Норвегия күндерi ҚБТУ-да

Норвегия күндерi ҚБТУ-да

Норвегия күндерi ҚБТУ-да
ашық дереккөзі
249

Жақында Алматы қаласында Норвегия күндерi аталып өттi. Бұл шара елiмiздегi техникалық мамандарды дайындайтын бiрден-бiр жоғары оқу орны – Қазақстан–Британ техникалық университетiнде жалғасын тапты. Кейiнгi кезде техникалық сала мамандықтарына аса көңiл бөлiп жатқан елiмiз үшiн бұл басқосудың маңызы зор десек артық емес. Өйткенi, Норвегия – мұнай-газ саласында орны бөлек мемлекет. Сондықтан екi ел арасындағы өзара ынтымақтастық пен әрiптестiктi арттыруда мамандар арасында пiкiр және тәжiрибе алмасудың да тигiзер септiгi мол.

Басқосудың барысында Норвегияның Қазақстандағы Төтенше және Өкiлеттi елшiсi Ойвинд Нордслетен мырза, Норвегияның мұнай-газ және энергетика өнеркәсiбi министрiнiң орынбасары Анита Утсет ханым, сондай-ақ, норвегиялық делегация өкiлдерi мен ұлттық және трансұлттық мұнай-газ саласы компанияларының өкiлдерi қатысып, өзара тәжiрибе бөлiстi. Негiзiнен әңгiмелерiнiң ауаны тек мұнай-газ саласындағы мәселелер жөнiнде болып, ашық ойларын ортаға салды. Норвегия қонақтарымен кездесуде алғашқы сөз алған университеттiң халықаралық байланыс жөнiндегi проректоры Әдiл Ахметов те бұл басқосудың әсiресе жастар үшiн пайдасы мол екендiгiн тiлге тиек ете отырып, елшi мырзамен «Статойл» дәрiс залын салтанатты түрде ашты. Ендi бұдан былай аталған елдiң мамандары университетке келгенде өз залында дәрiс оқитын болады. Ойвинд Нордслетен мырза «Университет бiздiң ойымызша, Қазақстан-Норвегия университетi деп аталуы керек едi» деген әзiл-шыны аралас ойын да жасырып қалмады. Ал Анита Утсет ханым өз баяндамасында Норвегия мемлекетi мұнай-газ саласында тым өркендеп барады. Бүгiн ғана емес, өнiм өндiре бастағаннан-ақ, алдыңғы қатардағы елдердiң санатына жататынын айтты. Оның айтуынша, Норвегия жылына 130 млрд. табиғи газды Еуропаға экспортқа шығарады екен. Мұнымен қоса елге құйып жатқан инвестицияның да көлемi жоғары деңгейде көрiнедi. Сол сияқты алдын-ала болжаған жоспарларына да жеке тоқталды. Мәселен, мемлекет бұл сала төңiрегiнде 2 жобаны қолға алыпты. Оның бiрi – игерiлмеген табиғи ресурстарды барлау мен зерттеудi қолға алу. Ал екiншiден, осы мақсатты жүзеге асыра отырып, Баренц теңiзiне жақындағанын да айтып қалды. Демек, Статойлдың жетiстiгiн 1995 жылмен салыстырсақ, халықаралық рынокта 3 есеге өскен. Осындай қол жеткен биiктерi үшiн де бәсекеге лайық мемлекет дәрежесiне көтерiлгенiн мақтанышпен бiлдiрдi.

Ал ДНВ Энерджи Евразия аймақтық директоры Андреас Масви мырза жұмыс қауiпсiздiгi тақырыбына жете сөз қозғады. Бұл мәселенiң аясында ол жұмыс барысында кездесетiн қауiпсiздiк шараларын қамтамасыз етуде атқарылып жатқан игi шараға тоқталды. Мекеме алдын ала зерттеу жұмысының нәтижесi негiзiнде тиiстi құрал-жабдықтарды дер кезiнде дайындау немесе iске қосу секiлдi мiндеттердi мойнына алады. Сондықтан да кез келген жұмысшы, қызметкер алаңдамай, өзiнiң қауiпсiздiкте еңбек ететiнiн сезiнедi дегендi айтады. Басқосу барысында Норвегия дәстүрлi ұлттық әуенiнен сыр шерткен Анбьорк Лиен жиналған көпшiлiктi бiр серпiлтiп тастады.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары