ГУАНТАНАМО ТҮРМЕСIНДЕ – МҰСЫЛМАН БАЛАЛАРЫ

ГУАНТАНАМО ТҮРМЕСIНДЕ – МҰСЫЛМАН БАЛАЛАРЫ

ГУАНТАНАМО ТҮРМЕСIНДЕ – МҰСЫЛМАН БАЛАЛАРЫ
ашық дереккөзі
451

Кәмелетке толмаған балалар мен жасөспiрiмдердiң құқын қорғайтын халықаралық ұйымдар мен қабылданған конвенциялар жетiп-ақ артылады. Бiрақ әлi күнге дейiн адамзат бала тәрбиесiне, бала құқына толыққанды мән берiп жатыр деу әбестiк. Таяуда Гуантанамо тұтқындарының iшiнде кәмелетке толмаған жасөспiрiмдердiң бар екенi анықталды. Ересектер камерасына жабылып, американдық әскерилердiң қоқан-лоққысына тап болған 60-тан астам Гуантанамо тұтқыны түрмеге түскен кезiнде 18-ге де толмаған. Олардың кейбiрi – 14 жаста екен.

«БIЗ – СОҒЫС БАЛАЛАРЫМЫЗ»

Американың «жеңiл» қолымен Ауғанстандағы соғыс, одан кейiн Ирак соғысы басталғаннан берi Гуантанамо түрмесi төңiрегiнде дау-дамайлар толастар емес. Американ әскерилерiнiң қолға түскеннiң бәрiн түрмеге жауып, тұтқындарға зорлық-зомбылық көрсетiп жүргенi жайлы ақпарат талай рет халықаралық даулардың өзегiне айналды. Дәл осы түрмеде тұтқындарды тыр-жалаңаш шешiндiрiп, ұрып-соғып, сурет пен видеоға түсiрiп, олардың адами абыройына нұқсан келтiрген де – коалиция әскерилерi. Ең қиыны, ересек адам көтермейтiн қоқан-лоққыларды кәмелетке толмаған балалар да көрген болуы мүмкiн. Бұл мәлiметтi шетелдiк мамандар жоққа шығармайды.

Осыдан небары 14-15 жыл бұрын дүниеге шыр етiп келген балалар өздерiнiң «соғыс балалары» болатынын сездi ме дерсiз?! Ойы далада жүрген жасөспiрiмдер соғысқа қатысқысы келдi ме дерсiз? Бiрақ, амал нешiк, қатал тағдыр олардың маңдайына соғысты жазыпты. Олардың Америкадағы құрдастары бұл кезде ролик теуiп, соғысты тек қана компьютерлiк ойындардан ғана көрсе, Ирак, Ауғанстан, Шешенстан, т.б. елдердiң балалары соғысты өз көзiмен көрiп, мылтық кезенуге мәжбүр. Тiрi қалу үшiн… Ата-анасы, бауырлары үшiн кек алуға…

Мұхаммед әл-Гарани «әл-Қаеданың» 1998 жылы Лондонда ұйымдастырған акциясы үшiн Гуантанамо түрмесiнде отыр. Бiрақ ол кезде ол небары 12 жаста болған. Ойын баласы. Жасөспiрiм. Ата-аналарымен Сауд Арабиясында тұрып жатқан, бiрақ кейiн тағдыр тауқыметiнен Гуантанамоның тұтқындар жалғыз отыратын камерасына түскен. «әл-Қаеданың» мүшесi ретiнде 14 жасынан бастап түрмеде отыр. Шетелдiк мамандар жасөспiрiмдердiң ересек тұтқындар сияқты зорлық-зомбылыққа тап болғанын алға тартуда. Олардың iшiнде 14 жасар Мұхаммед де болуы мүмкiн…

Тағы бiр 15 жасар бала «әл-Қаеда» командирiнiң баласы болғаны үшiн 2002 жылы тұтқындалған. Құзырлы орындар оған «американ әскерiн гранатамен өлтiрдi» деп айып таққан. Британдық өкiлдер Гуантанамо түрмесiнде «Игуана» атты жасөспiрiмдерге арналған арнайы бөлiм барын алға тартады. Бiрақ АҚШ жағы онда кәмелетке толмаған небары 3 баланың қамауға алынғанын мойындап отыр. Үшеуi де – ауған балалары. Бiреуi – небары 13 жаста.

Бұл балалар Кубаның әлемге әйгiлi түрмесiнде 4 жылын өткiзген соң, өздерiнiң 18 жылдық «тойларын» түрме қабырғасында да өткiзген болар. Олардың кейбiрi бостандыққа шықты да. Бiрақ басты мәселе – олардың кезiнде жалпыға ортақ ересектер камерасында отырып, қиын жағдайға душар болуы. Жасөспiрiм тұтқындарға қатысты халықаралық ұстанымдар мен заңдылықтардың бұзылуы. Батыс ойлап тапқан «демократиялық құндылықтарды» Батыстың өзiнiң бұзуы.

Бүгiнде Вашингтондағы Қорғаныс министрлiгi кәмелетке толмаған тұтқындарға қатысты мәлiметтердi жоққа шығаруға тырысса да, өзге де үкiметтiк емес ұйымдар шынайы ақпаратты жария етуде. Құқық қорғаушылар тұтқындау кезiнде 17 баланың 18-ге толмағанын растап отыр, кейiн тағы 7-уiнiң кәмелетке толмағаны анықталған. Ал, Қызыл крест халықаралық комитетiнiң мәлiметiнше, тұтқынға түскен 37 бала жасөспiрiм болған. Пентагон өкiлi Джеффри Гордон қазiр Гуантанамода жасөсiпiрiмдер жоқтығын алға тартады (түрмеде өткен 4 жыл iшiнде тұтқындардың көбi 18-ге толып қойған – К.Т.) және азаматтық заңдардың Гуантанамо түрмесiне қатысты еместiгiн де айтады. «Әскери әрекеттерге қатысатын адамдардың жасына қатысты ешқандай да халықаралық қағида жоқ. Бiзге қарсы немесе бiздiң қарсыластарымызды қолдайтын тұтқындардың жасы – бiз үшiн басты фактор емес» – дейдi ол.

Адамға қарсы жасалған ешқандай да қылмысты ақтауға болмайды. Бiрақ ой-санасы әлi де қалыптасып бiтпеген, өмiрдiң мәнiн түсiнбейтiн жасөспiрiмдердiң ересектер соғысына араласуға мәжбүр болғаны өкiнiштi. Бұл балалардың соғысы емес. Балалық шақтың орнына соғыс көру, доп тебудiң орнына мылтық кезену оңай емес. Бiрақ олар – соғыс балалары. Олар ендi қалыпты, қарапайым өмiрге орала ала ма, жоқ па, мұны дөп басып айтудан адамыз. Бiрақ бiр анығы – олар болашақтың жауынгерлерi. Өз жауын бiледi. Кек үшiн ғана өмiр сүредi…

Кезiнде «Хамас» ұйымының басшысы: «Бiз – соғыс балаларымыз. Бiз елiмiз үшiн қан төгуге әрдайым дайынбыз. Бiз Израильге қашанда қарсы әрекет етемiз» – деген едi. Израиль әскерi Палестина жерiне басып кiргенде, қазiргi «Хамас» ұйымының басшылары мен белсендi мүшелерi – кәмелетке толмаған балалар едi. Қазiр олар – Израиль қарсыластары. Кiм бiледi, бiрақ арада 15-20 жыл өткен соң Гуантанамоның қазiргi жас тұтқындары – нағыз жауынгер боп шықпай ма?! Бiрақ бұған бала психикасын жастайынан бұзып, ойын балаларын «соғыс жауынгерлерi» етiп шығарғандар ғана кiнәлi емес пе?! Бұған жас балалардың елдерiне басып кiрген агрессия мен алып мемлекеттер ғана кiнәлi…

Кәмшат ТАСБОЛАТОВА

Серіктес жаңалықтары