БАРДЫҚ. КӨРДIК. РИЗА БОЛДЫҚ

БАРДЫҚ. КӨРДIК. РИЗА БОЛДЫҚ

БАРДЫҚ. КӨРДIК. РИЗА БОЛДЫҚ
ашық дереккөзі
471

Аралас мектептi бiртiлдiлiкке бағыттау қажет

Жаңа оқу жылы басталып, ұстаз қауымы өздерiнiң кәсiби мерекесiн де атап өттi. Бұл күнi ақыл-ойдың тәрбиешiсi – ұстазды құттықтамаған, оны құрметтемеген, мәртебесiн биiк санамаған адам кемде-кем. Бiз де дәл осы мереке қарсаңында қаламыздағы аралас мектептердiң санатына жататын бiрнеше бiлiм ошағына басымызды сұққан едiк. Әлi қазақтiлдi мектепке айналуы екiталай аралас мектептерiне барған мақсатымыз да – мемлекеттiк тiлдiң оқытылуы мен материалдық базасының жай-жапсарын бiлу едi.

Негiзiнен Алматы қаласында мемлекеттiк бiлiм беретiн 178 мектеп бар. Олардың 36-сы таза қазақ тiлiнде, 81-i орыстiлдi, 58-i аралас, ал қалған 3-еуi ұйғыр тiлiнде. Ал республика бойынша 150-ден астам жеке меншiк мектеп болса, соның үштен бiр бөлiгi Алматыда қоныс тепкен. Алматы қаласы Бiлiм департаментi мамандары бiзге берген сұхбатында: аралас мектептердi бiр тiлде оқытатын мектепке айналдыру жұмыстарын қолға алдық. Мәселен, №72, 43, 93, 107 орта мектептерi айналасы 1-2 жылдың көлемiнде таза қазақ мектептерiне айналады, деген жағымды жаңалықтың басын шығарған-ды. Алайда, олар мұның оңай шешiле салатын шаруа емес екендiгiн айтса да, бiр жарым миллион халқы бар Алматы қаласында 30 мыңнан астам балаға оқитын орын жетiспейдi. Демек әлi таза қазақ тiлiнде бiлiм беретiн шамамен 20-25 мектептiң ауадай қажеттiгi бүгiн қатты байқалуда. Биыл бюджеттен арнайы бөлiнген қаржыға 125 мектеп алғаш рет күрделi жөндеуден өтiптi. Осы сияқты 14 мектептiң ауласы кеңейтiлiп, стадион мен спорт алаңы салынды. Жалпы, мектептi жөндеу жұмыстарына қала бюджетiнен биыл 960 млн. теңге бөлiнгенi өз алдына, Бiлiм департаментi қаржы бөлiмiнiң маманы Гүлнәр Серiкжанқызы 2005 жылы қала мектептерiне бюджеттен 6 млрд. 252 млн. 19 мың теңге бөлiндi десе, ал 2006-2007 оқу жылына 8 млрд. 533 млн.567 мың теңге көзделгенiнен хабардар еттi. Бұл бөлiнетiн қаржының жылдан-жылға, тiптi, екi есеге көбейiп отырғанын көрсетедi. Десек те, бiздi қомақты қаржы дiттеген жерiне жұмсалып жатыр ма деген сұрақ та мазаламай қоймайды.

Сонымен бiз Алматыдағы сонау iргесi тәуелсiздiкке дейiн қаланған мектептердiң ахуалына жете тоқталғанды жөн көрдiк. Естуiмiзше, орын жетiспеу мәселесi, әсiресе, Әуезов ауданындағы мектептерде кездесетiн секiлдi. Кейбiр сыныпта оқушы межелi саннан асса да, үш ауысыммен оқып жатыр деген ата-ананың мұң-мұқтажын да кездейсоқтық деп қабылдауға тағы болмас. Сонымен бiз барған Әуезов ауданына қарасты 1–Ақсай ықшам ауданындағы №133 орта мектебi негiзiн 1989 жылы қалап, 1260 орынға арналғанмен, қыркүйектiң 5-i күнгi есеп бойынша бiлiм ұясын 1550 оқушы аттапты. Мектеп директоры Нұрлан Адамовтың айтуынша, ауылдан қалаға лек-легiмен ағылып жатқан отбасылар баласын қаланың шетiнде орналасқан осы мектепке әкеледi екен. Адам болған соң бәрiн түсiнуге тура келедi. «Орын жетiспесе де, амалсыз алуға мәжбүр боламыз. Құдайға шүкiр, әзiрге сынып кабинетi жеткiлiктi болғандықтан, оқушылар екi ауысыммен еш кедергiсiз оқып жатыр» дегендi айтады. Әрине, оқушы көп болса, мұғалiмнiң сағаты көбейетiнi рас. Бiр сыныпқа 30-35 баланы сығымдап, сабақ барысында оның әрқайсысына жеке көңiл бөлiп, жеке тоқталу мүмкiн бе? Бұл бiрiншiден, оқушының психологиясына керi әсер етсе, екiншi, баланың бiлiмге деген құштарлығы мен талпынысын төмендетерi сөзсiз. Бұл бiр. Ал мектеп салынғалы берi күрделi жөндеуден өтпеген. Тек биылғы жылы косметикалық сылап-сипау жұмыстарына 665 мың теңге бөлiнiптi. Сынып парталары мен тақталары да содан берi жыл сайынғы сырлаудың арқасында сақталып келген. Жаңа партаға көзайым болатын уақытқа да оқушы қауымы бүгiн ғана жетiптi.

– Соңғы екi жылда бiлiм саласына көп көңiл бөлiнуде. Биыл қала мектептерiне бюджеттен партаға арнайы қаржы қарастырылды. Айталық, бiздiң мектепке 510 парта берiлу үстiнде. Бұл дегенiмiз мектептi 90 пайыз жаңа партамен қамтамасыз еттiк деген сөз. Оқушы да, ата-ана, мұғалiм де мәз-мейрам.

– Ал мектептiң бюджетiне қанша қаржы бөлiндi?

– 55 млн. 840 мың теңге. Оның негiзгi бөлiгi мұғалiмдердiң жалақысына жұмсалады. Келер жылы мектептi күрделi жөндеу жұмысына көп қаржы бөлiнедi деп отырмыз. Сондай-ақ қала әкiмiнiң «Жасыл мектеп» бағдарламасына қарай, Әуезов ауданы әкiмшiлiгi 100-200 данадан ағаш беретiн болды. Мектебiмiз бұдан былай жасыл көгалға, тiптi, бақшаға айналатын шығар.

– Бөлiнген қаржы өз орнымен жұмсалса, ата-ана тарапынан айтылатын ақша жинау мәселесiне не дейсiз?

– Бiзде ата-ана кеңесi бар. Олар өздерi бiрлесiп арнайы қор ашқан. Биыл ақша жинап балаларын Түркiстанға жiбердi. Әрине, бiз «Неге жинайсыздар, неге көмек бермейсiздер» деп айта алмаймыз. Өздерi ұйымдастырды, бiз тек департаментке хабарлап, апаратын фирманы тауып, көмектестiк. Мемлекет мұндай жерлерге баруға қаржы бөлген жоқ қой. Сондықтан ата-ана өз қалтасынан шығарып отыр. Ал негiзi ақша жинауға мүлдем тыйым салынған.

– Тiптi, бор, көрнектi құрал-жабдыққа да оқушыдан ақша алмайсыздар ма?

– Мәселен, биыл сабын, шам, кiр жуғыш ұнтағы секiлдi ұсақ-түйек заттарға дейiн қаржы бөлiндi. Алғашқы кезде 20-25 сабынды бiр жылға бiрақ бере салатын едiк. Қазiр шаруашылық бөлiмде мұғалiмдердiң тiзiмi бар, сол бойынша айына екi сабыннан бередi.

– Оқулық мәселесi қалай? Жеткiлiктi ме?

– Биыл оқушылар оқулықпен 100 пайыз қамтылды.

– Ол қандай балалар? Көп ата-ана кiтапты күнi-бойы кезек күтiп, сатып алып жатыр…

– Үкiметтiң Қаулысы бойынша, бiрiншiден, оқулықты жетiм, мүгедек, әлеуметтiк жағдайы төмен отбасы балаларына берiп, оқу жылы аяғында қайтарып аламыз. Ал кiтапханадағы қалған кiтапты жағдайы тәуiр оқушыларға, бiреуiне – Қазақстан тарихын, екiншiсiне – қазақ тiлi, үшiншiсiне – математиканы таратып беруге тура келедi. Сосын олар өздi-өзi алмасып, оқиды. Жетпей жатса, сатып алуы тиiс. Бiздiң мiндетiмiз – оқулықты жәрдемге мұқтаж балаларға ғана тауып беру. Егер бұлардың өзiн қамтамасыз етпесек, заңға томпақтық жасағанымыз болар едi.

– Ал ұстаз бiлiктiлiгi жөнiнде…

– Бүгiнде бiлiмдi, бiлiктi ұстаз өте тапшы. Жоғары оқу орнын жаңа бiтiрген жас маман жұмысқа қабылданады да, бiр-екi күннен кейiн қашып кетiп жатады. Кейбiреуi оқушымен қалай жұмыс iстеудi, сөйлесудi, керек болса, бала психологиясын, физиологиясын да бiлмейдi. Тiптi, оқу методикасынан мүлдем хабарсыз. Олардың жоғары оқу орнында не оқығаны белгiсiз, әйтеуiр жоғары бiлiмi бар деген ат қана.

– Мектебiңiзде аттестациядан өтпей қалатын мұғалiмдер кездесе ме?

– Болады. (Атын айтуды жөн көрмедi). Мұғалiмдердiң бұл сынағы 5 жылда бiр рет өтедi. Кез келген жас маман сынақ арқылы жұмысқа қабылданады. Ал мұғалiм бiрiншi санаттан жоғары санатқа өтем десе, оқушысы мiндеттi түрде республика, қала деңгейiндегi олимпиадада жүлделi орын алуы тиiс.

– Мектепiшiлiк жиналыс, кеңестер қай тiлде өтедi?

– Әрине, екi тiлде. Мiндеттi түрде қазақ тiлiнен бастаймыз. Ұжыммен қазақ, орыс деп бөле жарып қарамай бiрге ақылдасамыз. Қазiр мектебiмiзде қазақ сыныбында 919, орыс сыныбында 649 оқушы бiлiм алуда. Негiзi қаламыздағы 58 аралас мектептi бiртiндеп бiртiлдiлiкке көшiрсек, оқушыға орын да жетедi, мемлекеттiк тiлдiң мәселесi де өзiнен-өзi шешiлер едi.

Бұл №133 орта мектептiң бүгiнгi бет-бейнесi. Ендiгi бет алысымыз осы ауданға қарасты №13 орта мектеп едi. Былтырғы оқу жылында мектепте 25 қазақ сыныбы және 20 орыс сыныбы болса, биыл 22 қазақ сыныбы бiлiм алуда. Ал қазақ тiлi мемлекеттiк бағдарламаға сәйкес аптасына 3 сағат, ал 2 сағат қосымша сабақ ретiнде өткiзiледi. Бар-жоғы 5 сағатты жеткiлiктi деген мектептiң оқу-iсi жөнiндегi меңгерушiсi Татьяна Неробеева да осының арқасында қазақ тiлiн бiршама үйренiп қалыпты. Бiзге шама-шарқынша қазақша жауап беруге тырысқан ол мектептiң бүгiнгi қол жеткiзген биiктерiне тоқталды. ҰБТ бойынша қаладағы 196 мектептiң iшiнен 42-орынға ие болған мектеп оқушылары жақсы нәтиже көрсетiп, тек қазақ тiлi пәнi сұрақтарына 93 пайыз дұрыс жауап берген. Екi мектеп түлегi «Алтын белгiге» ұсынылып, алған бiлiмiн дәлелдеп шығыпты. Сондай-ақ мектепте Гүлжан Бейсеқызының ұйымдастыруымен оқушылардың өз бетiмен шығармашылық, ғылыми зерттеулермен айналысатын «Зерек» ғылыми қоғамы да 2001 жылдан берi зерек балаларды таңдап, ғылым кеңiстiгiне жол ашты. Мектеп ұжымы бұл «гимназия» деген атқа барар жолдағы алға қойған басты мақсаты екенiн еш жасырмайды. Ал күрделi жөндеу жұмысы 2001 жылы жасалыпты. Мектеп iшi жарық әрi таза. Бiр қуантарлығы, оқушыға қажеттi қабырға құлақтандыруы, пайдалы кеңестер мен кабинет атаулары қазақ тiлiнде үлкен әрiптермен көрсетiлген. Сонау 1989 жылдан берi физика, химия, информатика пәнi лабароториялық бөлмесiндегi құрал-жабдықтар көздiң қарашығындай сақталып келгенмен, тозығы жеткенiн мектеп өзi әрдайым толықтырып отырады. Бұл 2008 жылдан бастап 12 жылдық бiлiм жүйесiне көшу қарсаңында мультимедиялық кабинеттердiң әлi де болса жеткiлiксiздiгiн айғақтайтын секiлдi.

Ал қазақ тiлiнiң оқытылуына келсек, бұл мектеп кезiнде әуелi аралас та емес, таза орыс тiлiндегi бiлiм ұясы болыпты. Содан берi еңбек етiп келе жатқан ұлағатты ұстаз, қазақ тiлiнiң жанашыры Толқын Жақаева қазақ тiлi мен әдебиет пәнiнiң әдiскер мұғалiмi. Өзi зейнеткерлiк демалысқа шықса да, қазақ тiлiн аралас мектептегi балаларға сiңiру үшiн жан-тәнiмен күш-жiгерiн салып келген Толқын апай осы жолда көп қиыншылықты бастан кешiрiптi. 1989 жылы педагогикалық ұжымның 95 пайызы таза орыс болса да, үш қазақ мұғалiмi бiр жылдан кейiн осы маңайдағы үйлердi аралап, 15 оқушыдан бiр қазақ мектебiн ашуға ұсыныс жасаған. Мектеп ұжымы қанша қарсы болғанына қарамастан, олар бiрiншi қазақ сыныбын ашуға атсалысып, сол үшiн күрестi. Керiсiнше, бүгiн педагогикалық ұжымның 80-85 пайызы қазақ мұғалiмдерi. Қазақ сыныптары жылдан-жылға көбейiп, орыс тiлiнен едәуiр басым болуда. Құдай қаласа, 2006-2007 оқу жылында 9, 11- орыс сынып түлектерi ҰБТ-ны қазақ тiлiнде тапсыратын болады деген жаңалықты қуана айтты. Бiз де өз кезегiмiзде қазақ тiлi мен әдебиетi әдiскер-ұстазының сабағына қатысып, оқушылардың, әсiресе, орыстiлдi ұл-қыздардың қазақ тiлiн үйренуiне деген құлшынысына тәнтi болдық. Сынып iшi қазақ халқының салт-дәстүрiнен, әдет-ғұрып, болмысынан сыр шертетiн көркем суреттер, әшекей бұйымдармен безендiрiлген. Тiптi, Толқын апай орыс сыныбына келгенде орысша сөйлеп қойған оқушыға айыппұл салып, оған қазақша өлең немесе әңгiме айтып беруiн талап етсе, тағы бiрде асық ойынының «Хан талапай» дейтiн түрiн де баланың қызығушылығын арттыру үшiн кеңiнен пайдаланады. Кiмде кiм «хан-асықты» ала алмаса, сол айыбын қазақ тiлiнде жуып-шаяды. Сол сияқты дәстүрлi Абай оқуларынан да, мектепаралық пiкiр-сайыс жарыстарында да ұлағатты ұстаздың оқушылары жүлделi орындарға ие болып келедi екен. «Бұл да болса, мемлекеттiк тiлдiң мәртебесiн биiктетуге қосқан бiр үлесiм», – дейдi ұстаз.

Дегенмен, бұл Алматы қаласындағы аралас мектептiң бет пердесi ғана. Мектептiң материалдық-техникалық базасына ендi ғана көңiл бөле бастаған Бiлiм және ғылым министрлiгi өздерi атап көрсеткендей, 6 жастан бастап оқыту мен 12 жылдық жалпы орта бiлiм беруге, сол секiлдi жоғары техникалық мектеп жүйесiн дамыту мен жалпы орта бiлiм сатысынан кәсiптiк орта бiлiмдi бөлiп шығаруға дайындығымыздың онша мәз емес екендiгiн байқатты. Сонау 1989 жылдан берi жаңа партаға қолы жаңадан жетiп жатқан мектеп ошақтары мұның өзiн қанағат тұтып жатқан сыңайлы. Ал кейбiр қала iргесiндегi мектептерде сабақты тәжiрибелiк жұмыспен толықтыра түсетiн лабороториялық құрал-жабдықтардың тозығы жеткенi бiр бөлек, бала санының көптiгiнен орын жетiспеушiлiгi екiншi мәселе болғаны қашан. Сондықтан жақын арада аралас деген мектептердi бiртiндеп бiртiлдiлiкке бағыттауымыз керек-ақ. «Әзiрге бұл оңай шаруа емес» дегеннен гөрi, «Көз қорқақ, қол батырға» салынып, батыл кiрiскен абзал болар.

Сонымен, елiмiздiң Оңтүстiк астанасы – Алматы мектептерiнiң өзiнде қордаланған мәселелер күрмеуi там-тұмдап болса да, өз орнымен шешiлiп келедi. Ал басқа облыс, қала, елдi-мекендердегi мектептiң жағдайы сын көтере қоятын жағдайға әлi жеткен жоқ. Оған келтiрер мысалдар да жетедi. Дей тұра, 12 жылдық бiлiм беру жүйесiне дайынбыз деп ауыз толтырып айтуға қандай негiз бар?

Мектеп iшi мәз-мейрам. Әр оқушы сынып жетекшiсiне, сабағын сүйiп тыңдайтын мұғалiмiне гүл шоқтарын сыйға тартып, ерекше құрметке бөлену үстiнде. Тiптi, бұдан бiрталай жыл бұрын алтын ұядан ұшқан қарлығаштар да әдейi келiп, сый-сияпат жасап жатыр. Талапты, ынталы шәкiрттi бiлiм нәрiмен сусындатып, әрқашан адалдыққа тәрбилеген ұстаздың да қуанышында шек жоқ. Дән риза. Бұл да болса мұғалiм беделiн асқақтата көтеру емес пе?! Рас, осы секiлдi жаныңа нұр беретiн ерекше сәттердi көргенде, ұстазға деген шәкiрт махаббаты арта түседi екен. Бiлiм берген ұстаздарыңның бейнесi көз алдыңа ерiксiз қатар-қатар тiзбектеледi де. Iштей сағынып, бәрiне тек денсаулық пен еңбегiнiң жемiсiн көрудi тiлейсiң.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары