ТАСМАҒАМБЕТОВТЫҢ ОЙЫНДА ЖОБА КӨП

ТАСМАҒАМБЕТОВТЫҢ ОЙЫНДА ЖОБА КӨП

ТАСМАҒАМБЕТОВТЫҢ ОЙЫНДА ЖОБА КӨП
ашық дереккөзі
240

Алматыны мекендейтiн кез-келген жан соңғы бiрер жылда қаланың едәуiр өзгергенiне куә. Тұрғындар қаланың жағымды жағынан көркейiп келе жатқанын бiледi. Қандай да бiр жаңалық, өзгерiс ең алдымен менеджерге байланысты екендiгiн де қала тұрғындары түйсiнiп үлгiрдi. Әкiм Тасмағамбетов қаладағы жасалынған һәм қолға алынғалы жатқан дүниелер жайында қала күнi қарсаңында БАҚ басшыларын құлақтандырған едi.

Негiзi, шынын айту керек, БАҚ өкiлдерiн аса мұқият тыңдау Қазақстан шенеунiгiнiң көбiнiң маңдайынa жазылмаған қасиет. Қандай да бiр долбар, болжам, онан әрi қаңқу сөздiң ақпарат толық берiлмейтiн жерге шоғырланатындығын ескерсек, қала әкiмiнiң БАҚ басшыларын шақырып, қаладағы атқарылған iстер жөнiнен есеп берiп, пiкiрлесiп тұратынын құптамасқа болмас. Бұл жолғы кездесуде де маңызды мәселелер әңгiме өзегiне айналды.

ӘКIМ КҮМӘНДI СЕЙIЛТТI

Журналистердi Арасан моншасы төңiрегiндегi жайттар, Оқушылар сарайының жай-күйi қызықтырды. Ең қызығы, БАҚ өкiлдерi бұл объектiлердiң төңiрегiнен күмән iздеуге тырысқанымен, әкiмнiң берген жауаптары шынайылығымен ерекшелендi. — «Арасан» — дейдi, Иманғали Тасмағамбетов— қаламыздың бойтұмарына айналғандай объект едi. Кезiнде, ахуалдың қиын шағында бұл моншаны әлдекiмдер жалға алған. Жалға алушы мен берушiнiң арасында келiссөздер де түзiлген. Бiрақ, ол келiссөздердiң шала болғандығы сондай, үлкен бiр объектiнi жалға алу бағасы жылына бар-жоғы 500 000 теңгенi құрапты. Ендi, ол объектiде қызмет көрсететiн орталықтардың көп екенiн бiлесiздер. Ең қызығы, жалға алушы заңды тұлға бухгалтериялық есептi мүлде жүргiзбеген. Сондықтан, бiз бұрынғы келiсiмдi бұзып, Арасанның жаңа қожайындарына қала бюджетiне жылына 65 млн.теңге төлеттiретiн келiсiм түздiк. Бұған қоса, олар Арасан моншасына күрделi жөндеу жұмыстарын жүргiзу мiндетiн мойнына алды. Кезiнде Көктөбенi қалпына келтiрiп бастағанымызда, оны «меншiктеп» алған қожайындары, оның етегiндегi кәуап пiсiретiн дәмханалардың иелерi айқай шығарып, сотқа дейiн барған. Тiптi кейбiрiмен әлi күнге дейiн соттасып жүрмiз. Бiрақ, қазiргi Көктөбеге қараңыздаршы, қандай кейiпке енген!» дейдi қала әкiмi.

Шындығында да, Көктөбенiң қазiргi әсем келбетi мен Арасаннан қала бюджетiне түсетiн 500 мың мен 65 млн.теңгенiң арасындағы айырмашылық көпене көзге көрiнiп тұр емес пе? Әкiмнiң Оқушылар сарайы жайлы айтқан пiкiрi де көңiлге қонымды. «Оқушылар сарайы қалай жұмыс iстеп келсе, тiрлiгiн солайша жалғастыра бередi. Тек күрделi жөндеу жүргiзiлмек. Бассейнiне қараңызшы, қандай күйге түскен. Ал салтанатты жиындар өткiзетiн залында қыстыңгүнi тiптi адам отыра алмайды. Суық. Бiз сарайды қалыпқа келтiремiз» дейдi әкiм.

«Осы сарайды әкiмшiлiк өйткелi жатыр екен, бүйткелi жатыр екен» деген сөз қаланың қарапайым тұрғындарын ғана емес, Парламенттiң кейбiр депутаттарын да «түн ұйқысынан айырған». «Қаланың тарихи ескерткiшiне айналған Сарайдың ендiгi күнi не болмақ? – деп, кей депутаттардың Парламент мiнберiнен көкiректерi қарс айырылғанын көргенiмiз бар едi. Әкiм болса, айтады: «Сарайдың атқарар шаруасы бұрынғыдан жаңылмайды».

Ғалымдар Академиясының ғимаратына да «жау тимейдi». Әкiмшiлiк тек Үкiмет бөлген ақшамен ғимаратты күрделi жөндеуден өткiзедi.

И.Тасмағамбетов Шымбұлақ мен Медеудi қатынастыратын аспалы жол жасау жобасынан да хабар бердi. Медеуде мың жарым мәшинеге лайықталған жерасты парковкасы салынбақ. Медеудiң жерасты парковкасына көлiктерiн қойған 2 мыңға жуық адам аспалы жол арқылы бар-жоғы 8 минуттың iшiнде Шымбұлаққа жете алады. Жоба екi жыл iшiнде жүзеге асырылмақ.

КӨЛIККЕ КЕПТЕЛГЕН КӨШЕЛЕРДI ТЕК АРНАЙЫ ЗАҢ ҒАНА ҚҰТҚАРА АЛАДЫ

Қала жолдарының кептелiп қалатыны ешкiмге таңсық емес, қазiр. Алматы тұрғындары барар жерiне бiрер сағат бұрын ерте шықпаса, тығыншақтың ортасында қалып кету қаупiмен жақсы таныс. Әкiм бұл мәселеге айрықша көңiл бөлiп отырғандығын айтты. Сейфуллин мен әл-Фараби көшелерiн байланыстыратын, Рысқұлов көшесiнiң бойындағы жол тораптарының қызу түрде жасалынып жатқандығына тоқталды. Рысқұлов көшесiнiң бойындағы ең үлкен жол торабы келесi жылдың мамыр айында пайдалануға берiледi. Фурманов пен әл-Фараби көшелерiн қиюластыратын жол торабы жайында да әңгiмеледi. «Биыл 7 жол торабында жұмыс iстелiнiп жатыр. Келесi жылы 4 жол торабын жасауды қолға алмақпыз. Бiрақ, онан да көп болуы мүмкiн» дейдi әкiм.

«Метрополитен құрылысының жұмысына көңiл толады. Инвестиция, қаржыландыру мәселесi толық шешiлген. Үкiметтiң бүкiл ақшаны қазiр-ақ бөле салуға құдiретi жетедi. Бiрақ, оны биыл толық игере алмаймыз. Сондықтан, кезең-кезеңiмен тиiсiнше жұмыстар жүргiзiп жатырмыз. 2009 жылдың басында метрополитендi пайдалануға беремiз. Бұл мәселе Президенттiң тiке қадағалауында» дейдi әкiм.

Ал қаладағы көлiктер санының шектен тыс көбейiп кеткендiгi де әкiмдi толғантпай қоймайды. «Бiз жол тораптарын салуын саламыз-ау, қала көшелерiнiң кептелiп қалмауын жол тораптары арқылы қамтамасыз етуге тырысармыз. Бiрақ, жетi жастан «кәрi» көлiктi қалада жүргiзбеу жөнiнде арнайы Заң қабылдауымыз керек» дейдi Тасмағамбетов. Оның берген мәлiметiне сүйенсек, жыл сайын қала көшелерiне келiп қосылатын көлiктердiң 18 пайызы ғана жаңа болады екен де, ал қалған 82 пайызы «асарын асап, жасарын жасаған кәрi-құртаң» көлiктер.

Бiрақ, қанағаттың болмауы, ескi көлiктерден будақтайтын түтiндi жұтар өз ағзасынан гөрi, арзан намысты қолай көретiн тұрғындардың қажеттiлiгiне әрине, әкiм тойтарыс бере алмайды. Сондықтан, бұл заңдық тұрғыдан ғана реттелетiн басы ашық мәселе.

АЛМАТЫНЫҢ ЖЫЛУЫ МЕН ЖАРЫҒЫ

Бұл мәселе де әкiмдi толғантып отыр. АПК-ны заманауи һәм қайта жарақтау Алматы үшiн қазiр ең күрделi мәселеге айналған. «АПК-ға келбет беру аса қиын емес. Өйткенi, станциялар салынып жатыр. Ал жылумен қамту жағы қиындау. Соңғы он бес-жиырма жылда жылу жүйелерiне еш өзгерiс енгiзiлмеген. Барлығы бұрынғы Кеңес кезiндегi жүйелер» дейдi әкiм. Оның айтуынша, жылу мен жарық төңiрегiнде мәселе болмаса, орта және шағын кәсiп қазiргi қалпынан да мықты қарқынмен дамитын едi. Өйткенi, кез келген қызмет көрсетушi субъект яки, орта және шағын кәсiп иесi өзi жалға алған немесе, сатып алған ғимаратының жылумен, жарықпен қамтамасыз етiлуiне көңiл бөледi. Ал көп жағдайда қазiргi АПК барлығын жылу-жарықпен қамтуға шамасы келе бермейдi.

АЛМАТЫНЫҢ ДОНОРЛЫҒЫ БАТЫС ОБЛЫСТАРЫНАН КЕМ ЕМЕС

«Қаланың әлеуметтiк экономикалық дамуының нәтижесi өте жақсы» дейдi әкiм. Өнеркәсiп өндiрiсiнiң көлемi 185, 1 млрд тенгеге тең, былтырғы жылмен салыстырғанда, өсiм 109, 6 пайызды құраған. Негiзгi капиталға инвестиция құйылу көрсеткiшi жағынан да Алматы алдыңғы орында тұр. Тұрғын-үй құрылысы қарқынды түрде жүруде. 505 мың шаршы метр немесе 3, 5 мың пәтер пайдалануға берiлген.

Қаланың сыртқы сауда айналымы 5 млрд.АҚШ долларынан астам. Өсiм деңгейi 153 пайызды құраған. Алматы қаласының экспорт көлемi 1 млрд. 411 млн. долларға теңесiп, екi есеге артқан. «Неге деп таң қалуларыңыз да мүмкiн» дейдi әкiм. Импорт 4 млрд.доллардан артып, 141 пайызға өскен. Қала тұрғындарының тауар сатып алу көрсеткiшiнде де бiраз алға жылжушылық байқалған.

Қала қазiргi күнi республикалық бюджеттiң негiзгi донорының бiрi. Егер, мұнай-газ саласынан түсетiн табыс Қазақстан бюджетiнiң 25 пайызына тең болса, Алматыдан түсетiн түсiм бюджеттiң 20 пайызын құрайды. Алматыда 58 мың орта және шағын бизнес субъектiсi болса, қалада жиналатын салықтың 60 пайызы соларға тиесiлi.

Қаладағы жұмыссыздық көрсеткiшi 0,8 пайыз екен. «Жұмыссыздық деңгейi мұндай болса, әлемнiң дамыған елдерiнiң өзi шүкiршiлiк етедi» дейдi әкiм.

Әкiм Алматыда жаңадан салынған iрi қаржы сауда орталықтарына да тоқталды.

Тасмағамбетовтiң алға қойған шаруасын атқаратындығынан жақсы хабардар журналистердiң бiрi нақты көмек беруге әкiмге өтiнiш жасады. Журналистер одағының төрағасы Сейiтқазы Матаев: «Бүкiл шығармашылық одақтарының өз ғимараттары бар. Ал бiздiң Журналистер одағының «үйi» жоқ деп, бұрын Қытай елшiлiгi орналасқан ғимаратқа «көз салды». Осы мәселенi алға тартып, бармаған адамының, ашпаған есiгiнiң да қалмағанын айтты.

Гүлнәр Мұқанова

Серіктес жаңалықтары