АБАЙ ЕСКЕРТКIШIН ҚОРЛАҒАН КIМ?

АБАЙ ЕСКЕРТКIШIН ҚОРЛАҒАН КIМ?

АБАЙ ЕСКЕРТКIШIН ҚОРЛАҒАН КIМ?
ашық дереккөзі
251

Ресей бiзге кезектi «сый-құрметiн» көрсеттi. Жақында ғана үлкен дүрмекпен ашылған Абайдың Мәскеудегi ескерткiшiн әлдекiмдердiң қызыл бояумен бояп кеткенiн жазбаған басылым қалмады. Елдiң Сыртқы Iстер министрлiгi бұл инцидентке өте ұстамдылық танытатын түрi бар. Ал бiз хабарласқан халық қалаулыларының ойы өзгеше.

Амангелдi ТАСПИХОВ,

Мәжiлiс депутаты:

– Бұл дегенiмiз Ресейде бiзге деген жағымсыз көзқарас ұстайтын адамдардың жеткiлiктi екендiгiн көрсеттi. Намысымызға тию үшiн солай әдейi iстеп отыр ғой. Өзiмiзге көктен қарайтын империялардың алдында бас бұғып, төмен қарап жүретiн мiнезiмiз бар. Бұл өте қате. Сыртқы iстер министрлiгi өз наразылығын бiлдiруi керек. Не болған күнде де үндемей қалмауымыз керек. Ол елдiң мұндай саясатымен келiспейтiндiгiмiздi, бiз оларға қандай құрметпен қарасақ, олардың да бiзге солай қарауын талап етуiмiз қажет.

Бiзде Пушкиннiң ескерткiшiн бояу немесе тағы бiрдеме жасау ешкiмнiң ойына да кiрiп шықпас едi. Ресейдiң алдында елпеңдей берудiң қажетi жоқ.

Владимир НЕХОРОШЕВ,

Мәжiлiс депутаты:

– Өте өкiнiштi жағдай. Дәл сол Чистопрудный бульварында скинхедтердiң жиi жиналатынын естiгем. Тiптi, солар бiр нәрсенi бүлдiрмесе екен деген қауiп айтқанмын. Абай ескерткiшiнiң ашылуына өзiм де бардым ғой. Скинхедтер наркотиктiң әсерiнде жүредi. Мен оларды өз көзiммен көргенмiн. Ескерткiштi қорғайтын қажеттi күзет болуы керек деп айтып едiм. Бiрақ, бұл Қазақстанға деген қатынас емес шығар. Скинхедтер өстiп, қасиеттi жерлердi бүлдiруге дайын тұратын адамдар.

Михаил ТРОШИХИН,

Мәжiлiс депутаты:

– Мәскеуде мәдениетсiз адамдар жеткiлiктi. Олардың iшiнде өз мемлекетiн, билiгiн, арын мен намысын сыйламайтындар да баршылық. Бұл жайт олардың өз тарихын, бiздiң ортақ тарихымызды, бiздiң Ұлы Абайымызды бiлмейтiндiктен, сыйламайтындықтан орын алған. Оларға Абайдың кiм екенiн бiлген артықтық етпес едi. Пушкиндi қазақтарға ең бiрiншi аударған бiздiң рухани әкемiздiң ескерткiшiн қорлағандар Қазақстан мен Ресейдiң арасында қасақана қара мысық жүгiртпекшi. Мұны жасап отырған Ресейдiң досы емес жауы. Мәскеу мэрi Лужков Қазақстанды сылайтын бiздiң ұлттық құндылықтарымызды, салт-дәстүрiмiздi сыйлайтын адам. Ол қажеттi шараларды тез арада қолға алады деп ойлаймын.

Абай екi елдiң арасындағы достық символы iспеттес. Оның ескерткiшiн қорлағандарға аса қатаң жаза қолдану керек. Путиннiң осындай мәселелерге жәйбарақат қарайтынын түсiнбеймiн. Бiздiң Сыртқы iстер министрлiгi Ресейдiң Сыртқы iстер министрлiгiне қарсылық нотасын жiберуi керек. Бұл қалыпты дипломатиялық қадам. Оң бетiңнен ұрса, сол бетiңдi тосып отыруға болмайды. Өз мүддемiздi қорғай бiлуiмiз керек.

Ал Сыртқы iстер министрлiгiнiң арнайы өкiлi Ержан Ашықбаев «бұл жағдай екi жақты қарым-қатынастарға еш әсер етпейдi. Мұндай акциялар Ресей Федерациясы халқының немесе басшылығының көзқарасын бiлдiрмейдi» дейдi.

Гүлнәр Мұқанова

Серіктес жаңалықтары