Алпауыттар бірін-бірі арқадан қақты (G7-ден  G20-ға дейін...)

Алпауыттар бірін-бірі арқадан қақты (G7-ден  G20-ға дейін...)

Алпауыттар бірін-бірі арқадан қақты (G7-ден  G20-ға дейін...)
ашық дереккөзі
527

Немістің жаймашуақ аймақтарының бірі Баварияда әлемнің ресми түрде мойындалған жеті алпауыт елінің басшылары бас қосты. Он жеті жыл осы клубқа мүше болған Ресей былтырдан бері бұл жиыннан тыс қалған. «Сегізінші» елдің мәселесі биыл шұқшия қаралды деуге болар. Дегенмен, Батыс елдері Ресейге қарсы санкцияларды жеңілдетуді азайтуға бейіл емес. Саммит соңында қабылданған мәлімдемеде «Ресей Федерациясының егеменді мемлекет Украинаның ішкі ісіне араласуына жол бермеу мәселесінде біз украин үкіметі мен осы елдің халқының жағындамыз» делінген. Бұл – G7 елдерінің ортақ ұстанымы. Әйтсе де, «жетілік» арасында кей мәселелерге орай көзқарас қайшылығы бар екені байқалады.

АРПА ІШІНДЕ БІР БИДАЙ

Ангела Меркель бұл жолы Батыс пен Ресейдің арасында барын­ша бітімгерлік ұстаным танытты. Кілең қаракөк киген ер-азамат­тардың арасында біресе қызғылт, біре­се көгілдір түсті киімімен ерекше­ленген Меркель «арпа ішінде бір бидай» сынды кейіп танытқаны да рас. Шамасы, бүгінгі батыстық саясаттың әйел бейнесіндегі үлгісі саналатын Меркель ханым қарасұр киім кисе, ерлердің арасында көзге түспей қалудан сақтанған болса керек. Әйтсе де, ол күйеуі Йоахим Зауэрімен бірге Шығыс Германияның көрнекті жерлерінің бірі Эльмау қамалында әлемдік саясаткерлерді өз үйіне қонаққа шақырғандай жайдары қарсы алды.

Алдын ала жасалған жоспарға сай ма, әйтеуір, Германия канцлері Ангела Меркель мен АҚШ прези­ден­ті Барак Обама жұмысқа кіріс­пес бұрын алкогольсіз сыраны сі­міріп ішіп, баварлық шаруалардың риза­шылығына бөленді. АҚШ пре­зиденті әзіл-қалжың айтып, қонақ­жай немістердің көңілін көтеріп тас­тады. Қалай дегенмен де, Меркель мен Обама былайғы жұртқа өзара қарым-қатынастарының әріп­тестіктен гөрі достыққа көбірек сая­ты­нын көрсетуге тырысып бақты. Бұл да саясат, шамасы.

Жалпы алғанда, 7-8 маусымда­ өткен 41-ші «Үлкен жетілік» бас­қо­суына Канада, Франция, Германия, Италия, Жапония, АҚШ, Ұлыбритания және Еуропалық Одақ басшылары қатысты. Биылғы саммит жұмысына БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун және Эфиопия, Ирак, Либерия, Нигерия, Синегал, Тунис мемлекеттерінің басшылары да шақырылған. Саясаткерлер ғаламдық экономиканың даму қарқынына баса мән беріп, оған қоса сыртқы саясат, қауіпсіздік және даму мәселелесін ортаға салды. Бұған қоса қоршаған ортаны қорғау мәселелері, аса ірі еркін сауда аймағын құру, лаңкестік ұйымдарға қарсы тұру, табиғи қорларды тиімді пайдалану, Эбола сияқты жұқпалы аурулардың алдын алу, әйелдерді жұмыспен қамту мәселелері талқыланды.

Әдетте, саммитті өткізуді қол­­ға алған мемлекет сол жылы талқы­ла­­на­тын мәселелерді бекітуге жауап­ты. Басқа мемлекеттер алдын ала мүдделі тақырыптарды жолдағанымен, қай басқосудың қалай бағыт алары күтіп алушы мемлекетке тікелей байланысты. Ендеше, биылғы жалпылама тақырыпты таңдаған неміс саммитінің жадағай пікірталастарынан Меркельдің қолтаң­басын көруге болар.

Бір жағынан, Ангела Меркель батыстық әріптестерімен пікір­лес­кенде Ресейге қарсы мәлімдеме жасаудан тартынбайды. Саммиттің қорытындысына арналған баспасөз мәслихатында ол «Егер жағдай солай қалыптасса, өзіміз қаламасақ та, қазіргі санкцияларды одан әрі күшейтуге дайынбыз. Десе де, Минск процесі одан әрі жалғасуы керек деп санаймыз» деді. Бірақ саммит өткеннен соң баспасөзге берген сұхбатында Ресей «Үлкен сегіздік» құрамынан шығып қалса да, оның ғаламдық саясатта ықпалға ие мемлекет екенін айтқан. Осылайша, Меркель ханым «былай тартсам – арба сынады, былай тартсам – өгіз өледінің» керін өз басынан өткеріп жатқандай көрінеді.

АТЫНА ЗАТЫ САЙ МА?

Қырық жыл бұрын ғаламдық экономика көшбасшыларының басын қосатын жиын ретінде саналса да, соңғы кезде бұл клубтың «атына заты сай ма» деген мәселе оқтын-оқтын айтылып қалады. Мысалы, 2005 жылға дейін «Үлкен жетілік» елдерінің жиынтық ЖІӨ көрсеткіші әлем экономикасының 60 пайызын құраса, қазіргі кезде оның деңгейі 50 пайыздан төмендеп кеткен.

Бірінші түйткіл – Канада. Қазір­гі кезде Канада дамыған елдер тізімінде он бесінші орында тұр. Ендеше ол бұрынғыдай «алпауыт» ел санала ма деген мәселе даулы. Екінші бір түйткіл – Қытай сияқты жылдам дамушы елдердің ғаламдық экономикадағы ықпалы бұл клубқа мүше болуға жеткіліксіз сияқты. Оның үстіне, саяси себептермен қатардан шығып қалған Ресейдің энергетикалық, қаржылық қарым-қабілетін жоққа шығару қиын. Франция мен Ұлыбритания алпауыттар құрамын дамушы бес мемлекетті қосу арқылы көбейтуді қолдайды. «5+» деп аталатын елдер: Бразилия, Қытай, Үндістан, Мексика және Оңтүстік Африка мемлекеті. Ал ЖІӨ көрсеткіші жағынан Қытай әлем бойынша екінші, Бразилия – жетінші, ал Үндістан оныншы орында тұр. Әзірге бұл мемлекеттер алпауыттар саммитіне тек қонақ ел ретінде қаты­сып келеді.

Кейбір деректерге қарағанда, «жетілік» елдерінің ЖІӨ жиынтық көрсетішінің өсімі жыл сайын 2 пайыз­дан аспайды, ал Азияның жылдам дамушы елдерінде бұл көрсеткіш 7 пайыз шамасында. Мұндай қарқынмен дамушы елдер нарығы көп ұзамай бүгінгі алпауыттармен тізгін қағыстырып қалуы ғажап емес. Ал Экономикалық әріптестік пен даму ұйымының мәліметтеріне жүгінсек, 2060 жылға қарай Қытайдың ЖІӨ әлемдік экономиканың 26 пайызын құраса, Үндістанның көрсеткіші 43 пайызға жуық болмақ. Ал «жетіліктің» ЖІӨ жиынтық көрсеткіші 45 пайыздан 30 пайызға дейін кемуі мүмкін. Мұндай жағдайда, ғаламдық экономикалық саясат тетігі Азия елдеріне көшері даусыз. Осыны алдын ала болжап білгендей, Ұлыбритания қазірдің өзінде Қытаймен экономикалық байланыстарын күйшейтуге барын салып жатыр.

«Жетілікке» бәсекелес болу­дан үмітті БРИКС ұйымы, яғни оған мүше Ресей, Қытай, Үндістан, Оңтүстік Африка, Бразилия елде­рінің экономикалық қуаты қазір әлем­дік өндірістің 56 пайызын құрайды. Оған қоса жер шары тұрғындарының 85 пайызы осы елдерде өмір сүреді. Бұл аз болса, әлемдік валюта қорының 70 пайызы осы ұйым мүшелерінің қолында екен.

Осы көрсеткіштердің бәрі би­ыл­ғы «жетілік» саммитінің аясында Қытай мәселесінің екі жарым сағат бойы талқылануына түрткі болды. Осылайша, «жетілік» Қытайға бөлінген жоспардағы кесімнен бір сағат артық уақыт жұмсады. Қытаймен банк саласында әріптестікті ұлғайтуға мүдделі Ұлыбритания мен Германия бас­шы­ларының бұл талқылауларда айрықша белсенділік танытуының себебі түсінікті. Бірақ Азия инфра­құ­рылымдық инвестициялар банкі­сі­не қатысты «жетілік» арасында пікір қайшылығы болғандықтан, қо­ры­тынды мәлімдемеде бұл мәселе ауызға алынбаған. Шамасы «ортақ өгізден оңаша бұзау артық» дейтін түсінік қаржы саясатын­да қашан да өзекті.

Осылайша, саммитің бірінші күнін Ресей мен Қытайға арнаған саясаткерлер екінші күнгі, яғни дүй­сенбідегі талқылауларды әлем­дік энергетикалық қауіпсіздікке арнады. Бірақ бұл күні де Ресей тақырыбын айналып өту мүмкін болмады. Еуропаға келетін мұнай мен газ тасымалының 30 пайы­зы Ресейге тиесілі. Сондықтан саммитің биылғы қожайыны Германия дәл қазір Ресеймен қатынасты ада-күде үзуге дайын емес. Меркельдің соңғы кездегі дипломатиялық өнерінің сыры осында.

Мұның бәрі «Үлкен жетіліктің» экономикалық тұтастықтан гөрі саяси ауызбірлікке көбірек ыңғай білдіретінін байқатады. Себебі «жетілік» тарихына қарасаңыз, оның құрамындағы мемлекет басшыларының барлығы дерлік демократиялық сайлау жолымен билікке келген. Ал коммунистік партия билігіндегі Қытай мен бүгінгі Ресей бұл клубтағы саяси біртектіліктің сәнін бұзары сөзсіз. Оның үстіне, Меркель айтпақшы, «Үлкен жетілік» ортақ құндылықтар қоғамына ұқсайды. Басқаша айтқанда, бұл – көзқарасы ұқсас, пікірі ортақ, ұстанымы бір одақтас әріптестердің мекені. Түрлі экономикалық қиындықтардың кесірінен кейде бір-бірінің мүддесіне керағар тірлік жасаса да, ортақ ұстанымдарды қорғауда бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруға қашанда дайын.

АЛПАУЫТТАР ҚАРАСЫ КӨБЕЮІ МҮМКІН

Ұйым тарихына үңілсек, 1975 жылы қараша айында Францияның бастамасымен «Үлкен алтылық» клубы құрылды. Сол жылы алты индустриялық мемлекет алғашқы мұнай дағдарысының салдарын талқылауға бас қосты. Қарашаның қара суық күндерінде басталған саммит сол кезден бері жыл сайын жаз айларында өткізіліп келеді. 1976 жылы Канада клубқа қосылғаннан кейін бұл топ «Үлкен жетілік» деп атала бастады. 1978 жылдан бері басқосуларға Еуропалық комиссия төрағасы қатысатын болды. 1997 жылы Ресей алпауыттар тізіміне еніп, ендігі жерде ұйым «Үлкен сегіздік» деп атала бастады. Бұрынғы Ресей президенті Борис Ельциннің Жан Ширак және Гельмут Кольмен достығы осы елдің «үлкендер» қатарына кіруіне арқау болған деген де сыбыс бар.

Саммит өткізу тәртібі белгілі бір ретпен жүзеге асады: Франция, АҚШ, Ұлыбритания, Ресей (1997-2014 жылдар аралығында ғана – Г.О.), Германия, Жапония, Италия, Канада және осы ретпен жалғаса береді. Германияның өзі 1992 жылы ғана біртұтас герман мемлекеті ретінде саммит қожайыны бола алды. 1978 және 1985 жылдары саммитті ұйымдастырушы ел Батыс Германия болатын. Яғни, биылғы саммит біртұтас Германияның екінші рет ұйымдастырып отырған жиыны деген сөз.

Ресей бірінші рет 2006 жылы 32-ші «Үлкен сегіздік» сам­митін өткізген. Әзірге бұл Ресей тарихындағы алғашқы және соңғы «алпауыттар саммиті». Себебі былтыр Сочиде өтеді деп жоспар­лан­ған басқосу Украинадағы саяси жағдайдың ушығуы себебінен өтпей қалғаны белгілі. Осылайша, былтырдан бері «Үлкен сегіздік» бір мүшесінен айрылып, қайтадан «Үлкен жетілікке» айналды. Ал Ресей әлемдік масштабтағы алпауыттар қатарында ресми түрде 17 жыл ғана болған екен. Қалай дегенмен де, Ельциннің кезінде алпауыттар қатарына қосылған Ресей Путиннің тұсында бір саммитті ойдағыдай өткізсе де, көп ұзамай клубтан шығып қалды.

368628514

Былтыр Еуроодақ қырық жыл­дың ішінде тұңғыш рет «Үлкен жетілік» саммитін өткізіп, төрағалық етті. Қырқыншы, мерейтойлық сам­мит Бельгияның Брюссель қала­сында өтті.

Егер Батыспен саяси ұстаным­да­ғы қайшылықтарды жоя алса, Ресей қайтадан алпауыттар клубына қайта қосылуы ғажап емес. Мәскеу Украинаның біртұтастығын мойындап, Минскі келісімдерін сақтайтын болса, онда Батыс санкцияларды тоқтатуы мүмкін екеніне меңзеді. Әзірге бұл санкциялардың биылғы жылдың соңына дейін өз күшінде болатыны айқын. Бірақ одан әрі жалғасуы да, тіпті күшейтілуі де мүмкін. Бұл жолы «жетілік» мүшелері Ресейге қарсы қосымша санкциялар қабылдануы мүмкін екендігін ескертіп өтті. «Президент Путин совет империя­сын қайта қалпына келтіруді көздеген алдамшы ойдың жетегінде жүріп, Ресейдің оқшаулануын одан әрі созып, өз елінің экономикасын құлдыратуды жалғастыра ма, әлде Ресейдің ұлылығы басқа мемлекеттердің шекарасын бұзуға байланысты емес екенін түсіне ме, осы мәселені шешуі тиіс», – деді Барак Обама.

Шындығында, «жетіліктің» күні батуға таяу екенін оның белді мүшелерінің өздері де жасырмайды. «Жиырмалық» тым жайдақ болса, қайтадан «сегіздік» немесе «тоғыздық» клуб құру туралы ұсыныстар естіліп қалады. «Елу жылда ел жаңа», ендеше, тарихы қырық жылдан асқан ұйым да жаңарудың алдында тұр.

 Ұлыбритания

Серіктес жаңалықтары