«МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛ» ҚОЗҒАЛЫСЫ МИТИНГ ӨТКIЗДI

«МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛ» ҚОЗҒАЛЫСЫ МИТИНГ ӨТКIЗДI

«МЕМЛЕКЕТТIК ТIЛ» ҚОЗҒАЛЫСЫ МИТИНГ ӨТКIЗДI
ашық дереккөзі
275

Таяуда «Мемлекеттiк тiл» қозғалысының бастамасымен Астанада тұңғыш рет қазақ тiлiнiң мәселелерiне арналған митинг өттi. Митингiге зиялы қауым өкiлдерi мен жергiлiктi тұрғындар қатысты.

Мемлекеттiк тiл жағдайы әсiресе солтүстiк аймақта көңiл көншiтерлiктей жағдайда емес. Бұл орайда «Мемлекеттiк тiл» қозғалысының бастамасымен Елордада митинг өтiп, артынша митингiге қатысушылар тарапынан мәлiмдеме қабылданды. Аталған мәлiмдемеге қоғам қайраткерлерi, ғалымдар мен басқа да тiл жанашырлары қол қойып, онда өз талаптарын көрсеткен едi. Атап айтсақ, тiл жанашырлары ҚР-сы Ата Заңының 7-бабындағы «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттiк тiл – қазақ тiлi» деген тармағын ғана қалдырып, «Мемлекеттiк ұйымдарда және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында орыс тiлi ресми түрде қазақ тiлiмен тең қолданылады» деген 2-шi тармағын алып тастау керек» дейдi. Бұл орайда тiл жанашырлары халықаралық тәжiрибенi алға тарта отырып: «Ғылыми тұрғыдан және халықаралық тәжiрибе бойынша мемлекеттiк тiл және ресми тiл бiр мағына бередi» – дейдi.

Сол сияқты қозғалыс мүшелерi «ҚР-сы Тiлдер туралы» Заңның жаңа редакциясын жасап, оның жаңа нұсқасын сараптауға Парламентпен бiрге қоғамдық ұйымдардың да қатысу қажеттiгiн баса айтады. Мұнымен қоса Тiл комитетiнiң дербес Агенттiкке айналуын да талап етiп отыр.

Елордада қазақтiлдi бала-бақшалар мен мектептер де аз көрiнедi. Тiл жанашырлары Елордада жаппай қазақ тiлiнде тәрбиелеп, оқытатын балабақшалар мен мектептердiң көптеп ашылуын да мәлiмдемеде қамтыған.

Бүгiнде өзге де посткеңестiк елдерде жергiлiктi халықтың тiлiнде сөйлейтiн қоғамдық телеарналар жұмыс iстейдi. «Мемлекеттiк тiл» қозғалысының мүшелерi: «Бұрынғы Кеңес Одағының құрамынан шыққан тәуелсiз елдер сияқты Қазақстанда да таза мемлекеттiк тiлде жүретiн дербес ұлттық қоғамдық телеарна және радио арнасы ашылуы тиiс» – дейдi.

Мұнымен қоса қозғалыс мүшелерi: «Мемлекеттiк тiлдiң жанашылары мен қазақ тiлiнiң мәселесiн көтерген күрескерлердi қудалау тоқтатылсын. Керiсiнше мемлекеттiк тiл – қазақ тiлiне қарсы шыққан космополиттiк тұрғысындағы азаматтар билiк тарапынан тәртiпке шақырылсын. Сондықтан Астанадағы № 48 мектепке орыстiлдi ақын Олжас Сүлейменовтiң аты берiлмесiн. Одан да сол мектепке батыр бабамыз – Олжабайдың аты берiлсiн. Сонда қазақ рухы көтерiледi» – деген ойда.

Тiл мәселесiнiң шешiлуiн 17 жыл бойы күте-күте шаршаған ұлт патриоттары: «Бұдан әрi Үкiметтiң қазақ тiлiн мемлекеттiк тiл дәрежесiнде дамытуға қауқары жетпейтiн болса, онда халық, қоғамдық ұйымдар ұлттық тiлдiң тағдырын өз қолына алуы керек» – дейдi.

Кәмшат ТАСБОЛАТОВА

Серіктес жаңалықтары