Ахмед Шахриар: «АМЕРИКАҒА МҰСЫЛМАНДАР ӨТЕ КЕШ КЕЛДI»

Ахмед Шахриар: «АМЕРИКАҒА МҰСЫЛМАНДАР ӨТЕ КЕШ КЕЛДI»

Ахмед Шахриар: «АМЕРИКАҒА МҰСЫЛМАНДАР ӨТЕ КЕШ КЕЛДI»
ашық дереккөзі
237

Қасиеттi жұма күнi. АҚШ-тың Орегон штатына қарасты Биевертон қаласында орналасқан Мұсылмандар қоғамының ғимаратына қонаққа келдiк. Посткеңестiк елдерден жиналған журналистердi кең жайылған дастарқанымен, айқара ашылған құшағымен қуана қарсы алған Мұсылман қоғамының басшысы Ахмед Шахриар мырза бiзге америкалық қоғамдағы ислам дiнi туралы әңгiмелеп бердi.

– Ахмед мырза, ресми мәлiметтерге сүйенсек, АҚШ-та мұсылмандардан гөрi атеистер саны басым екен. Америка – демократияның Отаны. Барлық еркiндiк берiлген елде мұсылмандардың аз болуы нелiктен?

– Себебi, бiз, мұсылмандар Америкаға кеш келдiк. Өте кеш. Қазiр ислам дiнiн насихаттау жолында жұмыс iстеудемiз.

– Сiздердiң бастамаларыңызды жергiлiктi билiк қалай қабылдады?

– Өкiнiшке қарай, құқық қорғау органдары тарапынын кедергiлер болып тұрады. Мысалы, менi Федералдық тергеу бюросының (ФБР) қызметкерлерi бiрнеше рет тергеуге алды. Мешiтiмiзге арнайы тың тыңдайтын қондырғылар орнатылған. Бiрақ солай еттi екен деп бiз қорықпаймыз, мойымаймыз да. Айтқандарымызды естiсе, ести берсiн!

– Олардың сiздi сонша «жақсы көруiнiң» себебi неде?

– Өйткенi, олар мәдениеттiң сан алуандығын, дiннiң түрлiлiгiн түсiнбейдi. Салық төлеушi ретiнде берiп отырған менiң ақшамды желге шашумен шектелмей, маған қысым жасағысы келедi! Сiздердiң америкалық әрiптестерiңiз Эдуард Морроу да «қырғи-қабақ соғыс» кезiнде кейбiр ықпалды шенеунiктердiң қысымынан қорықпаған. Сондықтан бiз де қаймығып, қорқу туралы әсте ойлаған емеспiз!

– Биевертондағы мұсылмандар саны қанша?

– Шамамен 10-15 мың.

– 2001 жылдың 11 қыркүйегiндегi оқиғадан кейiн америкалық қоғамның мұсылмандарға деген көзқарасы өзгердi ме?

– Иә, әсiресе, ақ нәсiлдiлердiң ислам дiнiн танып-бiлуге деген талпынысы мен қызығушылығы күшейдi. Осының арқасында ислам дiнiн қабылдағандар да көп. Солардың бiрi – Жүсiп Хамза. Сағаттар бойы уағыз айтуға бар әрi араб тiлiн терең меңгерген Жүсiптi ұйып тыңдамау мүмкiн емес.

– Иншаллаһ, жұмыстарыңыз алға басып, Америкадағы мұсылман бауырларымыз күш алады деп үмiттенемiн.

– Иншаллаһ! Менiңше, исламға жақын жандар әрдайым бiр болуы керек. Алла жазса, қалған қиындықтарды оңай шешетiн боламыз.

– Қандай жолмен шешпекшiсiздер?

– Өте жақсы сұрақ! Оны мен де бiлмеймiн. Бiрақ бiз келiссөздер жүргiзуге дайынбыз. Бiздiңше, Ресей аталған проблеманы шешуге мүдделi. Бiз орыс бауырларымызды да жақсы көремiз. Лев Толстойды оқығанмын.

– Дұрыс қой. Бiрақ сiз менi ресейлiктермен шатастырып алған сияқтысыз. Мен – орыс емес, қазақпын! Сiздердiң орталықтарыңызда қазақтар болды ма?

– Жоқ, бiр қырғыз бала болған. Аты – Әнуар. Қазақтар келген жоқ.

– Америкада азаматтарға ой еркiндiгi ғана емес, әрекет еркiндiгi де берiлген. Сiз балаларыңызды қай ұлттың мәдениетiне, салт-дәстүрiне сай тәрбиелеп жатырсыз?

– Мен балаларымды Батыс пен Шығыстың ең озық мәдениетi, бiлiмi мен салт-дәстүрiне сай өссе деймiн. Олар мiндеттi түрде қылмыстан бойын аулақ ұстайтын үлгiлi америкалық азамат болып шығады. Бұл – менiң Америкаға жасаған сыйым.

– Сұрағым сәл тосын естiлуi мүмкiн. Бiрақ менi орталықтарыңыздың жұпынылығы таңғалдырып тұр…

– Мұсылмандар орталығына, мешiтiмiзге арнайы ақша бөлiнбейдi. Жанашыр жандар беретiн қаржы есебiнен күн көрудемiз. Егер орталығымыздың жұпынылығы сiзге ұнамаса, кешiрiм өтiнемiз!

– Құдай сақтасын! Америкада жүргелi 2 апта уақыт өттi. Үлкен мешiттi кездестiре алмағасын, жай ғана қызығушылық танытып жатқанымыз ғой.

– Қателесесiз, Америкада үлкен, алыстан мен мұндалайтын мешiттер баршылық. Әсiресе, 2001 жылғы 11 қыркүйектен кейiн көптеп салына бастады.

Әңгiме арасында…

– Бүгiнгi таңда «исламдық лаңкестер», «исламдық экстремистер» ұғымы бар да, «христиандық лаңкестер», «буддистiк экстремистер» деген тәрiздi ұғымдар жоқ. Неге?

– Өйткенi, мұсылмандар қауымы насихаттау iстерiнде белсендiлiк таныта алмай жатыр. Оның үстiне, сiз айтқан терiс ұғымды ислам дiнiнiң дұшпандары ойлап тапқан ғой.

Алматы – Биевертон (Орегон штаты, АҚШ) – Алматы.

Әңгiмелескен Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары