РАМАЗАН АЙТЫ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

РАМАЗАН АЙТЫ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

РАМАЗАН АЙТЫ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!
ашық дереккөзі
290

Мейiрiмдi, рахымды Алланың атымен бастаймын!

Құрметтi мұсылман бауырлар! Сiздердi әлем мұсылмандарының төл мерекесi Рамазан айтымен шын жүректен құттықтай отырып, баршаңызға Алла Тағаланың рахымы мен берекесiн тiлеймiн.

Сансыз нығметтер бұлағы, қасиеттi Құран айы – биылғы Рамазан айы да тарихқа айналды.

Айлардың сұлтаны Рамазанды қуана қарсы алып, үлкен мерекемен шығарып салғалы отырмыз. Себебi де түсiнiктi. Хазiретi Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың хадис шәрiпiнде: “Кiм Рамазан айының оразасын шын иман және ықыласпен ұстаса, әрi Қадiр түнiн зор сенiм артып, сауап үмiтiмен өткiзсе, оның бұрын iстеген күнәлары кешiрiледi”, — деп әр мұсылманды жәннаттың хабарымен шаттандырған.

Ораза ұстаған бауырларымыз ұлық ғибадат арқылы пендешiлiгiн сезiнiп, мұсылманға тән сабыр мен төзiмдiлiктiң шынайы үлгiсiн көрсете алды. Жаратушының бұйрығын шын берiлгендiкпен орындай отырып, барша мұсылман бiр отбасының мүшелерiндей бiр мезгiлде ауыз бекiттi, бiр мезгiлде ауыз ашып, тарауих намаздарында иықтаса тұрып, Құран Кәрiмдi хатым еттi. Пайғамбарымыз Мұхаммедтiң (с.ғ.с.) ынтымағы жарасқан үмметi екенiн дәлелдей түстi. Пiтiр садақасы мен тiршiлiк мұқтаждығын тартып жүрген пенделердi қуандырып, мұсылманның мұсылманға бауыр екенiн сезiндiрдi.

“Менен сұра, Мен беремiн”, — деген Алла Тағаланың қасиеттi аятын басшылыққа алған күллi мұсылмандар Қадiр түнi мешiттерде, үйде құлшылық үшiн бас қосқан жамағат болып таң атқанша ғибадат жасауға ниет еттi. Алла Тағаладан бұл бауырларымыздың тiлектерi қабыл болып, қиямет күнi тек ораза ұстаушыға арналған Әр-Райиан есiгiнен жәннатқа кiру нәсiп болсын деп тiлеймiн.

Қазақстан мұсылмандары Елбасымыз Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаевтың жұртымызды әлемнiң бәсекелестiкке қабiлеттi елу мемлекетiнiң қатарына қосу туралы идеясы мен бiрлiк, ынтымақ, елдiң өркендеуi секiлдi ұлы мұраттарына барынша қолдау көрсете бередi. Иә, Аллаға шүкiр, елiмiз қазiр ұлттар мен ұлыстар, дiндераралық түсiнiстiк пен сыйластық мекенiне айналды.

Айт – шаттық күнi. Бұл күнi әр мұсылман ағайын-туғандарын, көршiлерiн айт мерекесiмен құттықтап, айт дастархандарынан дәм татысады. Құран оқып, бақилық болғандарға сауабын бағыштайды. Жас балаларға сыйлықтар таратып, қуантады. Қол үзiскен ағайындар хабарласып, арада жүрген өкпе-назды артқа тастап, кең пейiлдiлiк танытып қауышады. Сырқат кiсiлердi мерекемен құттықтап, бойына қуат, рухани нәр құяды.

Осындай шаттық әрi қуаныш күнi құтты болсын!

Раббым Рамазан айтын әр отбасына құт-берекенiң себепшiсi етсiн!

Ораза айты мүбәрәк болсын, құрметтi жамағат!

Әбсаттар қажы ДЕРБIСӘЛI,

Қазақстан Мұсылмандары

дiни басқармасының төрағасы,

Бас мүфти.

Серіктес жаңалықтары