ЕЛ БЮДЖЕТIН ТҮГЕНДЕЙТIН КОМПАНИЯ БIРЕГЕЙI – «ҚАЗМҰНАЙГАЗ»

ЕЛ БЮДЖЕТIН ТҮГЕНДЕЙТIН КОМПАНИЯ БIРЕГЕЙI – «ҚАЗМҰНАЙГАЗ»

ЕЛ БЮДЖЕТIН ТҮГЕНДЕЙТIН КОМПАНИЯ БIРЕГЕЙI – «ҚАЗМҰНАЙГАЗ»
ашық дереккөзі
431

Елдiң мұнай-газ операторы «ҚазМұнайГаз» компаниясы өз жетiстiктерiмен қоғамды қашанда құлақтандырып тұрады. Ал компанияның қол жеткiзген нәтижелерi айтуға тұрарлықтай. Өткен аптаның iшiнде ғана тiкелей мұрындық болып, Атырау мұнай өңдеу зауытын iске қосқан компания ендi 2006 жылдың алғашқы төрт айында атқарған шаруаларын қорытындылады.

Ұлттық компанияның мұнай-газ өндiрiсi жыл сайын артуда. Былтырғы жылдың қаңтар- сәуiр айларымен салыстырғанда, биылғы мұнай мен газ конденсаты 55 мың тоннаға артық өндiрiлiптi. Көлемi 3 млн. 59 мың тоннаны құраған. Өнiмнiң өсiмi өндiрiстегi жаңа технологияларды пайдаланудың арқасында орын алған. Өз өндiрiсiне жаңа технологияларды енгiзудi «ҚазМұнайГаздың» барынша қолдап отырғанын еске сала кетемiз. Ескi технологиялардың өндiрiстiң өсiмiн шектеумен қатар, қоршаған ортаны залалдайтынынын компания басшылығы үнемi жадында ұстайды.

Атырау мұнай өңдеу зауытында өңделген мұнай өнiмдерi 2006 жылдың алғашқы жартысында 1 млн.150 мың тоннаға жеткен. Өңделген мұнайдың 820 мың тоннасы «ҚазМұнайГаздың» үлесiнде. Бұл былтырғы жылдың көрсеткiшiмен салыстырғанда, 8,3 пайызға көп. Ал осы жылы жалпы көлемi 3 млн.400 мың тоннаға жететiн мұнай өнiмдерi өңделмек. Ұлттық компания құрамындағы «ҚазТрансОйл» компаниясының магистральдi құбырлары арқылы тасымалданатын мұнай көлемi 2006 жылдың алғашқы төрт айында 13 млн. 684 мың тоннаны құраған. Осы жылдың соңына дейiн 36 млн.650 мың тонна мұнай өнiмдерi тасымалданбақ. Жақында ғана «Алматы Газ» компаниясының акциялар пакетiн толықтай сатып алған «ҚазТрансГаз» газ құнының еш қымбаттамайтынын, сол бағасында ұстап тұратынын айтқан-ды. Тапқан табыстары инфляциямен желiнiп кететiн тұрғындар үшiн «ҚазТрансГаздың» ұстанған бағытының тиiмдi болар түрi бар.

«ҚазТрансГаз« құрамындағы «Интергаз Орталық Азия» компаниясының оңтүстiк көршiлерiмiздiң газ өнiмдерiн Ресейге, Шығыс Еуропаға тасылдау қызметiн атқаратыны белгiлi. «Интергаздың» магистральдi құбыр жолдары арқылы өткен газ мөлшерi 44,95 млрд.текшеметрдi құраған. Бұл 2005 жылдағы деңгеймен салыстырғанда, 1,2 пайызға артық. Ал 2006 жылы «Интергаз Орталық Азия» құбыр жолдары арқылы 123,2 млрд. текшеметргаз өнiмдерi тасымалданады деп жоспарлануда. Құрылымдас компанияларынан «ҚазМұнайГаздың» өзiне келсек…

Ұлттық компанияның жыл басынан бергi табысы 236,4 млрд. теңгенi құраған. Ал ел бюджетiне компания төлеген салық көлемi 93,9 млрд. теңгеге жетiптi. Бұл 2005 жылдың алғашқы төрт айындағы көрсеткiшпен салыстырғанда, 2,1 есеге көп. Негiзi, республикадағы ұлттық компаниялардың саны 10-ға жететiн болса да, соның ешқайсысының бюджетке төлейтiн қаржысының дәл «ҚазМұнайГаздiкi» секiлдi қомақты болмайтынын еске сала кетемiз.

«ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясының инвестициялық саясаты да аса белсендi. Осы жылдың басынан берi салған қаржылық салымы 21 млрд. 820 млн теңгенi құрапты. Оның өндiрiске бағытталғаны 19 млрд.954 млн. теңге, бұл да өткен жылдағымен салыстырғанда 16,2 пайызға артық.

Г.ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары