, кейде сөздерi де қағыс естiлiп қалады. Осындай қолайсыздықтар болмаса, Мәжiлiс залын түсiретiн телеоператорлардың жұмысына қарсы емеспiн. Өйткенi, Парламенттегi ақпараттармен Қазақстан халқы көбiнесе телеарналар арқылы танысады. Менiңше, келешекте басылымдар мен электрондық ақпарат құралдарында Мәжiлiс пен Сенатта талқыланатын мәселелерге сараптама жасайтын материалдар кеңiнен берiлуi тиiс.
Дос КӨШIМ, саясаттанушы:
– Шалахметовтiң мұндай сөз айтқанына, шынымды айтсам, қатты таңғалып отырмын. Ұмытпасам, ол кезiнде ТМД шеңберiне тарайтын «Мир» телеарнасын басқарған азамат. БАҚ өкiлдерi үшiн жанын беруге даяр болудың орнына, телеоператорлардың жұмысына қарсылық танытуы түсiнiксiз. Парламенттегi журналистердiң заңдық тұрғыда бiлiм алу-алмауын да Мәжiлiс пен Сенат шешпейдi. Құқықтары жоқ. Ол – БАҚ басшыларының құзырындағы мәселе. Егер «Парламенттегi журналистер Оксфордты, Сарбоннаны, МГУ-дi бiтiрсiн» деген талап болса, заңдық құжат негiзiнде бекiтiлуi керек. Олай болмады екен, депутаттардың журналистерден заңдық бiлiм талап етуi – негiзсiз.
Менiңше, «жариялылық» ұғымын қолданысқа енгiзгенi үшiн Михаил Горбачев мырзаға алғыс айтуымыз керек. Бiрақ бiздiң билiк үшiн ең қорқыныштысы – жариялылық. Бұқаралық ақпарат құралдары – жариялылықтың басты қызметшiлерi. Шындықты ашық айтатын журналистердi билiктiң өзектен тебуi, жек көруi сондықтан. Мысалы, түрлi сай¬лауларға қатысатын тәуелсiз бақылаушылар дауыс беру процесiнiң заңға сәйкес өтуiн қадағалайды. Бiрақ билiк бақылаушыларды жау көредi. Сайлаудың қаншалықты әдiл де ашық өтiп жатқанынан көпшiлiктi құлағдар ететiн бақылаушыларды билiк iштартуы керек. Ал депутаттар Сенат пен Мәжiлiстегiлердiң еңбегiмен елдi таныстырып отыратын журналистерге рахмет айтуы тиiс.
Қазақта «әжуа» деген әдемi сөз бар. Әзiл-қалжыңмен қағыту, әжуалау. Мен қазақстандық журналистердiң карикатураларды неге пайдаланбайтынын түсiнбеймiн. Кез келген заң жобасы талқыланып жатқанда депутаттардың ешқайсысы бей-жай қалмауы керек. Яғни, сiз айтпақшы, алаңсыз газет оқу, мұрнын шұқу, ұйқыға басу, қалғу деген сияқты. БАҚ өкiлдерiнiң назарына iлiккендер, зiлсiз әжуасына тап болғандардың журналистерге ренжуi – ақымақтық. Керiсiнше, келесiде ол кемшiлiктi қайталамауы қажет. Тағы бiр маңызды мәселе, БАҚ өкiлдерiнiң бiр мәселенi бiрiнен соң бiрi жабыла көрсетуi, жазуы, яғни науқаншылдығы қарын аштырады. Өз бетiнше iзденiс, сараптамалық материалдар аз. Болған оқиғаны емес, болатын оқиғаны сарапқа сала отырып, тап басуы журналистiң бiлiктiлiгi мен бiлiмдiлiгiн көрсетедi. Ең бастысы, осы – материал арқылы қоғамға ой салады.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ