КIМДI КIМ ҰЯЛТТЫ?
КIМДI КIМ ҰЯЛТТЫ?
Тұрсын Ғабитов мырза, Сiздiң «Атымды адам қойған соң, қайтiп надан болайын» деген (Жас Қазақ, 28 шiлде, 2006 ж) маған арнап жазған мақалаңызға жауап бергiм келмеп едi, себебi, американдық миссионердiң қазақтарды, яғни академик Ғарифолла Есiмов пен Сiз бастаған күллi философтармен және «күрделi философиялық мәселелердi жеңiл-желпi шеше салатын кертартпа фанатиктер», (Т.Ғ.) бiздермен айтыстырып қойып, арнайы тапсырмасын асыра орындап Лос-Анджелесте мысық тiлеумен миығынан күлiп жүргенi намысымды келтiрдi әрi алты аласы, бес бересi жоқ сiздердiң үлкендiк жасап мәмiлеге келiп, жiберген қателiктерiн мойындаса кешiрiммен қарауға өзiмдi-өзiм дайындап жүрген едiм. Байқаймын, Сiз «150 жылдан кейiн тапқан «Шоқан» Уеллерiңiздi» өлемiн-тiрiлемiн «ғылым кандидаты» атандырамын деп белдi бекем буған сыңайлысыз, пiкiрiңiз өзгермептi: «Соңғы кезде баспасөз беттерiнде қазақ мұсылмандығын қорғауды желеу етiп, жаңа «дүмшелiктiң» шырмауында қалып қойған … кертартпа фанатиктер … Олардың жаршысына, өкiнiшке қарай, тәжiрибелi генерал да, белгiлi жазушы да, филолог профессорлар да, «Заң», «Түркiстан» сияқты газеттер де айналып кеттi» дейсiз тағы да қайталап (Жас Қазақ, 15 қыркүйек, 2006 ж). Аға, ақыры айтқасын, «Ана тiлi», «Жас Қазақ үнi», «Ислам және Өркениет», «Жас Қазақ», «Айғақ», «НұрАстана», «Президент және Халық», «Ел мен Жер», «Молшылық үшiн» деп толық айтпайсыз ба?
Екiншiден, қолыма қалам алдырған, Сiздiң америкалық миссионердi мадақтауға келгенде жетекшiсi академикпен тең дәрежеде қойғаныңызды қызғанудан не болмаса Қазақстандық қазақ менi «әсiре ұлтшыл», «әпербақан көшбасшы», «дәу жұдырық» деп аяусыз балағаттағандығыңызға күйзелуден емес, күллi философ бадырайтып тақырып еткен, бiрақ соған сай жауаптарында уәж таппаған ғылыми дәлел мен ащы шындық үшiн. Ендi ретiмен жауап берейiк: «Аталған жарияланымдарды көктей өтетiн астар бар: оған ден қойсақ, философтар ұлтымыздың мәртебесiн, ұлттық мүддемiзге қайдағы бiр америкалықтың алдында жығып бергенге ұқсайды. Ал мақала авторлары нағыз ұлт жанашырлары қалпында көрiнгендей сыңайлы. Бiрақ расында солай ма?» дейсiз. Тұрсын аға, расында солай, өкiнiшке орай бiрнеше рет.
Бiрiншiсiнде, философтар ұлтымыздың мәртебесiн, ұлттық мүддемiздi қайдағы кришнайттерге жығып бердi.
Дәлел, Академик Ә. Нысанбаев басшылық жасайтын Философия және саясаттану институтының Абай мен М. Әуезовтi кришна мен веда iлiмiн қазақ даласына таратушы, үгiттеушi деген мағынада жазылған кiтаптарды қолдаған №23, 08.07.1999 жылғы протоколының қаулысынан үзiндi келтiрейiк: «1. Д. Омаровтың «Абайтану курсы» атты оқу құралы мен «Ұлылар үндестiгi» атты монографиялық еңбегi ғылыми дәлледi және абайтанудың жаңа көзқарастағы жеткен елеулi табысы болып табылады».
Мiне, осы қаулының негiзiнде мектепке оқытуға енген ұрпақ санасын улайтын, жат дiндi уағыздайтын оқу құралын алдырып тастау үшiн ғылыми пiкiрталасқа толы бес жылдай уақытымыз кеттi. Сенбесеңiз сол кездегi Бiлiм Министрi Ш. Беркiмбаеваның жаубын оқыңыз (07.04.2003 ж.): «В соответствии с заключением Института философии учебное пособие «Абаеведение» Д. Омарова было включено в Перечень учебной литературы, разрешенной к использованию Министерством образования и науки РК … После опубликования в газете «Ана тiлi» статьи Ж. Шойынбета об этой книге с серьезной критикой в адрес Минстерства образование и науки «Абаеведение» Д. Омарова было направлено на экспертизу в Институт лите¬ра¬туры и искуства им М. Ауезова. … в связи с тем учебное пособие «Абаеведение» Д. Омарова приказом Министерства №200 от 03 апреля 2003 года исключено из вышеназванного Перечня».
Ендi тағы да Сiздер, философтар, қазақ ұлтын қорлап «Қазақ халқының ұлттық мәдениетi» деген кiтап жазған ұлтымызды жоққа шығарып диссер¬тация жазған миссионердi ғылыми атаққа ұсынып ақылға сыймайтын iс жасап, ел алдында ұятқа қалып отырсыздар.
Ең масқарасы Сiз өз айтқаныңызға өзiңiз қар¬сы шығасыз, керiсiнше Чарлз Уеллердi сынаудың орнына?!? Мысал келтiрейiк:
Ч. Уеллер «Қазақ халқының ұлттық мәдениетi» (2003): Жалпы, қазақ халқы өмiрге қыз келсе, аса қуанбаған (6-бет).
Т. Ғабитов «Мәдениеттану» (2006): Түрiк мәдениетiнiң көне заманнан үзiлмеген бiр мұрасы ананы, әйелдi, қыз баланы қадiрлеу (295-бет).
Ч. Уеллер «Қазақ халқының ұлттық мәдениетi»: … қазақтардың алғашқыда шаман дiнiн ұстанғанын көрсететiн балбал тас, кейбiр рулардың несториандық мәсiхшiлер болғанын дәлелдейтiн құлпы тастар және ислам дiнiнде болғандығын айтатын мешiт бейнеленген. Бұл үш дiн қазақ халқының тарихында басты рөл атқарғанын көрсетедi (31-бет).
Т. Ғабитов, «Мәдениеттану»: Ислам қалыптасқанға дейiн қазақтың рухани мәдениетiнде маңызды роль атқарған дiни жүйелерге тәңiрлiк дiн мен шаманизм жатады (300-бет).
Оу, аға, кiтабыңыздың шыққаны биыл емес пе, «Мен Ч. Уеллердiң дәл осы пiкiрiне тулайтындай себеп көрiп отырған жоқпын. Қазақ тарихында бұл дiндердiң бәрi де болған» дейсiз кеше ғана газетте. Сiз жоғары оқу орындарына оқулық жазған профессор емессiз бе, қай сөзiңiзге сенедi, оқырмандарыңыз??? Сiз тiптi диссертанттың «4. Бүгiнгi Ортазиялықтардың ұлттық болмыс пен ұлттық мемлекеттерiн жасап берген – орыстар» дегенiн де қорғаштайсыз, кiтабыңызға қайта қарасаңызшы, мына жолдарды жазған сiз бе, жоқ басқа ма: «Отарлау саясаты мәдениетке еш жерде қолайлы болған емес … қайта олардағы барды жоқ қылып, мүлдем жойып жiберудi көздедi … Еуроазия даласын жаулап алған славяндық мәдениет осы даланың байырғы тұрғындарын ноқталап қоюға тырысты. Ресей империясы өз қарауындағы халықтарды ақ патшаға берiлгендiк идеясында тәрбиелеу мақсатымен әр түрлi миссионерлiк тәсiлдердi шебер қолдана бiлдi. Осындай iлiмдердiң бiрi Ресейдiң басқа халықтар алдындағы тарихи-мәдени миссиясы деген бүркенiш уағыз. Орыстар Орталық Азия мен Қазақстанды отарлық және ассимиляциялау полигоны бейнесiнде қарастырды. Тiптi қазiргi күнге дейiн осы миссионерлердi таратқан төмендегiдей қағидаларға қоғамдық санада терең тамыр жайған. Солардың бiрi қазақтардың таза мұсылман еместiгi туралы ұғым» (264-бет). Отаршылдықтың, миссионерлiктiң қулық-сұмдығын тамаша ашқансыз, бәрiн бiлiп тұрсыз, неге америкалық миссионерге келгенде алдына түсiп, сөзiңiзден жаңылысып, құптай кетесiз, түсiнбедiк?!?
Ол айтады: Түркi тiлдi мемлекеттердiң «Одақ» құруы сәтсiз болды. Сiз айтасыз: Қазiр Өзбекстан мен Қазақстанның, Өзбекстан мен Қырғызстанның шекарасы орыстiкiнен де әрмен қатаң қорғалуда. Оған қоса экономикалық алшақтық пен әртектiлiктi, демографиялық ахуалды, демократиялық айырмашылықты сараптайтын болсаңыз – Чарльздiң сөзi шындыққа жанасады. Бiз айтамыз: Кешiрерсiз Ғабит аға, Мұстафа Шоқай, Т. Рысқұловтардың «түрiкшiлдiк» идеясы ешқашан күн тәртiбiнен түспейдi. Сiз өзiңiзге тән емес асыра сөйлейтiн «әсiрефилософ» кейпiне енуiңiзге не себеп, әйтпесе айтқаныңызға ай өтпей жатып-ақ Өзбекстан, Қырғызстан Президенттерi Астанаға арнайы «ағайындық» сапармен аттың басын бұратынын, Орталық Азия мемлекеттерiнiң Одағын құру туралы Қазақстан бастамасының өмiршең екендiгiне шынымен сенбедiңiз бе – ақиқатын айтсақ, Президент Н. Назарбаевтың сөзi шындыққа жанасады! Бiрде-бiр миссионерге төбемнен алтын құйып қойсада сенбеймiн!?!
Сiз «Мемлекет негiзi бiр ұлт негiзiнде қалыптаспауы керек» деген мәселеде менi бас-көз жоқ төпелеп ұрса жөнелесiз, «Әзiмбай Ғали айтпақшы» деп қанша сыпайыласаңыз да, сол диссертантқа даусын берсе де, белгiлi саясаткер ағамыз шындықтан шыға алмай оның ойын терiстеп тұрған жоқ па: «Менiң ойымша, дәл қазiргi көкейкестi мәселе – тiлдi дамыту. Екiншi – дiндi өте жоғары деңгейге көтеру, тарату, қазақты қайтадан мұсылмандыққа әкелу. Үшiншi, Қазақстанды қазақ¬тандыру. Яғни көп ұлтты емес, бiр ұлтты мемлекет құру» («Айқын», 02.09.2006 ж).
«Бұл науқанда ең белсендi қызмет атқарушы Жабал Шойынбеттiң рөлi ерекше. Оның қоғамымыздың даму үрдiсiн, ғылыми еңбек талаптарын, ғылым мен ғылым ара қатынасын, ұлттық мүдденiң саяси астарын түсiнуден аулақ бос айқайшылық Ғарекеңнiң ұлтына сiңiрiп жатқан орасан еңбегi, мәдениеттану саласындағы бiздiң де еңбектерiмiз, жалпы елiмiзде қоғамдық саланы, биiк ойлау мәдениетiн қалыптастыруда өзiндiк орны бар ҚазҰУ-дың философия және саясаттану факультетi ұжымының жiгерi жоққа шығарылды» дейсiз. Осы пiкiрiңiздiң жөнсiз екендiгiне Бiлiм Министрi Б. Әйтiмованың диссертацияның керi қайтарылғандығы туралы ұлт жанашырлары Т.Кәкiшұлы, М.Қалматаев, М.Мырзахметов, Қ.Мырза Әли, С.Бизақов, М.Тоқашбаев мырзаларға, А.Iсмақова ханымға қайтарған Жауабы дәлел болады. Бiрақ Сiз Қазақстан үкiметiне бағынбайтындай, басқа елдiң азаматындай, ең үздiк ғылыми сарапшылардың қорытындысын елемейтiндей «Ч. Уеллердiң зерттеуi – ең алдымен, ғылыми жұмыс» дейсiз, «кез келген адам ғылым кандидаты деген атаққа лайық» дейсiз, Қазақстан мемлекетiне, қазақ ұлтына әкелген ғылыми жаңалығы туралы жақ ашпайсыз?
Американдық миссионердiң шала қазақша уағызын тыңдаймыз деп ерекше «еркелетемiз» деп, бастарыңызға шығарып алыпсыздар, әлде басынғаны ма, Қазақ Ұлттық Университетi Философия және саясаттану факультетi атынан INTERNET веб-сайтына шығып: 1. Мәдениеттану, 2. Дiнтану, 3. Философиядан Қазақстан мемлекетi Батыс Еуропа, Солтүстiк Америка және Жапония ғалымдарының iшiнен ағылшын тiлiн терең меңгерген таңдаулы Қазақстан докторанттарына ғылыми жетекшi болғысы келетiн тұлғаларды iздестiруде деген мағынада ресми хабарландыру жасап әрi ол жiберушi әрi бiлiктi үмiткерлердi қабылдаушы ретiнде электронды почта адресiн ұсынады. «Қазаққа төрелiк айтатындай бұл кiм?» дегенде «талағыңыз тарс айырыла» жаздап едi, ал ҚазҰУ-дың атынан шетелге ресми хабарландыру жасайтын Ч. Уеллер Ректор ма, әлде Бiлiм Министрi ме?
Алланың нұры жауғыр, қазақтың дарынды әрi белсендi ұлы Бекболат Тiлеуханның көзi шалып қалып, дереу депутатттық сауал жолдапты. Сол сауалға келген жауапты оқысақ, көп нәрсеге көзiмiз жетедi, ағайын:
Қазақстан Республикасының Парламентi Мәжiлiсiнiң депутаты Б. Тiлеуханға
(2006 жылғы 16 маусымдағы №3-729 хатқа)
Құрметтi Бекболат Қанайұлы!
Қазақстан Республикасының Үкiметi Сiздiң депутаттық сауалыңызға төмендегiнi хабарлайды.
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетiнiң жанындағы Д 14.А.01.35 диссертациялық кеңесiнiң мәжiлiсiнде 24.00.01 – Мәдениет теориясы және тарихы мамандығы бойынша 2006 жылғы 18 наурызда АҚШ азаматы Чарлз Уеллердiң «Қазақ елiндегi дiни үрдiстердiң мәдени-өркениеттiк негiздерi» тақырыбындағы диссертациялық жұмысы қорғалды.
Алдын-ала сараптау қорытындысы бойынша Чарлз Уеллердiң аттестациялық iсi «Диссертациялық кеңес туралы ережеге» және «Ғылыми дәрежелер беру ережелерiне» сәйкес келмегендiктен, аталған диссертациялық кеңеске керi қайтарылды (05.06.2006 ж., №КО-36/1).
Ч. Уеллерге INTERNET веб-сайтына iзденушiлердi докторлық Рһ.D. бағдарламасы негiзiнде мәдениет антропологиясы, дiнтану, философия, тәжiрибелi социология мамандығы бойынша дайындай үшiн шетел ғалымдарын iрiктеу туралы ақпаратты таратуға, философия және саясаттану факультетiнiң және жалпы университеттiң мүддесiн танытуға не ауызша немесе жазбаша ешқандай құзыреттiлiк берiлмеген.
Қазiргi уақытта осындай жағымсыз жағдайларды болдырмау мақсатында жоғары оқу орындарында халықаралық байланыстар жөнiндегi жауапты мамандармен жұмыстар жүргiзiлуде.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрi Д. Ахметов.
2006 жылғы 17.07
Кiмдi кiм ұялтты, Тұрсын аға?
Филология ғылымдарының кандидаты,
aбайтанушы