ТЕҢГЕ СУРЕТСIЗ ШЫҒАДЫ НЕГЕ?

ТЕҢГЕ СУРЕТСIЗ ШЫҒАДЫ НЕГЕ?

ТЕҢГЕ СУРЕТСIЗ ШЫҒАДЫ НЕГЕ?
ашық дереккөзі
357

Ешкiмнiң суретi жоқ теңгенiң жаңа дизайнды банкноттары 2006 жылдың аяғына қарай айналымға түседi

Жуырда Ресейдiң Мемлекеттiк Думасында елдiң ұлттық валютасы – рубльдiң абырой-беделiн көтеру, оның мәртебесiн асқақтату жөнiнде мәселе көтерiлдi. Ол үшiн «у.е.»- ге «шартты бiрлiкке» («условная единица») – қарсы ресми түрде күрес жарияланды. Ендi Ресей көлемiнде бағаны «у.е.», яғни АҚШ долларымен емес, тек ұлттық валютамен – рубльмен ғана есептеуге рұқсат етiлетiндiгi жөнiнде Дума да бiрауыздан келiстi. Оны айтасыз, «жасыл ақшаның» атын атаудың өзiне тыйым салынады, ал кез келген деңгейдегi мемлекеттiк қызметшiлер оған жол берсе айыппұл салайық деп уағдаласты. Сонымен бiрге рубльдiң қазiргi келбетi талапқа сай емес, сондықтан мұнда Ресейдiң ұлттық құндылықтарын, оның әлемдегi тарихи, мәдени орнын паш ететiн дизайнды жасау қажеттiгiн сөз еттi.

Мұның өзi солтүстiк көршiмiздегi халық қалаулыларының мемлекетшiл тұлғасын тағы бiр айқын көрсеткен кезең екендiгiн мойындамасқа лажың жоқ. Осыған орай бiздiң Парламенттiң төл ақшамызға деген ынта-ықыласы дәл осындай ма екен деген ой әрдайым көкейiмiзде тұратындығын жасыра алмаймыз. Жалпылама сөздi қойып, нақты деректердi саралап көрейiк.Төл ақшамыздың кескiн-келбетi өзгерiске ұшырайтындығы туралы әңгiме осыдан алты-жетi ай бұрын басталған едi. Ендi мұны ҚР Ұлттық банкi басқармасының төрағасы Әнуар Сәйденов мырза тағы да қайталады.

Өткен жылдың 12 қазанында болған баспасөз мәслихатында бiрiншi банкир осы мәселе жөнiнде алғаш тiл қатты. Негiзгi өзгешелiк – ежелгi ғалым, ұлы ойшыл әл-Фараби бабамыздың суретi жаңа ақшада болмайтындығы. Мұндай қадамға нелiктен барып отырғандығын сол мекеменiң департамент бастығы Дәуренбек Мәжитов: «Банкноттың жаңа дизайнын енгiзудегi басты себеп полиграфиялық және компьютерлiк технологияның дамуы және банктiң машина оқи алатын элементтердi жоспарлы түрде енгiзуiне байланысты» деп түсiндiрдi.

Мiне, осыған байланысты Мәжiлiс депутаты Виктор Егоров мырза банк бастығына арнайы сұрау салып (кезiнде баспасөзде жарияланған), осынау iс-әрекеттiң себеп-салдарының нанымсыз, тiптi ақылға сыймайтын түсiнiксiз шаруа екендiгiн қынжыла жазды. Халық қалаулысы Әнуар мырзаға «Қазақстандық барлық ұрпақтың бiрнеше буынының ұлттық мақтанышына айналған көне Шығыстың ұлы ойшылдарының бiрi әл-Фарабидiң суретi кiмге және не себептi кедергi болып отыр?», – деп сұрақты тiкесiнен қойды.

Шынында да ойласатын жайлар көп.

Бiздiң ұлттық валютамыздың айналымға түскенiне бар болғаны 12-ақ жыл болғанын ескерсек, оның дизайны ескiрiп қалды деудiң өзi орынсыз. Өйткенi ел тұрақтылығы дизайн модасының құбылмалы қыңырлығына емес, валютасының қаншалықты тұрақты екендiгiне байланысты болса керек. Бұл жөнiндегi В.Егоров мырзаның ой-пiкiрi, айтқан уәжi, сөз жоқ, көңiлге қонады.

Осыдан аз ғана уақыт бұрын сол банк валютамыз әлемдегi ең жақсы қорғалған ақшалардың бiрi деп хабарланғаны жұрттың есiнде. Алғашқы шыққан ақшаның қорғаныс мөлшерi 14 дәреже болатын. «Бұған шығын көп кетедi» деп кейiн банк оның деңгейiн бiраз төмендеттi. Солай бола тұрса да төл теңгемiз қорғалуы жағынан немiс маркасына тепе-тең келдi. Мұны сарапшылардың өзi жоғары деңгейдегi көрсеткiш екендiгiн мойындаған. Демек, бұл жағынан қауiп-қатер көрiнбейдi.

Бiр сөзбен айтқанда, теңгенiң дизайнын шұғыл түрде өзгерту үшiн әкетiп бара жатқан технологиялық немесе экономикалық себеп-салдар жоқ сияқты. Солай бола тұрса да ұлттық валютамыз ендi айналымға суретсiз шығайын деп жатыр. Неге? Нелiктен? Бұл айналымға жария түрде ешқандай ақыл-кеңес алысу, ой-пiкiр бөлiсу бола қойған жоқ. Мәселе бiр ведомствоның ыңғайымен құпия түрде шешiлдi.

Қаржы жүйесiнiң тiрегi – ақша. Алайда, ол тек экономикалық мақсаттарға ғана пайдаланыла ма? Мемлекет тәуелсiздiгiнiң елеулi тетiгi болғандықтан, елдiң идеологиялық басымдықтарын насихаттауда ұлттық валютаның әлемде қаншалықты пәрмендi қолданылып жүргенi белгiлi емес пе? Айталық, Совет заманындағы ақшаларда Ленин бейнесiнiң тұрақты орын алуы кездейсоқ құбылыс едi деп айта аламыз ба?

Коммунистер билеген кезең келмеске кеткен тұстағы Ресейдiң 1993 жылғы алғашқы валютасында бұрынғы қалыптасқан дәстүр – бiрiздiлiк сақталды: барлық рубльдерде Кремльдiң Сенат мұнарасы бейнелендi. Бұдан Петербургтегi Сенат алаңында болған 1825 жылғы Желтоқсан көтерiлiсiн – демократия мен Конституция үшiн күрес жеке билеп-төстеушiлiкке қарсы шыққан көтерiлiстi байқап, сезгендей әсер аласыз.

Ельцин президент болған кезде орталық басшылықтың Ресей аймақтарына ықпалы бiраз әлсiрегенi мәлiм. Мұны олардың1995 жылғы қайта шығарған банкноттарынан-ақ байқайсыз. Кең байтақ елдегi Архангельскiден Владивостокке дейiнгi басты-басты қалалардың суретi Ресей ақшасынан көрiнiс тапты. Коммунистiк идеяның өктемдiгi жоғалып, саяси басшылар алмасып жатқан өтпелi кезеңде Ресей қайтадан рухани-мәдени тiрек iздей бастады. Нәтижесiнде аса көрнектi тарихи тұлғалар шеттетiлiп, оның есесiне табиғи, мәдени орта, сәулет ескерткiштерi және индустриялық құрылыстарға үлкен мән берiлдi. Сөйтiп, соңғысы Ресейдiң мемлекеттiк иконографиясының негiзгi тiрегiне айналды. Себебi бұл кезде бүгiнгi және өткен уақыттағы тарихи есiмдер iшiнен бүкiл халық бас иердей ортақ көсем болмай қалды. Ал, Ресейдiң тарихи тұлғаларының «алтын қоры» қоғамдық-саяси құрылымның өзгеруiне сай сарапқа түсiп, қайсысы жақсы, қайсысы жаман дегендей, қайта қаралып жатты.

Алайда, басқа дамыған елдердiң бәрi ұлттық валюта банкноттарын тап осылай жүйелейдi деген пiкiр тумайды бұдан. Әр ел мәселенi өзiнше шешедi. Мысалы, ағылшынның фунт стерлингi монархия идеясын марапаттайды – барлық банкноттарда II Елизавета королеваның суретi бар. Сонымен бiрге ғұлама жазушы Чарльз Диккенс, ғалым-физик Майкл Фарадей, атақты темiржолшы инженер Джордж Стивенсон сияқты ұлттың аса көрнектi өкiлдерiне де тиiстi орын берiлген.

АҚШ болса өз ақшасы арқылы Авраам Линкольн мен Джордж Вашингтонның, Томас Джеферсон мен Улисс Грант сияқты президенттердiң сурет галереясын жасады. Ал, 100 долларлық банкнотқа ағартушы, мемлекет қайраткерi Бенджемин Франклиндi бейнеледi.

Сондықтан да төл теңгемiз өмiрге келгенде оған қазақ топырағының бiртуар ұлдары – әл-Фараби, Сүйiнбай, Құрманғазы, Шоқан, Абай, Әбiлқайыр хан, Абылай хан бейнелерi салынуы тегiннен тегiн емес едi. Мұны көре алмағандар да болды.

Бiр кезде алты мың жұмысшы iстеген Ақмоладағы «Казахсельмаш» зауытына алғаш рет ұлттық валютаны әкелгенде теңге бетiндегi тұлғалардың суретiн көрiп, шошып кеткен орта деңгейдегi бiр бастықсымақ орыс: «Мынау не қылған шалдар, ендi бұл елден тезiрек кету керек» деп күйiнiп кетiптi. «Кейiн сондай пиғыл бiлдiргендер түгелдей дерлiк қыр асып, табанын жалтыратты», – дейдi сол кәсiпорында жұмыс iстеген бiр инженер iнiмiз.

Облыстық соттың судьясы болған бiр әйелдiң: «Теңге енгiзiлген соң шыдамым таусылды, ендi тарихи отаныма кетемiн» дегенiн өз құлағыммен есiтiп, қайран қалғаным және бар.

Бiрақ уақыт теңгенiң орнықты екенiн дәлелдеп бердi. Алайда, кейбiр күштер оған деген астыртын пасық пиғылын көрсетiп-ақ келедi. Қағаз тозды, сапасы нашар деген сылтаумен ең әуелi темiр теңгелер енгiзiлдi. Сүйiнбай, Құрманғазы, Шоқан, Әбiлқайыр хан бейнесi бар қағаз ақша құртылды. Сонан соң Абылай ханды жойды.

Сонда қағазы жаман болса тәуiр қағазға неге салынбады? Темiр ақшаға бабаларымыздың бейнесi неге салынбады? Оны ешкiм айтпайды, түсiндiрмейдi. Нәтижесiнде – кейiнгi ұрпақ ұлт мақтанышы болған тарихи тұлғалардың бейнесiн көрмей, бiлмей өсуi тиiс пе едi? Оны басқа жұрт та тамашалауы керек емес пе?

Тәуелсiздiктiң бiр нышаны төл валютамыз десек, оның орынды-орынсыз өзгертiле беруi дұрыс па, бұрыс па? Мұның өзi ұлттық салт-санаға қарсы жасалып жатқан жымысқы әдiс-айланың бiрi емес деп айтуға болар ма екен?

Амантай КӘКЕН, журналист

Серіктес жаңалықтары