АҚМОНШАҒЫН АСПАНҒА АТҚАН АЛМАТЫ

АҚМОНШАҒЫН АСПАНҒА АТҚАН АЛМАТЫ

АҚМОНШАҒЫН АСПАНҒА АТҚАН АЛМАТЫ
ашық дереккөзі
Осыдан бiрнеше жыл бұрын әсем қала – Алматының келбетi сүреңсiзденiп кетiп едi. Әркiм бас қайғысымен әуре болып жүрген уақыттарда қоғамдық орындардың көпшiлiгi жетiмсiреп, қараусыз қалды. Осы кезде әсем Алматының әп-әдемi аулалары да көркiнен айрыла бастады. Тiптi, жаз айларында жанымызға рахат берiп, iшкi жан-дүниемiздi тазалыққа жетелейтiн субұрқақтарымыздың суы кенеттен тартылып, орны ойран болды. Ал күнi бүгiн қаламыздағы субұрқақтар ерте көктем келгеннен өзiнiң нұрын шашып, жан-жағына бақыт сыйлап тұрғандай. Ару қаламызға жанашыр әкiм И.Тасмағамбетов келгелi берi Алматы сұлуланып, бiршама игi iстер де атқарылып жатыр. Тек 2004 жылдың аяғында ғана Алматы қаласының әкiмiнiң тiкелей басшылығымен «Алматы аулалары» атты бағдарлама жасалып, қаламыздың көркi жандана бастады. Адам баласы алдымен өзi жүрiп-тұратын қоғамдық орындардың тазалығына қатты алаңдайды. Тазалықтың кепiлi жаныңа судан шашу шашып, шаттығын төгетiн субұрқақтарда жатқанын бiреу бiлсе, бiреу бiле бермейдi. Кейде бала түгiл өзiң де субұрқақтың жанынан өте берсең, тамаша бiр күйге бөленесiң. Кенеттен бала боп суға жүгiрiп келiп, күмп етiп немесе аяғыңды малып отыра қалғың келедi. «Сүттен ақ, судан таза» демекшi, су – әуелi адам жанының таза болуына жетелейдi. Түнгi Алматының сұлулығына қанша тәнтi болсам да, тағы бiр аралап, қыдыруды жөн көрдiм. Бәрiнен де қаланың орталығы тамаша ғой! Жаңа алаңдағы субұрқақтың жанында отырып, балалық шаққа саяхат жасағым келгенi рас. Көз алдымдағы сумен асыр салып ойнап, екi қолын шапалақтап, сылқ-сылқ күлген бүлдiршiндерге қызығып кеттiм. Шiркiн, бiздiң бала кезiмiзде осындай субұрқақтар жоқ едi! Қарап тұрып, балалардың тәттi қылығына, суға құлдыраңдай жүгiрген iс-әрекетiне тәнтi болдым. Бiраз өзiмдi таза, мiнсiз пәк әлемде сезiнгендей, бойымдағы күнделiктi күйбең тiршiлiктiң салмағынан бiр жеңiлдегендей боп үйiме қайттым. Мiне, субұрқақтың өзi адам бойының тазаруына қаншалықты септiгiн тигiзедi! Демек, қаладағы субұрқақ – табиғи құбылыстың жасанды көрiнiсi. Латын-итальян тiлiнен қалыптасқан фонтан сөзiнiң аудармасы «бастау» деген ұғымды бiлдiредi. Оның тарихы екi, бес мың жылдарды құрайды екен. Яғни, бастаудан су бiрде жоғары, бiрде төмен аққанда әсем ою-өрнектiң кереметiне куә боласың. Әсiресе, түнгi мезгiлде жарықтың әр түрлi түсте берiлуiнiң әсерiнен субұрқақтар одан ары нұрлана түседi. Керек десеңiз, Италияның Мадрид қаласында 160 метр биiктiкте су шаша ағатын субұрқақ бар екен. Ал, бiздiң Қазақстандағы субұрқақ мекенi қай қала десеңiз, әлбетте, Алматыны айтар едiк. Бүгiнде Алматы қаласында 96 субұрқақ болса, биыл оның жетеуi жаңадан iске қосылды. Оның 35-i қала орталығында қала тұрғындарына судан шаттық төксе, қалғандары әртүрлi кәсiпорындар мен ұйымдарға қарайды. Былтырғы жылы қала тұрғындары отыз бес түрлi түрге енiп, ән салатын, кемпiрқосақ, жұлдыз болып жан-жағына нұр себетiн отыз бес субұрқаққа куә болды. Осы күннен бастап субұрқақтар балалардың ойнақ салып, асыр салатын орны мен үлкендердiң көңiлiне қаяу-мұң түскенде бетке алатын мекенiне айналды. Шынында да, бойыңдағы көңiлсiздiк субұрқаққа жақындай бергенде жоқ болып, сумен бiрге мөлдiрлене бастағандай сезiмде болады екенсiң!

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ