Сағын ТӘЖIКЕНОВ: ЖАСТАРЫМЫЗ – МАҚТАНЫШЫМЫЗ БОЛСА ДЕЙМIН

Сағын ТӘЖIКЕНОВ: ЖАСТАРЫМЫЗ – МАҚТАНЫШЫМЫЗ БОЛСА ДЕЙМIН

Сағын ТӘЖIКЕНОВ: ЖАСТАРЫМЫЗ – МАҚТАНЫШЫМЫЗ БОЛСА ДЕЙМIН
ашық дереккөзі
393

Бүгiнде Қазақстанда энерго құрылғыларын өндiретiн кәсiпорын немесе өнеркәсiп кемде-кем. Қалтасы қалың, қаржылы топтардың өзi энергетика саласына тiсi батып, бара бермейдi. Мүмкiн, олардың ойларында энерго құрылғыларын өндiруден пайда бола бермейдi деген күдiк басымырақ шығар. Әйтеуiр, қазiргi кәсiпкерлерiмiздiң көбi алып-сатудан аса алмай жүр. Бiр елден бiр елге алып келiп, апарып сату тиiмдiрек болған соң ба, өнiм өндiрудi көбi қош көрмейтiнi де рас. Қаладағы қаптаған базарлардағы қара қытайдың тауарынан көз аша алмай жүргендiгiмiз де сондықтан болар. Осындай олқылықтарға қарамастан, сонау 1990 жылдардың өзiнде-ақ белiн бекем буып, энерго құрылымдарын өндiрудi бастаған бiр адамды бiлем. Ол кiсi кәсiпкерлiктi елiмiз тәуелсiздiк алған жылдары-ақ қолға алған екен. Нарықтық экономиканың елiмiзге ептеп-ептеп ғана ене бастаған тұсында, қаржылық қиындықтарға қарамастан, «Сайман» энерго санауыштарын өндiре бастапты. Құрылыс орны да жоқ, өндiретiн кәсiпорны тағы жоқ. Мамандар болса жетiспейдi. Соншама қиындықтардың барлығын басынан өткерген Сағын Оразалыұлы Тәжiкеновтiң корпорациясының құрылғанына да он бес жылдай уақыт өтiптi.

– Бүгiнде бiздiң корпорацияны, яғни «Сайманды» Қазақстанда тұтынушылардың барлығы бiледi,–деп бастады Сағын аға әңгiмесiн. – Энерго жүйесi деймiз ғой, яғни, iрi энерго компаниялардың бәрi бiледi. Құдай қаласа, биылғы жылы бiздiң компаниямызға қыркүйек айында он бес жыл толмақ. Жекеменшiк мекеме болып, 1991 жылы құрылдық. «Сайман» дегенiмiздiң өзi – құрал-сайман дегеннен шыққан. Баяғы замандарда арнайы энерго құрал болмаған соң, солай айтып кеттiк. Кiшкентай ғана энергосанауыш болғанмен, бұның өзi әртүрлi ғылыми тұжырымдардың қиылысқан дүниесi. Оның iшiнде электроника, механика бар. Одан қала бердi, күрдемелi заттар, материалдар бар. Халықаралық стандарттар бойынша әрқайсының өзiндiк стандарты бар. Өте ауыр, қиын технология. Жер бетiнде 240-тан астам мемлекет болса, соның он шақтысы ғана электро есептегiш құралдарын шығарады. Қалғандарының қолынан келмейдi. Ол бiр қиын сайман. Ақшамыз жоқ, ғимаратымыздың жоқтығына қарамастан, құрылдық қой. Мамандар болса, тағы жоқ. Өзiңiз бiлесiз, Кеңес үкiметiнен қалған санаулы ғана саймандық мамандар бар, олардың қатары бiздермiз. Кеңес Одағының кезiнде Қазақстанда ауыл шаруашылығы ғана қатты дамыды да, қалған өнеркәсiптiк салалар екiншi кезекте қалып қойды. Елiмiзде қаншама жоғары оқу орындары бар. Солардың бiреуiнде бiрде-бiр құрылғы (приборист) шығып көрмеген екен. Мамандығым автоматика саласы болған соң, соған кiрiстiм. Қазiр Құдайға шүкiр, бұрынғыдай емес. Өзiмiздiң арнайы цехтарымыз бар. Бiздегiдей толық көлемдегi зауыт Орта Азияда ешкiмде жоқ. Өндiрушiлерiмiз де өзiмiзде. 200-ден астам қызметкерiмiз бар. Бiздiң электр санауыштарымыз Қазақстанда ғана таралмайды. Көршi қырғыздар да, өзбектер де, тәжiктер де пайдалануда. Тiптi, Ресейдiң өзiнде де алып жатқандар бар. Еуропаға шығамыз ба деп, бес-алты ай болды, Еуропаның мемлекеттерiмен сөйлесiп жатырмыз. Сапасына да, бағасына да келiсiп отыр. Бiрақ, бiр жаман жерi, Еуропада тек өздерiнiң тауарлары жүру үшiн, халықаралық сертификация деген бар. Яғни, олардың белгiлеген стандартымен өңдеп шығаруымыз қажет. Қазiр екi ай болды, бiз сол стандартпен тәжiрибе жасап жатырмыз. Өте қиын. Барлығы стандартқа сай келу керек. Оны тексеретiн, ТМД-да бiрде-бiр құрылғы жоқ. Ол тек қана Еуропада. Сондықтан, аппарат аламыз ба деп ойлап жатырмыз. Шет елге шығу үшiн мықты құрылғысыз болмайды. Оны Қазақстанда мемлекеттiк стандарт жасау үшiн өздерi сатып алу керек едi. Керiсiнше, бiз сатып алмақпыз. Ал Үкiмет бiзден сол үшiн ақша алады. Осындай қайшылықтар кездесiп жатады. Елiмiзде қаржы бар. Ондай затқа көңiл бөлмейдi. Мұның тағы бiр кемшiлiгi, бiзде құрылғыда жұмыс iстейтiн маман жоқ. Маман дегеннен шығады, бiздiң мекеме жоғары технологиялық өнеркәсiп болып саналады. Неге десеңiз, онда жоғары деңгейдегi жапон аппараттары тұр. Тағы да автоматтандырылған құрылғылар бар. Сол қүрылғыларда жұмыс iстейтiн адамдарды екi-үш ай шет елге оқытамыз. Көбiнде мамандарды өзiмiз дайындаймыз. Институт бiтiрмеген жас балаларды 3-курстан бастап, қызметке алып, өзiмiз тәрбиелеймiз. Бiзде қазiр он жетi түрлi есептегiш құралдары шығарылады. Бұл санауыштарды көп шығаратын ТМД-да үш-ақ зауыт бар. Екеуi – Ресейде. Үшiншiсi – бiзде. Тағы бiр қызығы, қазiр тауарлардың көшiрмесiн жасайтындар көбейiп тұр ғой. Қолмен ұстамаған соң айта алмайсың. Бiрақ, Қытайдан бiздiң тауарларымыздың көшiрмесiн жасап, шығарып жатыр дегендi естiп жатырмыз. Былтыр 500 мыңдай ғана есептегiш санауыштарын шығарсақ, биыл, құдай қаласа, миллионға жеткiземiз деп отырмыз. Оған мүмкiншiлiгiмiз әбден келедi. 2005 жылдың басынан бастап, «TSC Group» корпорациясына бiрiктiк.

– Оған дейiн, жеке жұмыс iстеп келдiңiздер ме?

– Иә. Жеке жұмыс iстеп келгенбiз. Өзiмiздiң мамандарымызбен көтерiлiп, бүгiнгi дәрежеге жеттiк. Оған дейiн Үкiметтен ақша алып, не болмаса көмек алған адам емеспiз.

– Мамандар жетiспейдi дейсiз, энергетика институтын жылда қанша бала бiтiрiп жатыр. Олар энерго саласында жұмыс iстеуге жарамайды деп ойлайсыз ба?

– Олардың бiздiң жоғары технологиялық мекемемiзге сапасы шамалы боп тұр ғой. Қазiр бiзде жоғары оқу орындары өте көп. ЖОО-ның көптiгiнен жер бетiнде алдыңғы орында шығармыз. Көптiгiн қайтейiк, сапасы болмаса. Оны өзiм де көрiп жүрмiн. Кейде менi Мемлекеттiк комиссияның төрағасы ретiнде шақырып жатады. Сонда барғанымда, балалардың бiлiмiн көрiп, қарным ашады. Елiмiз бүгiнге дейiн, яғни он бес жыл бойы экономистердi, заңгерлердi дайындады. Сол экономикаға барып, экономист болып жүргендер, «болашақта кiм зауыт ашады?», «ол зауытта кiмдер жұмыс iстейдi?» деп неге ойланбады екен? Бiзге қызмет сұрап, жастар көп келедi. Бiрақ, бiлiм деңгейлерi өте төмен. Тәжiрибе жоқ. Бүгiнгi энерго құрылымдарындағы өзгерiстерден мүлдем хабарсыз. Баяғы сол ескi бағдарламамен оқытып жатыр. Бiз қазiр бұрынғы ескi машиналармен жүрген жоқпыз ғой. Қазiр теледидардың өзi жаңа технологиямен әзiрленiп жатыр. Тiптi, қалтаңыздағы ұялы телефонның өзi күннен-күнге дамып отыр. Ал, олардың оқитындары баяғы транзистер. Мүмкiн, оның да себептерi бар шығар. Жастарымыздың басы жұмыс iстемейдi дегенге сенуге де болмас. Оларды дайындайтын мамандар жоқ. Мықты мамандар кезiнде, қаржысы көп жерлерге кетiп-кетiп қалды. Оның кейбiрi сауда жасап кеттi. Сөйтiп, бiз өзiмiздiң он бес жылымызды осылай жоғалтып алдық. Ендi оларды қайта дайындап жүргенде тағы бiр бес жыл уақыт керек.

– Бизнестi бастаған адамдардың көбi, бизнестi алып-сатудан бастаған сияқты. Сiздер де дайын есептегiш құралдарын сатып алмадыңыздар ма?

– Өкiнiшке қарай, бiз бизнестi бастаған кезде зауыттардың көбiсi тоқтап қалып, босаған адамдардың бәрi жаппай саудагерлiкке бет бұрды ғой. Бұрын қазақта саудагерлiк деген болмаған ғой. Бiрен-саран адамдар ғана саудагерлiкпен айналысты. «Ағайынымыздың бiрi сауда жасап тұр» десе, соған намыстанатынбыз. Нарық экономикасына көшкен кезде, елдiң бәрi жаппай бала-шағасын асырау үшiн саудаға кiрiстi. Саудаға бiрiншi болып, апаларымыз, әпкелерiмiз, қарындастарымыз кеттi. Саудагерлiк осы күнге дейiн салықтың берекесiн бұзып отыр. Олар базарға әуелде нан тауып жеймiз деп шығып едi, ендi сол базардан кете алмай қалды. Бүкiл бала-шағасымен жүргендер бар. Базар – мықты мамандарды құртты. Дипломы бар, дәрiгерiңiз де, ұстазыңыз да, бiлiктi маманыңыз да сол қара базарда жүрiп, өзiнiң кәсiби бiлiктiлiгiнен айрылып қалды. Сауда бiлiм үйреткен жоқ. Есесiне бiлiмiнен айырды. Оларды ендi қайтара алмаймыз. Бүгiнде кейбiр қалаларымыз базарларымен мақтанатын жағдайға жеттi. Дамыған елдердi қарайық. Мысалы, Еуропаны. Еуропаның қай жерiнде бiздегiдей базарлар бар? Солардың орнында Алматыда «Рамстор» сияқты жиырма шақты комплекстi дүкендер тұрса, базарлардың күнi бiтер едi.

– Сауда үйлерi де базарлардан қалыспай, көбейiп жатқан жоқ па?

– Сауда үйлерi деген күнде өзiмiз көрiп жатқан дүкендер емес. Бiздiң адамдардың көбi ескi дүкендердiң бәрiн қайта өңдеп, сауда үйлерiне айналдырып жатыр, ол дұрыс емес. Комплекс деген «Рамстор» сияқты үлкен дүкендерден тұруы керек. Яғни, өркениеттi тұрғыда жасалуы керек. Дамыған елдерде базарлар жоқ. Есесiне, өркениеттi елдерде комплекстi сауда үйлерi көп. Мыңдаған халық сонда базарда жүрмейдi. Он пайызы ғана дүкендерде жұмыс iстер едi де, қалғаны өзге жұмыстарға барар едi. БАҚ беттерiнде жұмыссыздық көп деп жазып жатады. Есесiне бiз мамандар iздеймiз. Көрдiңiз бе, қандай қайшылық? Жұмысшы iздегенде маман жұмысшыны iздеймiз. Базарда жүрген адамды алмаймыз ғой. Олар базарда жүрiп, көп нәрсенi жоғалтып алды. Сондықтан, осындай қиыншылықтар бар. Үкiмет қаржы бөлiп, базарлардың орнына сауда үйлерiн салғанның өзiнде,базарда жүрген адамдардың психологиясын бiрден өзгерте алмайсыз. Оған кемiнде бес-алты жыл керек. Жастарымыз көп нәрседен кешеуiлдеп қалды. Қазiр ептеп-ептеп айлықты да көбейтiп жатыр ғой. Барлығы орнына келiп, балалар оқу орындарын бiтiрем дегенше бес-алты жыл қажет.

– «Комплекстi сауда үйлерi көбейсiн» дейсiз, ол сауда үйлерiнiң бағасын қарапайым халықтың қалтасы көтере ала ма?

– Сауда үйлерi көбейгенде, олардың бағасы базардың бағасынан жоғары болады деген пiкiр қате. Неге десеңiз, базарда қапшықпен арқалап келедi, ал сауда үйлерiнде вагон-вагонмен жеткiзiледi. Самолетпен әкелiнедi. Арасында айырмашылық бар ма? Сауда үйлерi көбейген соң, олардың арасында бәсекелiстiк пайда болмай ма? Алматыда қаптаған «Рамстор» тұрсыншы, онда олардың бағасы өз-өзiнен түсер едi. Көкбазар сияқты базарлардың өзiнде өркениеттi түрде болуы керек. Қыстың күнiнде суық, жаздың күнiнде ыстық болмайтындай дәрежеде жасауымыз қажет. Ал, қазiргi базарларды қараңызшы, қап-қара, лас, кiр. Тазалық жоқ. Елiмiзде шүкiр, қазiр зауыттар салынып жатыр, фабрикалар ашылып жатыр. Онда кiмдер iстейдi? Қазiрдiң өзiнде шет елдерден маман аламыз деп жатыр ғой. Бұның өзi қауiптi дер едiм. Он бес миллион халыққа он бес миллион адамды алып келсеңiз, не болғаны? Бiз сол он бес миллионның арасында қалып қоймаймыз ба? Мәселен, он бес миллион қытайды алып келiңiзшi, қытайдың арасында тапталып қаламыз ғой. Қалай болу керектiгiн ойлауымыз керек. Бiр ғана елден маман алмау керек. Одан да, мықты арабтар да, индиялықтар да, ағылшындар да келсiн. Сонда бiзге жеңiлдiк болар едi.

– Сiздер шығарып жатқан электро есептегiш санауыштарын кез келген үйден көре алмай жүрмiз. Оның себебi неде?

– Алматының өзiне бес жүз мыңдай есептегiш санауыштары керек екен. Бiз оның 300 мыңын ғана қойып үлгердiк. Әлi қаншамасы бар. Бүкiл Қазақстанға 4,5 млн. есептегiш санауыштары керек. Ал, бiздiң шығаратынымыз, жылына миллион ғана. Оның жартысы өзге елдерге кетедi. Сонда бiзге қанша есептегiш санауыштарын шығаруымыз керек? Өзiңiз есептеп көрiңiзшi.

– Энергетикалық салада жаңа жүйе (АСКУЭ) қалыптасады деген едiңiздер…

– Бұл жүйенi бiздiң елiмiзде енгiземiз деген жай, әңгiме күйiнде ғана болып тұр. Еш жерде ешнәрсе енгiзiлген жоқ. Магистральды жүйе деген бар. Соны ендi-ендi енгiзе бастадық. Бұл жүйенi ендiру үшiн, көп компьютерленген құбырғылар керек. Оның экономикалық жағын есептесеңiз, көп қаржыны қажет етедi. Ол өзiн-өзi ақтау үшiн кемiнде бес жыл керек.

– Аға, өзiңiздi ұлттық буржуазияны қалыптастырып жүрмiн деп ойлайсыз ба?

– «Бiз қалай ұлт боламыз» дегенге бiр ауыз сөзбен жауап беру өте қиын. Бiздiң көбiмiз бәрiмiз ауылдан шықтық қой, қасиеттi ауылдың топырағынан шыққанымызды бәрiмiз мақтан тұтамыз. Қазiр сол ауылда тамаша процесс жүрiп жатыр деп ойламаймын. Ауылды қараңғылық басып бара жатыр. Бұрын әр ауылдың мектептерiнде кiтапханалар болушы едi. Қазiр оның бiрiн көре алмаймыз. Ауылдарға жиi шығам. Ауылдың кейбiр жастары бүгiнгi қоғамда болып жатқан оқиғалардан мүлдем хабарсыз. Екiншi жағынан, инвестор деп жатамыз ғой. Инвесторсыз тағы болмайды. Сол инвесторларымыз кейде өзiмiздi билеп кетiп жатыр. Кейде олар Үкiметке де әл бермей жатқан сияқты. Сосын тағы бiр күмәнiм, бiздiң жерiмiз кiмнiң қолында? Бабаларымыздың қанымен мұра боп қалған жер халықтiкi деп бүгiн айта аламыз ба? Көбi сатылып кеттi. Көбi уақытша жалға берiлдi. Уақытша деген жай сөз. Ол сол жердiң астындағының бәрiн сорып алады да, құр қаңқасын қалдырады. Ондай жер кiмге керек? Бiз сияқты жас, жаңа ғана дамып келе жатқан мемлекетте осындай проблемалардың болатыны да рас. Бiз баймыз, мұнайымыз бар деп ауыз толтырып мақтанамыз. Сол байлық кiмдi байытып жатыр, соны ойладық па? Мен қарапайым ғана инженермiн. Саясатпен араласпайтын маған осындай ой келедi. Ал, оқымаған ауылдағы қарапайым халық не дейдi? Қайда бiздiң байлығымыз? Қанша қаракөздер одан рахат көрiп жатыр? Оппозициялық газеттердi оқысаңыз, осының бәрiне кiнәлi Президент деп жатады. Бұған бiр адамды кiнәлауға болмас. Президенттiң қасында да қанша адамдар бар емес пе? Министрлер, үкiмет басындағылар, әкiмдер, соның бәрi адал ма? Осыны ойланып көрдiк пе? Президенттiң де елге жасаған жақсы iстерi көп. Бүгiнде бiз өзiмiздi көршi елдермен салыстыра алмаймыз. Өзбектерге, қырғыздарға қарағанда, бiздiң елiмiз әлдеқайда дамып кеттi. Ол бiздiң Елбасымыздың арқасы. Сондықтан, ақ, қара деп айыруға болмайды. Өмiрдiң өзi ақ пен қарадан тұрмай ма?

– «Сайман» корпорациясында қызмет iстейтiндердiң көбi қазақтiлдiлер деп естiп едiк.

– Оның рас. Менiң корпорациямда қызмет iстейтiндердiң 90 пайызы қазақтың қыздары мен балалары. Бiрақ, бiз оны айғайлап айтпаймыз. Сондықтан, ешкiмге айтпай, дабырайтпай, тыныш қана жұмыс iстеп жатқан жайымыз бар. Ол орынды деп ойлаймын. Қазақтардың осы елiмiзден басқа отаны жоқ.

– Қаракөздердiң қызмет атқарғанына мақтанатын шығарсыз.

– Әрине, қуанам. Оның барлығын қызметке өзiм алып отырмын ғой. Кейде маған кейбiреулер: «Ауылдан неге жинай бересiң?» деп те айтып жатады. Өйткенi, қызметкерлерiмнiң көбiн ауылдан алып келiп, тәрбиелеймiн. Әр азамат қолынан келгенше, отыз кiсiге жұмыс тауып берсе, онда бүкiл қазақ жұмыссыз отырмас едi деп ойлаймын. Өзiмнiң осылай жасап жатқанымды мақтаныш тұтпаймын. Бұл– әр қазақтың борышы, мiндетi дер едiм. Бiздiң балалардың барлығы қойдың артында немесе ауылда жұмыссыз жүрсе, бiз қалай ел боламыз?! Қой баққанда дұрыс шығар, бiрақ, бәрiмiз бiрдей қойшы бола алмаймыз ғой.

– Дiншiлсiз бе?

– Хазiретпен бiр-екi рет кездескенiм бар. Сол кездесудiң бiрiнде: «Хазiрет, сiздiң қасыңызда жүрген көп молдалардан өзiмдi тазамын деп ойлаймын. Ғұмыр бойы бiреудi алдаған жоқпын, бiреуге қиянат жасаған жоқпын, бiреудi зорлаған жоқпын. Сондықтан, ана дүниеге барғанда, жұмаққа сенiң кейбiр молдаларыңнан бұрын мен өтiп кететiн сияқтымын» деп айтқаным бар. Алланың бар екендiгiне сенемiн. Сосын адамға сенем.

Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАСОВА

Серіктес жаңалықтары