МИРЗОЯН — МЫРЗАЖАН

МИРЗОЯН — МЫРЗАЖАН

МИРЗОЯН — МЫРЗАЖАН
ашық дереккөзі
1231

Адамзат тарихында басына бұлт үйiрiлiп, ордалары отқа оранған ұлт пен ұлыс аз болмаса керек-тi. Асылы, олардың арасында аты мен заты шежiреден өшкенi де, ел жадынан көшкенi де жетерлiк. Тағдыр-талайы сондай ауыр халықтың бiрi–қазақ халқы. Монғолдың шапқынын, жоңғардың қырғынын, қытайдың құрсауын, орыстың тепкiсiн, Қоқанның теперiшiн көрген исi алаш ежелден “мың өлiп, мың тiрiлумен” келдi. Кезiнде ол “ақтабан шұбырындыға” тап болып, үркiншiлiктi бастан кештi. Шашбаулысы –күңге, айдарлысы – құлға, тұлымдысы – тұлға айналса да тектiлiгiнен танбады, мәңгүртiкке мойын ұсынбады. Тiптi, қылышынан қан тамған ақ патшаның өзi “қырғыз-қайсақ” деп кемсiткенiмен, халыққа жамау атты жапсыра алмады. Бәлкiм, осынау тектiлiгiнiң арқасында болар, алаштың азаматы он алтыншы жылдың ойранын да, жиырма бiрiншi жылдың нәубетiне де, отыз екiншi жылдың зұлматына да, отыз жетi-отыз сегiздiң сұмдық зобалаңына да төтеп бердi.

Жиырмасыншы жылдардың екiншi жартысынан бастап қазақ аспанын қара бұлт торлай бастады. Ол бiрте-бiрте қоюлана, бiрте-бiрте түйiле келе отызыншы жылдардың басында ызғарлы қара дауылға ұласты. Алапат күш атаны баладан, ананы қызынан айырды. Ұл-Ұрымға, қыз-Қырымға адасқан, қарындастардың бiр-бiрiнен көз жазған заманы туды. Айдың, күннiң аманында шаңырақтар шарт сынып, керегелер қирап, түңлiктер қақ айырылып жел қуған қаңбаққа айналып кете барды. Даланы, қазақ сахарасын үрей биледi. Ұлы үрей! Содан да болар алаштың азаматтары басының ауған жағына қарай көштi, босты. Сiңiрiне iлiнген сорлылардың көбi-ақ ажалдың ащы шеңгелiне iлiктi. Бетегелi белдерде балалар мен бабалардың мәйiтi көмусiз қалды. Тобылғылы сайларда аналар мен арулардың сүйектерi шашылды. Бетпақтың шөлi мен Қызылқұмның бұйраттарында талай боздақтардың аңқасы кептi. Iргелi ел, берекелi қауым боламыз ба деп үмiт еткен халық ендi, мiне, құты қашып, берекесi көшiп, күн көрiстiң қамымен Ресей асып, Қытай ауып кеттi. Кәдуiлгi тарихта айтыла беретiн “ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламаның” тап өзi. Демек, қазақтардың тарихта бұрын-соңды көрмеген ұлы қырғынға ұшырағаны едi бұл. Отызыншы жылдардың басындағы репрессия мен күштеп ұжымдастырудың нәтижесiнде 1932 жылдың ақпанында Қазақстандағы колхоздардың 87 пайызы, жекешелердiң 52 пайызы малынан түгел айырылды. Аштық басталып, 1930 жылы – 313 мың, 1931 жылы – 755 мың адам қырылды. 1932 жылы құрбан болған немесе қоныс аударған адам саны 769 мың. Аштық пен жұқпалы аурудан көз жұмған жергiлiктi халық саны, толық емес мәлiметтер бойынша, 1 миллион 750 мың адам немесе ауыл тұрғындарының 40 пайызы деп есептеледi. Аштық зардабынан республикадан тысқары жерлерге 1 миллионның үстiнде адам босқын болған. Оның 616 мыңы қайтып оралған жоқ. Сөйтiп, қазақ ұлтының саны республикада 1930 жылғы 5 миллион 870 мыңнан 1934 жылы 2 миллион 682 мыңға кемiдi. 1931-1933 жылдары аштықтан республиканың 6.2 миллион жалпы тұрғынының 2.1 миллионы шығын болған. Қазақ ұлты сол кемiгеннен бұрынғы деңгейiне арада 40 жылдай өткенде 1969 жылы барып әрең жеттi. (“Алматы ақшамы”, 2000-31 мамыр) Сонда тұтас бiр халықтың тоз-тозын шығарып, ұлы сүргiнге душар еткен кiм? Ол – ел жадында аса бiр сүйкiмсiз Қужақ деген лақап атпен жатталып қалған, жұрт аузында әлi сан ғасырлар бойы “Қужақ” аталып кете баратын кәдiмгi Филипп Исаевич Голощекин едi. Сондай-ақ, қазақтар елiнен боса қашып жатқанда, 1931 жылы Қазақстанға, (толық емес мәлiметтерге қарағанда), 45 мыңға дейiн орыс және украин шаруалары көшiрiлiп әкелiндi. Демек “Голощекин геноцидi” дегенге ден қоятындар Филипп Исаевичтiң қазақ жұртын басқара тұра қазақтарды жек көретiндiгiн тiлге тиек етедi. Расында, Батыс Сiбiр өлкелiк комитетiнен, Едiл бойынан, Өзбекстаннан… жеткен “елiнен ауған босқын қазақтар қырылып жатыр” деген суыт хабарларға Голощекиннiң бүйрегi бүлк етпедi. Айта кетерлiк бiр оқиға, Голощекин орнынан алынған соң, Қазақстанға басшылыққа екi адамның кандидатурасының қатар түсуi. Бiрi – Тұрар Рысқұлов, екiншiсi – Левон Мирзоян. Бiр бiрiн қас-қабағынан түсiнетiн жандар болатын олар. И.В.Сталиннiң таңдауы Левон Мирзоянға түседi. Ал Тұрар Рысқұлов ше?! Ол Голощекиндi кетiруге мұрындық болған фигура. Алматыға баруға болмайды. Ал Ораз Исаев ше?! Ол да хат жазған ғой. Сталин бұл мәселенi шешудi Левон Мирзоянның құзырына бередi. Өлкелiк комитет басшылары жаңартылады. Алайда, Мирзоян Ораз Исаевтiң өз орнында қалуын жөн деп бiледi. Кейбiр қателiктердi түзетуге қабiлетсiз болған қызметкерлер ауыстырылды немесе төмендетiлдi. 1933 жылдың ақпан айында II Алматы вокзалынан Өлкелiк партия комитетiнiң басшылары Голощекиннiң Қазақстанға сiңiрген еңбегiн мадақтап, марапаттап шығарып салды. Келесi күнi сол вокзалдан жаңа хатшы Левон Исаевич Мирзоянды жылы шыраймен қарсы алды. Келе сала ол бұрын бiлмеген, көрмеген қазақ елiнiң жай күйiне үңiлiп, республика активiн жинап алып, бiрiншi айтқаны: “Мен сендердiң “Алашорда” немесе Рысқұлов жағында болғандарыңды сұрамаймын. Өткендерiңдi қазбаламаймын. Маған дәл бүгiнгi күнi iске адал берiлетiн азаматтар керек. Өзiм армянмын. Мұнда уақытша келген адаммын. Еншiлеп алып кететiн ештеңем жоқ. Кетермiн. Бәлкiм, сыйып тұрып қалсам, тұрып қалармын. Әйтеуiр, ешкiмдi алаламаймын. Өздi-өздерiң жау болып, тартысып жатсаңдар – өздерiң бiлесiңдер. Менiң бiлетiнiм, қашан да ауызбiршiлiк жақсы. Сiздердi өзара дұшпандықтан сақтандырамын…” (“Қазақ әдебиетi”, 1997, 27 мамыр). Голощекин кезiнде әбден басылып, жүнжiп, жасып, бетi қайтып қалған партия, кеңес қызметкерлерiн берi қаратып, еңсесiн көтерiп, келiңiздер, барлығымыз жұмылып Қазақстанның осынша күйрегенiн, қиын жағдайға душар болғанын көтерейiк, маған көмектесiңдер, халқымыз әлi-ақ еңсесiн көтередi, көшiп-босуды, аштықты тоқтатамыз, мен сiздерге уәде беремiн, сол үшiн жанымды саламын, – деп Мирзоян баяндама жасап, әрбiр облыс, аудандарға барып, қысқасы, барлық басшы ұйымдардың жұмыстарын қайтадан жандандырып, елдiң тұрмысын жақсартуға жанын сала кiрiстi. Келген бойда Голощекинмен бiрге iстеген бiраз орыс басшыларын орындарынан босатты. “Қазақша бiлмейсiңдер, қазақ халқының өмiрiнен, iшкi ахуалынан мүлдем бейхабарсыңдар”, – дедi. Өзi де шаруа шаңырағында дүниеге келген, жарлы-жақыбайлардың жай жапсарын жақсы бiлетiн. Л.Мирзоян ең алдымен ауыл адамдарына жағдай жасауды қолға алды. Хал жайды жан-жақты таразылай келiп, Левон Исаевич өз ойларын партия съезiнiң мiнберiнен ортаға салды. Ашаршылықты ауыздықтау үшiн көшпелi ауылдарға мемлекет көмегi көрсетiлдi. Бiрыңғай мал шаруашылығымен шұғылданатын аудандардағы шаруалардың мойнында бұрынан бар қарызы алып тасталып, екi жыл салықтан босатылды. Отырықшы аудандар тұрғын үй, мәдени-әлеуметтiк құрылыстарға қажеттi материалдармен қамтамасыз етiлдi. Жағдайдың түзеле бастағанын байқаған босқындар ата қонысына қайта оралды. Жаңа басшы келген отыз үшiншi жылдың өзiнде-ақ 100 мыңға жуық отбасы астық пен мал өсiретiн шаруашылықтарға орналастырылып, отырықшылықтың алғашқы көшiн бастады. Сол екiншi бесжылдықтың өзiнде-ақ жартылай көшпелi аудандарда екi жүздей кеңшарлар мен мыңдаған ұжымшарлар ұйымдастырылып, машина-трактор станциялары қызмет көрсете бастады. Жергiлiктi жастардан ауыл шаруашылығы мамандары, механизаторлар даярланды. Егiстiк көлемi ұлғайып, 1934 жылы тұңғыш рет 120 миллион пұт астық жиналды, ал мал саны 5 миллионға артты. Мұның өзi ауыл адамдарының өмiр салтын өзгертiп, мәдениеттi тұрмысқа бетiн түзедi. (“Ақиқат”, 2001, №7,89-б) Левон Мирзоян ауыл шаруашылық өндiрiсiн интенсивтендiрiп, ғылым мен техника жетiстiктерiн енгiзудi белсене жақтады, жұмысшы тобының көмегiн толығынан пайдаланып, жас механизатор кадрларды үздiксiз тәрбиелеуге шақырды. 1935 жыл мол берекесiмен қуантты, егiн бiтiк шықты ел еңсесiн тiктедi. Қазақстанның 15 жылдығы тойланды. Мал саны өстi, жер-жерлерде 400-500 МТС ашылып, мыңдаған тракторлар жеткiзiлдi. “Қуатты өнеркәсiптi, ең алдымен ауыр өнеркәсiптi өркендетпейiнше, бiз алдыңғы қатарлы мәдениттi республика ретiнде дами алмаймыз”, – дедi Л.Мирзоян. Осы тұстағы оның С.Орджоникидзеге, Л.Каганович пен В.Молотовқа, тiптi И.Сталиннiң өзiне жазған хаттарында бұл мәселе жан-жақты байыпталып, мұндай қадамның қажеттiгi көз жеткiзе дәлелденедi. 1933-1934 жылдары Мирзоян Қарағандыға үш рет: бiрiншi жолы 1933 жылдың мамырында, екiншi жолы сол жылдың маусым айында, ал үшiншi жолы 1934 жылдың күзiнде келдi. Қарағандыға келгенде көмiр бассейнi құрылыстарының барысымен жиi танысатын. Ол жаяу жүрiп, тiптi, жергiлiктi қызметкерлердiң өздерi болмаған жерлерге баратын. Левон Мирзоянның жұмыс стилi, бүкiл әлеуметтiк қозғалыстардың негiзгi өзегi әрi бастауы адам, еңбекшi жөнiндегi оның тұрақты қамқорлығы бүгiнгi уақытпен терең үндесiп жатыр. Осынау қағиданы ұмытқан басшыларды ол аяусыз сынап, олардан еңбекшiлер тұрмысын жете бiлудi талап еттi. Левон Исаевичтiң өзi әрдайым жаңа тұрмыс жасалып жатқан жерде болуға ұмтылып, жұмысшылар мен шаруалардың еңбек жағдайын және оларға көрсетiлетiн тұрмыстық қызметтi жақсартуды, мәдени дәрежесi мен кәсiптiк шеберлiгiн арттыруды үнемi назарда ұстады. Мирзоянның өз басы Голощекиндей ызғарлы, дөкiр емес, кiшiпейiл, болғанынша әдiл, iскер, қазақ азаматтарының арасына ана Голощекиндей жiк салып, бiрi мен бiрiн атыстырып- шабыстырып ұстамай, бастарын бiрiктiрiп жақсы қызмет iстеген едi. Қазақстанға келгенде өзiмен бiраз кавказдық қызметкерлердi ала келген, онысын кейiн кейбiреулер “Мирзоянның құйрығы” деп айыптады. Бiрақ, обалы не керек, әкелген жiгiттерi бәрi де iскер адамдар едi. Асриев Орталық Комитетте партия бөлiмiнiң меңгерушiсi, Әлиев Жоспарлау комитетi төрағасының орынбасары, Сарумов қала кеңесiнiң төрағасы, Мұстафаев Шымкент партия комитетi хатшысы болды. 1935 жылдың жазында болған республика активiнiң жиналысында “Мәдени құрылысы саласындағы жүргiзiлетiн шараларымыз – Қазақстан еңбекшiлерiне хат танып, бiлiм алу үшiн, қазiргi заманғы техниканы меңгеру үшiн, бұрынғыдан келе жатқан кенже қалушылықты тез жою үшiн барлық мүмкiншiлiктi жасауға тиiс…” – деп, Мирзоян мәдениеттiң көптеген мәселелерiн, қазақ тiлiнiң терминологиясы мен орфографиясына, басқаша айтқанда, қазақ мәдениетiнiң барлық дерлiк маңызды мәселелерiн талдап айтты, бұлар тез арада ешбiр күш пен қаржы аямастан шешудiң қажеттiгiн атап көрсеттi. Левон Мирзоян келген соң Қазақстанда әдебиет пен өнердiң өркен жаюына кең өрiс ашылды. Қазақ қаламгерлерiнiң шығармаларымен жете танысып, бiразымен жеке таныс болып, жиi жүздесiп тұрды. Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсiрепов, Мұхаметжан Қаратаев сияқты жаңа әдебиет жұлдыздарын дұшпан көзден, сыпсың сөзден қорғап, күрделi туындылар жазуына қамқорлық жасады. Мұхаңның әдебиет төңiрегiндегi күншiл өңездердiң жазықсыз жаласынан қорғауын өтiнiп, оған хат жазуы да тегiн емес. Парықсыз Голощекиннiң тұсында екi жыл тасқамауда отырған қабырғалы қаламгердi тұтқыннан құтқарып, жалақорлардың “жаптым жала, жақтым күйесiнен” қорғап, ұлы Абай жөнiндегi ұлық шығармасын бастауына жағдай жасады. Бiр жиналыста ол: “Абай арқылы Қазақстан әлемдiк аренаға шығып, қазақтардың кiм екенiн дүйiм дүние бiледi”,–деп атап айтты (“Ақиқат”, 2001 №7, 89-б). Левон Мирзоянның тiкелей ұсынысы мен көмегi арқасында Қазақстан мәдениетiнiң тарихында 1936 жылы елеулi екi оқиға болды. Бiрi, қазақ әдебиетiнiң негiзiн салушы, ақын Сәкен Сейфуллин әдебиет майданында еңбек етуiнiң 20 жылдығы атап өтiлдi. Сәкен Сейфуллин Қазақстан мәдениет қайраткерлерi арасында бiрiншi болып қазақ әдебиетiн дамытудағы зор еңбегi үшiн Еңбек Қызыл Ту орденiмен марапатталды. Сөйтiп, қазақ әдебиетiнiң табыстары да, оның көрнектi қайраткерлерi де бүкiл елiмiзге белгiлi бола бастады. Екiншiсi, дәл сол 1936 жылы Мәскеуде қазақ әдебиетi мен көркем өнерiнiң бiрiншi он күндiгi өткiзiлдi. Бұған қазақ мәдениетiнiң бiрнеше жүз өкiлдерi–жазушылар, әртiстер, қоғам қайраткерлерi қатысқаны белгiлi. Осы делегацияны Мирзоян өзi бастап барған болатын. Он күндiктi биiк деңгейде өткiзгенше, әрқайсысына атақ әпергенше тыным таппады. Өнер мәселесi де оның есiнен екi елi шыққан жоқ. Қазақ музыка театры Абай атындағы опера және балет театры болып, соның тұсында қайта құрылды. Алматының астана ретiнде құлаш жайып, құлпыруына көп еңбек сiңiрген оның Сталинге жолдаған баян-хатында Елордада жаңадан еңсе көтерер құрылыстарға қаржы бөлгiзуiн өтiнiп, салынатын ғимараттар қатарында Қазақтың ұлттық Мәдениет сарайы мен театрларды атауы өнерге деген қамқорлықтың айқын куәсi. Күләш Байсейiтова, Ахмет Жұбанов, Қали Жантiлеуов, Ғарифолла Құрманғалиев сияқты даңғайыр дарындарды қадiр тұтқан ол ел iшiнен өнерпаздар iздестiрiп, топжарғандарын астанаға алдырып отырған. Тоқсандағы Жамбылдың толқындата жыр толғап, айдай әлемге ұлы ақын ретiнде танылуын да Мирзоянның қазақ өнерiне тиген шарапаты деген дұрыс болар. 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысын ұйымдастырушылардың бiрi, азамат соғысының батыры Амангелдi Имановтың адал атын сақтап қалуға да Левон Исаевич өз үлесiн қосты. Академик-жазушы Сәбит Мұқанов өзiнiң “Өмiр мектебi” атты туындысының үшiншi кiтабында (“Есею жылдары”) Л.И. Мирзоян Қазақстанға келiп, басшылық еткеннен кейiнгi қазақ даласындағы жағдайды, iргелi өзгерiстердi былай суреттейдi: “Халық өте көңiлдi. Егiн-шөптiң шығымы да орасан, малдары да түгiн тартсаң майы шыққандай – семiз, адамдардың да өңдерi жақсы, өздерi көңiлдi. Халықтың аузында – Левон Исаевич Мирзоян. Ауылдың қарапайым адамдары оның атын Мырзажан қойып алған, бiреулерi оны қазақ деп те естiген… Бәрi де жақсы көретiн адамды көтермелеп айтудан шыққан сөздер…” Адамдардың санасындағы ескiлiктiң қалдықтарымен күрес, мәдени-ағарту жұмысының дәйектi жүргiзiлуi басты назарда болды. Сауатсыздық жойылды. Осы жылдары қазақтың тұңғыш университетi ашылып, жоғары оқу орындарының саны он төртке жетiп, жүзден астам техникум жұмыс iстедi. Олардың студенттерiнiң тең жарымы қазақ жастары болды. “Одақтас республикаға айналдық, ендеше өсу қарқынын бұған дейiн болып көрмеген дәрежеге жеткiзiп, күшейтуiмiз керек. Бiзге қандай мiндеттер жүктелiп отырғандығын әрқайсымыз әбден толық ұғынуымыз керек, қазiргi табыстарға желiгiп, жайбарақаттыққа салынбасақ қана алдымыздағы барлық мiндеттердi орындай аламыз, айта қалғандай орындап шығамыз. Ендi Қазақ республикасы үшiн жаңа дәуiр, бұрынғыдан анағұрлым нұрлы дәуiр, ерекше маңызды дәуiр басталып отыр…” Левон Исаевич Қазақстанда небәрi бес-ақ жыл iстедi. Бiрақ осы бес жыл Қазақстан тарихында елеулi орын алады. Мирзоян күллi халықтың қамын жеп, келешегiн ойлады. Қазақстанға келгенде ол әлi қырыққа да жетпеген едi, бiрақ осыған қарамастан көрнектi мемлекет қайраткерi бола бiлдi. 1935 жылы социалистiк құрылыс iсiне сiңiрген еңбегi үшiн Л.И.Мирзоян Ленин орденiмен марапатталды. 1937–1938 жылдардағы “қызыл қырғын” барша елдi жайлады. Қазақстанда 103 мың адам қуғын-сүргiнге ұшырап, оның 25 мыңы атылды. Республика жерiне 25 елдi мекен обсервациялар құрылды, оларға бүкiлодақтан 70 мыңнан астам жер аударылған кулактар айдалып әкелiндi, тек қана КАРЛАГ-тан 2 миллионға жуық қуғын-сүргiнге ұшыраған халық өттi (“Социлогические исследования”, 1989, №3, 62-б). Туған халқының азаттығы мен бостандығы жолында күресте Шәкәрiм Құдайбердиев, Ахмет Байтұрсынов, Мiржақып Дулатов, Жүсiпбек Аймауытов, Мұхамеджан Тынышбаев, Мағжан Жұмабаев, Санжар Аспандияров, Бейiмбет Майлин, Сұлтанбек Қожанов, Темiрбек Жүргенов, Смағұл Садуақасов, Абдолла Асылбеков, Тельжан Шонанов, Сейiтқали Меңдешев, Ораз Жандосов, Әбдiрахман Айтиев сияқты арыстарымыз бен басқа да мың-мыңдаған азаматтар саяси қуғын-сүргiннiң құрбандары болды. 1936-1937 жылдары Қазақстан Коммунистерiнiң жартысы партиядан шығарылды. Солардың iшiнде 9 мың адам, яғни барлық коммунистердiң 17 пайызы “халық жауы” деген атқа iлiктi. 1938 жылы Қазақстандағы 11 облыстық партия комитетiнiң 10-ы талқандалды. 1938 жылы ақпанның ортасынан наурыздың ортасына дейiнгi репрессияда Жоғарғы Кеңес төрағасы Ұзақбай Құлымбетовтен бастап сегiз министрдi, Орталық партия комитетiнiң бас хатшысын, төрт бөлiм меңгерушiсiн, бюро мүшелерiн түгел, 14 облыстық атқару комитетiнiң төрағаларын, 13 обком хатшыларын атып тастады. Газет редакторлары да жазаланды. Бұрынғы “Социалистiк Қазақстанның” редакторы болған Мусин де атылып кеттi. Кейiнгi редакторы Жүсiпбек Арыстанов та тұтқындалды. Қамалғандар қатарында “Казправданың” редакторлары Грехнев, Верховский, облыстық газет редакторлары түгел тұтқындалды. Осыларды қосқанда бiр этаптың өзiнде 560 адам атылып кеттi (“Дала мен қала”, 2005, 11 ақпан). Қуғын-сүргiн басталған бетте-ақ құрбандықтың аз болуын көздеп, Мирзоян бiраз қарекет те жасап көрдi. Орталық газеттердегi “жау жеттi, ел көштi” деген жалған айқай, жымысқы жалаға тойтарыс та бердi. Қазақстан Орталық партия комитетi бюросының 1937 жылғы 18 қазандағы қаулысы осының айғағы. “ Орталық Комитет бюросы Оңтүстiк Қазақстан обкомының, оның хатшысы Досов жолдастың жiберген бiрқатар саяси қателiктерiне қарамастан”, “Казахстанская правда ” газетi обком хатшысының орнынан алуды көздеп, дұрыс жасамады деп санайды. Сондай-ақ бюро газеттiң Досов жолдастың қазiргi жұмысына қатысы жоқ, өткендегi деректердi қазбалауын да терiс деп табады” деп қаулы қабылдауы барып тұрған батылдық едi. Баспасөз қанша байбалам салса да, Ұ.Құлымбетов, С.Нұрпейiсов, Ж.Садуақасов секiлдi басшыларды көпке дейiн қорғап бақты (“Ақиқат”, 2001, №7, 90–б). Iлияс Жансүгiров – 1937 жылғы 13 тамызда, Сәкен Сейфуллин – 24 қыркүйекте тұтқындалды, ал Бейiмбет Майлин Iлиястан кейiн 53 күннен соң түрмеге әкетiлдi. Кейбiр деректерге қарағанда, сол кездегi Орталық Комитеттiң бiрiншi хатшысы Левон Мирзоян “Амангелдi” кинофильмi түсiрiлiп бiткенше тимеңдер деп, Бейiмбеттi тұтқындатпаған көрiнедi. 6 қазан күнi фильм түсiрiлiп бiткеннен кейiн Б.Майлин үйiне қайтады. Бiрақ түн ортасында оны “қара құзғын” мәшинесiне итере кiргiзiп, түрмеге апарып тығады. Қарт жазушы Ғалым Ахметовтың естелiгiнен: “… Сол жылдары мен Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiнде қызмет iстедiм. Голощекиннiң жүргiзген саясаты қазақ халқына зор апат болып тидi. Елдiң жартысы аштан қырылды, көбi азып-тозып қаңғып кеттi. 1932 жылдың басында Қазақстанға Мирзоян келмей Голощекин ендi бiр жыл тұрғанда қазақ халқының саудасы бiтетiндей едi. … Бұрын iскерлiкпен өтетiн бюро мәжiлiстерiнде ендi көбiнесе “персональное дело” – қамалған, не соған дайындалғандардың iстерi қаралатын болды. Олардың айыпсыз екенiн бiле тұра ара түсуге ешкiмнiң батылы бармады, ертең-ақ өзiне “халық жауымен байланысты” деген жала жабылатыны белгiлi. Босқа күйiп бара жатқан байғұсты қимағандарымен де, ештеңе айта алмай қипақтап отырып қалушы едi. Осы мекемеде бөлiм бастығы болып iстеген Ғабит Мүсiрепов партия жиналыстарының бiрiнде, бiр сөздiң ретiнде Бейiмбет жайында: “Ол өте адал адам, оны жау десеңдер, менi де жау деулерiңе болады” деген едi. Бейiмбет тап сол күнi түнде қамалды. Ертеңiнде кейбiр қызметкерлер: “Әне, кеше Ғабит Бейiмбеттi жақтаған едi, ендi өзi кiм болды” деп табалап жүрдi. Бiр күнi Республиканың Iшкi iстер комиссары Залин келiп, бiзбен әңгiме өткiздi. Оның айтуынша, тап жаулары әлсiреген сайын жанталаса қарсыласады (Голощекиннiң сөзi–Т.К.). “Шетел барлаушыларына сатылғандар көп, олардың бәрi “шпион” деп “қырағы” болуды үйреттi. Бiр-екi айдан соң өзi “халық жауы” болып қамалды. Оның орнына Сталиннiң бажасы Реденс келдi, оны жұрт “Дзержинскийдiң шәкiртi” деп мақтаған едi, бiр-екi айдан кейiн ол да “халық жауы” болып шықты. “Ет сасыса тұз себер, тұз сасыса не себер” дегендей, жұрт кiмге сенерiн бiлмедi. Партия, үкiмет басшылары бiрiнен соң бiрi қамалып, алды атылып жатты, жұртты жаппай үрей биледi, бiрiмен-бiрi сырласып сөйлесуден қалды. Қазақстанда кейбiр аяулы азаматтар өздерiне өздерi қол салған. 1918 жылдан партия мүшесi, 1922-24 жылдары Ақтөбеде губатком төрағасы, ВЦИК мүшесi, соңғы кезде Жоғарғы сот мүшесi Тiлеужан Мұқашев, 1919 жылдан партия мүшесi, жиырмасыншы жылдары Орынборда Халық комиссары болған инженер Әлиасқар Әлiбеков Ауыл шаруашылығы халкомының бас агрономы Қорғанбек Байзақов асылып өлген; Қостанай облаткомының төрағасы Бақыт Байдақов өзiн атқан” (Ғ. Ахмедов. Азалы жылдар, Қазақ әдебиетi, 1997, 27 мамыр). 1938 жылы ақпанның аяғы наурыздың басы аралығында СОКП Орталық Комитетiнiң пленумы болды. Онда осы науқанда бiраз асыра сiлтеушiлiк болғаны айтылғанымен де, қуғын-сүргiн әлi желiгiн бiразға дейiн баса алмай жүрiп жатты. Левон Мирзоян мен Ораз Исаев және басқа да бiраз адам “халық жауларының” тiзiмiне iлiктi. Левон Мирзоянмен қызметтес болған, артынан тұтқындалып, ату жазасына кесiлiп, бiрақ үкiм орындалмай, 18 жыл түрмеде отырып, 1956жылы айдауда жүрген жерiнен КПСС-тiң әйгiлi ХХ съезiне қатысып, сол жылмық кезде ақталып шыққан, жуырда ғана дүниеден өткен Бекболат Мұстафиннiң естелiгiнен: “… 15 мамыр күнi Сталиннен жеделхат келдi. Онда былай делiнген: “Левону Исаевичу Мирзояну. Трехдневный срок сдать дело Скворцову Николай Александровичу. Выехать в распоряжение Политбюро. Сталин”. Мен соны осы күнге дейiн сөзбе-сөз жатқа бiлемiн. Ол менiң жүрегiмде мәңгi жатталып қалды. Сол жеделхатты алған соң бiздi шақырып оқып, қоштасты. Мен шығарып салдым. Сол үшiн де бiр жағынан айыпты болдым. Сонымен жолда кетiп бара жатқан кезiнде арнайы вагоннан алып, Мәскеуге апарып қамады. Сөйтiп, 1938 жылы 19 мамыр күнi отырғызып тынды. Содан 1939 жылы 26 ақпан күнi атып тастады. Бұл Лефортов түрмесiнде болған. Әбден азаптап, бiрнеше қабырғасын сындырған. Өзiнiң жазған түсiнiктеме қағаздарымен таныстық. Сол кiсiнiң тобында мен де айыпты болдым ғой, сөйтiп сотына қатыстым. Әлгi сотта құр сүлдерi қалған ол кiсi отыра да алған жоқ. Левон Исаевичтiң жазғандарының көшiрмесi менде бар, тарихқа керек болар деп алып қойғанмын, қалай қинағаны, камерада кiмдермен сөйлескенi, бәрi сақтаулы. Ол кiсi атыларда: Мен халқымның адал ұлымын, мемлекетке, партия мен үкiметке қарсы ешбiр қылмыс iстегенiм жоқ, сол естерiңiзде болсын деп жазып кеткен. Бұл материалдар әлi еш жерде шыққан жоқ, жарияланған жоқ” (“Дала мен қала”, 2005ж, 11 ақпан). Қолы қанды жендеттердiң қатыгез әрекеттерiне қарамай, көпшiлiкке қанқұйлы iсiмен әйгiлi болған Голощекиннiң орнына келген, аштықты жеңiп, қуғын-сүргiндi тоқтату үшiн қолынан келгеннiң бәрiн жасаған, Қазақстанның iргелi елдер қатарына қосылуына бар күш-жiгерiн жұмсаған, армян халқының адал ұлы Л.И.Мирзоян сталиндiк зұлматтың құрығынан бәрiбiр құтыла алмады.
Тiлеу КӨЛБАЕВ, тарих ғылымдарының докторы, профессор

Серіктес жаңалықтары