СЫБЫЗFЫ СЫҢСЫП ЖЫЛАЙДЫ
СЫБЫЗFЫ СЫҢСЫП ЖЫЛАЙДЫ
(Басы өткен санда). Бiз Иранға 1933 жылы келдiк. Мен ол уақытта он жаста болатынмын. Туған жерiм, тұрағымыз Қызылсудың басы болатын. Кәрi әкемiз Тұрмағанбет өлкеге дiндарлығымен аты шыққан адам едi. Оның нағашылары Қараш руынан. Әкем Оразмағанбеттiң қай жерден қандай оқу бiтiргенiн бiлмеймiн. Берiде заман түзелгеннен кейiн ғана оның дiни оқудан басқа, жер байлығын зерттейтiн бiлiмi де болғанын бiлдiк. Ол уақыттағы он жасар бала көп нәрседен хабарлы, көргенiн көп ұмытпайды ғой. Әкемнiң ондай бiлiмi барын бiлмегенмен Маңғыстауға келiп, кетiп жүретiн зерттеушi ғалымдармен бiрге жұмыстас болғанын көзiм көрдi. Әсiресе Михаил Викентьевич Баярунас бiздiң үйге жиi келетiн. Әкемдi қасына ертiп дала кезiп кететiнi есiмде. Қатар адамдар болса керек, әзiлдесiп отырушы едi. Кейде тiптi бiз түсiнбейтiн әлдебiр нәрселерге әркiм өзiнiкiн дәлелдеп, айтысып та жатады. Ол өзi бiр өте кiшiпейiл, қарапайым жан едi. Бiреулер оны Оразмағанбет мұсылмандыққа енгiздi деп айтып жатады. Шындығында да солай едi деп Құдайға күпiр болар жайым жоқ. Бiрақ жыл сайын келгенiнде әулие-әмбиелерге арнап мал сойып садақа беретiнi есiмде. Онысы бәлкiм сол жердегi қазақтарға, оның дәстүр салтына деген құрметi шығар. Екеуi бiрiн-бiрi қатты сыйлайтын едi. Сол сыйластықтың белгiсi шығар менi Михаил Викентьевичке бала қылып берген болатын.
Ол былай болды. Жаздың кезi. Үлкен киiз үйдiң iшiнде бес-алты адам отыр. Ортасында Баярунас. Көбiне көп сөйлеп отырған әкем екеуi. Әңгiмелерi әрине жер байлығы туралы. Олардың әңгiмесiнде бiздiң шаруамыз қанша. Ебжан екеуiмiз бiресе далаға шығып, бiресе үйге кiрiп ойнап жүрмiз. Оның жасы үлкен, қолы батады. Менi қуып келе жатқанында үйге кiрiп кеттiм. Папалап барып әкемнiң қойнына кiрiп кеттiм. Ендi Ебжанның бата алмайтыны белгiлi. Осы бiр жып-жылы құшақта жата бергiм келiп көзiмдi жұмдым. Неге екенiн бiлмеймiн менi ұйықтап кетсiн дегендей олар әңгiмесiн тоқтатты. Бiр уақытта сол тыныштықты Баярунастың қоңыр даусы бұзды.
— Оразмағанбет, — дедi ол. Осы екеумiздiң қимас дос, пiкiрлес болғанымызға бiраз жыл өттi. Сiздiң елде бұйымтайын сұрайтын салт бар ғой. Сенiң осы балаңды әуелден де жақсы көрiп, жақын тартып жүрушi едiм. Ойымды айтуға бата алмайтынмын. Қанша дегенмен ұлтымызда, дiнiмiзде айырмашылық бар ғой. Перiштенiң аузына Құдай салған шығар, әкелеп келiп менiң құшағыма тығылды. Ойымды, көмейге келiп тұрған сөзiмдi байламайын. Сен осы балаңды маған берсеңшi, — дедi.
Сонда барып Баярунастың алдында жатқанымды бiлдiм. Неге екенiн бiлмедiм атып тұрғаным жоқ. Жата бердiм. Әке шешiмiн мен де күтiп жатқан секiлдiмiн.
— Бәрiн сезiп те, бiлiп те жүр едiм, — дедi әкем. Баярунастың алдында отырған маған барлай қарады. Не айтар екен дегендей Баярунаста үнсiз. Басымнан сипап отырған қолынан сәл-пәл дiрiлдi байқадым.
— Осы сөздiң бiр күнi болмаса, бiр күнi айтылатынын, салмақ салатыныңды сезiп жүргенмiн. Бiздiң қазақ мал жанның басын есептемейдi. Құдайдың көз қырына қалғысы келмегендiктен болар. Шүкiр, ұлы бар, қызы бар менiң шаңырағымның астынан Құдай қосқан қосақтарымнан өрбiгендер баршылық. Көп көрмеймiн. Әр балаңның өз орны, жаныңа жақын өз мiнез құлықтары болады. Бұл бала бiр беткейлеу, өсе келе тура мiнезiмен, бәлкiм қайтымы қиын қасиетiмен де ерекшеленетiн шығар. Кез келгеннiң алдына басын ие бермейтiн, намысын жоғары қоятын адам болады-ау деп ойлаймын.
Құдай Тағала адамдардың тiлiн, дiлiн бөлек қылып жаратқанмен ықыласын, пейiлiн ортақ қылған. Екеумiздiң бiр-бiрiмiздiң iшiмiздегi қырындыға дейiн бiлетiн айрылмас дос болғанымызға да бiрталай уақыт өттi. Бұл мәңгiлiк достықты тағдырдың бұйқыт соғар дауылы үзiп кетпесе болғаны. Бомбейде оқып жүргенiмде ертеректе өтiп кеткен ғұламалардың адам түсiнiң бiр кездерi айнымай дәл келетiнi туралы еңбектерi қолыма түсiп едi. Ой елегiмнен өткiзiп көп зерттегенмiн. Соған сүйенiп айтар болсақ, алда бiр үлкен аласапыран бар сияқты. Оны әрине тағдыр маңдайымызға тiрлiгiн жазып жатса көрермiз. Ал өтiнiшiңдi орындаймын. Қолынан жетектетiп жiберуге әлi жас. Құлағына құя бер. Талай келiп жүрсiң, есейгесiн соңыңа ерер қарақұлақ осы болар, — деп батасын жасап, күңiренте құран оқыған.
Бiрақ мен Баярунасқа бала болып ерiп кете алмадым. Шеше байғұстың қашанда жүрегi жұқа, мейiрiмi көп болады ғой. Әкеме қарсы келмегенмен бiр-екi жыл қасымызда болсын дедi, артынан жетiге шықсын дедi, әйтеуiр сылтауын ұзарта бердi. Сөйтiп жүргенде әкем айтқандай аласапыран кезең басталды. Артынан өздерiң бiлесiңдер тұрымтай тұсына, балапан басына кеттi. Бiреуден сұрап алған бала түгiлi, бауырынан өнгеннен адасып қалған жоқ па бұл жұрт. Әкемнiң төрт әйелi болды. Үлкенi Манаш, Кенже руының қызы, одан кейiнгiсi Сәнiм руы Құнанорыс, үшiншiсi Мақпал, оның руы Кердерi болатын. Соңғы әйелi Талшын ол Құнанорыс руынан едi.
Осында келгеннен кейiн әкемдi сүйрелеп назмияға (полицияға) апарды. Тексердi, түрмеге қамады. Күдiктенетiн ештеңе таба алмаса керек, көп ұзатпай босатты. Қазақтардың жайын ойлап патшаға хат жазғанын осындағы ел бiледi. Жаңа Жарылғаста айтты ғой. Артынан ұстап әкеттi.
Әкем әртүрлi ауруларға ем жасайтын. Оқыған оқуының бiр саласы сол болса керек. Осында Горганда бiр парсы дәрiгерi болды. Сол әкемнiң жазып бергенiн пайдаланып әртүрлi дәрiлер жасайтын. Әкем ұсталарда менiң аяғым ауырып жүрген. Базардан бiр шөп әкелiп, одан жағатын май жасап бердi. Сыртынан ақ матамен орап берiп-Ендi қозғалмай жат, — дедi. Осы кезде үй сыртынан бiреу:
— Оразмағанбет, сен Омшалыға көлiк iздеп едiң ғой. Бiр арба кетiп барады, — дедi.
— Кiшкене кiдiрте тұр, кәзiр шығам, — дедi әкем.
Сол кеткеннен мол кеттi. Бiреулер Ашхабадтың түрмесiнде екен дедi, екiншiлерi Сiбiрге жер аударды дедi, үшiншiлерi атылды дедi. Қалай болғанда да оның бiзге анық хабары жетпедi. Күдерiмiздi үзе бастадық. Артынан барып бiлдiк қой бәрiнде. Ақталғанын естiп қуандық. Шындықтың бар екенiне, аққа Құдайдың жақ екенiне көзiмiз жеттi. Әкеме қатысты көптеген қағаздар Ебжанда едi. Кәзiр ол елде жоқ. Менде де болған. Бiрақ ана бiр жер жүзiлiк соғыс болғанда осы Иранға орыстың әскерi келдi. Көзiмiз қорқып қалған ғой, тағы да тексередi, қудалайды екен деп бiрақ қағазын сонда жоқ қылдық. Сауатсыз адам деген осы. Не үшiн келдi, мақсаты не, айырып жатпадық. Тек Иранның патшасына осындағы қазақтар жайын, өз жайын айтып жазған хаты бар. Қаделерiңе жарап жатса аларсыңдар. Айтпақшы, осы қалада Мұса Жоржани деген түрiкмен журналисi тұрады. Ана бiр жылдары Оразмағанбеттiң осындағы өмiрiнен кiтап жазам дедi ме, әлде кино түсiрем дедi ме, бiлмеймiн бiраз қағаздар жинаған. Соған барың, бiр-бiрiңдi түсiну қиын болмас. Оны бiзден гөрi мына Тойжан Бабық бiлiңкiрейдi. Көзi ашық адамдар ғой, бiр-бiрiне ойы да, сөзi де жақын.
Көкейлерiңде сұрақтарың болса бiлгенiмiздi айтармыз. Жасырып қалатын, арты қалай болады деп үрей кешетiн заман өттi ғой. Туған жерге, ол жақтағы елiмiзге ендi бiздiң көмегiмiз ақсақалдың жолын ұстап бiлгенiмiздi айту ғой. Қазақ өз алдына ел болғаннан кейiн бiраз адам туған жерге қайта оралды. Жыл сайын iргесiн көтерiп жатқандар баршылық. Бiреулерi қайта келдi. Саңырау емессiң, ел iшiнде айтылып жатқан әңгiмелердi естисiң. Сонда әлгi қайтып келгендер «Балам кәпiр болып кетпесiн деп, қызым орысқа қатын болмасын деп оралдым» дейтiн көрiнедi. Оттаған әңгiме екенiн бiлемiн. Соларды көзiммен көрiп, әлгi айтқан әңгiмесiн естiсем «өйткенше сол елдiң тәртiбiне үйрене алмадым, еңбек етуге мойным жар бермедi деп неге айтпайсың» дер едiм. Рас, дәбiнде, тәртiбiнде, салтында өзгерiс бар шығар. Бiздiң де кәзiр қазақтың бұрынғы салтын сақтап отырмыз деп айтатын күйiмiз жоқ. Сендер жақтан келгендер түрiкмен болып кетiпсiңдер дейдi. Рас шығар. Көрiп жүргенiмiз, екi күннiң бiрiнде араласатынымыз сол түрiкмен. Сендер жақта ол дәбтiң қандай екенiн айтатын әулие емеспiн. Бiздiң де мұнда келгенiмiзге жетпiс жылдан асты ғой. Елу жылда ел жаңа. Бiрақ сол арақ iшетiндi, әйел адамның ашық-шашық киiнгенiн бiздiң де көзiмiз көрдi ғой. Анау жетпiсiншi жылдардың аяғында осы елде төңкерiс болғанша, әлгi шах Реза Пехлевидiң тұсында сондай заман болғанын осы отырғандар жоққа шығармас. Сол кезде азып кеткен ештеңемiз жоқ едi ғой. Ендеше неге туған жерге барғанда бұрынғы дәстүр дәбiмiзден айрыламыз. Осы отырғандар iшiнде менiң айтып отырғаным көкейлерiне жақпай отырғандар да бар. Ойларында «күштi болса өзi неге бармайды» деген сөздiң тұрғанында бiлем. Оларға айтарым, менiң қайратым қайтты. Қолымдағы баланың ол жаққа баруға тәуекелi жетпейдi, жiгерi жоқ. Ендеше кәрi сүйегiмдi сылдырлатып барғанда кiмге қамсау болам. Баяғы күнiм, қайратым болса қойын бақсам да, көшесiн сыпырсам да тартып кетер едiм. Сыртымыздан қараған бiреулер уайым қайғысы жоқ, iшкенi алдында, iшпегенi артында дейтiн шығар. Айтса олардiкi де дұрыс. Бiреуден iлгерi, бiреуден кейiн тұрмыс бар. Аласапыран жылдары шашылған дәулеттiң қайтадан қолымызға келгенiне шүкiршiлiк ететiнiмiз де, тәубәмызға келетiнiмiз де шындық. Бiрақ орны толмас, мүмкiн орындалмас бiр өкiнiшiм бар. Ол бабам жүрiп, атам мекендеген, әкемнiң қолтаңбасы қалған, өзiмнiң кiндiк қаным тамған туған жерге орала алмайтыным. Соны жан дүниелерiңмен сезiне бiлсеңдер менi қайтiп бүтiн дейсiңдер. Жүрегiң жаралы, көңiлiң жыртық емес деп айтып көрiңдершi кәнеки.
Баяғыда Адайдың Ақбөбегi қайтыс болғанда осындағы үлкен-кiшiсi, ұрғашы-еркегi жоқ, бәрi де жабырқап көзiне жас алған. Онда есейiп қалған кезiмiз. Көзiмiз көрдi ғой. Қазақ қай уақытта да бiрiнiң артынан сөз айтпаса, озып бара жатқанға шот салып құлатпаса басы ауырады емес пе. Әшейiнде Ақбөбектiң күйiгi өздерiне батқандай, Қайып екеуiнiң кесiрiнен болған жанжал, барымта Кедей мен Бегей руы арасында емес, өз шаңырақтарына түскендей болып терiс әңгiменi қоздырып отыратындардың да Ақбөбектiң қабiрi басында егiлгенiн көргенмiн. Неге олай екен деп ойлағанмын сонда. Артынан барып бiлдiм ғой оның сырын.
Ақбөбек Маңғыстаудың мақтанышы, туған жер топырағының өмiрi солмас гүлi екен ғой. Осындағы адамдар тағдыр тәлкегiмен ортасына келген оны өздерiне демеу көредi екен ғой. Қайсар өрлiгiне, Адай қызына тән бiрбеткейлiгiне риза болады екен ғой. Ақбөбектiң екi рулы елдi шабыстырғанын айтамын деп отырып екi ғашықтың мәртебесiн асқақтатумен болады екен ғой. Жұрт көзiнен тасаланып бiр-бiрiне сағына жетер қыз, жiгiттiң үлгi тұтар тұлғасы болған екен ғой байғұс Ақбөбек. Сол гүлдiң үзiлiп түскенiне опынған екен ғой сонда жұрт. Бiр уыс топырақтарын салып тұрып Маңғыстаудың ой-қырында айтылар әндi сағынған екен ғой сонда бұл ел. Көбi елге қайтып орала алмайтынына, қайтадан Маңғыстаулық бола алмайтынына жылаған екен ғой сонда.
Осы жерде Шарғи ағамыз өзiн-өзi ұстай алмай көз жасына ерiк бердi.
— Бала кезден бойымызға бiткен жараның бұл жерден емi табылмады шырағым. Қанша жамағанмен жыртық көңiл бүтiнделмедi. Тек соңғы кездерi ғана дуасы түсе бастағандай. Ол екi ортаның ашылғаны, өздерiң сияқты бiреудiң арғы жақтан келуi, бiреудiң бұл жақтан баруы. Шүкiршiлiк емес пе. Ал, қарақтарым, — дедi Шарғи ағамыз кенет бетiмiзге күле қарап. Сендер бiз сияқты шалдарды көп сөйлетпеңдер. Әйтпесе бiз артымызда өзiмiзден басқа тағы да бiреулердiң бар екенiн ойламай да қаламыз. Өз шабысына өзi риза болатын қойшының жаман торысындай бiр са¬рын бүлкiлден таймаспыз. Ақшам намазының уақыты да болып қалыпты. Бiз мешiтке барып қайта оралғанша мына отырған қатарларыңмен әңгiмелесесiң.
Тойжан Бабық – осындағы көзi ашық, көңiлi ояу азаматтардың бiрi. Негiзгi мамандығы парсы әдебиетiнiң оқытушысы. Тегеран университетiн бiтiрген. Зейнеткерлiкке шыққанға дейiн өзi туып өскен Горган қаласының мектептерiнде дәрiс берiптi. Жасы әлi елуге де жете қойған жоқ. Бұл елде мемлекетке iстеген қызметiң отыз жылға толғаннан кейiн зейнеткерлiкке шығарады екен. Елудiң ар жақ, бер жағында демалысқа шыққан, тепсе темiр үзетiндей жiгiттердiң қарап отыруына бола ма. Оның үстiне үкiмет өзiңе тағайындалған зейнеткерлiк айлығыңның жүз еселенген ақшасын сол бойда қолыңа санап бередi екен. Ай сайын алып тұратының өз алдына. Бұл күш қайраты өзiндегi адамға қарап отырмасын, шағын мекеме ашып жұмыс тауып алсын деген көмегi. Тойжанда зейнеткерлiкке шыққасын тумаластары болып бiрiгiп сол қаланың басында өздерiне таксопарк ашып алыпты. Өзiм үлкенiмiн, екi iнiм бар. Осыдан түсетiн табыс үш жанұяның күнелтiсiне молынан жетедi дейдi.
Мамандығы әдебиетшi болғандықтан шығар, осындағы, Тегерандағы зиялы қауымдармен байланысып тұрады екен. Иран жерiне табан тiреген Қазақстандықтармен кездесiп, осындағы қандастарының арғы-бергi өмiрiнен бiлгенiн айтып, жолбасшылық қызметiн атқарады. Өткен деректердiң, белгiлi адамдардың басынан кешкендерiнiң шама келсе қағаз бетiне түскенiн тiлейдi. Ана бiр жылдары өзi де Маңғыстауда болып кетiптi. Ол жақтағы ағайындарын сұрап жатыр. Өз өмiрiнен қысқаша мағлұмат берген Тойжан iнiмiз бiздiң өтiнiшiмiз бойынша әңгiме бағытын Ақбөбекке бұрды.
— Менiң шешемнiң руы Жеменей, оның Ақботасы. Әкесiнiң аты Жаңғақбай, яғни сiздерше айтар болсақ Алма Жаңғақбайқызы. Олардың Маңғыстаудан Түрiкменстанға, одан Иран елiне келуi осындағы адамдардың тағдырларына ұқсас. Шешем осы қалада Ақбөбектермен қатар тұрыпты. Ол кезде отызыншы жылдары Горган шағын ғана қалашық екен. Ақбөбек талай адамның әңгiмесiне арқау болған адам ғой. Бiреу бiлiп айтады, бiреу соны өсiрiп жеткiзедi. Кәзiрде осындағы бiр жастан Ақбөбек туралы сұрай қалсаң, басы сонау Маңғыстауда басталған жырды айта жөнеледi. Екi ғашық туралы әндi жадымыздан шығарып алмайық дегендей, Қайыптың Ақбөбектi үш қайтара алып қашқандағы жер-су атауларын есiмiзге түсiрiп отырайық дегендей бастары бiрiксе болды, әлгi оқиғаға оралады. Ақбөбектiң өмiрден өткенiне алпыс жылдай болса да халық жүрегiнде мәңгi жас күйiнде сақталған. Олар туралы айтылатын ән де, шертiлетiн әңгiме де жасарып, жаңарумен келедi.
Бiр кезде осы Горган қаласының шетiнде онша үлкен емес қазақ қауымшылығы болыпты. Қала өсе келе оның ортасында қалған. Иран жерiнде бiр сүйем жердiң өзi қат. Сондықтан әлгi қауымның үстiне қала салу ұйғарылады. Мұны естiп қазақтардың етi тiрiлерi қала басшыларына барады. Олар болса ол жердiң қазақ қауымшылығы екенiн дәлелдейтiн құжат сұрайды. Қазақ қай уақытта да қазақ қой. Күн сайын iргесiн ұлғайтып келе жатқан қала құрылысын көздерi көрiп жүрсе де, сақтық жасап құжат дайындап қою ешкiмнiң де басына келмейдi. Айтатын уәжi ана жатқан адамдар құжаттан кем бе дейдi. Оны кiм құлағына iлсiн. Ана түрiкмендерде, армяндарда, әзiрбайжандарда бар құжат сен неге жоқ. Қолыңда ештеңе жоқ болса мазамды алма деп кейiн қайтарады. Бiрақ қанша дегенмен мұсылман ел ғой. Зират үстiне қала салынбайды, тек үстiн тегiстеп шағын ғана дем алатын парк қылып кетiптi. Шет жағында жалғыз ғана қазақ баласының бейiтiнiң басына орнатылған ескерткiш бар. Оған тимеу себебi, кешегi Иран-Ирак соғысында сол ел үшiн қаза тапқан бауырымыз екен.
Парктiң iшiнде аралары 4-5 метрдей екi ағаш өсiп тұр. Ертең арнайы апарып көрсетермiн. Ақбөбек сол екi ағаштың ортасында жатыр. Басына талай рет барып дұғамды оқып кеткенмiн. Басқалардай емес менiң дәл сол жер деп нақтылай айтатын себептерiм бар. Бiрiншiден, мен ол қауымшылықтан онша қашық емес келесi көшеде тұрамын. Мамандығымның мұғалiм екендiгiн жаңа айттым ғой. Жұмыс жасайтын мектебiме бара жатқанда, қайтқанда оның қасынан өтетiнмiн. Екiншiден, менiң шешемдi Ақбөбек сiңлiсiндей көрiп бауырына тартыпты. Жас екен демей бар сырын жасырмай айтады екен. Өмiрден өтерiнде шешемдi қасына шақыртыпты.
— Қарағым Алма,-дептi ауру меңдеген басын зорға көтерiп. Жастығының астынан әлдебiр түйiншектi алып алдына қояды.
— Мына аурудың менi айналшықтап жүргенiне бiраз уақыт болды. Қаншама арпалыссам да ендi қарсы тұра алар емеспiн. Мен төмен түсiп, оның шоқтығы биiктеп барады. Алмай қоймас. Құдыретi күштi жасағанның шарасына кiм қарсы тұрған. Топырақ осы жерден бұйыратын болды. Өзiңе жыр қылып айтатын Маңғыстау ендi маған жоқ. Қайып екеумiздiң табысқан жерiмiздi, түн жамыла қол ұстасып талай қыдырған ой-қырды жүрегiме жаттатып кетiп барам. Бiреулер бiлiп айтса қимас адамдар ана жақта табысады дейдi ғой. Ендiгi үмiтiм Қайыппен сол жақта табысып, өмiр бойы жүрегiмде сақталған, шер болған сағынышты сол жақта тарқатсам деп армандаймын. Арман шiркiн осы екен қарағым. О дүниенiң табалдырығын аттайын деп жатып та армандайсың. Бәлкiм менiң бұл сөзiмдi өзiңнен басқа адам естiсе күнәға батыратын да шығар. Сол Қайыпты ұмытатын кезi болды ғой, өзге елдiң түтiнiн түтеткелi де бiрталай заман өттi, онысы несi деп шошитын да шығар. Рас, Есбергенмен қосылғаныма бiрталай уақыт өттi. Жақсы, жаманды бiр шаңырақ астында күн кештiк. Бiрақ жүрек түбiнде сақталған Қайыпқа деген шексiз сағынышымды ең болмаса өлер алдымда ашық айтып кетпесем құдай алдында да күнаһар болатын шығармын. Есбергенге қосылғаннан берi сырт көзге бәрiн ұмытқан адам сияқты көрiнгенмен, iшiмдегi алай-түлей толғаныспен, сағынышпен үнемi арпалысып өткенiмдi көктегi құдай бiлмедi дейсiң бе. Соңғы сөзiм сен арқылы халыққа жетедi ғой. Бәрiн де ұмыттым, қаным да, жаным да кедей аулымен бiрге болды десем, ешкiм сенбес. Бұл жерде де, Маңғыстаудың ой-қырында да Ақбөбек пен Қайыптың аты қатар айтылады, бiр-бiрiнен бөлмейдi. Бөлу мүмкiн де емес. Ендеше сол Қайыпқа деген шын сезiмiмнiң болғанын ақтық сапар алдында неге жасырып қалам.
Апаңның кәзiргi ойы да, арманы да осы айтқандар қарағым. Ал ендi айналайын, саған айтып кетер бiр аманатым бар. Соны орында. Мына түйiншектiң iшiнде менiң кезiнде ұстап, тұтынған бiлезiк, сақиналарым бар. Бiр кезде үлде мен бүлдеге оранған апаңнан қалғаны осы. Ой, дүние-ай, кейде баяғы басыма сәукеле, аяғыма шоңқайма етiк, асыл матадан кең етек көйлек киiп жүргендерiм түсiмдей болып көрiнедi. Қолымдағы сақина, бiлезiкке әйел бiткен тамсана қарайтын. Бәрi де көрген түстей өттi де, кеттi ғой. Ал мыналардың iшiнде Қайыптың да жасағандары бар едi. Осында келген ана бiр ашаршылық жылдары кейбiреулерiн жұтқын тамақ үшiн айырбастап та жiбергенмiн. Бiрақ Қайыптан келген, оның қолтаңбасы тигендi шамам келсе сақтадым. Ендi мiне, санаулы ғана сағаттарым қалған сияқты. Бүкiл Маңғыстауға атым шыққан Ақбөбек едiм ғой. Сүйегiме кiрген әйелдерге таратып бер. Көзiмдей көрсiн. Олай-былай өткенде басыма келiп бiлген дұғаңды оқырсың, — деген екен.
— Сол аманаты шығар шешем Ақбөбек жатқан жерге жиi келетiн. Кiшкентай кезiмнен оның жатқан жерi жадымда жатталып қалыпты. Дәл сол жер деп айтатыным сондықтан, — дедi Тойжан iнiмiз.
Ертеңiне қала ортасындағы бiр кездегi қандастарымыз жерленген, кәзiр дем алатын шағын паркке келдiк. Машиналар ағылып жататын көшеден бөлек, тыныш жер екен. Көлемi де онша үлкен емес, ұзыны мен көлденеңi бiрдей, жүз метрдей шамасында. Шет жағында бiр-бiрiмен қатарласа өскен екi үлкен ағаш.
— Бұрынғы қойылымшылықтан қалған жалғыз белгi осы. Бұл екi ағашты кезiнде кешегi ақсақалдар айтып отырған жыршы, термешi Бәубек Назар егiптi. Көлеңкесiне келiп өз-өзiмен отырғанды ұнатады екен марқұм. Кiм бiледi, осында жатқан адамдармен iштей тiлдесетiн шығар. Қулық-сұмдығы жоқ, аузын ашса көмекейi көрiнетiн аңғал қазақтың бейуақытта топалаң тиген қойдай бiрiнен соң бiрi өлгенiне өкiнген де болар. Көрiп тұрсыңдар ғой қауымшылық ойда. Ол кезде қала мына бетте биiкте, тау бөктерлей салынған ғой. Ауып келген қазақтарға кiм қаланың ортасынан ойып тұрып баспана берсiн. Осы жерде қолдарынан келген жаппаларын салып отыра берген. Арық бойын қуалап келiп жатқан суды пайдаланған. Елдi, әсiресе жас балаларды бiрiнен-соң бiрiн қалпақтай түсiрген iндет осы судан басталыпты. Қазақтардың жоғарғы жағында әскердiң казармасы болған. Олар өздерiнiң пайдаланған лас суын iргесiндегi арыққа ағызатын көрiнедi. Келгенше тұнып, таза сияқты болып көрiнген суды алып пайдалана бермей ме сорлы қазақ. Мiне сол судан ауырған адамдар бiрiнен-соң бiрi өле берген. Ол кезде бұл парсы елiнiң де жағдайы шамалы, жұқпалы ауруға қарсы егу, емдеу жұмыстары қайдан жүрсiн. Өлгендерiн осы жерге әкелiп көме берген. Әйтеуiр артынан iндеттiң қайдан шыққанын бiлiп таза жерден су iшкеннен кейiн ғана барып тоқтапты.
Тойдан iнiмiз бiздi парктiң батыс жағында өсiп тұрған қызыл гүлдi ағаштарға қарай бастады. Әткеншекте ойнаған екi-үш бала. Оларды сыртынан бақылап отырған екi парсы келiншегi өздi-өзi жайбарақат әңгiмелесiп отыр. Сол отырғандардың, жүрiп келе жатқан өзiңнiң аяғыңның астында жас па, кәрi ме белгiсiз қандастарыңның сүйегi жатқанын сезiп жаның түршiгедi. Жат жерге келiп үзiлген ғұмырға ең болмаса топырақ қойнында тыныш жатуды қызғанған тағдыр тәлкегiн көрмейсiң бе.
Ойыма сонау артта қалған, бала кездегi көрiнiс оралады. Өрiстен келген малға қозы-лағын жамыратып ауыл алдына қайтадан шығаратынбыз. Бұл жас төлдiң отығуына, бойын жазуына жақсы. Әудем жерде төбе үстiнде ескiлiктi қауым. Үлкендер малды сол жаққа бағыттатып бара жатқанымызды байқаса болды:
— Әй, қарақтарым, ана қозы-лақтарың әулие iшiне кiрiп кетпесiн. Әруақтардың мазасын алып жүрер. Кеңге жайың. Тыныштығын бұза көрмең,-деп жатушы едi. Құлағымызға сiңiстi болған сол сөздiң әсерi ме, әлде мәңгiлiк ұйқы құшағында жатқандарға деген құрмет пе, әйтеуiр шамамыз келсе сол жаққа қарата мал жiбермеуге тырысатынбыз. Тiптi оны былай қойғанда күнi бүгiнге дейiн өлке жерiндегi тарихи ескерткiштердi аралап жүрiп те, аяқ астына қараумен боламыз. Бөксесi құмға жартылай көмiлген тас, ия төмпешiк байқасақ болды айналып өтiп жатамыз. Онымыз абайламай өлi әруақтардың үстiнен аттамау.
Бетiне жалтыратып тегiс тас төселгенмен, оның астында мүрделердiң жатқанын сезе тұра үстiнен өтуден асқан қиындық бар ма. Оны баспастан бұрын шетiнде отырып Нияз iнiмiзге құран оқыттық.
— Мiне Ақбөбек осы жерде жатыр, — дейдi Тойжан. Аласалау екi ағаш. Иран жерiнде көп өсетiн осындай ағаштар өздiгiнен тамыр жайды ма, әлде қолдан отырғызды ма белгiсiз. Көңiлiмiзге өрттей қызыл гүлдi бұл ағаш Маңғыстаудың махаббат дастанына айналған, араға бiрнеше ондаған жылдар өтседе ұмытылмай халық жүрегiнде сақталған Ақбөбектiң басына өздiгiнен шыққан сияқты болды да тұрды. Көлiгiмiзге қайтып келе жатып жергiлiктi үкiмет басшыларынан рұқсат алып осы жерге ескерткiш тақта орнатса әруағы риза болар едi-ау деген ойда болдық.
Бұл жердегi қай адаммен тiлдессең де көкейiнде жатқан мұңды сезiнесiң. Елге деген сағынышын байқайсың. Алғашқылары сонау отызыншы жылдары келiп, содан берi үш ұрпақ ауысты. Бiрақ содан берi сағыныштың жүгiн арқалаған керуеннiң әлi белi босамапты. Тiптi әр ұрпақ өз ата-анасынан мұра ретiнде туған жерге деген сүйiспеншiлiктi, ата мекенiне деген шексiз сағынышты алып қалған ба деп ойлайсың. Орта мектептi ендi бiтiрген жас бозбаланы әңгiмеге тарттық.
— Мен сiрә осында тудым. Әке-шешем Бендер Түрiкменде тұрады. Атама да, оның әке-шешесiне де топырақ осы жерден бұйырды. Орта мектептi бiтiрдiм. Бiрақ биыл оқуға түсе алмадым. Қазақстанға кеткiм келедi. Онда барсам бастапқы әзiрде өзiме қиын болатынын да бiлемiн. Себебi бiз парсыша бiлiм алдық. Сiздерше жазу, сызудан хабарымыз жоқ. Жоғары бiлiм алсам деймiн. Барсам қанша қиындық көрсемде төзер едiм. Бiрақ бiздерге бiр кедергi бар. Әскер қатарына баруға жасымыз келдi. Иранда тұратындар мiндеттi түрде оның әскер қатарында болып борышын өтеу керек. Онсыз босатпайды. Бұл елдiң заңы солай. Содан кейiн ғана Қазақстанға кетуiме жол ашылады. Амал жоқ, соны күтем.
Өз елiңде жүргенге не жетсiн. Жолың болмаған уақыттарда қамығатынымыз рас. өзге ұлттың айтыла салған қатты сөзiнiң шаншудай қадалатыны да шындық. Ондайда көңiлiң кәдiмгiдей жетiмсiреп қалады. Бiздерге кейде ақсақалдар парсы болып бара жатырсыңдар деп ұрсады. Күндегi көрiп жүргенiң, араласатының солар болғасын парсы болмағанда қайтесiң. Кейде сiздер жақтан келген ағайындар ол жақтағы салт-дәстүрлердi айтады. Жақында бiр ағайынымыз келiн алып, сол тойдың басынан аяғына дейiн түсiрген кассетасын берiп жiберiптi. өте тамаша емес пе. Кең далада туып өскендердiң айтар әнi де бөлек-ау деймiн. Ондай әндi кәзiр бұл жақта ешкiм айтпайды. Бұрын үлкендер жырға қосып айтады екен. Кәзiр ондай ән түгiлi бiзде бiле бiлсеңiз тiптi домбыра да жоқ. Бiз қатарлылар парсы әуенiмен өзiмiздi-өзiмiз алдап жүрмiз. Басқаны қайдам, ол менiң жүрек түбiме бәрiбiр жетпейдi. Сiздер әкелген Маңғыстаудағы киелi орындар, жыршы-термешiлер туралы кассетаны осындағы адамдар кезекке тұрғандай болып көшiрiп алып жатыр. Кеше көршi үйден көргенмiн. Шiркiн-ай, көрер ме едi, аралар ма едi деп ойлайсың. Соның бәрiн баяғыдан бiлетiн адам сияқтымын. Әлде ақсақалдардың басы қосылғанда айтқан әңгiмесiнiң әсерi ме, бiлмеймiн. Әйтеуiр сол жерде тұрып, сол топырақтан өскендей бәрi де көзiме оттай басылды. Қаралай жыладым. Ата мекенге табаным тисе алдымен аралайтыным, тәу ететiнiм сол киелi орындар болмақ.
Елге барғанда бiз сияқты шет елден бiлiм алып, тәрбиеленген адамдарға арналған бейiмдеу орталығы болса деп тiлеймiз. Осы жақтан барып жүргендерден естiгенiм рас болса сiздiң Ақтауда ондай орталық бар да көрiнедi. Түрiкменстаннан, Өзбекстаннан барғандар оқиды дейдi. Бөтен емес қой, бiрақ олармен бiздердiң айырмашылығымыз жер мен көктей емес пе. Әрiп, жазуларың бiрдей болды, орыстың заң-зәкүнi ортақ болды. Сондықтан екiншi елге барып жаттығып, үйренiп кету олар үшiн қиын болмас. Ал бұл елдiң жазу-сызуы, салт дәстүрi де, заңы да, керек десе жыл санауы да бөлек. Сондықтан осы Ирандағы қазақтар үшiн ерекше жағдай керек сияқты. Ол жердегi бейiмдеу орталығындағы дәрiс беретiндер бiздiң жанымызды түсiнiп, жайымызды ұға бiлетiн, нағыз қазақ болса екен деймiз.
Әлi мұрты тебiндеп те үлгермеген жас баланың терең ойы, болашаққа деген үлкен мақсаты бiздiң жанымызды қуантты. Елiне оралып дегенiне жетiп жатса қазақтың iргесiнiң нығайып, ордасының биiктеуiне үлесiн қосары сөзсiз.
Осы Горган қаласында тұратын түрiкмен журналисi Муса Жоржанимен алдында телефон арқылы сөйлескенбiз. Сол күнi бiзбен кездесе алмайтынына өкiнiп, алдын-ала кешiрiмiн сұрады. Бүгiн мiне өзiнiң белгiлеген уақытында таксимен үйiнiң алдына келiп түстiк. Төрт қабатты бiрыңғай үлгiмен салынған қазынаның үйiнде тұрады екен. Бiздiң келетiнiмiздi бiлiп ашып қойды ма, әлде ұры-қарысы жоқ бұл елдiң дәбi солай ма, есiгi ашық тұр екен. Алдымызға Нияз iнiмiздi салып үйге кiрдiк. Кез-келген парсымен тiлдесетiн де, жұмысымыздың жайын түсiндiретiн де сол ғой. Бiз кiре бере арғы бөлмеден үйдiң қожасы да шықты. Орта жастан асқан, әлi қайратты Муса бәрiмiзбен бұрыннан таныс бiлiс адамша жарқылдай амандасып төрiне шақырды. Кiрген бөлмесiнде өзi шамалас қою қара шашты жiгiт ағасы мен жас жiгiт бар екен. Әрқайсымызбен қол алысып жатыр. Осындағы қазақтармен араласып қалғандықтан болар түрiкмен тiлiнде сөйлесе бастады. Олардың сөзiнiң бiрiне түсiнсем де, көбiн санамның қабылдауы қиын болып отырған мен. Нияз осы жерде тұрғаннан берi араласып жүргендiктен бұл тiлде де еркiн сөйлейдi. Есберген болса бұрынғы түрiкменстандық. Тiптi маған қыр көрсеткендей ол осы жолы аудармашысыз тiлдесiп отырғанына мәз. Жалғыз мен ғана жалтақтап екеуiнiң аузына қарап отырмын.
Муса алдымен өзi туралы, осындағы түрiкмен диаспорасы жөнiнде мағлұмат бердi.
Түрiкмендер осындағы көп халықтың қатарына жатады. Әсiресе осы облыста көп шоғырланған. Хорасан жағында да тұрады. Муса Горган қаласында шығатын «Гүлстан экономикасы» газетiнiң бас редакторы екен. Осы облыста шығатын он бес газеттiң редакторлар кеңесiнiң төрағасы қызметi де осы журналиске жүктелiптi. Сонымен қатар аймақтық түрiкмен орталығының бас директоры қызметiнде атқаратын көрiнедi. Не керек, қосымша арқалап жүрген қызметi баршылық.
— Газетiмiздi шығарғанымызға екi жылдай болды, — дейдi Муса. Әрине парсы тiлiнде. Осындағы қазақтар сияқты түрiкмен тiлiнде де ешқандай басылым жоқ. Бiрақ негiзгi мiндетiмiз түрiкмен халқының мәдениетiн, тарихын оқырмандарға жетiстiру болып табылады. Бұрын телерадио компаниясында жұмыс жасадым. Халқымыздың салты, дәстүрi, өнерi жөнiнде көптеген деректi фильм шығардым. Бұлар орталық телевидение арқылы бүкiл елге таратылды. Осында «Молланепес» атындағы халық театры бар. Он бес жылдан берi iстейдi. Өз қойылымдарын тек Иран түрiкмендерiне ғана емес, шет елге де апарып табысты оралып жүр. 1994 жылы, одан кейiн 1996 жылы Ашхабад, Мары қалаларында өнер көрсеттi. 2003 жылы Тегеран қаласында өткен халықаралық этнографиялық көрмеде арнайы диплом мен медальға ие болды.
Осындағы ұлттық орталықтың атқарып жатқан қызметi ұшан-теңiз. Шама келсе ұлтымыздың мәдениетiн, тарихын, салт-дәстүрлерiн жоғалтпауға тырысамыз. Қол қусырып қарап отыра берсең көп ұлттың ортасында құмға сiңген судай жоқ болып кету қиын емес. Өзiмiздiң баспаханамыз бар. Түрiкмендер туралы жиырма шақты кiтаптар шығардық. Бәрi де парсы тiлiнде. өткенiңдi жоғалтпау үшiн оның өзiде көп көмек. Шектелген жайға қарамай жанталасып жұмыс жасап жүрген жайымыз бар дейдi Муса.
— Ал ендi сiздердiң жерлестерiң Оразмағанбет туралы көптен бiлемiн. Телерадио компаниясында жұмыс жасап жүргенiмде ол туралы көзi көрген ақсақалдармен кездестiм. Сiздiң жақтағы баспасөз беттерiнде жарияланған мақала, әңгiмелердi жинақтадым. Осындағы балаларының қолынан кейбiр құжаттардың көшiрмесiн алдым. Белгiлi ғалымның Иран жерiндегi өмiрiнен деректi фильм түсiрсем деп армандап едiм. Әзiр мүмкiн болмай тұр. Қолымдағы жиналғандарды парсы тiлiне аударып беруiн өтiнiп кейбiр жiгiттерге қолқа салғанмын, бiрақ олардан көп көмек болмады. Әлi де үмiтсiз емеспiн. Жиған тергенiмдi толықтыру үстiндемiн. Сiздермен кездескенiм өте жақсы болды. Әрине екi жақты келiсiм шартпен бiрлесе жұмыс жасасақ тым жақсы дүниенi өмiрге әкелуге болады. Оның көзiн көргендер осы үш қалада (Горган, Бендер Түрiкмен, Күмбет Қауыс) күнi бүгiнге дейiн кездеседi. Соларды жоғалтып алмай тұрғанда жұмыстану керек. Сiздер оның туған жерiнен келдiңiздер. Оның қызмет iстеген, талай шарлаған жерлерi таныс. Шынын айтқанда осындағы қандастарына қарағанда сiздердiң Оразмағанбет туралы пiкiрлерiң, түсiнiктерiң бөлек қой. Ғалым, дiнiи қайраткер туралы ол жақта жасалған жұмыстар туралы мен де хабарлымын. Ойланып, толғанып болашақта жасалар жұмыстың жоспарын жоғарыға бiрлесе ұсынсақ тiптi жақсы болар едi. Әсiресе оның сiздiң жақта қолдау табары анық.
Әңгiме ұзаққа созылды. Алдымызға дастархан жайып, шәй қамдығымен кiрiп-шығып жүрген келiншектiң бiраз қызмет жасауына тура келдi. Қазақтың шәй десе жаны кiрiп, талай әңгiменiң тиегi ағытылатынынан хабарлы болса керек, аққұманын қайта-қайта демдеп дастархан шетiне қояды да сол үндемеген қалпы шығып кетедi. Қараңғы түсе тағдыр жазса тағы да кездесiп, бiрлесе жұмыстанармыз деген ниетпен Муса Жоржанимен қоштастық. Есiк алдына келген көлiгiмiзге шығарып салған әрiптесiмiз бiзге керектi құжаттарды қонақ үйге өзi жеткiзетiн болды.
Муса Жоржанидiң өз халқы туралы iстеп жатқан көптеген iсi үлгi боларлықтай едi. Иран жерiнде 3 миллиондай түрiкмен тұрады. Бiрақ мына жаһандану заманында тiрлiксiз отырған кез-келген халықтың толқын астында көмiлiп, бәрiнен де айрылары айдай айқын нәрсе. «Әр халық өзiнiң түп бастауын ұмытпау керек. Бойыңда өз қаның жүгiрiп, тамырың соғып тұрғанда өзгенiң салтын сiңiрем, мәдениетiн қабылдаймын деген бос әңгiме. Мен түрiкмен нақышынан басқаны қабылдай алмаймын және ұрпақтарыма соны дәрiптеумен келемiн», — дейдi ол.
Қалың парсы iшiндегi аз қазақ маған жел өтiнде қалған бәйшешектей болып көрiндi. Қамқорлық болмаса күнi ертең-ақ солып, орнында еске алатындай ештеңе қалмауы мүмкiн.