АТОМ ӨНЕРКӘСIБI – ХХI ҒАСЫР БОЛАШАҒЫ
АТОМ ӨНЕРКӘСIБI – ХХI ҒАСЫР БОЛАШАҒЫ
«Қазатомпром» Ұлттық компаниясы дәл осы тақырыпта журналистерге арнап семинар өткiздi. Ондағы мақсат – тiлшi қауымға «Қазатомпром» Ұлттық компаниясының атомдық өнеркәсiбi мен қызметi жайында ақпарат беру.
Семинар ә дегеннен-ақ, баяндамалардан басталды. Семинарға ғалымдарымыз жан-жақтан жиналыпты. Ғалымдарымыздың көтерген тақырыбы, негiзiнен, уран өндiрiсiне байланысты өрбiдi. Яғни, «Ядролық отын циклi», «Уран өндiрiсi», «Отын таблеткаларының өндiрiсi» және «Атом энергетикасының экономикасы», «4-шi буынның атом станциялары», «Орташа және кiшi қуатты атом станциялары» туралы мағлұматтар берiлдi.
Көзге көрiнбейтiн, атын естiсек шошитын уран туралы бүгiнге дейiн ақпаратты БАҚ беттерiнен болмаса, көп бiле бермейтiнiмiз анық. Шындығында да, бүгiнге дейiн уран өндiрiсi тек қауiптi тұрғыдан ғана естiлетiндiгiн де ешкiм жоққа шығара алмас. Атом өнеркәсiбiнiң, яғни ядролық отынның ғылыми тұрғыдағы қажеттiлiгi көбiне ғалымдар үшiн дәлелдi нәрсе болса, қарапайым халық үшiн түсiнiксiздеу жайт. «Қазатомпром» Ұлттық компаниясының семинар өткiзудегi көздеген мақсаты да, БАҚ арқылы көпшiлiкке ұғынықты тiлде жеткiзу болса керек. Жан-жақты, құнды материалдармен, дәйектi тiлде сөйлеуге, көрсетуге тырысқан ғалымдарымыздың түсiндiруiне қарасақ, атом өнеркәсiбiнiң қазақ үшiн пайдасы да көп сияқты. Оның үстiне, атом өнеркәсiбi жөнiнен, яғни уран қорының көптiгi жөнiнен Қазақстан Канада мен Австралиядан кейiнгi үшiншi орында тұр екен. Ал, уранның өндiрiлуiнiң өзi үлкен процесс. «Уран өндiру әртүрлi тәсiлдермен, әдеттегiдей карьерлiк және ұлттық тәсiлдермен, сол сияқты озық жерасты скважиналық ерiту тәсiлiмен жүргiзiлуi мүмкiн. Бұдан бөлек, алтын, мыс, фосфор өндiрiстерiнде уран қосалқы өнiм ретiнде алынуы мүмкiн»,–дейдi уран өндiрiсi төңiрегiнде баяндама жасаған маркетинг мен стратегиялық жоспарлау директорының орынбасары Лев Шмелькин мырза. Сонымен қатар, ұйымдастырушылар атом энергетикасының экономикасы туралы мәлiметтердi Англиядан алдыртыпты.
Тағы бiр қызығы, семинардың соңына қарай, «Радиоактивтi қалдықтардың жерленуi» атты фильм көрсетiлдi. Фильмдi көрiп отырып, оның шет елдегi радиоактивтi қалдықтарды сақтайтын қоймалардың бiрi туралы түсiрiлгенiне көзiмiз жеттi. Қойма демекшi, Қазақстанда радиоактивтi қалдықтардың жерленуi туралы әңгiме қозғалып, оның бiраз дау тудырғанын көпшiлiк әлi ұмыта қойған жоқ.
Негiзiнен семинар барысында, баяндамашылар, ядролық отынның, яғни атом өнеркәсiбiнiң пайдалы жақтарын көбiрек түсiндiруге тырысты. Сондықтан, әзiрге атом энергетикасы туралы бiржақты пiкiр айтудан аулақпыз. Әрине, тақырып әлi де зерттеудi, зерделеудi қажет ететiндiктен, оның зияны жоқ па деген күдiк көкейде қалады екен.
Гүлзина Бектасова