Дулат ИСАБЕКОВ: ҚОРЫҚСАҚ, ЖАҺАНДАНУДАН ҚОРҚУЫМЫЗ КЕРЕК

Дулат ИСАБЕКОВ: ҚОРЫҚСАҚ, ЖАҺАНДАНУДАН ҚОРҚУЫМЫЗ КЕРЕК

Дулат ИСАБЕКОВ: ҚОРЫҚСАҚ, ЖАҺАНДАНУДАН ҚОРҚУЫМЫЗ КЕРЕК
ашық дереккөзі
401

Бүгiнгi қоғамда өзектi мәселелер аз емес. Бұл мәселелердiң көбi БАҚ беттерiнде жиi айтылады, жиi жазылады. Айтыла-айтыла әбден жауыр болған Мемлекеттiк тiл жайында, әдебиет пен мәдениеттiң даму процесстерi туралы , күнделiктi өмiрiмiзде болып жатқан түрлi оқиғалардың себеп-салдарын iздеп, баспасөздiң бетiнде үн қатып-ақ келе жатқан жандар да аз емес. Соның бiрi, көрнектi жазушы Дулат Исабеков. Дулат ағаның көкейiн мазалап жүрген ойлары қандай, бүгiнгi оқырманға тағы не айтқысы келедi екен деген мақсатпен, жазушыға жолыққан едiк.

–«Дулат аға, сiзбен әдебиет, мәдениет, бүгiнгi қоғамның өзектi проблемалары жайлы әңгiмелесейiн деп келiп едiм» деп бастағаным сол едi, ағам салған жерден: – Әдебиет туралы айтылатын әңгiме қалды ма?–дегенi. Бiраз үнсiз отырды да, өз-өзiнен әңгiмесiн бастай жөнелдi. Мен де ақырын диктафонымды қоса қойдым. – Бүгiнгi қоғам әдебиетсiз-ақ өмiр сүретiн дәрежеге жеттi деп ойлайтын сияқты ғой. Егерде алда-жалда бүгiнгi қоғамның мүшелерiне көркем әдебиет, көркем шығармалар қажет болса, оны басқа елдердiң әдебиетiнен-ақ, тауып алып, оқуға болады. Сөйтiп, рухани қазынасын өзiнше байыта беруге болады деген сияқты дәлелденбеген, екiұдай пiкiр бар сияқты. Жалпы, әдебиетшi деген кiм? Ол –ойшыл адамдардың тобы деген сөз. Жақсы жазушы деген кiм? Ол – асау ойдың иесi деген сөз. Сыншы деген кiм? Ол –өзiнiң ойындағы критерийлерi тек әдебиетке байланысты емес, қоғамның бүгiнгi өмiрiне де тiкелей байланысты тұлға деген сөз. Сондықтан, бұлар еркiндiктi қалайды. Ал, еркiн ойдың иелерi, бүгiнгi заманға қажет болмай бара жатыр. Осы ретте Макс Фриштiң: «Әр заманда тоқ жазушы керек болмаған. Өйткенi, тоқ жазушының уайымы да жоқ. Жазушының уайымы болса, ол –қоғамның уайымы. Демек, ол–асау. Ол билiктiң айтқанына бағынбайды» деген пiкiрiн жиi еске алам. Соның айтқаны да рас боп келе жатқан сияқты.

–Мұндай пiкiрдi белгiлi бiр топтарға қарап па, жоқ, әлде қалың бұқараға қарап қалыптастырып отырсыз ба?

– Жалпы, көпшiлiкке байланысты.

– Жалпы, көпшiлiк әдебиеттi қаламайды деп ойлайсыз ба?

– Әдебиеттi қалайды ғой. Жалпы, көпшiлiктiң талғамын да бұзу, осы қоғамның атқарып келе жатқан мiндетi сияқты. Осы өтпелi кезеңде, қарбалас заманда, қара базардың, қара бастың қамын көбiрек ойлайтын заманда әдебиеттi, жақсы көркем шығарманы iздеп жүрiп оқитын оқушы бар дегенге сенгiм келмейдi.

– Мүмкiн, бүгiнде iздеп жүрiп оқитын шығарма жазылмай жатқан шығар…

– Мүмкiн емес. Iздеп жүрiп оқитын адамның бiрiншiден, уақыты жоқ. Адамның сыртқы және iшкi өмiрiнде тұрақтылық болғанда ғана рухани азықты көбiрек iздейдi екен. Рухани азық деп отырғанымыз, сол көркем шығарма. Ал, ондай заман жоқ кезде, күн көру негiзгi мақсат боп жатқан заманда, қара базарда жүрген адамға: «Сен неге кiтап оқымайсың?» деп өкпелеудiң өзi де артық сияқты. Немесе базарда жүрген адамға барып: «Сен неге театрға бармайсың?» деп айтуға да аузың бармайды. Ол қалай оқиды? Осы бiр кезең, жалпы, жұртқа кiтап оқуды ұмыттыратын кезең болып отыр. Мұның себептерi де, мағынасы да тереңде жатыр. Кiтап оқымай-ақ, адам болуға болады деген пiкiр, тұжырым қалыптасты. Тiптi, баяғыда, яғни сайлауға түскен жылдары елдi тегiн киноға алып бара алмадық. Өйткенi, уақыты жоқ. Олар кинотеатрға да жолды ұмытыпты. Шындығында да, осы жұрт неге кiтап оқымайды? Осы сұрақ, бiздiң Қазақстанның ғана алдында емес, Ресейдiң де алдында тұр. «Литер. газета» осыған байланысты көп пiкiрлердiң жиынтығын бердi. Дискуссия өткiздi. Сонда негiзгi ой, мынаған келiп тiреледi екен. Қазiргi нарықтық экономика адамдардың бойындағы кеңестiк үкiметтiң кезiнде жасырынып келген, ақша табуға деген құлшынысын арттырып жiберiптi. Өйткенi, олар бұрынғыдай, тек ғана жалақымен отырғысы келмейдi. Қосымша табыс табу керек. Қосымша табыстың өзi де тағы да қосымша табыс табуды қажет етедi. Адамның бiр дүниеге қол жеткеннен кейiн, онымен қанағат тұтып, тұрып қалмайды екен. Тағы бiр үлкен проблема, бай мен кедейдiң арасындағы алшақтықтың күннен-күнге көбейiп келе жатқандығы. Қазiр байдың баласы мектепке басқаша барады, кедейдiң баласы басқаша барады. Тойға барғанда да солай. Үлде мен бүлдеге оранып өскен бала кәмелетке толғаннан кейiн де, солай өмiр сүргiсi келiп тұрады. Оның ойы ақша табу. Әкесiнен қалғысы келмейдi. Ақша табу мен дүниеге қызығудың мүмкiндiгiн осы қоғам көбiрек ашты. Өзiңнiң бойыңда дүине табатын қандай қасиетiң бар, соның бәрiн сыртқа шығар, көрсет. Егер өзiңнiң қолың жетпесе, онда бiреулер арқылы қол жеткiз. Бiреулер арқылы табыс табатын, әйтпесе, өзi табатын ұрпақ қалыптасты. Егемендiк алғанда бестегi немесе ондағы бала қазiр жиырма-жиырма беске келдi. Олар кiтап оқып отырғаннан гөрi табыс табуға көбiрек уақытын бөледi. Осы үшiн бiреудi кiнәлай аласың ба? Кiнәлап көршi, ол саған қарсы «Сен менiң бүкiл өмiрiмдi қамтамасыз етiп бер, сонда мен кiтап оқимын» деп сұрақ қоюдан тайынбайды. Соған қарамастан, мың адамның iшiнен бiр-екеуi әлi де кiтап оқиды. Кейде осы адамдардың өзiнiң талғамының өзi бұзылып кетпесе деп уайымдаймын. Сондай адамдармен кездесуге барамын, кейде өздерi келiп жатады. Баяғы екпiн жоқ. Бiрақ, оқитындары көрiнiп тұрады.

Маған студент қыз-жiгiттер көп келедi. Бiреулерi менiң шығармашылығымнан дипломлық жұмыс жазады. Соған ақыл-кеңес сұрайды. Сондай кездерi менен: «Сiз неге бұрынғы әңгiмелерiңiз сияқты, әңгiмелер жазбай жүрсiз?» деп сұрап жатады. Неге жазбаймын? Жаза алатын сияқтымын. Бiрақ, бұрын басқа бiреудi сынау жақсы сияқты едi. Осының бәрiне кiнәлi Мәскеу десек, сен де сенесiң, басқалар да сенедi. Бүгiн осының бәрiн сынап, памфлеттiң дәрежесiнде жазатын болсаң, өз елiңе қарсы қылыш көтерген сияқты боласың. Оның iшiнде, тәуелсiздiгiң де кiрiп кетедi. «Мiне, пәленше, өзiнiң тәуелсiздiгiне қарсы, осындай әңгiме жазады» деп шулап шыға келсiн. Соған қарамастан, жазайын десең, мiндеттi түрде өзiңнiң бiр ғасырлар бойы армандап келе жатқан бостандығың, еркiндiгiң, керемет болып жатқандай көрiнедi. Бұрын, Мәскеудiң билеп-төстеп тұрған уақытында, бала-шағаның ермегiне айналған, қызыл империя туралы, келмеске кеткен Кеңес үкiметiнiң идеологиясына тiл тигiзсең, сынасаң, астыртын тұспалдап жазсаң, жұрттың бәрi iштартып оқитын да, риза болатын. Авторды қаһармандардың қасына қосып қоятын. Сол кезде жұрт неге әдебиетшiл болды? Өйткенi, әдебиет сол қоғамның шындығын айтатын, жалғыз ғана формасы болды ғой. Ал, жұрттар керегiн содан тапты. Айтматовтың «Жер-анасын» алып қараңыз. Соғысқа қарсы наразылықты байқамайсың ба? Бiздiң де жазған әдебиеттен оқушылар соны iздеп табатын. Тахауи Ахтановтың «Дала сырын» оқысаңыз, сондағы шопанның шынайы өмiрi, азабы, бес жүз-алты жүз қой үшiн, бiр үйлi жанның түк емес екендiгiн ашып жазған жоқ па? Осындай нәрселердi жұрттар көбiне әдебиеттен табатын-дағы, соны құмартып оқитын. «Мiне, пәленше осылай жазыпты, пәленшенiң шығармасында осындай-осындай шындық айтылады екен» деп iздеп жүрiп оқыды. Ал, қазiр, өздерiңнiң газеттерiңнiң өзi-ақ, бүкiл қоғамның шындығын айтып отырған жоқ па? Ащысын да, тұщысын да айтып жатыр. Сондай кезде көркем әдебиеттi iздеудiң қажетi жоқ болады. Мiне, осыдан кейiн, әдебиет екiншi-үшiншi планға ауысып кеттi.

«ӘДЕБИЕТТI БИЗНЕСКЕ АЙНАЛДЫРАТЫН БИЗНЕСМЕН БIЗДЕ ӘЛI ШЫҚҚАН ЖОҚ»

– Кезiнде әдебиетпен қатар, баспасөз де қарқынды жұмыс iстеген жоқ па?

– Ол кезде баспасөзде қоғамға ешқандай сын айтылмайтын. Оған партия ұйымы деген сөз қосылмайтын. Ары кеткенде профсоюз деп ғана айтылатын. Тiптi, атақты Мәскеуден шығатын фильмдер болатын едi ғой. Мәселен, «Кавказская пленница» деген. Сонда райкомның председателi бар ғой, соны жай қызметкер қып қойған. «Бiздiң сүйiктi дәрiгер» фильмiнде де, «Ермек Серкебаев қайда?» десе, «Кәсiподақ жиналысында» дейдi. Негiзiнен партия жиналысы болмаса, кәсiподақ жиналысын тастап кетуге болатын. Ал партия жиналысын, балаң отқа түсiп жатса да, тастамайсың. «Гауһартас» фильмiн көрген шығарсың. Сонда, партия ұйымының атынан келген өкiл бар. Оны Бәйтен Омаров ойнайды. Сол эпизодты қинап жүрiп жаздыртты. Сол эпизодты осы уақытқа дейiн өзiм де көре алмаймын. Фильмнiң осы тұсында сыртқа немесе балконға шығып кетем. «Бұл не айдаладағы өмiр, партия ұйымдары қайда?» деген соң, амал-жоқтықтан дайындалған сценарий. Амал-жоқ осындай мәнзелдегi дүниелердi кiргiзетiнбiз.

– Ерiксiз жаздыратын дейсiз ғой.

– Иә, жаздыратын. Барлық шығармада солай болды. Тiптi, алдымызға мiндет қойды ғой. Совет жазушыларының алдында тұрған мiндет не едi. Ол қоғамның белсендi мүшесiн көрсету, соның артықшылығын жырлау, суреттеу. Сол кездерi «Коммунист» деген керемет фильмдер жүрдi. Бiз соны үлгi тұттық. Фильм жасағанда да, шығарма жазғанда да. Оның үстiне, Кеңес үкiметiне, әдебиет ауадай қажет болды. Әдебиет олар үшiн идеологияның құралы болатын. Әр жазушының артында ең құрығанда, кiтабының таралымына байланысты жүз мың, екi жүз мың оқырманы бар едi. Сондықтан, ақын-жазушыларды уысынан шығармай ұстады. Екiншiден, оларға ерiк бере бiлдi. Үшiншiден, олардың жағдайын жасады. Кеңес дәуiрi қазақтың да, орыстың да әдебиетiнiң ең бiр шырқау биiкке шығарған кезеңi болды. Қазақ әдебиетi үшiн, әсiресе проза үшiн Кеңес үкiметi алтын ғасыр болды. Қаласаң да, қаламасаң да?

– Бүгiнгi қоғам кешегi үкiмет сияқты, неге әдебиеттi немесе әдебиетшiнi идеологияның қаруы етiп пайдаланғысы келмейдi?

– Өйткенi, идеологиялық қару ретiнде көркем әдебиет тым кеш тарайды. Өмiр –калейдоскоп. Күнде өзгерiп жатқан әлем. Ал, жазушының романындағы оқиға жазылып, ол оқушыға әсер етемiн дегенше, саяси платформалардың өзi өзгерiп кетуi мүмкiн. БАҚ -қа баса назар аударылып жатқандығы да сондықтан. Ал, менiң бүгiнгi қоғамды мақтап жазатын шығармамның өзi құрығанда алты айдан кейiн бiтедi ғой. Ол шығып, екi мың таралыммен оқушыға жетем дегенше, ол қоғамның алдына қойған тактикасы өзгерiп кетедi. Жалпы, тәуелсiздiгiңдi мақтай берген романды кiм оқиды? Онсыз да кiтаптар көп шығып жатыр ғой. Олар әдебиет пе? Әдебиеттiң атмосферасын былғау. Әдебиеттiң экологиясын бұзу деген сөз. Оқушының талғамын бұзу. Онсыз да қай жағына шығарын бiлмей жүрген оқырманды адастыру деген сөз. Мұның бәрiн өтпелi кезең шығар деп ойлағым келедi. Бiрақ, бұрынғы заман қайтып келмейдi. Кеңес үкiметi сияқты келмеске кеттi. Қазiргi жұрт оқушы емес, көрерменге айналған.

– Дамыған мемлекеттердi қарасаңыз, жазушы кәсiпкерге, жазған шығармасы кәсiбiнiң көзiне айналған. Бiзде дәл осылай қалыптасуы мүмкiн бе?

– Мүмкiн емес. Оның бiрнеше себептерi бар. Бiз егемендiктiң алғашқы жылдарында осыны ойлағанбыз. Қазақстанда кiтапты бизнеске айналдыруға жеткенде ғана әдебиет сәл бұрынғы қалпына келер. Кiтап бизнеске айналмайды. Ондай психология қалыптасқанша, бiзге құрығанда отыз-қырық жылдай уақыт керек. Екiншi, әдебиеттi бизнеске айналдыратын бизнесмен бiзде әлi шыққан жоқ. Кiтаптан түсетiн пайда, ол өте ұсақ, инемен құдық қазғандай, тиыннан барып, жиналатын ақша. Бiздiң бизнесмендердiң оған шыдамы жетпейдi. Үшiншiден, бiздiң бизнесмендерiмiздiң бәрi де, оңай байығанды жақсы көредi. Ал, кiтаппен он-он бес жылда баю, ол аса шыдамдылықты қажет етедi. Төртiншiден, әдебиет бизнеске айналу үшiн, бiздiң халқымыздың саны, құрығанда, 20-30 миллионға жету керек. Сонда ғана бизнеске айналуы мүмкiн. Бiздегi халық бар-жоғы, сегiз миллион болса, оның кiтап оқиды-ау дегенi, 1 миллионға жетер-жетпес. Мiне, осыдан барып, әдебиет бәсекеге түсе алмайды. Қазiр жазып жүрген жазушылардың саны жиырма-отыздан аспайды.

– Неге? Жазушылар одағында жетi жүзге жуық жазушы бар емес пе?

– Жетi жүз жазушының көбi жай ғана мүше болып жүргендер. Соның көпшiлiгiн мен танымаймын. Соның iшiнде менiң құрдастарым да бар. Атын естiмегем. Көбiсi зейнеткерлiкке шығып барып, жазушы болды ғой. Онда да жергiлiктi тақырыпты жазып. Тiптi, кейбiрi өздерiнiң жерлестерi туралы жазатын болды. Руының шежiресiн зерттеп немесе кездейсоқ аудармалар жасап жазушы болғандар да бар. Олар әдебиеттiң домна пешiнде қайнамаған, әлi руда күйiнше қалып отыр. Олар бiртұтас метальға айналмаған. Жазушылардың көбейiп кеткендiгi сондықтан. Олар топ қана. Үлкен белгiлi бiр оқиғаларға байланысты, жазушылардың тiзiмiн жасайтын болсам, он адамнан артық келтiре алмаймын. Егер сендер тауып жатсаңдар, құба-құп. Бiздiң буындардың өзi соңғы буын сияқты көрiнедi маған. Осылар кеткеннен кейiн тып-тыныш болатын сияқты қауiп бар менде. Ары қарай, мүлгiген тыныштық. Содан кейiн, бұл қоғам жайбарақат өмiр сүредi. Айқай-шуды көтеретiн адам болмайды. Жалпы, әдебиет керек болатын болса, онда шындық осы. Тiптi, қазiр газеттердiң өзi әдебиеттiң мәселесiне көбiрек көңiл бөлмейтiн болып алған. Өйткенi, айтатын нәрсең бiреу-ақ. Бiздiң қоғамымыздағы көптеген құндылықтар күннен-күнге жоғалып, қызыл кiтапқа енiп бара жатқан сияқты. Кейде әдебиеттiң тағдырынан гөрi, сол қасиеттiң жоғалып бара жатқандығы қабырғамды қаусатады. Әдебиеттi бүгiн оқымаса, ертең оқиды. Адамзаттың осы уақытқа дейiн жасаған жалпы қазынасының өзi-ақ, менiң қазақ халқыма жететiн сияқты. Соның iшiнен өздерi-ақ, жақсысын таңдап алады. Әр кезеңнiң өзiнiң өз жазушысы, ақыны болатын шығар. Сонымен, қанағат тұтып өмiр сүруiне болады. Ал, бiз көптеген ұлттық қасиеттерiмiзден айрылып барамыз. Соның бiрi –имандылық. Адамды адам етiп, қоғамды қоғам етiп ұстап тұратын арқау, ол –имандылық. Өмiрдi өрмек дейтiн болсақ, имандылық сол өрмектiң қайта-қайта айналдырып отыратын арқауы. Арқау болмаса, өрмек қалай тоқылады. Сол имандылық – адамдардың кiсiлiгi едi, азаматтығы едi, қарызы едi, парызы едi. Сол қарызың да, парызың да ұмытылып барады.

– Оған не себеп?

– Оған себеп – мына капиталистiк кезең, дүниеқуған заман. Қай заманда көрiп едiк, әкесi мен баласының соттасып жатқанын. Қай заманда көрiп едiк, атасының жанында келiннiң жартылай жалаңаш отырғандығын. Атасыменен көңiлдес болған заманды қай уақытта көрiп едiк? Мұхтар Әуезовтың «Абай» романындағы «Қодар мен Қамқа» ненiң көрiнiсi едi? Сол арқаудың үзiлiп кетпеуiнiң көрiнiсi емес пе? Адамгершiлiктi сақтай бiлу едi. Қырық руға тас лақтырып, имансыздықты апанға лақтырып едiк қой. Қазақтың баласын шет елге сатқанды қашан көрiп едiк?! Оң босағада отырып, қыздың екiқабат болып, баласын көшеге тастап кеткенiн қашан көрiп едiк?! Мейiрiмсiздiк, қатiгездiк белең алып барады. Ағайын мен ағайынның арасындағы адамгершiлiк дорбаға қатысты болып қалды бүгiнде.

– Елге төрелiк айтатын, билiк жасайтын ауылдың ақсақалдары едi ғой, бiр кезде. Қазiр ақсақалдан да қадiр кеткен сияқты…

– Ол жөнiнде де айтқанмын кезiнде. Ақсақалдық қажет болмай қалды. Өйткенi, ақсақалды қажет ететiн орта жоқ. Мен көп бiлем, үйрете алам. Бiрақ, менiң ақылыма зәру болып жатқан кiм бар?! Қай жаққа барсаң да, кимелеп, «осылай» дешi, бiреу тыңдар ма екен. Әркiм өзiнше ақылды. Қоғам да, мемлекет те адамы сияқты өзiм бiлемге құмар. Iшкi саясатын да, сыртқы саясатын да билiк өзi жасай алады. Оған ешкiм араласпайды. Бiрақ, анда-санда да пiкiр айтып тұрған дұрыс шығар. Шеттен шығып бара жатқан кезiнде ғана тiзгiндi тартып қалады -дағы, бiр жөнге салған болады. Қазiр көптi көрген, көптi көңiлге түйген азаматтың қоғамға қажетi жоқ. Олар онсызда ақылды. Жалпы, ақсүйек, бiлiмдi адам о баста да қоғамға кесiрiн тигiзген. Бiрақ, ақылын алатын. «Есектiң етi – арам, күшi – адал» деген сияқты, өзiнiң керегi жоқ, бiрақ, ақылын тыңдамаған болып отырып, қабылдайтын.

Дүниежүзiлiк сауда ұйымына қатысамыз деп жатырмыз ғой. Соған әр мемлекет тауар арқалап бара жатыр. Ал, бiз қандай тауар апаруымыз керек. Бiзде оған апаратын тауар жоқ. Көп болса, үлкен ханбазардың сыртында пiсте, сондай-ақ, ұсақ-түйек сататын адамдар ғана жүруi мүмкiн. Оның сататын тауары анандай болса, оны сатып алушылардың түрi де сондай болмай ма? Үлкен саудаға алып баратын қандай шығармалар болуы мүмкiн? Бұрын менiң уайымым әдебиетке қатысты болатын едi, қазiр одан да биiктеп кеттi. Басқа деңгейге көтерiлдi. Жалпы, адамзат бәлкiм әдебиетсiз-ақ өмiр сүретiн қоғамға келген шығар. Шет елдiң жазушылары өз күндерiн өздерi көредi дейдi. Мен де өз күнiмдi өзiм көрер едiм, егерде бiздiң елiмiзде Америкадағыдай үш жүз елу миллион халық болса, барлығы бiрдей бiр тiлде сөйлесе. Бiз он миллионбыз, оның жартысы жарытып қазақша бiлмейдi.

«ОРЫС ҚОРЫҚҚАНДА, БIЗ НЕГЕ ҚОРЫҚПАЙМЫЗ?!»

– Аға, бiзде Мемлекеттiк тiлдiң жыры қашан бiтедi?

– Тiлдiң жыры бiтпейдi. Қашан мемлекеттiң басшылары түгел қазақша сөйлейдi, қашан мемлекеттiң кез келген қызметкерiне мемлекеттiк тiлдi бiлу жүктеледi, сол кезде ғана тiлдiң жыры бiтедi. Орысша газеттердiң бiрiне «Мы слишком хорошо знаем русский язык» деп жауап берiп едiм. Орысшаны жақсы меңгермеген болсақ, сол кезде басқалар амал-жоқ, қазақша сөйлейтiн едi. Орыстар басқа жаққа барғанда солардың тiлiн үйренедi. Өйткенi, өмiр сүруi керек. Ал, бiзде мүлдем басқаша. Кез келгендi қабылдай беремiз. Дарханбыз. Сондықтан, бiзде ұлттық мәселе, ылғи да екiншi-үшiншi кезекке шығып қалады. Сенсеңiз, қазiр менiң уайымым тiлден де басқа.

– Ол қандай уайым?

– Ол – жаһандану. Глобализация сенi сүйек-саяғыңмен жұтып құяды. Сен Гүлзинасың ба, әлде Дмитрийсiң бе, оған бәрiбiр. Ол алып машина. Соның iшiнде сегiз миллион халқыңды таппай қаласың. Оның қай тiлде сөйлеу керектiгiнiң қажетi болмай қалады. Құдайдың құдiретi, бiз соған талпынамыз. ДСҰ-ға өтуге мақсат қоямыз. Ресей неге соған мақсат қоймайды. 12 миллион халық тұратын Мәскеудiң мэрi Лужков осыған қарсы. Жаһандануға да, ДСҰ-ға кiруге де. Орыс қорыққанда, бiз неге қорықпаймыз?! Оның ар жағында не барын, бiздегiлер неге аңғармайды. Елу елдiң қатарына қосыламыз деп жатыр ғой. Керек болса, елуiншi емес, бiрiншi-ақ болайық. Бiрақ, оған дайындық қайда? Елу деген жақсы. Бiрақ, оған немен барамыз? Осыған жауап берген ешкiм жоқ. Бiр газеттен оқымайсың. Көптеген қазақ газеттерiн оқымайтыным, өзектi мәселелердi айналып кетiп жатады. Оның орнына, ауыл арасындағы әңгiмелерге кетiп қаламыз. Бiз неге ДСҰ-ға кiруге талпынамыз? Үш-төрт нөмiрге кететiн дискуссия. Мамандар, ойшыл адамдардың пiкiрiн беру керек. Дүниежүзiлiк экономикалық интеграцияның Қазақстанға пайдалы жағы бар ма, жоқ па? Содан кейiн, Баку-Жейхан. Қазақ ұлтының тәуелсiздiгiн қалыптастыруға дәл осының тигiзер пайдасы бар ма? Ара-жiгiн ажыратып, жазу керек. Ресеймен бiздiң ежелден тарихымыз бар. Қытаймен де жоқ емес. Неге Ресейшiл боп барамыз. Айына неге бiр рет кездесемiз?! Путиннiң халыққа жолдауына Немцов қарсы болды. Ол туралы «Известия» газетi жазды. Немцов: «Путиннiң демографияға байланысты жасап отырған саясаты саясат емес»,– дедi. Путин әр балаға үш мың рубль беремiз дедi. Оны кiм туады? Оны Немцов дәлелдеп бердi. «Үш мың рубль үшiн туатындар өте төменгi сатыда жүрген, кедейшiлiктiң тұсауында жүрген адамдар. Олар арақ iшетiндер. Оларға үш мың жетедi. Егерде үш бала туса, 9 мың рубль алқаштарға толық жетедi. Бiз болашақ алқаштардың санын көбейтемiз. Олар сол ақшаны балаға жұмсамайды. Ол ақшаға арақ iшедi. Сондықтан, мен Путиннiң бұл саясатына қосылмаймын. Ресейдiң болашағын ойлайтын болсақ, басқа жағынан келуiмiз керек. Ол ортаңғы қабат деген бар. Ол оқыған саналы, бiлiмдi топ. Олар олиграхтар емес. Олар мемлекетке салық төлейтiн кәсiпкерлер, шаруашылықтың басында жүрген фермерлер. Бiз солардан салық алмайық, оларға ақша берудiң де қажетi жоқ. «Сендер бала туатын болсаңдар, мемлекетке төлейтiн салықты алмаймыз» деу керек. Сонда орта топтағы балалар дүниеге келедi. Мiне, солар Ресейдiң келешегi» деп тура айтты.

Бiз қазiр төрт полигон ашып жатырмыз. Төрт полигон деген не? Мәңгi тәуелдi мемлекет болу деген сөз. Жақында Грузия айғай салып қуанып, той жасады. 2009 жылы Ресейдiң ең соңғы батальоны Грузияның жерiн тастап шығады. Сол құжатқа қол қойған соң, Тбилисиде үлкен той жасап, «Екi жүз жылдық арманымыз орындалады» деп қуанып жатты. Ал, бiз керiсiнше, полигон ашып жатырмыз. Содан алатын табысымыз 25 миллион доллар ғана. Әр гектарына екi доллар деген сөз. Не деген сұмдық? «Қазақстан» қонақ үйiнiң жылдық арендасынан түсетiн ақша. Бұл не? Оның экологиялық зиянын тигiзетiнi бiр басқа, ол зона. Онда қанша дивизия тұр. Мiне, осыған үн қататын азаматтар бар ма, жоқ па? Тiл деген жақсы. Бiз ертең осы күнiмiзге зар болып қаламыз ғой. Окопта жатқан екi солдат, бiреуi орыс, бiреуi қазақ. Егер Ресеймен қақтығыс бола қалса, орыс орысқа оқ атады деп ойлайсыз ба? Ол керiсiнше, қасындағы қазаққа оқ атпай ма? Осындай нәрселердiң бәрi ойлы адамға қалай ұйқы бередi?! Ұлан-ғайыр жерге ие болу үшiн 67 миллион болуымыз керек екен. Тым болмаса, отызға жеткiзе алмай отырмыз.

– Қазақтың санын жиырма млн.-ға жеткiземiз деп тырысып жатқан жоқпыз ба?

– Бiз мал емеспiз ғой. Қазақтың санын бiз неге ауызша айтамыз? Бала туған қазаққа ғана ақша берiп қойсақ, басқалардың ренiшiн тудырып алмаймыз ба? Жалпы заң жасайтын болсақ, онда қазақтар тумайды да, басқа ұлттар көбейедi. Олар жан-жақтан ағайын-тумаларын шақыртып алады. Сосын сырттан келгендердi құшақ жая қарсы аламыз да, бас-басына пәтер беремiз. Пәтерсiз жүрген өзге ұлттың өкiлiн көрдiңiз бе? Бiздiң қаракөздерiмiздiң бәрi пәтер жалдап жүредi. Сол үшiн не iстеу керек? Сол үшiн ауыл тұрмысын көтеруiмiз керек. Әр туылған балаға белгiленген мөлшерде қаржы бөлiнiп, ол тұжырымдама «ауыл-село еңбеккерлерiнiң хал-ахуалын көтеру» деген мемлекеттiк Бағдарлама шеңберiне енгiзiлуi керек. Бәлкiм, сонда ғана қазақтың санын көбейтуге әсер ете алармыз. Ауылға баратындар табылады. Жас отбасылар да ауылға баратын едi. Бәрiмiз де ауылдан шықтық қой. Ақыры көркейтедi екенбiз, ауылдың жағдайын қаламен бiрдей қылу керек. Сол кезде ғана қазақтың саны көбеюi мүмкiн. Кеңес үкiметiнде қойдың санын 50 миллионға жеткiземiз деген болған. Содан не шықты? Бәрiбiр 35-ке барып тұрып алды. 20 млн.ға қалай жеткiземiз, соның технологиясы болу керек.

– Мүмкiн, жан-жақтағы қазақтардың барлығын көшiрiп әкелу керек шығар..

– Көшiрiп әкелгенмен болмайды. Көшiрiп әкелгеннiң өзiнде, 20-млн.ға жуық арада жете алмаймыз. Дүниежүзiндегi қазақтарды әкелу деген де күлкiлi жағдай. Олардың бәрiн бiрдей алып келе алмайсың. Осы там-тұмдап алып келгендердiң өзi топалаңға түсiп жатыр. Үйiн-жерiн ала алмай сандалып жүр. Сосын, ұлттың менталитетi деген болады. Бiздiң шеттен келген қазақтардың менталитетi жергiлiктi қазақтардың менталитетiне ұқсамайды. Олардың ренжитiнi де, қуанатыны да бiр басқа. Олардың психологиясы да бiрден өзгере қоймайды. Тiптi, бiр облыстан, екiншi облысқа көшiп барған адамдарымыздың өзiнiң сiңiсуi үшiн бiраз уақыт өтпей ме? Ал қазiргi көшiп келiп жатқан Қытайдан келгендердiң психологиясы бiр басқа, Моңғолиядан келгендердiң психологиясы бiр басқа. Олардың жергiлiктi халықпен сiңiсiп кетуi үшiн әлi талай жыл керек.

– Ұлттық құндылықтарын жоғалтпаған, демократиясы тұрақтанған, берiк қазақ мемлекетiн қалыптастыру үшiн не қажет деп ойлайсыз?

– Жалпы, дүниежүзiнде ұлттық құндылықтарын түгел сақтаған, демократиясын жолға қойып алған мемлекет бар ма екен, осыдан бастайықшы. Ал, Қазақстан сол жолдың басында. Демократия дегеннiң өзiн бiз әлi толық түсiнiп болған жоқпыз. Ұлттық құндылық дегеннiң өзiн түбiн әлi қазып бiткен жоқпыз. Әсiресе, қазақ үшiн ұлттық құндылық тек қана тарих па?! Тек қана мәдени мұралар ма, тек қана салт-дәстүр, бабалар жыры ма? Ұлттық құндылықтың көрiнiсi, бiрiншiден, ұлттың сақталып қалуы. Содан кейiн барып, қазыналары, байлықтары. Оның iшiне өзiне тән қасиеттiң бәрi кiредi. Сөйлеу мәнерi, менталитетi кiредi. Ұлттық құндылықтарды құрайтын нәрселерге тиiп-қашып қана, анда-санда есiме түседi. Онда да саяси науқанға айналдырамыз. Сонымен бiттi деп қоя саламыз. Мәселен, «Ауыл жылына» үш жыл арнаймыз немесе «Мәдени мұраға» үш жыл арнаймыз. Тiптi болмаса, көркем фильмдердiң апталығын өткiземiз. Жалпы, бiз не үшiн өнiм өндiремiз немесе не үшiн халықтың әл-аухатын көтеремiз? Әлемдiк көште, дүниауи жанталаста бәрiнен айрылып қалатын қауiп-қатер бар ма? Бар. Мiне, сондықтан, қазiр қазақ ұлты өзiнiң ұлттық құндылығын жоғалтпау үшiн әрекет етiп жатыр. Демократия қалыптастыру үшiн әрекет етiп жатыр. Демократияның отаны сонау Ұлыбританияның өзiнде әлi күнге шейiн апыл-тапыл аяғын басып келе жатыр. Жалпы, ол елдерде демократияның қалыптасқан уақыты ХХ ғасырдың басы. Қазiр дүниежүзiнiң өзiнде демократия сөз жүзiнде бар-дағы , iс жүзiнде орындалмай жатыр. «Өлiм жазасын тоқтатыңдар!»,– деп бiр американдық келiп кетедi. «Партиялардың азаматтық қоғамды орнатудағы ролi қандай?» деп екiншi бiр американдық келiп кетедi. Өздерiндегi демократияның жағдайына қарамайды. Демократия, адам құқығы, азаматтық қоғам орнату, экология, осылардың бәрi де басқа елдерге әсер ету үшiн елдiң iшкi тiрлiгiне әсер ету үшiн керектi категориялар. Әйтпесе, бiздiң елдегi демократия олардың қабырғасын қайыстыратындай, олардың туған нағашысы немесе жиенi ме едiк. Қайтсе, бiздiң iшкi тiрлiгiмiзге араласудың амалын қарастыруды ойлайды. «Өлiм жазасын тоқтатыңыздар, мораторий жариялаңдар!» деп қояды да, өздерiнде екi адамды атып келiп отыр. Соттың шешiмiмен. Бiздер неге тоқтатуымыз керек? Сондықтан, демократияның өзi салыстырмалы түрде болып келе жатыр. Бұрын демократия көбiрек қалыптасқан болатын. Әсiресе, соғыстан кейiнгi жылдары демократия батыс елдерiнде жақсы қалыптасты. Қазақстан демократиясы қалыптасқан, ұлттық құндылықтарын түгел сақтаған ел болу үшiн қанша жыл керек екенiн бiлмеймiн. Тым болмаса осы уақытымызды жоғалтып алмасақ деп ойлаймын. Бiрақ, соған кейде мән бермеймiз-дағы, соны ұранға айналдырып жiберемiз. Бұл ұранға айналмай, мемлекеттiң күнделiктi тiршiлiгiне айналу керек. Мәдениетi мен әдебиетiн, ұлттық құндылықтарын сақтау, соны келешек ұрпаққа қалдыру, үш-төрт үлкен тармақтардан тұратын категориялар. «Намазды төрт рет оқыдым ғой, бесiншi рет оқымай-ақ қояйын» десек, намаз бұзылмай ма? Сол сияқты, бiз де осылардың бiреуiн де жоғалтпай, сақатуымыз керек.

Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАСОВА

Серіктес жаңалықтары