373
ТМД-ның ТIЗГIНI – ҚАЗАҚСТАНДА
ТМД-ның ТIЗГIНI – ҚАЗАҚСТАНДА
15-17 маусым аралығында Санкт-Петербургте өткiзiлетiн «Үлкен сегiздiктiң» саммитiне ТМД аумағы бойынша, тек Қазақстан Президентi ғана қатысады. ТМД төрағасы ретiнде. Ал әлемдiк саясатқа ықпал етуде энергоқорға басымдық берген орыстар ресми Астанаға қазақтардың газын кәрi құрылыққа тасымалдаудың жаңа жобаларын ұсынды. Ал Еуразиялық экономикалық қауымдастық өкiлдерi ортақ валюта жасауға ұсыныс бiлдiруде. Өзгелер бiрi құптап, бiрi бас шайқасып жатқанда, ортақ ақша жасауға Ресей мен Беларусь бел шешiп кiрiсiп кеттi.
Өткен аптада ҚР Президентi Н.Назарбаев пен РФ басшысы В.Путин Сочиде кездестi. Кездесу барысында Кремль қожайыны Қазақстанның алдағы 1 жылда Тәуелсiз мемлекеттер достастығына төрағалық ететiнiн мәлiмдедi. Бұған дейiн ТМД тiзгiнi Путиннiң қолында болатын. Мемлекет басшыларының кеңесi – Тәуелсiз мемлекеттер достастығына мүше мемлекеттердiң басшылары кiретiн жоғарғы орган. Оның қызметi 1991 жылдың 8 желтоқсанындағы Тәуелсiз мемлекеттер достастығын құру туралы Келiсiммен жүйеленiп отырады. Келiсiм 1993 жылдың 22 қаңтарында бекiтiлген. Ережеге сәйкес, ТМД органдарындағы 1 жылдық төрағалық Достастыққа мүше мемлекеттер өкiлдерiне кезек бойынша (алфавит бойынша) тиесiлi. Алайда аталған ереже мен кезек тәжiрибеде сақтала бермейдi. Көбiнесе мемлекет басшылары кез келген бiр кандидатураны ұсынады. Егер мүше мемлекеттер өкiлдерiнiң барлығы оны қолдайтын болса, ұсыныс бiлдiрлген ел ТМД-ға төрағалыққа сайланады.
ТМД-ны реформалау, Қазақстан мен Ресей арасындағы екiжақты ынтымақтастық қарым-қатынасты нығайту туралы сөз қозғалған кездесу барысында Қазақстанның Ресейден әскери техника мен қару-жарақ сатып алуына және ресейлiк компаниялардың қазақстандық табиғи газды өндiру және тасымалдауына қатысты келiсiмдер жасалды. Назарбаев ҚР Президентi Путиндi үстiмiздегi жылдың маусым айында Байқоңырда қазақстандық алғашқы жер серiгiн ұшыру салтанатына қатысуға шақырды. Путин де қарыздар боп қалмады. Қазақстандық әрiптесiн маусымдағы «Үлкен сегiздiктiң» саммитiне қатысуға ұсыныс бiлдiрдi (бұл туралы газетiмiздiң өткен санында жарияланған «Еуропалық және азиялық саммит» атты мақалада хабарлағанбыз).
Негiзi Ресеймен арадағы байланыс күн өткен сайын бекiп келедi. Екiжақты қатынастар ел басшыларының кездесуiнен бөлек, түрлi мемлекетаралық құрылымдарда жалғасуда. Мысалы, Минскiде өткен Еуразиялық экономикалық қауымдастығына (ЕЭҚ) мүше елдердiң 15-мәжiлiсiнде келешекте ЕЭҚ арасында ортақ валюта енгiзу мәселесi қарастырылды. Бұл туралы РФ премьер-министрi М.Фрадков мәлiмдедi. Ол үшiн Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Тәжiкстан мен Өзбекстан мүше болып табылатын ЕЭҚ шеңберiнде кедендiк одақ құру керек. Сонымен қатар ортақ кедендiк территорияны анықтап, экономикалық заңнамаларды қайта қарау қажет. Ортақ валютаны дайындауға шұғыл кiрiсiп кеткен Ресей мен Белоруссияны Қазақстан да құптап отыр.
Мәжiлiсте Белоруссия президентi А.Лукашенко энергоқорлар мен мұнайды тасымалдауға баса назар аударуға ұсыныс жасаса, ҚР Үкiмет басшысы Д.Ахметов темiр жол тасымалына қойылатын тарифтi төмендету керектiгiн айтты. Бүгiнгi таңда ЕЭҚ арқылы Еуропадан Оңтүстiк-Шығыс Азияға тасымалданатын жүктiң 1 ғана пайызы өтедi. Кәрi құрлықтың қызығушылығын тудыру үшiн темiр жол тарифтерi де маңызды екендiгi сөзсiз. Айтпақшы, мұнай мен газды тасымалдау мәселесi өткен аптада Өзбекстанда да сөз болды. Ташкендегi Қазақстан, Ресей, Өзбекстан мен Малайзияның iрi мұнай-газ компанияларының өiлдерi қатысқан «Орталық Азиядағы мұнай-газ саласы және оның аймақтық интеграцияны дамытудағы рөлi» атты халықаралық конференцияда экономикасы қарқынды дамып келе жатқан Қытай мен Оңтүстiк Корея жыл сайын әлемдiк мұнай қорының 3 пайызын, ал табиғи газ қорының 4 пайызын пайдаланатындығы, сондай-ақ Еуропа елдерiнде энергоқорға деген сұраныс деңгейiнiң артқандығы айтылды.
Әлемдiк саясатқа энергоқорымен ықпал етудi көздейтiн Кремль қазақтардың табиғи байлығын да барынша молынан пайдалануға тырысады. Ташкендегi конференцияда ресейлiк монополист компания – «Газпром» ААҚ Басқарма төрағасының орынбасары А.Рязанов Қазақстанның газын Еуропаға тасымалдаудың жаңа жобасын ұсынғанын айтады. Мысалы, Орынбордағы газ өңдеу кешенi негiзiнде бiрлескен Қазақстан-Ресей кәсiпорнын құру жобасы ендiгi дайын көрiнедi. Аталған кәсiпорын жылына 15 миллиард текше метр газды өңдеуге қабiлеттi. Екiжақты келiсiм бекiтiлсе, Орынбор газ өңдеу кешенiнiң 50 пайыз акциясы Қазақстанның меншiгiне өтедi. Алайда орыстар жасап отырған бұл ұсыныстың пайдасы мен зияны қаншалықты екендiгi әзiрге белгiсiз. Ресми мәлiметтерге сүйенсек, кеңестiк дәуiр кезiнде салынған Орта Азия – Орталық газ құбырының желiсi арқылы Қазақстан, Өзбекстан мен Түркiменстаннан Ресейге жыл сайын 54 миллиард текше метр газ тасымалданады.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ