ЕВРЕЙЛЕР МЕН АРАБТАР АРАСЫНДАҒЫ ЖЕР ДАУЫ ҚАШАН ШЕШIЛМЕК?

ЕВРЕЙЛЕР МЕН АРАБТАР АРАСЫНДАҒЫ ЖЕР ДАУЫ ҚАШАН ШЕШIЛМЕК?

ЕВРЕЙЛЕР МЕН АРАБТАР АРАСЫНДАҒЫ ЖЕР ДАУЫ ҚАШАН ШЕШIЛМЕК?
ашық дереккөзі
338

СЫҢАРЖАҚ ШЕШIМ

Түркияға ресми iссапармен келген Израиль Сыртқы iстер министрi Ципи Ливни екiжақты қарым-қатынаспен бiрге ирандық ядролық бағдарлама мәселесiн де талқыға салды. Сондай-ақ, Палестина автономиясындағы парламенттiк сайлаудан соң ХАМАС қозғалысының Саяси бюро жетекшiсi Халед Машаалға Түркияға келуге рұхсат берген түрiктерге наз артуды да ұмытқан жоқ. Ал америкалық конгресмендер алдында сөз сөйлеген израильдiк үкiмет басшысы Эхуд Ольмерт Израильге қолдау көрсетiп отырған Америкаға алғысын бiлдiре келе, өз елiнiң «АҚШ артқан үмiттi ақтайтынын» айтты: «Бiз Израиль мемлекетi құрылғалы берi бейбiт өмiр үшiн күрес жүргiзiп келемiз. Қазiр Израиль лаңкестiкпен күресуде. Бiз жалғыз емеспiз. АҚШ, Еуропа мен басқа да демократиялық елдер бiзбен бiрге. Сондықтан лаңкестiкке берiспеймiз. Кез келген демократия өзi мен өз құндылықтарын қорғауы керек». Осылайша ағынан жарылған Ольмерт палестиналық билiк басындағылар қазiргi заңдық күшi бар палестиналық-израильдiк келiсiмдi сақтаса және Израиль мемлекетiн тәуелсiз мемлекет ретiнде мойындаса, олармен келiссөздер жүргiзуге дайын екендiктерiн мәлiмдей келе, «Егер палестиналықтар дайын болмаса, бiз оларды күтпей-ақ, алға жылжи беремiз» дедi. Негiзi «алға жылжу» сөзiнiң астарында бiржақты израильдiк жоспар жатыр: еврейлер 2010 жылға қарай Иордан өзенiнiң сол жағалауындағы ел қоныстанған аумақты толық қамти отырып, Израильдiң шекарасын анықтауды көздейдi. «Палестина аумағындағы израильдiктер өмiр сүрiп отырған жерлердiң негiзгi орталықтары Израильге өткенде ғана шекара қауiпсiздiгi қамтамасыз етiлмек. Ал палестиналықтар Израильмен аулы аралас, қойы қоралас жатқан өз мемлекетiн құруға мүмкiндiк алады» деген Ольмерт «қой үстiне бозторғай жұмыртқалаған» бейбiт заманға алдағы 3-4 жыл iшiнде қол жеткiземiз деп үмiттенiп отыр. Премьердiң бұл ойын «батыл бастама» деп бағалаған Буш палестиналық-израильдiк келiссөздердi жаңғырту мүмкiн болмаған жағдайда Ольмерттiң бiржақты жоспары аймақтық тұрақтылық пен бейбiт өмiрдi қалыптастыру жолында маңызды қадамға айналуы мүмкiн екендiгiн айтты. Осыдан екi жыл бұрын экс-премьер Ариэль Шаронға хат жазған Буш: «1949 жылғы «келiсiм сызығын» толық қалыптастыру – ақылға сыймайтын iс» деген болатын. Қолтығына су бүрiккен Ақ Үй қожайынына Ольмерт те қарыздар боп қалмады, қолдау көрсеткенi үшiн АҚШ-қа, айрықша Бушқа ризашылық бiлдiре келе, ирандық мәселеде де қатаң талаптарға сүйенген Вашингтонды мақтады: «Иран лаңкестiктi жақтайды. Иранда адам құқығы аяққа тапталуда. Атомдық қаруды иеленуге тырысқан Иран – бүкiл әлемге төнген қауiп. Оған жол беруге болмайды».

МЕҢIРЕУ ҚАБЫРҒА. ӘСКЕРИ КҮШ. ҚОҚАН-ЛОҚҚЫ

Палестина автономиясындағы (ПА) үкiмет пен парламенттiң тiзгiнiн қолына алған ХАМАС көсемдерi Палестиналық ұлттық әкiмшiлiк басшысы Махмуд Аббастың қаржыны бақылауда ұстауына және Палестинаны азат ету ұйымы арқылы Израильмен келiссөздер жүргiзуге қарсы еместiктерiн мәлiмдедi. Еуропалық Одақ пен АҚШ ХАМАС-ты лаңкестiк ұйым деп есептейтiндiктен, ПА шет елдерден келетiн қаржылай көмектен қағылып отыр. ХАМАС мүшелерiнiң қаржыны Аббасқа сенiп тапсыруына осы себеп болған. Саяси келiссөздердi Аббастың мойнына артқан ХАМАС келiссөздер нәтижесiн рефрендумға шығаруды талап етуде. Олардың бұл талабын қанағаттандыруға Аббас та кетәрi емес. Жуырда ғана Израильге таяушығыстық дауды Палестинаны азат ету ұйымы (ПАҰ) арқылы жүйелеуге ұсыныс жасаған Аббас келiссөз нәтижесiн референдумға шығаруға уәде берген едi (ПАҰ-ны әлемнiң бiрқатар елдерi Палестина халқының халықаралық сахнадағы мүддесiн қорғаушы ұйым ретiнде әлдеқашан мойындаған. Оның құрамында ХАМАС-тан басқа саяси күштердiң көптеген мүшелерi бар). Египеттiң Шарм әш-Шейх қаласында өткен Давостық экономикалық форумның таяушығыстық сессиясында сөз сөйлеген Аббас: «ХАМАС пен Палестина үкiметi келiссөздерге қарсы емес және кедергi жасамайды» дедi. Апта басында арабиялық «Аш-Шарк әл-Аусат» газетi Таяу Шығыстағы бейбiтшiлiктi қамтамасыз ету, Израиль мен Палестина арасындағы келiссөздердi жаңғырту мақсатында Ольмерт пен Аббастың Египет президентi Хосни Мүбаракпен кездесетiнiн хабарлаған. Алайда палестиналық ресми өкiл Рафик Хүсейн ПАҰ басшысының бұл кездесуден хабарсыз екенiн мәлiмдедi. Ал Египет ФАТХ пен ХАМАС жақтастары арасындағы қарулы қақтығыстардың алдын алу үшiн өз әскерiн Газа секторына орналастыруға әзiр екенiн айтып отыр. Каирдiң бұл ұсынысын Махмуд Аббас пен палестиналық үкiмет басшысы Исмаил Хания қуана құптады. Екi тарапты келiссөзге тарта алмай жатқанда, еврейлер жақтан тағы да ши шығып кетуi бек мүмкiн: Израильдiң Қорғаныс министрлiгi Иордан өзенiнiң сол жағалауында орналасқан 4 еврей елдi мекенiн кеңейту туралы шешiм қабылдаған болатын. Алайда жаңадан тағайындалған Қорғаныс министрi Амир Перец экс-министр Шауль Мофаздың бұл шешiмiн қайта қарауды ұйғарыпты. Өйткенi, «Жол картасы» деп аталатын халықаралық жоспарға елдi мекендердiң кеңейтудiң кесiрi тиюi мүмкiн.

Өткен жексенбiде Ливни мен Аббас кездестi. Бұл ХАМАС жеңiске жеткен сайлаудан кейiнгi алғашқы маңызды басқосу болатын. Махмуд Аббас Ольмерт Вашингтоннан келгеннен кейiн онымен бетпе-бет жүздесудi жоспарлап отыр. Бiрақ CNN-ге берген сұхбатында Ольмерт Аббастың бүкiл халық атынан келiссөздер жүргiзе алатындығына күмән келтiрген едi: «Оның қолында билiк жоқ. Дәрменсiз. Тiптi, палестиналықтар арасындағы лаңкестiк белсендiлiктi ауыздықтауға күшi жетпей отыр. Өте маңызды да аса күрделi келiссөздерде палестиналық қоғамда пiкiр қайшылығын тудырған мәселелердi шешуге күшi жетпейдi». Ал Аббас болса, Израильдiң «Палестина тарапынан дауды шешуге мүдделi серiктес жоқ» деп қаққан дабылынан бас тартып, келiссөздерге бет бұратынына үмiт артты: «Тұрақты шекараны анықтау доқ көрсету арқылы емес, келiссөздер нәтижесiнде iске асырылмақ. Қауiпсiздiк пен бейбiтшiлiктi меңiреу тас қабырғалар мен әскери құралдар көмегiмен қамтамасыз етуге болмайды. Бұған тек ауқымды әрi әдiл саяси шешiмдер арқылы қол жеткiзуге болады».

ТАҚЫРЫПҚА ОРАЙ

Израильдiң бұрынғы премьер-министрi Ариэль Шарон Иерусалимдегi «Хадасс Эйн-Керем» емханасынан Тель-Авивтегi «Шеба» медициналық орталығына әкелiндi. Өйткенi, жыл сайын 2 миллионға жуық ауру қабылдайтын «Шеба» – Таяу Шығыстағы ең iрi медициналық орталық. 4 айдан берi ес-түссiз жатқан 78 жастағы экс-премьерге 4 рет шұғыл операция жасалған болатын. Өмiр мен өлiмнiң арасында арпалысқан Шаронның жағдайы қазiр бiрқалыпты. Бiрақ дәрiгерлер қауымы оның қашан ес жиятынын тап басып айта алмай отыр.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары